- ҰЛАН
- 16 Қаңтар, 2024
Жайлаудың жайын білетін Арайлым
Жазық дала, киіз үй, ұлттық тағамдар дегенді естігенде көз алдымызға ауыл мен жайлау елестейді. Әйтсе де, ұлттық ерекшелігімізді байқай алатындардың саны азайып барады. Ал Арайлым Диханбай осы мәселені қолға алып, этно контент жасап жүр. Арайлымның Инстаграм парақшасындағы суреттер мен бейнелерді көре отырып, ауылдың сұлулығы мен эстетикасы мүлдем бөлек екен дейсің. Оқырман саны – 18 мың.
Кейіпкеріміз Алматы облысына қарайтын Еңбекшіқазақ ауданының Сөгеті ауылының тумасы. Жайлау тіршілігіне бала кезінен жақын. Жеті жасқа дейін тауда өскен, адамдарды емес, жануарларды жақын тартқан.
«Жеті жасыма дейін тауда өстім, тау мен аспанды ғана көрдім. Ессіз кезіңде жүрегіңе жақын тіршілік – ес білгеніңде орнын суытпайды, жібермей арқандап қояды. Мектепке барар күн жақындағанда ашуға булығып, мәңгі сауатсыз болғым келді. Бірақ бес жасымда хат таныдым, әкем қатал оқытты. Әке-шешем тауда, мен ауылда тұрдым. Бастауыш сыныпта Алматыдағы интернатқа ауыстым. Содан бері тек демалыста ғана барамын. Бір өмірден екіншіге ауысып жүріп есейдік. Болашақ қалада екенін ұқтық. Ұққан күннен ойға қатынау қиындады. Бүгінде ауылға ара-тұра, сағынғанда екі-үш күнге ғана барамын».
– Арайлым, блог жүргізу идеясы қайдан келді?
айлау тіршілігіне жақын. Бала кезде білінбейтін, есейе келе байқасам, біз сүрген өмір мен таныған ортадан бөлек екен. Жаздың үш айы ғана жайлауды мекендейміз, ол аз уақыт, әрине. Бірақ сол үш айда атқан таң мен батқан күннің арасы жаңа заманға емес, өткен ғасырға тең екен. Кітапта оқығаным көз алдымнан өтіп жатты. Саяхаттауды жаным сүйгендіктен парақшама сол өмірдің көрінісін жүктедім. Кейін видеоларым көрерменін тапты. Сосын блог жүргізуге жетелеп алып келді. Түсінгенім, жайлау өмірі көп қазаққа таңсық екен. Сондықтан таңырқау басым.
– Жайлаудағы өмір қандай? Қазір қандай қызықтар мен қиыншылықтар бар?
– Жайлауға көз тояды, бірақ көңіл тоймайды. Таза ауа, табиғи дүние, кең-байтақ қазақтың жері, атадан қалған кәсіп, қазақылықтың иісі аңқып тұр, өзгеге тиесілі дүние араласпаған, ластанбаған. Мақтасам, марқаятын дүние көп. Сұлулықтың бәрі суретте көп, сондықтан қиындығын айтайын. Табиғаттың іші болғанымен, мұнда демалу жоқ. Тіршілік таңғы төрттен басталады. Сиыр сауу, малды өріске жіберу, тездетіп таңғы ас ішу. Таңғы жетіде киіз үй тап-таза болып, көрпе-жастық жиналып тұруы керек. Себебі қонақ көп келеді. Екі күннің бірінде сүт тарту, май шайқау, қатық ұйыту, құрт жасау, ошаққа нан пісіру, кір жуу, су ысыту, түскі астың қамы, мал дәрілеу, асау үйрету, жоғалған малды іздеу, сиыр сауу, қосылған отарды бөлу. Бұдан да көп тірлік, осының барлығы бір күнде іске асады және күнде қайталанады. Жол қиын, жөнделмеген. Шұңқыр, жар, асулар көп. Жаңбырлы күні қатынау қиын, көлік айналып, дөңгелегіне ие бола алмайды. Отын жоқ. Бұрын әр отбасына отын үлестіретін, бірнеше жыл болды, енді рұқсат бермейді. Жолы жаман болса, жайлаудағы жұрт ауылдан қалай отын тасымақ?
Сенбі, жексенбі сайын 300-ден аса турист ағылып келеді. Келгенімен қоймай, қоқысын тастап кетеді. Қарағайдың түбі қоқысқа толы. Қалықтап ұшқан пакет. Ірі қара малдың ішінде сиыр көзіне көрінгенді күйсейді. Пакет жеген сиыр сау қалмайды. Сондықтан малдың аузын аңдып, қоқыс терумен боламыз. Бала кезден қалған әдет бұл. Бес кесе шайсақ та, суды қатты үнемдейміз.
Жаз деген аты болғанымен, жайлау суық. Таңертең шық боп, түске дейін ғана күннің көзін көреміз. Бораны қатты, жиі дауыл тұрып, бұршақ құйып, кейде 24 сағат үздіксіз жаңбыр жауады. Жайлаудағы жұрт жаңбыр басылса құрты мен етін бақанға іліп, қайта құйса үйге кіргізіп, түнімен әуреленеді. Беті-қол жуу үшін де, барлық тірлікке көң жағып, қазан-ошаққа су ысытамыз. Су суып қалмай тұрып тездетіп қолданамыз, от зая кетпесін деп. Монша жоқ. Бәрінде жалғыз киіз үй. Дүкен де, аурухана да, байланыс та жоқ. Аттан құлап қолын сындырған бала қашан көлік табылып, ауылға жеткенше шыдап бағады. Жолдың өзі 6-7 сағатты алады. Қиындығы расында көп. Бірақ естіген бөлек, соның жолымен жүріп, шынайы көрген бөлек.
– Видеоларыңыздан төрт түлікке деген ерекше қарым-қатынасыңызды байқауға болады. Олар сіздің айтқаныңызды түсінеді екен. Оның сыры неде?
– Адам өзін тәрбиелесе, жақыны да соның ізімен жүріп, әлемді соның көзімен көреді. Мен жануарларымды тәрбиелемеймін, тек жақсы көремін. «Сендер өмірге еркелеу үшін келгенсіңдер, басқа міндеттерің жоқ» деймін. Талап қоймаймын. Олар да мұны сезеді. Жануарларым ақылды болса, олардың сол қасиетін байқай алғаным деп білемін. Кейде әлденені түсіну үшін мың сөзден жай ғана үнсіздік артық.
– Қалай ойлайсыз, өскелең ұрпақтың бойына қоршаған ортаға мейірімді болуды дарыта аламыз ба? Қазіргі балаларға осы қасиет жетпейтін сияқты. Ауыл, жайлау адамның жүрегін жылыта ала ма?
– Адам балалық шағында осы айтылғандарды көрмесе, ұқпаса, онда есейгенде оның бойынан мұның бірін де таппайсың. Мейірім тұрмақ, басқасына да үйрете алмайсың. Қазіргі балалардың танымы тар. Көз алдындағысын ғана байқайды. Менің ойымша, мектепке өзгеріс керек. Жануарларға деген мейірімді, адам өмірін бағалауды, адалдықты, қазақылықты мектепте көптеп дәріптеу керек. Ата-анаға оны түсіндіре алмайсың. Себебі, олардың көзқарасын білмейсің.
– Инстаграм парақшаңыздағы пікірлерді оқып, сәл таңырқадым. Жануарларды еркелетуіңізге пікір білдірушілердің кейбірі қарсы, жақсы ойда емес сияқты...
– Бір видеоның өзінен 1000-ға жуық жаман сөз өшірдім. Біздің қоғамда надандық басым. Ненің жаман, ненің жақсы екенін ажырата алмайды. Санасының қамалынан ары аспаған. Білімді, көзі ашық адам өзгенің таңдауына құрметпен қарайды. Одан кейін мейірімнің жоқтығы. Жануар тек жеу үшін жаралған деген қатып қалған түсінік бар. Сол қиын. Солай уын шашатындарға миым жетпейді. Амал жоқ, мың адам болса, сонша түрлі пікір бар.
Арайлым панасыз жануарларды қамқорлығына алып, оларды асырайтын үй салғысы келетінін айтты. Ал біз қоғамда бүгінгі кейіпкеріміз сияқты жануарларға мейіріммен қарап, қазақылықты өшірмеуге үлес қосатын жандардың саны артады деп сенеміз.
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
«Ұлан» газеті, №2
16 қаңтар 2024 жыл
1103 рет
көрсетілді0
пікір