• ҰЛАН
  • 11 Сәуір, 2024

Театрға әтір сеуіп, әдемі киініп келетін...

Жыл сайын форумның алғашқы күнінде театрға бару дәстүр болып қалыптасып қалды. Театр – жасөскінді мәдениетті болуға шақырып, жан-дүниесін рухани байыта түседі. Биыл Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан Сайын Мұратбековтің «Жусан иісін» тамашаладық. Оқушыларға спектакль қызықты болғаны сөзсіз. Себебі, мектеп бағдарламасында жазушы шығармашылығымен танысса, енді оны театр сахнасынан көрді. Әсіресе, қойылымнан соң «Жусан иісінде» ойнаған апа-ағаларының сұқбаты жастарды шабыттандырып, серпілткені сөзсіз. Жас тілшілер үш топқа бөлініп, театр майталмандарынан кәдуілгі журналистерше сұқбат алды. Әуелі театрдың анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Лидия Кәден апаймызбен әңгімелестік.

– Өміріңізді өнерге арнадыңыз. Осы уақыт арасында театр сахнасында түрлі қызықты жайтты бастан кешкеніңіз с‚зсіз. Балалар біле білмейтін сондай оқиғалардың бірін айтып берсеңіз...

– Мен театрға келгенімде 22 жаста едім. 1 наурызда театр сахнасына келгеніме 50 жыл болды. Осы уақыт аралығында неше түрлі қызықты бастан кештік. Қызығы да, шыжығы да қатар жүрді. Бұрын гастрольдік сапарда 45–50 күн жүретін едік. Қазіргілер азғантай уақытқа барып, барлық жағдайы жасалған қонақүйге орналасады. Біздің кезде мұндай жағдай болмайтын. Екіқабатты, ыстық суы жоқ қонақүйлер болса болған шығар, болмаса ол да жоқ. Бірақ қазақтың кең көңілі осындайда білінбей ме... Ауыл адамдарының үйіне қонатынбыз. Әр шаңырақтың өз тарихы болатын. Ауылдың кішкентай клубтарында өнер көрсететін едік. Неше түрлі жағдай болатын. Бірде «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» деген спектакльде ойнап жатырмыз. Қойылымда Тортай, Нұрғанат, Досхан үшеуі кезек-кезек кіріп, ал Ғазиза күйеуіне қарап: «Қайда жүрсің? Түрің құрысын сенің, түрің құрысын» деп айтуы керек болатын. Бірақ үш жігітіміз бірге кірді. Қашан үлгергенін білмеймін, үшеуі де шашын алып тастапты. Осыған дейін кәдімгі шаш үлгісімен жүрген еді. Біз сонда не істерімізді білмей қалдық. Күлейін десек, образдан шығуға болмайды. Тақырбас түк те жарасып тұрған жоқ. Сонда Ғазиза күйеуіне айтуы керек «түрің құрысын» деген сөзді жалпылама «түрлерің құрысын» деп еді, көрермен де, біз де қыран-топан күліп жібердік. Осындай қызықтар болып тұрады.

Гастрольдік сапарда үйіне келген бізді кейде жақтырмайтындар да болатын. «Түн ортасында не істеп жүрген адамсыңдар?» деп шығарып жіберген кездер де болған. Тіпті, бірде шаңырақтың отағасы мылтығын кезеп, «Бар, кетіңдер! Кім шақырды?» деп қуып шыққан. Айта берсең қызық көп. Бірде Ақши жақта орналасатын үй таппай жүргенбіз. Қуып жіберген үйден шығып, тас қараңғыда қайда барарымызды білмей сенделіп жүргенімізде, алдымыздан бір жігіт шықты. Сөйтсек ол кісі милиция болып істейді екен. Мән-жайды айтып болғанымызда, бізді үйіне шақырды. Балалар танысып, қыздар тамақ, шәйімізді ішіп, жатып қалдық. Менің ерте тұрып алатын әдетім бар еді. Сол кезде үй иесінің жұбайы астанаға жол жүріп кеткен екен. Таңертең телефон шыр етті. Трубканы алып, «ало» дедім. Арғы жақтан «Бұл кім?» деген әйелдің дауысы естілді. Мен де қарап тұрмай, «Сіз кімсіз?» дедім. Ол «Ал, сіз кімсіз?» деп қайта сұрақ қойды. Сонда барып түсіндім. Дереу «Е-е, айналайын, келінбісің?» дедім. Келіншектің аты Шолпан екен. «Шолпанжан, бұл үйіңе келген қонақ еді. Мен актриса апаң боламын» деп түсіндірдім. Осы оқиғадан кейін сол отбасымен көп жыл бойы араласып тұрдық. Бізге көмек берген керемет азамат кейін екі қызды судан құтқарамын деп өзі бақилық болды...

– Сахнада өмірдегі рөліңізді ойнаған кездер болды ма?

– Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» деген пьесасы бар. Автор сол пьесаны жазарда менің өмірімді, болмысымды аз да болса бақылаған екен. «Ең әдемі келіншекте» 15 жылдай ойнадым. Сонда өмірімнің көп бөлігі бар. Ал, бірақ, толық сипаттайтын туындыны әлі сахналамадым. Әзірге ондай спектакль жоқ.

– Сахна мәдениетіне байланысты сұрақ қойсақ. Бұрынғыға қарағанда қазіргі көрермен мәдениеті қалай өзгерді? Жақсы жағына ма, әлде жаман жағына ма?

– Кезінде театрға әтірін сеуіп, әдемі киім киіп келетін. Қыс болсын, жаз болсын, кішкентай қалтаға туфлиін салып алып жүретін. Қазір жағдайға қарай апыр-топыр келетінді шығардық. Жастар салиқалы дүниелер болып жатқанда, ысқырып қарсы алады. Әлбетте, бұл жаман әдет біртебірте сейіліп келеді. Біз де айтып, түсіндіріп отырамыз. Қуанарлығы, қазіргі жастар театрға билет аларда өте белсенді. Бүгін сатылымға шыққан жүз билет әп-сәтте өтіп кетеді. Бұл, әрине, театр режиссерлеріне де байланысты. Жақсы дүниелер сахналанып жатыр.

– Театрға келген актерлердің көбі басты рөлге бірден алына бермейді. Осыған не дейсіз?

– Бұл – қате түсінік. Қазір Ғ.Мүсірепов театрында жас актерлерді басты рөлге көп алып жатыр. Басында мысық, күшік, түлкі сынды кейіпкерлерден бастауы мүмкін. Кейінгі спектальдердегі басты рөлдерде көбі жастар. Ертегілерден бастағандар бірте-бірте тәжірибе жинақтайды. Бұл, керісінше, жақсы. Әртістер өзін күте білуі керек. Білім жинақтап, көбірек ізденуі қажет. Өкінішке қарай, қазіргілер кітап оқымайды. Керек нәрсесін телефоннан іздеп қана қоя салады. Осылайша көп нәрсе мида қала бермейді. Көп еңбек ету керек.

– «Келіндер көтерілісі» пьесасында Фармон бибінің рөлін ойнайсыз. Сонда немерелеріңізді лагерьге жіберіп, тәрбиелейсіз. Ал қазіргі заман басқа. Сіз өмірде өз немерелеріңізді қалай тәрбиелейсіз? Қандай әжесіз?

– Үлкен немерем демалыс күндері «Әже, қашан келесіз? Мені алып кетесіз бе? Мен сізді сағындым» деп хабарласып тұрады. Ал кіші немерем қасымда. Шәй-тамағын өзім беріп, киімін өзім ауыстырамын. Қолымнан келгенше көмегімді аямаймын.

– Осы уақытқа дейін қаншама тілшімен жұмыс істедіңіз ғой. Журналист деген қандай болуы керек? Жас тілшілерімізге не айтар едіңіз?

– Журналист өте мәдениетті болуы керек. Әртістер мен журналистер неге кикілжіңге келіп қалады? Кейде журналист артық кетіп жатады. Адамдың жағдайына қарамай, қалайда ақпарат алу үшін жанды жеріне пышақ ұрады. Жеке шекараны сақтамайтындар да бар. Бұл дұрыс емес. Меніңше, журналист психолог болуы керек. Сұқбатқа міндетті түрде дайындықпен келуі керек. Бұл адамның интеллектісіне, білім қорына байланысты деп ойлаймын.

Дайындаған Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №15
09 сәуір 2024 жыл

1110 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор