• ҰЛАН
  • 05 Желтоқсан, 2022

Харассмент жасалса, не істеу керек?

Университетте қосымша тапсырмаларды орындап, сабақтан кеш шықтым. Манас көшесінің бойымен төмен түсіп бара жатқанда бір адам бірдеңе сұрап шақырды. Маған айтып тұрғанын білсем де, естімегендей кейіп танытып, алға қарай жүре бердім. Сол сәтте әлгі бейтаныс адам жаныма жүгіріп келіп, орысша «Джейхан» деген дүкен қайда?» деп сұрады. «Білмеймін» деп жүрісімді жылдамдаттым. Бірақ анау жанымнан қалмай қойды. «Сіздің ұлтыңыз кім?», «Жүріңіз, бірге кофе ішейік, әңгіме айтайық» деп қолымнан тарта бастады. Қорыққанымнан жүрегім дүрсілдеп кетті. Жанымдағылардан көмек сұрай алмайтынымды білген соң, қатаң дауыспен «жоқ, рақмет!» деп айттым. Әлгі ер адам «Рақмет?» деп қарап тұрып қалды. Бақытыма орай, группаласым хабарласты. Қоңырауды көтере сала, Абай көшесіне қарай жүгірдім. Бұндай нәрсе бірнеше рет болды. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатсам, жаныма машина келіп тоқтайды. «Ой, жай өтіп бара жатыр ғой» деп ойладым. Сөйтсем әлгі жүргізуші менің жылдамдығыммен бірге айдап келе жатыр екен. Тез жүрсем, тез жүреді. Бір кезде бипылдата бастады. «Не істер екен?» деп көше бойындағы қуысқа кірсем, машина да бірге тоқтады. «Қарындас» деп күліп шақырғанында, жаным шыға жаздап, амалсыздан жүгірдім. Анау да жылдамдығын арттырып, артымнан қалмайды. Жолда немересін жетектеген апайды көріп, «ана кісіге айтыңызшы, мені қуалап келе жатыр» дедім қорыққанымнан. Апай әлгі жүргізушіге ұрысты да, мені жолдан өткізіп жіберді. Тиісе сөйлеген ер адам ала көзімен қарап, барынша жыл-дамдықпен кетіп қалды. Осы оқиғалардан кейін жанымнан көлік, ер адам өтсе, қорқатынды шығардым.  

Көп қызға менің оқиғам таныс болар. Бұл – адамның құқығын таптау, жеке шекарасынан өту. Алайда  жәбір көрген қыздар қоғамның сынынан қорқып, бұндай нәрселерді ішінде сақтап жүреді. Жыныстық бопсалау, аңду, қырындау, адамның қалауынсыз денесіне қол тигізу, ысқыру, жыныстық қатынасқа тарту сынды нәрселер харассментке жатады. Заңгер Әйгерім Құсайынқызы харассмент жасалса немесе куәгер болсаңыз, не істеу керегін айтқан еді:

«Харассменттің қазақ тілінде тура аудармасы жоқ. Бопсалау, қолсұғу сынды сөздер толық мағынасын ашпайды. Харассмент дегеніміз – қыздың жеке шекарасын еркінен тыс бұзу. Желіде  әуежайдағы  видеоны көрген боларсыз? Бір ер азамат әйел адамның қалауынан тыс бөксесін, санын, арқасын сипап кетеді. Қоғамда «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген стереотип мақал бар. Зорлық көрсе, харассмент құрбаны болса, жәбірленушіні кінәлайды. Бұл көп жағдайда «сен қысқа белдемше кидің, сен өзіңді соған итермеледің» деп, адамның әрекетін жануардың инстинктіне салып, ақтап алады. Адамның санасы үшін жәбірленушіні кінәлау – ең оңай әдіс. Бірақ ондай кезде «неге бұлай болды?», «қалайша?» деген сұрақтарды қою керек. 
 

Қоғамда қанша стереотип болса да, жәбір көрген қызға қолдау көрсету керек. «Сені қолдайтын достарың, жақындарың, құқығыңды қорғайтын мемлекет бар. Сенің түк кінәң жоқ» деп айту керек. Жұлдыздар мен медиа адамдары осы тақырыпты көп көтерсе, қоғам харассментке байланысты көзқарасын өзгертер ме еді...

Харассментке куә болса-ңыз, бірден құқық қорғау орындарына  хабарласу керек. Қолында интернеті бар адам – микрофоны бар адам. Харассментті әлеуметтік желіге жария ету керек. Бұл shame and blame саясаты арқылы харассмент жасаған адамды ұялту, әрекетін сынау. Жәбірленушіге негізгі көмекті мемлекет беруі керек. Біреудің пікірін тыңдау, жеке шекарасын аттамау, еркінен тыс әлімжеттік жасамау сынды нәрселер адам құқығына, этикаға қайшы екенін мектеп жасынан бастап айту керек.  Сонда ғана біз оның алдын аламыз».

P.S. Достар, сіздерге қысым, жыныстық бопсалау, әлімжеттік жасалса, міндетті түрде жақындарыңызға айтыңыздар. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндірсек, қоғамды жақсарта аламыз.

Аружан АБСАТАР,
«Ұланның» жас тілшісі. 

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №49
6 желтоқсан 2022 жыл

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор