• ҰЛАН
  • 15 Сәуір, 2024

Кореяда filmmaker болып жүрген Рамазан

ХХІ ғасыр – медиа өндірісінің шарықтау кезеңі. Бұл саладағы қызмет түрлеріне сұраныс та жоғары. Кәсіби тұрғыда видео түсіріп, өңдеумен шығармашылық қабілеті бар кез келген адам айналыса алады. Сондай шығармашыл жастардың бірі Рамазан Жұмабек қазір Оңтүстік Кореяда коммерциялық видеолар және влог түсіреді.

– Рамазан, видео түсіріп, оны өңдеуге деген қызығушылығың қалай басталды?

– Барлығы анимеден басталған болатын, басында Вконтактіде эдиттер жасап жүрдім, содан кейін түрлі фильмдерге қызыға бастадым. Мектепте түрлі видеолар түсіріп, базалық қабілеттерді де өз бетіммен игердім. Одан кейін арнайы продакшнға жұмысқа тұрып, ол жерден көп нәрсе үйрендім.

– Кореяға бару ұзақ жылдан бергі жоспар ма, әлде сен күтпеген бұрылыс болды ма?

– Негізі Корея менің соңғы нұсқам болған еді. АҚШ-қа кетуді немесе Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне грантқа түсуді ойлағанмын. Бірақ екеуі де жүзеге аспады. Негізі Тұран университетіне оператор және кино мамандығына түскен едім. Бір апта ғана оқыдым. Грантты күттім, бірақ грантты ала алмадым. Шығармашылық емтиханнан 105 балл жинадым. Содан оқу ақысын төлей алмайтын болған соң, өз күшіме сеніп Кореяға кеттім.

– Қанша дегенмен шет елге кетіп барасың, оның үстіне академиялық білімің жоқ. Тек тәжірибеңе сүйеніп барғандықтан сенімсіздік, қорқыныш болды ма, болса оны қалай жеңдің?

– Мен Кореяға баратыныма қуанышты болдым. Ешқандай күдік пен қорқыныш болмады. Шынымды айтсам, Жапонияға кеткім келген, бірақ Кореяға бару оңайырақ болғандықтан сонда кеттім. Ал қорқыныш сезінбеуімнің себебі, мен өзіме жауапкершілік алып үйренгенмін. 16 жасымнан бастап ата-анамнан бөлек Алматыда тұрдым, жұмыс істедім. Сондықтан Кореяға келгенде жауапкершілік алу маған қиын болмады. Керісінше, еркіндік көбірек, өзіммен өзім болдым. Бұл маған қатты ұнайды. Ал оқу туралы айтар болсам, маған аса қатты қажет те емес. Себебі мамандығым шығармашылықпен байланысты. Бұл жерде диплом маңызды емес, барлығын шешетін – стилің, көзқарасың, тәжірибең. Ал мен тәжірибені 11-сыныпты аяқтаған соң продакшнда бір жыл жүріп жинадым. Ол жерде кәсіби жарнама, клиптер түсіргендіктен, менде жақсы базалық білім қалыптасқан еді.

– Қазір жеке жұмыс істейсің бе, әлде қандай да бір студияда істейсің бе?

– Алғаш Кореяға келгенде жарты жылдай зауытта істедім. Сол 6 айда жинаған ақшама жарық, камера, штатив секілді керекті құралдарды сатып алдым. Қомақты ақша кетті, бірақ соған тұрарлық. Одан кейін де зауыттағы жұмыс пен түсірілімді қатар алып жүрдім. Уақыт өте келе тұрақты клиенттерім пайда бола бастады. Сондықтан зауыттан шығып, өз ісіме көңіл бөлдім. Жұмысым ұлғая түсті. Сеулге жақын жерге көшіп бардым. Онда өзім жалғыз тұрамын. Тауып жатқан қаражатым да бұрынғымен салыстырғанда көбірек. Қазір осында продакшн ашу жоспарымда бар.

– Жетістікке жету жолындағы ең керек қасиет немесе ең басты іс-әрекет деп нені айтар едің?

– Жетістіктің нақты рецепті жоқ және ешқашан болмаған, әр адамның жолы әртүрлі. Менің жағдайымда табандылық жетістікке жетуге мүмкіндік берді дер едім. Ең бастысы, өзің қалаған жолды таңдау, өзің сүйген іспен айналысу. Адам өмірінің 80 пайызы жұмыспен өтеді екен. Сол жұмыстан ләззат алу үшін ата-анаң немесе қоғам таңдап берген жолды емес, аз ақша тапсаң да өзің құштарлықпен жұмыс істейтін саланы таңда. Әрине, еңбектің жемісін көру үшін де шыдамдылық керек. Бірден мол табысқа кенелу мүмкін емес.

– Корея сені неге үйретті, қандай өмірлік сабақтар алдың?

– Дүниетанымым өзгерді, өзімді қаржылай қамтамасыз етуді, елден жырақта жүрген соң жақындарымды бағалауды және өзгерістерден қорықпауға үйрендім. Жауапкершілікті сезіндім.

Айдана БАЙБАТЫР,

М.Түймебаев ауылындағы №20 мектептің 11-сынып оқушысы

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2024 жыл

1158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор