• ҰЛАН
  • 17 Наурыз, 2024

Ою оймай тұрып, оның ойын біл

Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген этнограф Григорий Потанин: «Қырғыздың (қазақтың) ою-рнектері бай деп есептеледі. Олар үйдің тұрмыс-тіршілігінің барлық есік-тесігіне дейін еніп кеткен; қырғыз (қазақ) әйелінің ісмерлігінің арқасында киіз үйдің ішінде киіздің алақандай бөлігі болсын, терінің саусақтай тілімі болсын, ағаштың тырнақтай беті болсын оюланбай қалмайды», – деп жазғаны бар. Қазірдің өзінде киім, төсеніш, ыдыс-аяқ, өзге де құрал-жабдықтардан ою-өрнек көрсек, «ұлттық нақыштағы, этно стильдегі бұйым» деп жатамыз. Өйткені ою-өрнек ұлт мәдениетінің бөлігі. Соңғы кезде ою- өрнектің жөнді-жөнсіз қолданылуы туралы жиі айтылып жүр. Тарихшылар, шеберлер мен оюшылар баскиімде бейнеленетін оюды балаққа салыпты деген сияқты өрескел қателерді жиі байқайтын көрінеді. Сонда қандай бұйымға қандай ою таңдау керек? Оюдың мағынасын қалай түсінеміз? Зерттеушілер мен шеберлердің деректеріне шолу жасап көрдік.

Ғалымдар мен зерттеушілер қазақтың ою-өрнегін бірнеше топқа бөлген. Біз қарап шыққан кітаптардың бірінде үш топ болса, енді бірінде 8 топ. Сол топтың бәрін салыстыра қарап, саралай келгенде қазақ халқының ою-өрнегін 5 топқа топтаған төмендегі нұсқа көңілге қонымды.

1. Адам, жан-жануарлар, балық пен жәндіктердің дене мүшелерімен байланысты оюөрнектер.

2. Өсімдіктер әлемімен байланысты ою-өрнектер.

З. Тұрмыста қолданатын түрлі заттар мен қару-жарақпен байланысты ою-өрнектер.

4. Ғарыш, жер-су және табиғат құбылыстарымен байланысты ою-өрнектер.

5. Геометриялық оюлар мен солардан құралған өрнек түрлері.

Ою ойғанда маңызды. Ою-өрнекті жақсы сапалы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет. Оның ою ырғағымен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Оймастан бұрын тақырып таңдай білу керек. Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығы мен шеберлігіне байланысты. Ою-өрнектің қандай түрі болса да, ол – адам ойының жемісі. Ою ойғанда оның бір ізбен жалғасуы маңызды көрінеді. Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, бірігіп тұруы керек. Аражігі үйлеспесе ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін, тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Жақсы жасалған ою-өрнектер үнемі үйлесім тауып, бір-бірімен сіңісіп, шытырман айшық жасап, үлкен күрделі оюға ұласады. Ою-өрнекті кілемге, қоржынға, алашаға, үзікке тоқып салса, тұскиізге, сырмаққа, сандыққапқа, аяққапқа біз кестемен кестелеп салған. Алаша басқұрларға, желбауларға тоқып, шиді жүннен орап жасаса, текеметке жапсырып, сырмаққа қабаттап ойып, жіпті ширатып өріп, жиектеп тіккен. Өзге құрал-жабдыққа бізбен, пышақпен, әйнекпен бедерлеп салған, сызған, ойған, тесіп, түрлі қымбат металдардан жасап желімдеп, шегелеп бекіткен, күйдіріп түрлі өрнектер салған.

Ою-өрнекпен 35 жылға жуық айналысып, 1500-ге жуық ою түрін шығарған оюшы, қолөнер шебері Шөптібай Байділдин «Оюмен ой айтқан елміз» кітабында осыған қатысты: «Әр шебер өз талғамымен жасаған оюларын шапанға да, шалбарға да, баскиімге де матадан қиып алып желімдеп жапсыра салу етек алды. Ата-бабамыз ою-өрнекті қай затқа қалай пайдалануды жете меңгерген, ешқашан оюды жапсырмаған. Жапсырған ою ұзақ тұрмайды. Бір су тигенде түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан жұмсақ жуылатын затқа түсетін оюөр-нек міндетті түрде неше алуан жібек, алтын, күміс жіппен кестеленіп тоқылуы шарт», – дейді.

Шебер оюшылар ою-өрнекке бояу түрлерін ретімен пайдаланған. Қазақ ою-өрнектерінде түстің алатын орны туралы нақты дерек аз. Алайда, кейбір түстердің халық ұғымында не білдіретіні туралы мәлімет жеткілікті. Мысалы, көк түс. Аспан әлемін меңзейді. Көк түсті затты киелі санап, аяқ астына төсемеген. Қызыл – оттың, күннің символы. Ақ – ақиқаттың, қуаныштың, бақыттың, пәктіктің белгісі. Сары – ақыл-парасаттың, мұңның символы. Қара – жердің символы. Жасыл – жастықтың, көктемнің символы. Тарихқа үңілсек, өткен замандарда көне түркілер мен монғолдар ұғымында дүниенің төрт бұрышының түсі болған. Көк түс – шығысты, ақ түс – батысты, қызыл – оңтүстікті, қара – солтүстікті, сары – орталықты білдірген.

Қазақ халқының әр отбасында ою-өрнекпен безендіріліп тігілген бір киер деген киімі болған екен. Одан бөлек, ою-өрнекті тұрмыстық заттарға, киім-кешекке рет-ретімен қолданған. Мәселен, қыздардың киіміне гүл тәрізді, қанатты қарлығаш секілді өрнектерді бейнелеген. Ер баланың киіміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқар мүйіз секілді өрнектер салынған. Ою-өрнек белден төмен, белден жоғары салынатын деп бөлінеді. Төсеніште қолданылатын оюлар баскиімдерге оюланбайды. Төсеніште зооморфтық кескіндер (қошқармүйіз, қосмүйіз, арқармүйіз, сыңармүйіз, қырықмүйіз т.б.) салынған. Зооморфтық оюларды жиһаздарда, ер-тұрман, қаружарақтарда кеңінен пайдалануға болады.

«Ит құйрық» аталатын өрнек ешқашан баскиімге бедерленбейді. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Ол өрнек «дұш-паның төмен болсын» деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының жырық балағына өрнектелген. Әшекейлерде де ою белгілі бір мағынада қолданылған. Қыздың қолындағы білезікте бедерленген өрнегіне қарап, оған құда түскен-түспегенін білген. Мәселен, құсмұрын өрнегі құстай еркін екенін білдірген. Зергер, оюшылардың сөзінше, зергерлік бұйымдарға қошқар мүйіз, шаңырақ, кереге белгісін, өсімдік ою-өрнектерін пайдалануға болады. Ал Ералы Оспанұлының «Қошетер. Қазақ халқының қолөнері» кітабында зергерлік бұйымдарда шытыра өрнектер қолданғаны айтылады.

Оюлар әлі де зерттеліп жатыр. Кейбір деректерде қазақ халқының 1000-ға жуық оюы бар десе, енді бір зерттеушілер олардың саны 2000 дейді. Бүгінде этно стильде киім тігетін кәсіпкерлер арасында оюды жөнді де, жөнсіз де пайдаланатындарды кездестіреміз. Әлдекім «этно стильдің маусымы» келді деп асығыс базардағы дайын «оюлы» маталардан неше түрліні тігіп, сатып қалмақ ниетте. Мысалы, жақында қыздарға тігілген этно корсеттің бірін әлеуметтік желі қолданушылары сынға алды. Олардың назы: корсетте ұлттық элемент жоқ, ою емес, түсініксіз өрнек бар. Дегенмен, этно стильді әбден зерттеп, әр бұйымына назар салатын шеберлер де жоқ емес екен. Арасында өздері ою шығаратынын да кездестірдім. Бірақ, ондай қолөнершілермен әңгімеге бүтін бір мақала арнаған жөн. Дегенмен, этно киім тігіншілері оюды қалай таңдайды деген сұраққа осы санда жауап іздеп көрдім. «Зерлеу» ұлттық киімдер бренді дүкенінің шебері Мүмтәжбегім: «Біз әдетте музей аралаймыз. Ертедегі киімдердегі оюды суретке түсіріп айнытпай қайталаймыз. Бұл кәсіп әжемдікі. Хандардың, билердің, қараның киімдері жинақталған кітаптары көп. Міне, сол кітаптардағы ою-өрнектерді де өз бұйымдарымызға көшіреміз. Шабытқа шектеу қоймау керек деп ойлаймын. Кейде өзіміздің де ою шығаратын кезіміз болады. Әрине, қошқармүйізді, итқұйрықты баскиімге салған өрескел қате. Бұл мәдениетке құрметсіздік те шығар. Бірақ біз ата-бабамыздың салған әр оюының мағынасын біле алмаймыз. Сондықтан кейде асыра сілтеп, артқа тартудың да қажеті жоқ».

Қазақ ою-өрнектерінің мән-мағынасы әртүрлі жақсы тілектерге толы, аман-саулыққа кепілдік болатын, тіл-көзден сақтайтын ырымдарды білдіретін, молшылық пен тоқшылыққа байланысты болып келеді. Егер қандайда бір оюлы бұйым тігетін, жасайтын болсаңыз, оюларды өзіңізше зерттеп алу артық етпес. Мысалы, Шөптібай Байділдиннің ою-өрнекке қатысты бірнеше кітабы, Ералы Оспанұлының кітаптары, Ерлан Қожабаевтың альбомы, Мәпіш Шәріпқызының «Ою-өрнек» кітабын оқысаңыз болады. Бұл еңбектерде халқымыздың оюлары жинақталып, қайда қандай оюды салу керектігі туралы зерттеу жасалған. Әліпби бойынша ою-өрнектер тізімі жасалып, әр оюдың мағынасы жазылған. Өнерімізді танудан жалықпайық.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2024 жыл

2010 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор