• ҰЛАН
  • 11 Наурыз, 2024

Фариза жолы: Дамбыдан басталған даңғыл

Фариза – оқырман

Фариза апай алғашқы өлеңін 4-сыныпта оқып жүргенде шығарыпты. Онда да аяқ асты-нан. Сабақтан келе жатып сыныптас баланың қыздан «таяқ жеп» қалғанын көріп, табанда шығарған екен. Бұл өлең бүкіл ауылға жайылып кетеді. Мектеп кезінен кітапқа әуес болады. Оның жазбаларынан прозалық шығармалардан гөрі, поэзиялық шығармаға – поэма, баллада, дастандарға көбірек ден қоя оқығанын байқаймыз. Ал ең қызығы мынау: Фариза апай «Қазақстан пионері» газетімен оқушы кезінен-ақ байланыста болыпты. Ол туралы әңгімені Фариза апайдың өз естелігінен баяндайық:

«Әрине, ол кезде ғұлама ойларға беріліп, болашақта сондай болсам, сүйтсем деген пікірге келген емеспін. Қалай болғанда да, көркем сөздің құпия әлемінің алыстан талып естілген бұлбұл үніндей менің құттай жүрегіме әсер еткені анық еді. Қарапайым, түсінікті тілімен, оқуға жеңілдігімен Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кім жазық-тысы» мен «Қамар сұлуы» да жалықпай оқитын сүйікті шығармаларым болатын. Өзім де ептеп өлең «құрастырып», «Пионер» мен «Қазақ-стан пионеріне» жіберемін. Бірде сабақтан келсем, анам: ­– Саған хат келді. Алматыдан көрінеді, – деді «ештеңе түсінбедім» деген жүзбен. Ашып қарасам, атымды тасқа басып тұрып, маған жазылған хат! Шешем мен анама дауыстап оқып бердім. «Қазақстан пионері» газетінің редакциясынан екен.

«Фариза!
Жіберген өлеңіңді алдық. Өлең жазғаның, оны редакцияға жібергенің өте дұрыс. 
Әзірге өлеңдерің газетке жариялауға келіңкіремей жатыр. 
Бірақ бұған ренжіме! Кітапты көп оқы. Жазғандарыңның өзіңе өте ұнайтынын бізге жіберіп тұр. 

Сәлеммен, С.Сарғасқаев». 

Менің төбем сол күні көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Асып-тасуды білмейтін анамның жүзінен де біртүрлі ризашылық сезімді байқадым. Сол күннен бастап қағаздан бас алмай жаза беретін болдым: кроссворд, чайнворд құрасты-рам, өлең шығарам дегендей... Олар қалай шығып жатыр, арасында іліп алар бірдеңе бар ма, жоқ, құр шимай ма – оны біліп жатқан мен жоқ және көрсететін де ешкім жоқ. Редакциядан хат келгенінің өзі мені «ақын» етіп жібергендей сезінемін...».

Бұдан кейін Фариза қыз «Пионер» мен «Қазақстан пионеріне» аптасына аз дегенде екі хаттан жіберіп тұрыпты. Редакция да жауап жазудан жалықпайды. Алайда жіберген хаттарының, жазған өлеңдерінің бірде-біреуі журналға не газетке шықпай жүріпті. Тасқа басылған хаттардың да қызығы басылайын депті. Бұдан қайран болмаған соң өлеңдерін облыстық газетке жібереді. Онысы бір күні газетке шығыпты. Тіпті соңында Сырбай Мәуленовтің бірауыз ілтипат сөзі де бар екен. Сырағаң Атырауға барған сапарында облыстық газеттің редакциясында болып, оқушы-лардан келген өлеңдерге сәт-сапар жазып берген екен.

Көп күттіріп, зарықтырып, ынтықтырып барып «Қазақстан пионері» Фариза оқушының өлеңдерін жариялапты. Ол туралы Фариза апай былай деп естелік қалдырды: «Келер жылы «Қазақстан пионері» газеті «осы жазғыштан құтылайық» деді ме, «Балалар творчествосы» деген айдармен бір бетті алып жатқан өлең, әңгімелердің қақ басында менің де екі шумақ өлеңімді шығарып қойыпты. Содан менің адресіме жан-жақтан оқушылардың жазған хаттары жаусын! Жамбыл, Қостанай, Алматы облыстарынан кейбір қыздар тіпті фотоларын да қоса салып жіберіпті. Осылайша менің өлең әлеміне тұсауым кесілді...». Міне, осылайша үсті-үстіне хат жолдап, сарылып, өз есімі жазылған газет күтіп жүрген Фариза Оңғарсынова күндер-дің күні сол газеттің редакторы боларын білді дейсіз бе?!

Фариза – редактор

Фариза апай қызмет жолын ауылда мұғалім боп бастаған. Кейін облыстық газетте тілші, одан соң «Лениншіл жас» газе-тінің (қазіргі «Жас алаш» газеті) батыс аймақтағы меншікті тілшісі боп жүріп Алматыға ауысады. Дінмұхамед Қонаевтың шақыр-туымен «Қазақстан пионері» газетіне редактор болады. 
Бұл кезде Фариза Оңғарсынова 31 жаста болатын.

1970 жыл. 7 қараша. «Қазақстан пионері» газетінің осы күнгі нөмірінен бастап Фариза Оңғарсынова есімі редактор деп жазылған. Осыдан бастап 1978 жылға дейін редакторлық қызмет атқарды. Енді осы кезеңдерде газетте нендей жаңалықтар мен өзгерістер болды, соған назар аударып көрелік. 50 жыл бұрынғы газет тігінділерін ақтарғанда ең алдымен көзге түсетіні – газеттің автор-лары. Сол замандағы қаламы қарымды журналистердің аты-жөнін іздейсің. Бірақ некен-саяқ. Олай болатын жөні бар. Себебі «Қазақстан пионері» – балалар газеті. Мысалы, қазір қолыңыздағы «Ұлан» газетінен негізінен балаларға арналған мақалалар мен шығармаларды оқисыз. Ал ол кезде газеттегі мақаланың бәрін балалар жазған. Яғни, газетті балалардың өздері шығарып отырғандай әсер қалдырады. Бәлкім ол сонысымен қызықты, мазмұнды болған шығар. Бірінші бетінен бастап соңғы бетіне дейін оқушылар жазған эссе, очерк, мақала, өлең, сөзжұмбақтардан көз ашпайсың. Әрине, ол мақаланың бәрі дәл сол күйінде редакцияға келе салмағаны белгілі. Келген хаттың бәрін өңдеп, «қырып-жонып», газетке лайықтайды. Редакция қызметкерлерінің негізгі қызметі де сол болған. Ал балалардың өз хаттарының өңделгеніне реніш білдірмей, керісінше, үсті-үстіне хат жол-дап тұрғанын байқау қиын емес.

Фариза апай студент ақындарға көбірек көңіл бөлгені аңғарылады. «Студент дәптерінен» айдары жиі жарық көріп тұрған. Жас ақындардың ә дегенде балаларға арнап шығарма жазуы қиындау. Ол бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Осы жағын ескерсек, редактор студент ақындарды балалар әдебиетіне де қалам тербеуге шақырған. Газет материалдарын публицистикалық мақалалардан гөрі көбіне көркем шығарма стилінде берген. Очерк, эссе, әңгіме, өлеңдер жиі жарық көрген. Үлкен қаламгерлердің балаларға арналған әңгімелері мен повестен үзінділер жиі жарияланған.

Редакцияға хаттар толассыз келіпті. Оларға әр кезде есеп беріп те отырған. Мысалы, екі айдың ішінде ғана 3678 хат келіпті. Солардың ішінде ең үздіктерін ғана жариялап отырған. Ал газет аптасына екі рет 4 беттен жарық көрген. Газеттің беделін оның тиражынан да білуге болады. Фариза апай редактор болған алғашқы жылдардың тиражы мынадай: газетке жазылуды жылдың соңына дейін насихат-тайтын болса, 30 қыркүйекке дейінгі жазылғандар саны Шымкент облысының өзінде 16.200 дана болған. Бұл – жазылу бойынша бірінші орындағы облыс. Ал Қостанайды «өткен жылы 1392 оқырман ғана жазылды» деп сынаған. Осы жылдары газетте Рза Қунақова, Нұрлан Оразалин, Дәуітәлі Стамбеков, Мәди Айымбетов, Гүлсім Мұқышева секілді аға-әпкелеріміз қызмет етіпті. Фариза апай «Қазақстан пионерінен» соң «Пионер» жур-налына (қазіргі «Ақ желкен» журналы) ауысып, сонда 22 жыл редактор болған.

Фариза – қайраткер

«Мен өз басым журналистік мамандықты өте жоғары баға-лап, қадірлеймін. Ақты қара, қараны ақ дейтін жазғыштар да көрініп қалады. Алайда шын қаламгердің басты принципі – ардан аттамау, адалдықтың нәзік болмысын қорғау» депті Фариза апай. Бір сұқбатында: «Егер мен ақын болмағанда, қалам мен қағазымды ұстап, бір жерде журналист болып жүрер едім. Журналист, менің түсінігімде, қайраткер адам» дейді. Өмірінің көп бөлігін балалар басылымында өткізген Фариза апайдың журналистикаға қатысты ұстанымдарын да айта кеткеніміз жөн. Өмірінің соңғы жылдарында берген сұқбаттарында журналистикаға қатысты жиі ой қозғапты. «Журналист қашанда ақи-қатты айту керек. Бір нәрсенің ақиқатына жетпей, өсек-аяң теріп, өз ойынша жазу дұрыс емес. Қазір сондай журналистер қаптап кетті. Журналистің жазғаны өміршең болуы керек. Баубек Бұлқышев, Саттар Ерубаев сияқты өмірден ерте кеткен тұлғалар журналистикада шебер дүниелер жазып кетті. Солар секілді жазуға не кедергі?» деді бір сұқбатында.

Фариза Оңғарсынова, алдымен, ақын. Ел ақын деп біледі. Бірақ қызметтік жолын журналист боп бастады, 30 жыл газет-журнал басқарды. Демек, ол өзі айтқандай, қайраткер. Газет, балаларға арналса да, газет. Фариза апай осы 30 жылда қаншама журналист тәрбиеледі. Сол журналистің бәрі Фариза апай туралы естелік айта қалса, ең алдымен мінезін айтады. Екі сөйлемейтін, шындыққа тура қарайтын, алдында кім тұрса да жалпақтап-жағынбайтын деседі. Ол кез келген адамға керек мінез. Дегенмен журналист болам дейтін балаға керек те осы мінез дегіміз келеді. Онсыз қайраткер болу мүмкін емес. Сондықтан тілші болсам дейтін баланың ойында Фариза апайдың айтқаны, өнегелі өмірі үлгі боп тұрса дейміз. Міне, Фариза ақынның туған жері Дамбыдан басталған даңғыл жолдың бір парасы осындай. 

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2024 жыл

1296 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор