• ҰЛАН
  • 16 Мамыр, 2022

Сегіз жастағы Настяның 85,7 миллион оқырманы бар

Блогер болудың шарты бар. «Оқитын мектебің мен тұратын үйіңді көрсетуге болмайды»... Баланың ынтасы болса, неге байқап көрмеске? Ата-ана қолдау білдірсе, балаға одан артық не керек? Мәселен, әлем балалары Настяны неге жақсы көреді?

Настя Радзинская – әлемдегі ең бай он баланың бірі. Ресейдің Краснодар өлкесінде туған. Қазір Майамиде тұрады. Мальдив аралына демалысқа барып келді. Настя еркін болып өсіп келеді. Осы жетістікке жетуіне ата-анасының еңбегі зор.

Настя өмірге келгенде дәрігерлер «аяғын тең басып жүре алмайды, сөйлемейді» (ДЦП) деген диагноз қойған. Ата-анасы дәрігер шешіміне келіспей, ем іздейді. Арада жылдар өтіп, Настя дертінен жазылады. Терапияның бір жолы – камера алдында сөйлеу болған екен. Ата-анасы қоршаған ортамен танысқан сәтін камераға түсіріп отырады. Оның бейнеролигін орыс, араб, ағылшын және испан тілінде көреді. Мектепке жиналған сәтінен бастап, тамақ ішкені, еркелеп батутта секіргені миллион ақша әкелуде.

Ата-анасы Анна мен Юрий 2008 жылы отау құрады. Құрылысқа қажетті құрал-сайманды жалға беретін дүкен ашады. Ісі жүріп, үлкен құрылыс компаниясына айналады. Анасы мерекелік кеш ұйым-дастырып, жеке іс бастайды. 2014 жылы Настя өмірге келеді. Дәрігердің шешімі қатты әсер етеді. Күні бойы қызымен сөйлесіп, емдеуді бастап кетеді. Екі жасқа келгенде баланың қалыпты дамып келе жатқанын біледі. «Біздің махаббатымыз ба, әлде жасаған емнің шипасы ма, білмеймін. Немесе дәрігер қателесті», – дейді анасы.

БАЛАҒА КЕРЕГІ – ЭМОЦИЯ

Настяның дені сау екеніне сенімді болу үшін актерлік қабілетін дамытуды ойлайды. «Балаларға қандай қызық бар деп YouTube желісін қарадық. Ойыншықты ашып, ойнағаны көп көрсетілген екен. Біз де осылай жасауды жөн көрдік», – дейді анасы.

«Блогер балалар жайлы еш ақпарат жоқ. Асығыс түсірілген видеолар көп болатын. Настяға бірнеше ойыншық, өзімізге бейнекамера сатып алдық. Ойыншықты көргенде қуанғанын, ашуға асыққан сезімін түсірдік. Роликті Like Nastya каналына жүктедік. Ол камера алдында ұялуды білмейтін. Оған былай жаса, осылай отыр деп айтқан емеспіз. Баланың жүрегі нәзік қой», – дейді әкесі.

2016 жылы YouTube-те балалар тақырыбы жақсы дамып келе жатты. Ресейде балалар сыйлықты ашып-жабатын он арна болыпты. Бала мәселесі барлық адамға қызық. Сол үшін мамандар арнайы YouTube Kids бағдарламасын жасайды.

«Біз бірінші бастадық деп айтпаймын. Бірақ тез арада танылдық. Оған Настяның камера алдында өзін шынайы ұстайтыны көмектесті. Ойыншықтың қызығына кіріп кеткен бала сондай сүйкімді еді. Қарап отыра бергің келетін. Көрермендері Настяның өзі секілді мультфильмнен жалыққан балалар еді», – дейді анасы.

Арна аздап табыс әкеле бастады. Роликтің алдында көрсетілетін жарнама 10 000 қаралым жинаса, сыйлық берілетін. Бір күні әкесінің картасына көп ақша түседі. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген.

«Бүгін 20 000 түссе, ертең одан да көп болады. Настяның ойынына көңіл бөле бастадық. Арнаны жан-жақты дамытуды ойладық. Азияға саяхаттауға көштік. Өйткені Ресейде қыс қатты. Настя әлі мектепке бармайтын. Саяхат 9 айға жалғасты. Оқиғасы бар ролик түсірдік. Настяның ойын алаңында жүргенін, киім таңдағанын, жергілікті халықтың тамағын жегенін түсірдік. Көрермен саны миллионға жетті», –  дейді әкесі.

Настяны Таиландта, Малай-зия, Индонезия көшелерінде балалар танитын. Қай жерде жүрсе де танып, «Сен YouTube-тегі қыз емессің бе?» – деп сұрап, суретке түсетін. Осы уақытта ата-анасының жеке кәсібі тоқтап қалды. Той ұйымдастыратын орталықты жауып тастайды. Отбасының табыс көзі үш жастағы Настяның  YouTube-тегі арнасы еді. Азия елдеріне саяхаттан соң әлемдегі балаларға қандай қызық керегін түсінгендей болады. Балалар контенті мультфильм тілінде. Ролик орыс тілінде түсірілсе де, басқа елдің балалары көретін. Өйткені маңыздысы –  эмоция. Оқиға желісі сөзсіз-ақ түсінікті еді. Бірақ қызық үшін әрбір видеоны басқа тілдерге аудара бастайды. Арнайы аудармашылар жалдап, жұмысқа кіріседі.

Елде жоқ киім керек

Ағылшындармен бәсекеге түсу үшін сапасы мықты болу керек. Америкалық бүлдіршіндерде таңдау көп. Радзиндер әулеті арнаға бар күшін сала бастайды. Роликке монтаж жасайтын арнайы маман алады. Елде жоқ ойыншық, киім, аксессуар таңдайды. Ешкімде жоқ киім таңдау мүмкін болмады. Шетелдік сайттарға тапсырыс берсе, уақытынан кеш келетін. 

Затын сатқысы келетіндер көп ақша беріп, ата-анасын мазалайтын. «Біздің зат өте мықты, оны тез сатып алыңыз». Жарнама берушілер осыны талап ететін. Әкесі біз көрерменге қинап сатқымыз келмейді деп қарсы шығатын. Настя Adidas фирмасының аяқкиімі мен Danone йогуртын жақсы көреді екен. Кезекті роликте Настя ойын алаңында торт жейді. YouTube ойын алаңы баланың денсаулығына қауіпті деп, арнаны уақытша жауып тастайды. Тағы бірде батутқа секіргенде ішкиімі көрініп қалады. Настяның заңгері роликті көріп, қайта түсіруді ұсынады. Себебі YouTube-тің бекіткен ережесі көп. Жаңадан бастаған блогер болса, қара тізімге бірінші ілініп, беті қайтып қалады...

Ролик көрсетілімі – 724 миллион

Настяның оқырманы – 85,7 миллион. Бір роликті 724 миллион рет көрген. Ата-анасы Like Nastya арнасына кәсіп ретінде қарайды. Әкесі қаржылық жағына жауап берсе, анасы роликке сценарий жазады. Айлық табыс – 500 000 АҚШ доллары.

«Кішкентай бүлдіршін үлкен компаниядан артық табыс тауып отыр. Сырттай қарағанда бәрі оңай көрінуі мүмкін. Шығармашылық жұмыс оңай емес. Сценарий идеясы бес минутта келуі мүмкін. Кейде бір ай бос отыратын сәт болады. Сондай-ақ сценарист, режиссер, монтаждаушы және оператор мамандармен жұмыс істейсің. Басқа жұмыста телефонды өшіріп, демалысқа шығып кетуге болады. Ал бізде бір күн ролик түсірмесең, көрілім азаяды. Демек, түсетін табыс та аз болады», – дейді әкесі.

Психологтар бала кезден танымал болу тағдырына кері әсерін тигізуі мүмкін дегенді айтады. Себебі қалағаны орындалған соң бала өзін басқалардан биік санайды. Әлемге басқа көзқараспен қарайды.

Бірақ Настяның ата-анасы қызының тағдырына алаңдамайды: «Камераның алдында сөйлеу, ойнау оған ұнайды. Теріс пікір оқып, көңілі түскен емес. Біз Настя түскісі келетін роликті ғана түсіреміз. «Бүгін мына көйлектер жайлы түсірсек, қарсы емессің бе? Бірнеше рет киім ауыстырасың» дейміз. Бітті! Мәз болып, орындауға асығады. Болашақта бизнесмен немесе актриса болуды армандайды».

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

450 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор