• ҰЛАН
  • 22 Қараша, 2021

«Киноны театрдан бөліп алу керек»

Жуырда әлемдегі үздік 15 кинофестивальдің қатарына кіретін Tokyo  International Film Festival байқауында отандық «Ақын» фильмі қазылар алқасының көңілінен шығып, фильм режиссері Дәрежан Өмірбаев «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды. Дәрежан ағаны құттық-тап, әңгімеге тартқан едік.

– Режиссердің бойында қандай қасиеттер болуы керек? Болашақ режиссерлерге қандай кеңес бересіз?

– Ең бастысы, сурет өнерін жақсы көруі қажет. Кішкентай кезінен сурет салып, қолмен салған суретті де, фото суретті де, архитектураны, мүсін өнерін, басқа суретшілердің суреттерін тамашалағанды ұнатуы керек. Себебі кино деген – сөздің өнері емес, көздің өнері. Сондықтан сөзінен гөрі көзі жақсы жұмыс істеуі керек. Аз сөйлейтін, бірақ көп нәрсені байқайтын адамнан кинорежиссер шығуы мүмкін. Театр режиссері туралы емес, тек қана кино режиссері жайлы айтып отырмын. Режиссер деген аспаннан түсе қалмайды, бойында титтей болса да таланты болуы тиіс. Ол жеті атадан келетін нәрсе ғой. Бірақ сонысы сөзден гөрі көзге жақын, суретшінің өнеріне бейім болуы керек.

– Түсірілім барысында тосын қиындықтарға тап болған кезіңіз болды ма?

– «Ақын» фильміне дайын-далып жүргенде пандемия басталып, үш айға карантинге жауып тастады. Бізге соның көп көмегі тиді. Себебі сол кезде «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаевты тауып алдық. Оның алдында басқа бір жігітті түсіреміз деп жүргенбіз. Ол қаланың жігіті екен. Қазақ мектебінде оқыса да орысша ойланатыны көзінен көрініп тұрады. Сол үлкен кемшілік еді. Құдай сақтап, локдаун кезінде Ердосты тауып алдық.

– Қателескен сәтіңіз болды ма? Оны қалай түзеттіңіз?

– «Ақын» фильмін түсіріп жатқан кезде үлкен қателік кеткен жоқ. Ал оның алдындағы фильмдер-де қателіктер болған шығар. Бірақ олар ұмытылып кетті ғой.

– Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?

– Әзірше ешқандай жоспар жоқ. «Ақын» фильмін бітіргенімізге екі-үш-ақ ай болды. Есімізді енді жинап жатырмыз. Біраз демалу керек. Білмеймін, көреміз. Идея келсе, түсіреміз. Келмесе, осылай сұқбат беріп жүре береміз.

– Актер кәсіби болмай, рөлді беріліп ойнай алмай жатса, жағдайды қалай басқарасыз?

– Кәсіби актер дегеніміз – театрдың актеры. Меніңше, қазіргі кино өнеріне ең үлкен зиян келтіріп жатқан сол театр актерлары. Біз қазақтың киносын театрдан бөліп алмайынша, жаңа стильдер пайда болуы мүмкін емес. Баяғы, жауыр болған актерларды түсіре береді, түсіре береді. Сериалдарда да солар алдыңнан шығады. Тек қазақтың ғана емес, дүниежүзінің кино өнерін құртып бара жатқан осы кәсіби актерлар деп ойлаймын. Кинода кәсіби актерлар болмауы керек. 

Киноға тірі адамдар түсуге тиіс. Ердос Қанаев сияқты, оның алдында «Студент» фильміне түскен Нұрлан Байтасов секілді «тірі адамдар» түсуі қажет. Сонда кино өзінің жолын табады. Қазір киноның ең үлкен мәселесі – театрдың шырмауынан құтыла алмай, театрдың ар жақ, бер жағында жүр. Сондықтан кәсіби актерларды киноға жолат-пау керек. Оларды түсіргеннің өзінде актер ретінде емес, адам ретінде түсіру қажет. Сол актерлардың ішінде де рөлге, жазған сценарийдің пер-сонажына келетін адамдар болуы мүмкін. Оларды алуға болады. Ішкі жандүниесін, болмысын шығарып, экраннан көрсете білу керек. Ал, негізінен нағыз кино өнерінде адам іздеу қажет. Ол актерлардың ішінен немесе жәй адамдардың ішінен табылуы бөлек әңгіме. Мен үшін экранда актерлардан гөрі  тірі адамдар қызық. Кино өнері театрға, актерға ешқандай қатысы жоқ. Соны көрермен, жастар ақырындап түсіне бастауы керек. Қазақстанда бұндай нәрсені менен басқа ешкім айтып жүрген жоқ. Бірақ менің ойым – осы. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Гүлжан НИЯЗОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2-курс студенті.

Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор