• ҰЛАН
  • 21 Қараша, 2022

Теңгенің тарихы осындай...

Қолыңдағы 50 тиынның туған күні бар екенін білесің бе? Иә, өзің жиі көретін ақшаны айтып отырмыз. Біздің Ұлттық валютамыз – теңге. Тәуелсіздік секілді теңге де қиындықпен келген. Әйтпесе, тәуелсіз ел болса да, төл ақшасы жоқ елдер бар. 15 қараша – төл теңгенің туған күні. Бұл күннің себебі бар. 1993 жылы қараша айында алғаш рет теңгені қолдандық... Теңгені шығару кезінде қандай оқиғалар болды?  Кімдер еңбек етті? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін теңге авторларының бірі, суретші Хайролла Ғабжәлеловтен «Тұңғыш теңге неге құнды?» деп сұраған едік.

– Дұрыс айтасың, тұңғыш теңге өте құнды. Өйткені, жоқтан бар жасадық. Ұлттық валюта жасау жайлы ұсыныстар 1991 жылдың соңында айтыла бастады. Егемендік алғанымызбен, рубль қолданатын едік. Ресей өкілдері қысым көрсете бастады. Айлық алмаған жұмысшылар көтеріліске шығып, жағдай қиын болды. 1992 жылы наурызда депутат, суретші Тимур Сүлейменовпен бірге дизайнерлік орталық құрдық. Қолда ешқандай дәлел жоқ, қазақтың теңгесінің сұлбасын саламыз. Нобайы дайын болғанда,  Ұлттық банктің төрағасына көрсеттік. Сосын Елбасы көріп,  Ұлттық банк басқармасында бекітілді. Валютаны басып беруге шетелден банкнот фабрикаларының өкілдері келіп жүретін. Соның бірімен келісіп, өкімет тапсырмасымен Англияға бардық. Бір барғанымызда  ағылшындар дайын банкнотты көрсетті.  Лотерея билеті сияқты. Ол уақытта елімізді ешкім танымайды. Әйтеуір бізден тапсырысты алу керек. Банкнотпен бетіне бір соқтым. Бізге әрбір теңгенің сапалы шыққаны керек. 

– Теңгені Англиядан шығардыңыздар ма?

– Иә, талап солай болды. Кейін банкноттың сапасы жоғары әрі екі мемлекеттің арасын экономикалық тұрғыда жақындатқаны үшін «Харрисон және оның ұлдары»  фирмасына Ұлыбритания патшайымының алтын белгісі берілді. Бұл құпия операцияның бірі еді. ҚР Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңгені енгізу үшін мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылы 3 қарашада комиссия тұжы-рымдама дайындады. Жаңа валютаны енгізу мерзімі, айырбастау орындарына жеткізу жұмыстары деген маңызды мәселелер жазылды. 

Ұлттық  теңгемізге қазақтың ұлт боп қалыптасуына еңбегі сіңген тұлғалардың суретін салдық. Мысалы, шығыстың жарық жұлдызы атанған Шоқан Уәлиханов. Шоқанның  отыз жасына дейін жасаған еңбегін қазақтың бүкіл ғалымдары әлі толық зерттеп біткен жоқ. Айтыскер ақын, шешендік тапқырлығымен аты қалған Сүйінбай Аронұлының бейнесін теңгеге шығардық. Әл-Фараби, Абылай ханның қазақтың ұлт болуына сіңірген еңбегін әр бала біледі деп ойлаймын.    

– Бүгінгі теңгеге көңіліңіз тола ма?

– Теңгенің қадірін кетіріп алдық. Шығып жатқан теңгенің түр-түсін ажырата алмайтын болдық. Экономикасы мықты деген Англияның ақшасы әлі өзгерген жоқ. Американың доллары да өзгермеді. Кейін теңгенің бетіне алақан, кептер салды. Бұлар батыстан келген. Қазақтар кептерді емес, бүркітті, қыран мен тазыны биік көрген. Бейбітшілік деген мәселе болмаған. Ұлттық банк төрағалары теңгеге қол қойып, тарихта қалғанды жақсы көрді. Үлкен іс атқаратын жастардың ұлтжанды болғаны маңызды. 

1993 жылдың аяғында Ұлттық банк төрағасы ауысты. Орнына банкир Дәулет Сембаев деген мықты азамат келді. Жастар осындай азаматтардан үлгі алса деймін. Осы кезде бұрын жұмысы басталған 200 теңге шығуға дайын еді. Ақша алғашқы банкирдің қолтаңбасымен шығайын деп тұр. Қолды өзгерту үшін ақшаның формасын өзгертіп, қайта жасау керек. Ол үшін қосымша ақша керегін айттым. Сол сәтте Дәулет: «Халықтың ақшасын өз қолымды қою үшін жұмсамаймын», – деді. Зейнетақы қорының құрылуына осы Дәулет Сембаевтың еңбегі сіңді деп айтып жүр. 

– Суретші болу үшін баланың бойында қандай қасиет болуы керек?

– Бұзық балаларды кей адамдар аса жақсы көрмейді. Керісінше, бала кезінде бұзық болған балалар кейін мықты болады. Мектепте тентек болғаным рас. Суретші болу үшін өзгеше ойлай алу керек. Жұрт мақтап жатса, оның астарына үңіл! Оқы, ізден. Өзіңше шешім қабылдап, оны айта біл. Мінезі жоқ адам суретші бола алмайды... Мамандығым суретші болғанмен, архитектура саласында еңбек еттім. Алматының әдемі жерлерінде қолтаңбам қалды. Бүгінгі балалар бақытты. Кітап, интернет бәрі бар. Оның қадірін біліп, жақсылыққа пайдалану керек. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №47
22 қараша 2022 жыл

360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор