• ҰЛАН
  • 02 Тамыз, 2022

Баланы таяқпен тәрбиелеген дұрыс па?

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп жатамыз. Кез келген отбасының мәні мен сәні – бала. Бала – өміріңнің жалғасы, өзеніңнің арнасы. Оның әр риясыз қылығы жаныңа жұбаныш, көңіліңе қуаныш сыйлайды. Әр ата-ана бағып-қағып отырған перзентінің келешекте салиқалы, елінің беткеұстар азаматы болғанын қалайды. Ол үшін ең алдымен балаға дұрыс тәрбие бере білу керек. Себебі ұрпақ тәрбиесі қай кезде де маңызды мәселе. Алайда баланы таяқпен тәрбиелейтін отбасылар қаншама. Өкінішке қарай, әке-шешелердің басым көпшілігі зорлық-зомбылықты тәртіпке салумен шатастырып жатады. ЮНИСЕФ мәліметінше, елімізде ересектердің шамамен 75%-ы отбасындағы балалардың жүріс-тұрысын бақылау үшін күш көрсетуді құптаса, ата-аналардың 67%-ы балаларды тәрбиелеуде зорлық-зомбылық түрлерін қолданады екен. Елімізде балаларды ұрып-соғу фактісі жиі тіркелетіні жасырын емес. Әсіресе, соңғы кезде балабақшада бүлдіршіндерді таяқтың астына алды дегенді көп еститін болдық. Жалпы, баланы қамшымен де, қабақпен де қаймықтырған қазақы тәрбиенің жөні бөлек болған-ау. Жақында бір анадан осы мәселе төңірегінде сұрадым. Сондағы жауабы: «Әкенің айбаты ғана емес, шапалағы да керек. Үйде біреуден сескенбеген бала дұрыс адам болмайды. Адам қорыққанын сыйлайды. Өзіміз де таяқ жеп өстік, жаман болған жоқпыз»...

Әрине, еш ата-ана бауыр еті баласын жамандыққа қимайды. «Баланы ұрмау керек» деп айту оңай болғанымен, үлкен кісі балаға еш себепсіз қол көтермесі аян. Қызметіндегі келеңсіздік, әлеуметтік жағдайының төмендігі сияқты ашу-ызасын баладан алуға түрткі болатын жағдайлар аз емес. Бірақ, сана болмаса, сабаудан пайда жоқ. Өйткені үнемі соққы көріп, ер жеткенше үлкендердің айғайынан көз ашпау баланың денсаулығына да, ақыл-ойына да теріс әсер етеді. Мамандар үнемі ұрып-соғу арқылы тәрбиеленген бала қатарластарынан физикалық және әлеуметтік тұрғыда көш жетілетінін айтады. Психоэмоциялық қысым салдарынан баланың ұйқысы бұзылып, тәбеті қашады, тіпті тілінде мүкістік пайда болуы мүмкін. Өзінен әлсізге күш көрсетіп, күштіден жалтақ болады. Күйзеліске түсіп, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Қандай да бір істі тек сізден қорыққанынан жасаса, соңы не болмақ? Бала бойындағы осындай депрессия ұлғая келе мінез ерекшелігіне қарай агрессиялық әрекеттерге жетелеуі мүмкін. Өзіне деген сенімі төмендеп, айналасына жеккөрінішпен қарайды. Сонымен қатар, баланың тілін табу қиын болған жағдайда психолог, әлеуметтік қызметкерге барып көр деген секілді кеңес ұсынып жатады. Бірақ өз баласын дұрыс тәрбиелей алмаған ата-ананы қандай да бір маман түзу жолға түсіріп, қиын жағдайдан біржолата құтқарады деу қиын. Баланың қабілет-қарымын, туабітті мінезін психолог емес, алдымен өзінің әке-шешесі біледі емес пе?! Сөйтіп балаңыздың өзіңізге, жалпы өмірге деген кіршіксіз көңілін кірлетіп аламын деп қорықпайсыз ба? Сізден жасқанып, өтірік айтуға мәжбүр болады.

Ал заң бала құқығын қалай қорғайды? Әлемнің 42 мемлекетінде балаларды ұруға толық тыйым салынса, Африка мен Шығыс Азияның көптеген елінде балаларды жазалауға заңды түрде рұқсат берілген. Қазақстанда бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді ұруға тыйым салатын арнайы заң жоқ. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (140- бап), балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау (141- бап), қорғаншы не қамқоршы құқықтарын теріс пайдалану (142-бап) іс-әрекеттері үшін жаза қарастырылған. Осы орайда балаларға зәбір көрсетіп не болмаса өміріне қауіп төндіретіндей жағдайға ұшыратқан ата-ана-ларды жазалайтын арнайы заң шығарылғаны дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ, мемлекет жекеменшік балабақшадағы былықты жіті қадағалауы керек. Ең сорақысы, бір рет жұдырық жұмсағанның өзінде қаншама сәби суицидке барып, қыршын кетуі мүмкін. Сондықтан бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, балаларыңызды емес, бірінші кезекте өздеріңізіді тәрбиелеңіздер. Қазіргі жаhандану заманын бұрынғы кезеңмен салыстыруға мүлде келмейді. Соған байланысты балалар да өте сезімтал. Осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы балалар секілді қамшыға қайғырмай жүре беретін бала жоқ қазір. Бір ауыз дөрекі сөйлесең, соның өзі психикасына әсер етеді. Сол үшін оларға тек үлгі болу арқылы тәлім бере аласыздар. Ең бастысы, ата-ана мен бала арасында рухани үйлесім болуға тиіс.

Президентіміздің бастамасымен 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Ел болашағы жалынды жастардың қолында. Ал отбасында қорлық-зорлықты көп көргендіктен өз ойын ашық айта алмайтын, жасқаншақ болып өскен бала елдің ертеңі бола ала ма? Жоғарыда айтып өткендей, зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 75%-ы балаға қол көтеруге болады деп санайды. Демек, біздегі баланың жартысынан көбі тіл алғыш, бірақ тұлға емес. «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» дегенді естен шығармаған жөн болар.

Асылай ЕРБОЛОВА,

11-сынып оқушысы.

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жосалы ауылы

«Ұлан» газеті, №31
2 тамыз  2022 жыл

547 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор