• ҰЛАН
  • 16 Мамыр, 2023

Қару-жарақ және теміршілік

Жаугершілік заманды бейнелеген фильмдерден көретін қару-жарақ, сауыт-сайман туралы ойланып көрдіңіз бе? Олар қайда, қалай жасалған, кімнің қолынан шыққан, білесіз бе? Алматы қаласында нағыз жаугершілік дәуірде әскердің қару-жарағы мен сауыт-сайманын темірден соққан теміршілердің ұрпағы тұрады. Бейбарыс Жетен бүгінде атасының үйін мұражайға айналдырып, шеберханасындағы жұмысты жалғастырып келеді.

Біз Бейбарыстың әңгімесін тыңдауға бардық. Алдымен кейіпкермен жақсылап танысып алғанды жөн көрдік. 

– Мамандығымды ауыстырып, ата-бабамның ата кәсібіне келдім. Негізгі мамандығым – суретші. Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжін, содан кейін Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын суретші мамандығы бойынша бітірдім. Кейінгі екі жылда О.Таңсықбаев атындағы колледжде сурет пәнінен оқытушы болдым. Жарты жыл бұрын осы кәсіпке бүйрегім бұрып, не де болса істеймін деп жұмыстан шықтым. 

– Ата кәсіптеріңіз туралы айтайықшы...

– Атамның әкесі, яғни бабам Омардың қолынан шыққан үзеңгілер қалды. Ал Омардың әкесі Күлмен бабам сопылықты ұстанған, бақсы болған. Тәңіршілдік кезеңінде теміршілер шаман болған. Шамандар отпен адамның ішіндегі қайғыны, нашар эмоцияны шығарады. Іздене келе, шамандар сол заманның психологы болған деп түйдім. Теміршілік деген темірді сымша иіру ғана емес, білімді, тылсым қабілеттерді талап еткен. Ата-бабаларым теміршіліктің ішінде қару-жарақ, сауыт-сайман жасаумен айналысқан. Әкемнің әкесі, менің Жетен атам кәсіпкер болған. Оның заманы қазақтардың Қытайға үдере көшкен кезіне тура келіп, ол да көшке ілесіп кеткен. Қытайда мал шаруашылығымен айналысқан. 1960 жылдары Қазақстанға қайта оралып, Алматыға қоныс тепкен. Атамның Алматыға көшіп келу себебі ұлдарым қалада білім алса деген тілектен туған. 

Бар малын сатып, осы үйді алған екен. Содан әкем атасының ұсталығын жалғастыру мақсатында, мен бітірген колледжде теміршілік және ағаш шебері бойынша оқыған. Әкем оқыған оқу орнында мен де оқыдым. Осылайша, бір атадан кейін ежелгі кәсібіміз жалғасын тапты.

Отбасылық кәсібіміздің гүлденген кезі 1995-2006 жылдар аралығы болды. Әкем мен ағаларым теміршілікпен кәдімгідей кәсіп, жұмыс ретінде айналысқан. Әкемнің інісі кіріс-шығыспен айналысып қана қоймай, музейлермен, шетелдіктермен, журналистермен, өзге де келіп көрмек болғандармен сөйлесіп, келісу мәселесін атқарған. Әкемнің ағасы ағашпен айналысқан. Домбыра, мұндағы көріп тұрған орындық, барабандарды сол кісі істеген. Жапониядан, Венгриядан, Англиядан журналистер, тарихшылар үзілмеген деседі. Қазір еңбектері кең танылып жүрген тарихшы Зира Наурызбаева әкем жасаған бір қарудың құны бір үйдің бағасымен бірдей болғанын айтады. 

– Шетелдіктер қызығып, тарихи ізденіспен келген бе?

– Англия, Франция мемлекеттерінің музейлеріне миллиардтаған қаржы бөлінеді. Олар жан-жақтағы елдерден қару-жарақ, киім-кешек, өзге де бұйымдарды миллиондаған ақшаға сатып алады. Ол бұйымдарды өздерінің музейіне қояды. Бәрінің Франциядағы Лувр музейін айтатыны сондықтан. Сондай сапарларының бірінде әкемнің жұмысын сатып алған жағдай болды. Олар үшін бұл жұмыстар – түпнұсқа.

– Өзіміздегі мұражайларға неге қоймасқа?

– Әкем Махмұттың жұмыстарын Өскемен, Тараз, Түркістан қалаларының мұражайлары сатып алған. Басқа да мұражайлар қызығады. Бірақ, көбі әлі де өнерді түсінбейтін сияқты. Төмен бағаға алғысы келіп, шеберхананы базарға айналдырады. Бюджетіне байланысты шығар, оны да түсінеміз. Бірақ, шығын өз мойнымызда болған соң, қызығушылық танытқан әрі өнердің бағасын түсірмей алатын тұтынушыны жақсы көреміз. Бізге де ары қарай жолымызды жалғастыру керек. Өнерде сауда болмау керек. Өнерді саудалау қалтаңа түсетін салмақты азайтқанмен, ұлттың идеологиясына кері әсер етеді. Онсыз да «қазақ қарапайым өмір сүрді, қазақтың киімі қарапайым мата, мақтадан тігілді» деген пікір бар. Шын мәнінде сан түрлі, лауазымдарға сай жауынгер киімі қазақтан шыққан. Бір қуанатыным, музейге қойылатын бұйымдарға да тендер жарияланатын болыпты. Бұрын музейлердің директоры келіп бағасын ұсынып, қымбат десе басқа бұйым іздеп кететін. Еңбек енді бағалана жатар деген үмітіміз бар.

Бейбарыс әңгіме арасында қабырғада ілініп тұрған суретті нұсқады. Америкадан келген фотограф түсірген суретте – кейіпкеріміздің әкесі мен ағалары. Сурет «Қыз Жібек» фильмінен естелік екен. «Қыз Жібектегі» қару-жарақты біз тұрған шеберханада Махмұт шебер мен бауырлары жасапты.

– «Қыз Жібекте» сіздердің бұйымдарыңызды қолданған болса, одан кейінгі кинотуындылар да сол үрдісті жалғаған шығар. Тағы қандай фильмдерден сіздер жасаған саймандарды көріп жүрміз?

– 2004 жылы шетелдік бір киностудия әкемнің теміршілік кәсібі туралы фильм түсірді. Олар секундына дейін есептеп, әр минуты үшін шеберханаға 100 доллар төлеген. Сенсеңіздер, Қазақстанда түсірілген көп тарихи фильм шықпай қалады. Екі-үш рет тарихи фильм үшін шеберханамыздағы қару-жа-рақты жалға алып түсірген жайттар болды. Соңғысының сюжетінде қазіргі заманның баласы ескі заманға түсіп, ата-бабасымен тілдесетіні есімде. Ол фильм де шықпай қалды. Біздің қару-жарақты үлкен планға алған кезде әдемі, шынайы шығады. Бірақ, эфирге шығып жатқан кинотуындылардағы қару-жарақ «Көшпенділер» фильмінен қалған, Қытайдан алынған резеңке қару-жарақтар. Бір фильмнен екіншісіне ауысып жүр. Алдыңғы ғасырлардың бәрінде бірдей сән, бірдей киім болмаған шығар. Оқиға болған дәуірдің атмосферасын беру үшін киім-кешек, қару-жарақ, саймандарға баса назар аудару керек. Батырлардың киімі мен жасақтың киімінің айырмашылығы болған.

– Резеңке болмаса, актерлерге ауырлық қылатын шығар?

– Жоқ, олай емес. Қазақтың қылышының өзі 1300 грамм шамасында, одан ауыр емес. Егер киноға арнайы жасататын болса, 800 грамм көлемінде жасауға болады.

– Қылыш, қалқандардағы оюға қарасам, суреттегілерден аумайды. 

– Иә, әрине. Біздің қазақтың әр оюының мағынасы, мәні бар. Әйел киіміне салынатын ою ер адамның киіміне немесе етіктің оюы баскиімге салынбаған. Ал қазір кілемдегі ою мен орамалдағы оюда айырмашылық жоқ. Сол сияқты қару-жарақ-тың әрбіріне салынатын ою болған. Қазақтар, жалпы түркі халқы мистикаға жақын болғандықтан, оюлардың бедерленуінен тылсым, қорғаушы күш іздеген. Оюларды әріп ретінде оқыған дегенді де естігенмін. Біз оюлардың үлгісін археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған бұйымдардан, алтын адамның киіміндегі алтындарынан алдық. Сақтардан қалған аң стилін де пайдаландық. Расында мына шеберхана-дағы ағаш бұйым, темір бұйымның әрбірінде ұсақ, неше түрлі ою, аң бейнелері бедерленген. Тарих кітабынан көрген, төрт аяғын ұзынынан созған қасқыр да бар. Ары қарай темір балқы-татын ошақ тұрған шеберхананың даладағы бөлігіне келдік. Бейбарыс мұндағы кейбір құрал-сайман дархан теміршінің сипатына сай дейді:

– Теміршілер де өз ішінде лауазымға бөлінген. Дархан темірші – жоғары сатыдағы темірші. Темірші қатардағы қарапайым адам болмаған. Хандардың өзі жорық алдында теміршілердің шеберханасындағы төске, ошаққа сыйынып кетуге келген. Ұсталардан бата алған. Иә, қазір ұсталардың рөлі төмен болғандай ойлаймыз ғой. Ал шын мәнінде ұста заманында халықты алға сүйреуші болған. Сол кездің техникасының бәрі ұстаның қолынан шыққан. Оларды ойлап табушы да темірші, ұсталар. XVIII-XIX ғасырларда мемлекеттер арасындағы дау-дамай кезінде елдер бір-бірінің ұсталар шеберханасын тонап, тіпті ұстасын өлтіріп кеткен кездер де болған. Күзде Ресейден сақа, якуттер келді. Арасында ұсталары бар екен. Жаугершілік заманда патша үкіметі ұсталарын қырып, құрал-саймандарын сыпырып кеткен екен. Біздікіндей атадан балаға жалғаспақ түгілі, халықтың дамуы кері шегінген. Ұсталық – білім. Ұсталық жал-ғаспады дегені білім кейінгі ұрпаққа жетпегенін білдіреді. Сол келген азаматтар ұсталық өнерін қайта жаңғыртпақ ниетте екен.

Біз домбыраны екінің бірі жасап ала берген деп ойлаймыз. Олай емес. Әр аспаптың, әр құралдың ұстасы бөлек болған. Олар – көне дәуірдегі маман иелері. Сол кәсіптен нәпақа тапқандықтан, құпиясын ешкімге айтпаған. Тек атадан балаға отбасылық кәсіп болып қалып отырған. 

Естуімше, өзбек халқының арасында да ата кәсібі ұсталық болған әулеттер баршылық. Олар балалары қаламаса да, мүжбүрлі түрде істеткізеді екен. Себебі, ғасырлық кәсіптерінің жалғасқанын қалайды. Мені ешкім қинаған жоқ, өзім осы істің фанаты болдым. Негізі ағаларым да бар. Әкем оларға істеңдер дегенде, расын айтқанда, қашып кетті. Біреуі үш күн істеп, жылап кетіп қалды (күліп). Өйткені, жұмыс ауыр, ұзақ уақытты алады. Қазір тіпті әлеуметтік желідегі бір минуттық видеоны аяғына дейін көруге төзім жетпей жатады. Ең бірінші жасаған құралым – қалқан. Ол кезде оқушымын. Белгілі бір құрал жасаймын деп ойламадым. Егеп, майыстырып, ойып, әртүрлі әдіспен жасадым. Ол сатылып кетті. Одан кейін сауыт, дулыға жасадым.

Ортадағы ағаш бағанға оттың суреті жапсырылған. Жоғарыда тұрғандықтан, Бейбарыс айтқанда ғана мән бердік:  

– Әр шеберханада от болуы керек. Өйткені, мұнда әруақтар бар деп есептейміз. Қазақта «ие» деген ұғым бар. Орман иесі, су иесі деп жатамыз. Ертеде орманға барған адам бірінші иесімен сәлемдесу ишарасын жасап кірген. Теміршінің шеберханасында да қорғап отыратын, жұмыс жүрмегелі көп уақыт өтіп кетсе ренжитін иесі бар.

Тағы бір мұражай – қоржын үй екен. Сонымен, мұражай іші. Кіреберісте болашақта қару-жараққа айналатын темір металдар тұр. Кезінде бұл бөлме де үй болған. Бөлмедегі шкафта жұқа темірден ыдыс-аяқтар, ағаштан ойылған мүсіндер, жануарлардың мүйіздері тұр. Бірін шебер жасаса, кейбірі Моңғолиядан келген. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл – музейдің интерьері. 

Мұндағы бұйымдардан алдымен қалқанды тамашаладық. Сырты темір болғанмен, батырға қарайтын жағы киіз, ұстайтын жері ыңғайлы. Фильмде мұндай қалқандарды ірі денелі батырлар ұстайтын-дықтан, қалқан ауыр болады деп ойлап жүрсем, жеп-жеңіл екен. Бес қарудың бірі – айбалта. Жүзі өткір, сабы ыңғайлы, жеп-жеңіл. Ендігісі күрзі. Күрзі биліктің белгісі екен. Фильмде көріп жүрген ханның қолында болатын сайман осы салтанатты күрзі. Содан кейін Бейбарыс шкафтың ішінен сауыттарды шығара бастады. Темір кор-сетті елестетіңіз. Жеңі бөлек болады екен. Бұл сауыттар да атты әскерге, жаяу әскерге, батырға, қолбасшы лауазымдарына сай әртүрлі етіп жасалған. 

– Бұл корсет сауыттардың ішінен жібек мата киеді. 

– Неге тек жібек мата кию керек?

– Өйткені, жібек мата жыртылмайды, созылады. Оқ сыртқа шығып кетеді. Жақында өзіміз эксперимент жасап, оқ атып көрдік. Қараңыз, бірнеше жерде оқтың ізі тұр. Музейде ағаш бұйымдар да жетерлік. Соның бірі бұрынғының тоңазытқышы.

– Бұрын бұның ішінде ет сақтаған. Қазір біз дулыға сақтаймыз (күліп). Әкемнің жаңалығының бірі – томағап. Түркі дәуірінен бастап XVII ғасырға дейін қолданылған. Томағап үрей тудыру үшін де қолданылған. Алғаш рет шамандар ойлап тапқан. Кейін соғыста қарсыласты қорқыту үшін батырлардың бетіндегі бетпердеге айналған. Бұл ауыр жарақаттан қорғайды. Бабыр өз еңбегінде томағап киген батырдың басына тиген қылыш қырпуынан өтіп, баста тек тыртық қалдырғанын жазған. Бейбарыс өзі жасаған дулығадан бастады. Қарқара, үндік, маңдайша, бұрындық, құлақшын, желкелік бөліктерімен таныстырып өтті. Дулығаның ішінде киіз қалпақ болады. Ол қырпу деп аталады. Дулыға болат темірден жасал-ған. Фотограф Олжас екеуіміз кезек-кезек киіп көрдік. 

– Келесі – торғауыт сауыт. Бұл жоғары шенді батырлардың киімі болған. Бұл киімдер сапасымен, сәнімен ғана емес, бағасымен де ерекшеленеді. Батыр болу да мал-мүлікті талап еткен.

Осы сауыттың дулығасын киіп көрейінші.

– Әрине. Сыртындағы айғыз рәсімнен қалған.

– Рәсімді отпен жасадыңыз ба?

– Жоқ, қымызбен. Бұл – тамақтандыру рәсімі. Қазақтың ұсталық өнерінің бір жақсы жері – қазақы атаулары нақты сақталған. Соның арқасында сауыт-саймандардың неше түрлісін алғаш қазақтар кигенін біле аламыз. Өйткені, орыстың сөздігіндегі «ялак» қазақтың «жалау», «ятаган» қазақтың «жатаған» сөздерінен шыққан.

– Материалдарды қайдан аласыздар? 

– Материалдарды базардан, қара базардан сатып аламыз. Темірдің сапалы, берік, мықты болуы маңызды. Ең күшті темір – рессор. Көліктің амортизаторы да күшті.

Қызықтырған сурет, ағаш, темір бұйымның бәрін сұрап, ұстап, киіп көрген соң, алдағы уақытта жұмыс қалай жалғасатынын сұрадық. 

– Менің әу баста шеберханаға келгендегі мақсатым – теміршілікті халық арасында таныту. Әкемнің бұйымдарын көрсету. Өйткені, бұл бұйымдар осылай қалып қалса, обал болады. Көріп өскен мен дамытпасам, басқаға тіпті керек емес. Біз халықтың тарихқа деген құрметін арттыру үшін қызмет етуіміз керек. Ол үшін осыған деген фанатизм оянуы керек. Сонда бұл іске де қаржылай қолдау болатын шығар.

– Олай болса, ісіңізге сәттілік тілеймін! Мақсатыңызға жетіңіз!

Жазира БЕКБОЛАТОВА
Суреттерді түсірген
Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №20
16 мамыр 2023 жыл

360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор