• ҰЛАН
  • 13 Желтоқсан, 2021

Яссауи насихаты – болашақ ұрпаққа аманат

Түркістан облысы адами əлеуетті дамыту басқармасының Облыстық дарынды балаларды анықтау жəне қолдау орталығының ұйымдастыруымен 6–11-сынып оқушылары арасында «Ясауитану-2021» облыстық байқауы өткен болатын. Дүбірлі байқауда Сарыағаш ауданында орналасқан №7 Төле би атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Атахан Ақжүніс Асылханқызы бақ сынап, əр ауданның «қаймақтарымен» додаға түсті. Байқау нəтижесі бойынша Ақжүніс кіл мықтылардың арасынан топ жарып, республикалық деңгейде өтетін кезеңге жолдама алды. Көп уақыт өтпей облыс халқына жақсы жаңалық келіп жетті. Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігі, «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорықмузейінің ұйымдастыруымен өткен «Ясауитану-2021» байқауының республикалық кезеңінде Ақжүніс жүлделі І орынды қоржынына салып, бүтін бір облыстың абыройын асқақтатып қайтты. Қазақ əдебиеті мен тарихын бар ынта-жігерімен оқитын Ақжүністі айтулы жеңісімен құттықтап, сұқбатқа тартқан болатынбыз.

Ақжүніс АТАХАН, Республикалық «Ясауитану-2021» байқауының 1-орын иегері:

– Менің аты-жөнім – Атахан Ақжүніс Асылханқызы. Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарайтын Қанағат ауылының тумасымын. №7 Төле би атындағы жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысымын. Əкемнің есімі Асылхан, анамның есімі Эльнура. Отбасымызда 8 адамбыз, – дейді Ақжүніс.

«Ясауитану» – білім мен зияткерлікті талап ететін, оқушының рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, тарих тағылымынан сыр шертуге елеулі үлесін қосып келе жатқан байқау. Кейіпкерімізден байқаудағы дайындығы жөнінде сұрап білдік:

– «Ясауитану» – менің үлкен жетістігім. Бұл байқауға 2019 жылдан бастап дайындалдым. Мені өте тəжірибелі ұстазым, тарих пəнінің мұғалімі Жасұзақова Ажар апай дайындады. Карантин ережелеріне байланысты 2020 жылы бұл байқау өтпеді. Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға», – деген өлең жолдары мені əрқашан алға қарай жылжуыма көмектесті. Жалпы, «Ясауитану» байқауы 1997 жылдан бастау алады. Алдымен қалалық, одан кейін облыстық, республикалық деңгейде өткізіле бастады. Ясауи бабамыздың насихаттары – болашақ ұрпаққа аманат. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған ҚожаАхмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттай отырып өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру. Жас буынды елдік санаға баулып, ұлы баба өнегесімен шəкірттерді адамгершілікке, ізгілікке баулу. Сондай-ақ тарихи-мəдени ескерткіштерді, жəдігерлерді насихаттау.

Ақжүніс байқауларға қатысып қана қоймай, сабақ үлгеріміне де баса назар аударатын оқушылардың бірі. Сыныбында үздік оқушылардың қатарында екен. Əңгіме барысында кейіпкеріміз тарих, алгебра, қазақ əдебиеті сынды пəндерді сүйіп оқитынын атап өтті. Ақжүніс бос уақытын кітап оқуға арнағанды жөн деп біледі:

– Мен бос уақытымда кітап оқимын. Кітап – адамға ғұмырлық бақыт сыйлайтын, өмірлік бағыт сілтейтін таптырмас дос. Кітап – бейне бір данышпанмен сұқбаттасқанмен тең келетін, ғажайыбы таусылмайтын асыл қазына. Мен діни жəне əдеби кітаптарды оқығанды ұнатамын. Соңғы рет Абай жолы романының 2 томын оқыдым. Сонымен қатар поэзия жəне лирикалық кітаптар ұнайды.

Ақжүніс болашақта өзін білім саласындағы шебер маман ретінде елестетеді. Қазірдің өзінде мамандығына нақты таңдау жасаған екен. Нақтырақ айтқанда, Ақжүніс мемлекеттік басқару мамандығын таңдауды жоспарлап отыр. Сұқбатымыздың соңында Ақжүніс «ұландық» достарына кеңесін де айтты:

– Газет оқырмандарына жəне өзім секілді жас буынға айтарым, алдарыңызға тек үлкен мақсат қойыңыздар! Міндетті түрде армандарыңызға қарай талпыныңыздар. Арман-мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №50
14 желтоқсан 2021 жыл

1171 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор