• ҰЛАН
  • 20 Маусым, 2022

Ұлттық сана дүр сілкінген күн

Ел ұйқыға батқан кез еді. Осы бір сәтте жекеме хабарлама келіп түсті. Ашып қарасам, қарағандылық әріптесім Зарина Әшірбектен арнайы шақырту келіпті. Арқа төрінде алғаш рет республиканың түкпір-түкпірінен журналистер мен блогерлерді жинап, ауқымды пресс-тур өткізгелі отыр екен. Жыл сайын 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Өкінішке қарай, бұл күнді әлеуметтік желідегі жаттанды посттар-ды, көгілдір экранда жыл сайын көрсетілетін бағдарламаларды қарап-ақ еске алумен шектеліп қалатынымыз жасырын емес. 

Бірақ олар көрген қиындықты ойша көз алдымызға елестету арқылы азалы жылдардың жаңғырығын, тұтас ата-баба тарихын сезіне алмағанымыз бесенеден белгілі. Ал бұл пресс-тур сол сезімді бастан кешіре білуге таптырмас мүмкіндік болды мен үшін. Пресс-турдың негізгі нысанаға алып отырған мақсаты да сол – азаттық жолында құрбан болған бабаларымызды еске алып, рухына тағзым ету. Жас журналистерді этномәдени мұра шеңберінде ағартушылыққа баулып, өткенімен танысуға жағдай жасау. Өнегелі іс арқылы ішкі туризм ошақтарының рухани даму жағдайларын қалыптастырып, маркетинг пен брендингті интеграциялау. Қарағанды өңірінің көп ғасырлық мәдени-тарихи мұрасын дамытуға бағытталған. Жүгімді жинадым да, қазыналы Қарағандыға қарай жол тартып кете бардым...

Ұлттық сана дүр сілкінген күн. Иә, иә! Тап солай болды. Біз күткен құндылық, тарих, тағлым... Осының бәрін екі күн бойы өткен пресс-турда бойымызға сіңіріп, рухани азық жинап қайттық. Шетелді шетке ысырып қойып, өз елімізге зер салып қарайықшы. Ауыз толтырып айтатын, тарих қойнауына сыр шерткізетін қаншама орындар жетерлік. Еліміздің әр өңірінде рухани маңызы жоғары осындай шаралар жиі өткізілсе, бүгінгінің балалары өткенімен танысып, тәуелсіздіктің қадірін біліп өсуші еді. Кешегі Алаш қайраткерлерінің табаны тиген жерді біз де көзіміз-бен көріп, қуаныш пен қайғы сезімін қатар бастан кешірдік. 

Алғашқы күн Әлімхан Ермековтің зиратына зиярат етумен басталды. Ол – отаршылдар-дың иелігінде кеткен жерімізді дипломатиялық жолмен қайтарып алуға жанкештілік танытқан асылдарымыздың бірі еді. Пресс-турға аттанғаннан бастап жанымыздан бір елі қалмаған Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Мұқан Тұңғышбай ағамыздың әңгімесін тыңдап, бұрын естімеген тың ақпараттарға қанық болдық. Тұңғышбай ағамыздың аузынан шыққан әрбір тарихи деректерін түртіп алған болатынбыз.

ҚАЗАҚ ТЕРРИТОРИЯСЫН ШЕГЕНДЕГЕН ӘЛІМХАН

Әлімхан Ермеков сегіз жасында Қарқаралыдағы учили-щеге барады. Үлкен әкесі Ермек деген кісі дәулетті, оқыған, білімді адам болған екен. Орыс, француз тілін білген. Ол кісі Құнанбаймен өте жақын дос болған. Құнанбай 1848-1849 жылы Қарқаралы уезінде алғашқы мұсылман мешітін бастаған кезде сол мешіттің құрал-жабдықтарын Ермек қажыға тапсырған. Одан екеуі 1870 жылы Меккеге қажылыққа барып келген. 1874 жылы Ермек қажы Мәдинада ауырып, қайтыс болады. Сол жерге жерленеді. Ермек қажының баласы Әбеу де болыс болған. Ермек Құнанбаймен дос болған. Әбеу Абаймен дос болған. Ал Әлімхан Тұрағұлмен дос болған. 1904 жылы Мағауия қайтыс болғанда көңіл айту үшін ауылына барған. Сол жерде Абайдың сырқаттанып жатқанын көріп, жанында болған. Қайтыс болғанда жерлеп, топырақ салып қайтқан екен. Бұл Әбеу мен Абайдың жолдастығы. Мына Әлекеңнің баласының аты – Мағауия. Абайдың ауылында қонақтап жатқанда тұңғышы дүниеге келген. Сол жерде аты Мағауия болсын деп қойған. Әлекеңнің баласы профессор. Төлқұжатында туған жері «Абай ауданы, Қарауыл ауылы» деп жазылған екен. 

Әлімхан Ермековтің мектепке барған жылдардағы естеліктері сақталып қалған. Ауылдан барған бала Қарқаралының өзіне барады. Әкесі орыс мектебіне береді. Сыныпқа кіреді. Орыс мұғалімі кіріп келеді. Қолында журналы бар, балаларды түгендеп шығады да, Әлекеңе: «Как твоя фамилия?» – дейді. Оны Әлекең түсінбейді. Жаңағы сөзді өзіне қайта айтып береді. Одан кейін мұғалім орысша ұрсады, орысқа сол сөзді қайта айтып береді. Төртінші ретте мұғалім Әлімхан Ермековке «сыныптан кет»  дейді. Оны да қайталап айтып береді. Мағынасын білмейді ғой. Осы оқиғадан кейін намыстан жерге кіріп кетейін деп үйіне келеді. Бұрын қазақтың үйінде жатады екен. Әкесіне айтып орыстың үйіне жатып, сонда орыс тілін үйренеді. Бастауыш мектепті 1905 жылы үздік бітіреді. Содан кейін Семейдің ерлер гимназиясына оқуға түседі. Гимназияға оқуға түскен соң Әлекең сабақты жақсы оқиды. Бірақ кейінгі жылдары саяси қозғалыстарға жасырын қатысып, стипендиядан қағылып қалады. 

Гимназияда оқып жүргенінде Марков деген үлкен бастық болады. Сол бастық баласын мұғалім жалдап оқытады. Гимназияның директорына келіп, екі күнде бір мұғалімді алып кетіп тұрады екен. Мұның бәрінен әбден қажыған мектептің директоры соңында былай деп айтады: «Осында бір озат оқушы бар. Баланы үйіңізге жатқызыңыз. Ақысын төлеңіз. Ол бала сіздің балаңызды үйретеді», – дейді. Бастық бұл ұсынысқа келісіп, Әлекеңді өз үйіне жатқызады. Енді үйіне қонақтар келіп жатады ғой. Олар орыстың баласына сабақ үйретіп отырған Әлекеңді көреді де: «Бұратана халықтан да мынадай таланттар шығады екен ғой», –  деп таңғалады.

Әлекеңнің мұндай естелік-тері өте көп. Гимназияда оқып жүрген кезінде жағдайы қиындай түседі. Әкесі қайтыс болады. Енді ақша табу керек қой. Ол кісі сол жақта бір полковниктің қыздарына латын тілінен, математикадан сабақ беріп, ақша табады. Ақшасын ақырындап жинай бастайды. Көктемде демалысқа шыққан мезетте Әмірхан деген ағасы алып кетуге келеді. Ауылына барса, жұт болып, бүкіл жылқысы қырылып қалған екен. Әлімхан жинаған ақшасын беріп, екі жылқы сатып әпереді. Өзі студент. Осындай қиындықпен жүріп, гимназияны алтын медальмен бітіреді. Сосын Санкт-Петербургтегі Орман институтына оқуға қабылданады. Сол кезеңнің ережесі бойынша, гимназияны алтын медальмен бітірген оқушы оқуға байқаусыз қабылданады екен. Бірақ онда барып оқу үшін де жеткілікті қаражат керек. Жағдайы келмегендіктен Томскіге барып, 1912–1917 жылдары Тау-кен технология институтында оқиды. Оқып жүрген кезінде саяси қайраткерлермен танысады.

Оқуынан ауылға келгенде бір күн де қолы бос болмайды екен. Ауылдың балаларын түгел жинап алады да, хат танытып, сабақ үйретеді. Тіпті Сұлтанмахмұт Торайғыровқа үйреткен.  Торайғыров өз сөзінде былай деп айтқан екен: «Мен сабақ қана үйренген жоқпын, Әлімхан арқылы көзқарасым қалыптасты. Сосын ол кісіні Алашордаға сайлап қойды. Менің Алашордаға өтуіме Әлімханның берген сабағы әсер етті».

Гимназияда оқып жүріп, Потанинмен кездеседі. 1913 жылы Потанинді Ақтоғайдағы Тоқырауынға алып келіп, үш ай сонда болады. Аяпберген Балабатыр есімді ақсақалдан 27 аңыз-әңгіме жазып алған. Темірбек Жүргеновтің үйіндегі Дәмеш апамыз Әлімханның әйелі Рахияның туған апасы болып келеді. Былқылдақ деген жерде Темірбек пен Әлімханның тойы өткен. Потанинді де сонда алып барған. Әлімханнан бұрын 1895 жылы Потанинге тілмаш болып Петербургте Дінмұхамед Сұлтанғазин деген кісі барған екен. Дінмұхамед – Бөкейханның Сұлтанғазы деген баласының ұрпағы. Әлихан Бөкейхан Петербургте 1890 жылдары оқиды. Ал Дінмұхамед бұл университеттің шығыстану мамандығына 1891 жылы оқуға қабылданған екен. Төрт жыл бірге болған. Олардың араласқан-араласпағаны бәймәлім күйінде қалды. Дінмұхамед мықты түрколог болған. Өкінішке қарай, 1917 жылы белгісіз жағдайда Бакуде қайтыс болған.

1917 жылы патшалық тақтан құлағанда Әлекеңді Әлихан Бөкейханов шақырып алады. Екеуі бір ауылдан ғой, жерлесі. Міне, осыдан бастап Әлекең революциялық жұмысқа кірісіп кетеді. Әлиханның тапсырмасымен 1919 жылы Қазақ даласын басқарудың революциялық-әскери комитетін құрған. Сол ревкомға мүшелікке кіргізген. Мұнда жүріп бүкіл орталық атқару комитеті жанындағы Кирревкомның өкілетті колле-гиясының төрағасы болады. 1920 жылы 17 мамырда бұл кісіге 2043-мандат беріп, Мәскеуге жібереді. Әлімхан Ермеков Мәскеуде «Қазақ өлкесінің жағдайы және шекарасын белгілеу туралы» атты баяндамаға үш ай дайындалады.

1920 жылдың 17 тамызы күні Халық комиссарлар кеңесінде үлкен жиналыс болады. Әлихан Бөкейханов бастаған он бес шақты қайраткер осы жиналысқа барады. Бірақ ешқайсы кірмей, жиналысқа тек Әлімхан қатысады. Төрт сағат талқылайды. Каспий теңізінің солтүстік жағалауы Атырау облысындағы түгел бұғаздар мен шығанақтардың бәрі, Астраханға дейінгі жер Қазақстанға берілуі керек дейді. Алайда өкімет бұл пікірге қарсы шығады. Бүкіл Ресейді аштықтан сақтап отырған – Атыраудың балығы.  Егер ол кетсе, Ресей аштан қалады дейді. Осы кезде Ленин Астрахан губерниясы атқару комитетінің төрағасына сұрақ қояды: «Бұл жерде тұратын халықтардың қайсы басым?». Ол қазақтардың басым екенін айтады. «Ендеше, дауысқа салыңыздар, жер қазақтарға беріледі», – дейді.

Бұл мәселені шешіп алғаннан кейін Әлекең екінші мәселені көтеруге бел буады. Ертіс өзенінің жағалауында, он шақырымдай қашықта орналасқан ұзына бойлы жер 1904 жылы Сенаттың қаулысымен орыстарға берілген екен. Ең керемет, құнарлы жер осы. Қорлағаны соншалық, берілген жерде біздің ата-бабаларымыздың зираттары болған деседі. Мұнда кіру үшін әрбір қазақ 18–20 сомнан ақша төлеп отыруға тиіс. Осы деректердің барлығын Әлекең дәлелдеген. Бұл жерді де Қазақстанның территориясы ретінде қосқызып алған. Әлімхан Әбеуұлы 1920 жылы 17 тамыздағы баяндамасын қорғап шыққанының арқасында ел территориясының тұтастай қалыптасуына еңбегі сіңген. Мынадай бір дерек бар. Әлімхан баяндамасын қорғап шыққанда, Әлихан оны құшақтап: «Сен сөйлеп тұрған кезде мен бір көтеріліп, бір түсіп, жарылғалы тұрған жанартаудың үстінде тұрғандай болдым», – дейді. Оның шешендігін айтып тұрғаны ғой. 1920 жылдың 24 тамызында Қазақ республика-сын құру  туралы декрет талқыланады. Сол декретте бұл кісі қосымша баяндама жасады. Әлихан былай деп тапсырма береді: «Сен қайткенде де бізге автономия деген сөзді кіргізуің керек», – дейді. Бұл тұста Алашорданы таратып жіберген еді. Ақырында Қазақ автономиялық КСР деп бекіті-леді. Тура осы атақпен 1925 жылға дейін өмір сүрді де, әрі қарай автономия дегенді алып тастады. Оған да тәубе! Дегенмен бес жылда қазақ өзінің етек-жеңін жинап алды. Бұл Әлімханның екінші керемет еңбегі. 

Бұдан кейін Әлімхан таза ғылыммен шұғылданды. 1926 жылы Ташкентке Қазақ педаго-гикалық институты ашылғанда, ең алғашқы математик ретінде кафедра меңгерушілігіне шақырған екен. 1930 жылы Ауыл шаруашылығы институты ашылғанда сонда шақырады. 1935 жылы Қазақстанда ең алғашқы Тау-кен институты ашылған кезде де кафедраға шақырған. 1935 жылдың 5 қарашасында Жоғары техникалық білім беру комитетінің Жоғарғы аттестациялық комиссиясында профессор атағын қорғайды. Қазақтан шыққан математикадағы ең алғашқы профессор атағын алады. Сол жылы «Ұлы мате-матика курсының» бірінші томын, ал 1936 жылы қазақ тіліндегі «Математика термин-дері» деген сөздік шығарады. 

«Ұлы математика курсы» кітабында жоғары математика элементтері қарапайым тілмен түсіндірілген. Қазақ балаларына, олардың болашақ тағдырына әсер еткен еңбегі болды. Ауылдан келген балалар қазақша білім алсын деп ғылыммен көп айналысып, еңбегін сіңірді. Сол «Математика терминдерін» бүгінге дейін пайдаланып келеді. Осындай әрекеті үшін бұл кісінің соңынан 1936 жылдан бастап жансыздар түсе бастады. Ол жансыздарды жіберіп отырған – өзіміздің өсекшілер, сатқындар. 1939 жылы Әлімхан Ермековті әскери трибуналда 48-баппен, 58-баптың 8-тармағымен айыптап, он жылға бас бостандығынан айыру жазасына кеседі. Оның сегіз жылын өтеп, қайтып келеді. Бір жыл тағы қызмет істей бастаған кезде тағы жазып, он жылға түрмеге отырғызады. Жиырма жыл болды ғой. Мұнысында үш жыл бұрын ерте келеді. Сонда Әлімхан өзінің он бес жыл өмірін түрмеде өткізеді. Тағы бір қызықты дерек: Әлімхан Әбеуұлы болмағанда, Қаныш Сәтбаев ғылымға бет бұрмауы мүмкін еді. Михаил Усов пен Әлімхан Қаныш Сәтбаевқа геология саласы туралы білгенін айтып, қызықтырған екен.

БҰЛ МҰРАЖАЙДЫ БӘРІ КӨРУІ КЕРЕК...

Келесі аялдама адам баласы-ның аза бойын қаза қылып, тарихтағы қасіретті таңба болып есте қалған – Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Қарлаг). Қаладан 40 шақырым жерде орналасқан Долинка ауылындағы Қарлаг лагеріне жеткен бойда, ішімізде бұрын сезініп көрмеген өзгеше сезім пайда болды...  Ел үшін барын да, нарын да алдына салған қайраткерлеріміз бен бейкүнә халықтың азалы үні жаңғырық болып естіліп тұрғандай... Адам төзгісіз қиыншылықтың ауыр көрінісіне куә болғандықтан, көңіліміз одан сайын құлази түсті. Ер адамдардан бөлек, әйелдердің басына түскен қорлық, әділетсіздік адам жанын езгілемей қоймайды. Мұндай азапталу көріністерін жиі кездестіретін Қарлаг лагері «Даладағы тамұқ» деген атқа ие. Қарлаг 1930 жылы «Еңбекпен түзету лагері» ретінде құрылған. 1933–1935 жылдары лагерьдегі тұтқындардың күшімен салынған. Ал 2009 жылдан бері лагерь музей ретінде жұмыс істеп келеді. 

Қарлаг сол жылдары ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап лагеріне айналған. Тікелей Мәскеу қаласынан басқарылған. Өзінің арнайы жеке поштасы, баспаханасы мен банкі болған. Лагерьдің жер көлемі солтүстігі мен оңтүстігіне дейін 300 шақырым, шығысынан батысына дейін 200 шақырым жерді алып жатқан. Ақмола мен Балқаш бөлімшелерін қоса есептегенде, Қарлагтың ауқымы Францияның жер көлемімен бірдей. Лагерьде әйелдерге арналған ірі төрт лагерь бар еді. Солардың бірі – «Алжир» лагері. Бұл «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмоладағы лагері» деген мағынаны білдіреді.

«Алжир» лагері құрылғанның өзінде-ақ 2000 әйел тұтқынға алынған. Ресми деректерге сүйенсек, оның 600-і жүкті болып келген. Әйелдер жатқан жерде жағдай өте нашар болған. Тіпті босанатын бөлмелері де болмаған. Қаншама бейкүнә адамның көз жасы, қорлығы, жанайқайы... 1931 жылы Қарлаг аумағы 53 мың гектар болса, 1950 жылы көлемі 2 млн гектарға жеткен. Ең алғаш 1932 жылдың басында 22 мың тұтқын болса, оның 87%-ы қазақтар болған екен. Нағыз қорлық дерсің. 1931–1936 жылдар аралығының өзінде мұнда 1,5 миллион адам тұтқындалған.

Мұражай екі қабаттан тұрады. Бірнеше экспозициялық зал бар. Әрбір залда саяси қуғын-сүргін құрбандарының сол замандағы жағдайынан хабар беретін маңызды құжаттар, хаттар, фотосуреттер сақталған. Келесі залдан лагерь тұтқындарының қолынан шыққан түрлі туындыны көруге болады. Музейдің тағы бір ерекшелігі – әрбір залға тақырыпқа сай мұңлы әуенді қосып қойғаны. Сол үнді естіп жүріп, адамдардың ауыр тағдырына қарасаң, бойыңды тым бұлыңғыр сезім билеп алады. Зұлымдық кең қанат жайған заманның адам сенгісіз оқиғаларын сезінгендей күй кешесің. Мұражайдың жертөлесінде тергеу изоляторының инсталляциялары түрінде берілген ерлер мен әйелдердің камералары, азаптау бөлмесі, тергеушінің арнайы кабинеті, лагерьдегі тұтқындардың мұңлы мүсіндері көңілге қаяу салмай қоймасы анық. 

Қарлагтан шыққан соң әрі қарай Жастар орталығы орналасқан ғимаратқа қарай бет бұрдық. Құлақ түріп тыңдайтын жақсы талқылау, салиқалы әңгіме болды. Қазақстанның әр аймағынан келген қатысушылар болып кешкі асқа қарай жол тарттық. Алған әсеріміз бен таңданысымыз мұнымен біткен жоқ. Пресс-турдың екінші күні арыстандай алаш арыстарының киелі мекені, тарихтың тас сандығына айналған Арқадағы  Ақтоғай ауданына қарай сапарлатумен жалғасты...

(Жалғасы газеттің 
келесі санында)

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

668 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор