• ҰЛАН
  • 17 Наурыз, 2024

Қазақ қызының кітабы Амазонда...

Малика Қабдылхақ – кішкентай жазушы, дәстүрімізді шетелде дәріптеп жүрген бүлдіршін. Олай айтуға себеп те бар. Жақында «Amina’s Nauryz» («Әминаның Наурызы») атты кітап шығарды. Кітап қазақша сздерді қолдана отырып, ағылшын тілінде жазылған. Наурызға қатысты ұғымдар, ұлттық тағамдар, ойындар және тұсау кесер сияқты қазақ дәстүрлері туралы жазылып, ұлттық стильдегі иллюстрациялармен безендірілген. Кітап туралы толығырақ білу үшін 8 жасар жазушының анасы Ақмаржан Қасмағанбетовамен сұқбаттастым.

Маликаның тілі ағылшынша 2 жасынан бері шыққан. Қазір АҚШ-тың Солтүстік Каролина штаты Чапел Хилл қаласында тұрады.

– Ақмаржан ханым, кітаптың мақсаты мен негізгі идеясы қандай?

– Кітаптың негізгі мақсаты – шетел азаматтарына Наурыз мейрамы туралы ақпаратты жеңіл, баланың тілімен таныстыру, қазақтың ұлттық болмысын дәріптеу, қазақ тілін үйренуге шақыру. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйреніп жүрген қазақтілді қауымға да пайдалы дүние деп есептеймін. Себебі кітаптың соңында қазақша-ағылшынша сөздік бар. «Amina’s Nauryz» – Амазон платформасында Наурыз туралы ағылшынша жазылған жалғыз кітап. Кітапханаларда ирандық Ноуруз туралы кітаптар бар, ал Орта Азияның Наурызы туралы кітапты тіпті кездестірмедік. Бұл мейрамды жыл сайын жоғары деңгейде тойлауға тырысамыз. Соның бәрі Маликаның есінде. Кітапты Американың жергілікті қалалық және мектеп кітапханаларынан көрсек өте тамаша болар еді. Сонда Қазақстан мәдениетін шетелде насихаттаудағы үлесіміздің нәтижесі деп білер едік.

– Кітап Амазон платформасында жарық көріпті. Оны басып шығару, қазақ тіліне аудару жоспарда бар ма?

– Кітап наурыз айының 9 күні Амазон платформасында жарияланды. Енді басылып шыққан түріне де тапсырыс беріп, сатып алуға болады. Амазон платформасы әлемдік электронды кітап сатылымы нарығының 72%-ын иемденеді. Платформада кітабы жарияланған қазақстандық алғашқы бала-автор Малика болып отыр. Жуырда Google Play Books қосымшасына да жүктеледі. Gmail поштаңыз болса кез келген құрылғыдан аша аласыз. Алдағы уақытта Маликаның кітаптарын Қазақстан аумағына қолжетімді басқа да платформаларға, сайттарға жариялаймыз. Кітапты қазақ тіліне аударуға қарағанда, оны ағылшын тілін үйренуші қазақ жастарына ұлттық дәстүрлер арқылы жаңа сөздер, тіркестерді меңгеру құралы ретінде таныту абзал деп ойлаймын.

– Балаңыздың кітап жазу, кітапқа қызығу қабілеті қашан және қалай оянды?

– Малика ерте сауат ашты. Кішкентай кезінен кітап оқуға әуес болды. Кітап оқуға деген қызығушылығы алға жетеледі десем қателеспеймін. Қызым өте тез әрі көп оқиды. Кейде бір күнде 3-4 орташа кітапты бас алмастан оқып тастайтын. Осыған дейін мыңнан астам кітап оқыды десем артық айтқаным емес. 4 жасынан әріп танып, 5 жасында ағылшын тілінде қысқаша әңгімелер ойлап, құрастырып, шағын кітапша етіп жазатын. Әңгімелерге қатысты суреттерін де өзі қолымен салатын. Басында қағаз бетіне түсіретін, кейінірек өсе келе планшетіне бейнелейтін болды. Қызым маған бұрын жазған кітабымды басып шығаршы деп өтінетін. «Жарайды, сәті келгенде шығарып берермін» деп айтып қоятынмын. Сол уәдемде тұрдым. Малика шығармашылықпен айналысқанды қатты ұнатады. Сурет салады, ән айтады, би билейді. Үнемі креатив дүниелер құрастырып, шеберлігін шыңдап жүреді. Кішкентай кезінен алғыр, өнертапқыш бала.

– Білуімше, «Әминаның Наурызы» – Маликаның екінші кітабы. Бірінші кітабы туралы айтып берсеңіз?

– Алғашқы кітабы «Bob and Rob – the BEST Robot Friends» деп аталады. Бұл кітапта Боб және Роб деген екі робот дос баланың достығы, адалдығы, бастан кешкен оқиғалары бала көзімен сипатталады. Яғни, бала-автордың сөзімен жазылған балаларға арналған кітап. Осы серияның бірінші топтамасына алты шығармасы енді. Қазір Амазон платформасында сатылымда. Амазон Киндл (Amazon Kindle) ридеріне жүктеуге немесе Киндлсіз интернет браузерден тікелей оқуға болады. Бір аптаның ішінде Маликаның роботтар туралы кітабы сатылым бойынша рейтингте балаларға арналған ғылыми-шытырман оқиғалар категориясында 1-орынға көтерілді, яғни бестселлер болды. Рейтинг күн сайын өзгеріп отырады. Миллиондаған кітап қоры бар Амазонда бірінші болу – жас автордың алғашқы кітабы үшін өте керемет көрсеткіш.

– Қызыңыз болашақта жазушы болғысы келе ме?

– Келешекте қызымның басқа да тақырыптарда қалам тербейтініне күмәнім жоқ. Жас автор өсе келе көзқарасы да өзгереді, жаңа мәселелер толғандыратын болады. Мысалы, жақында ол аниме, манга жанрында жасөспірімдерге арналған туынды жасағысы келетінін айтты. Ата-ана ретіндегі мақсатымыз – Маликаның қаламы ұштала беруіне, оның шығармашылық қабілетін ашуға қолымыздан келгенше көмектесу. Сәтін салса, оқырмандарды жаңа туындыларымен қуантпақпыз.

– Сұқбат үшін рақмет! Қызыңыздың жаңа туындылары жарық көруіне тілектеспіз!

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2024 жыл

2047 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор