• ҰЛАН
  • 18 Қазан, 2021

«Қызыл жебе» қызық фильм бе?

Жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы бойынша фильм түсірілді. Шығарманы оқысаңдар, Тұрар Рысқұловтың қазақ халқына зор еңбек сіңіргенін білесіңдер. Әкесі Рысқұлдың баласына ықыласы ерекше еді... Саймасай болыстың тізесі халыққа бата бергесін атып тастайды. Өмір осы жерден күрт өзгереді. Әке сотталып, түрмеге баласын ала кетеді. Бала Тұрар түрме бастығының атын айдап жүріп орысша үйренеді... 

Фильмнің бояуы қанық, актерлер шебер таңдалған. Алайда оқиғаны баяндауда асығыстық байқалады. Саймасай болыс Рысқұлды қызыл жебені ұрлап келуге жұмсайды. Абзал әкенің 50 саулыққа оңай келісе кеткені қызық. Кітапта бала Тұрар қатты сырқаттанып қалады. Әкесі Алатаудың аржағына киік іздеп кетіп, бос қайтады. Амал жоқ, Саймасайдың қойын ұрлап, қалжасын береді. Болыс осы ұрлығын бетіне басып, өтеуі қызыл жебе дейді. Бала үшін өмірін қиюға дайын қайран әке! Осы сәт фильмде көрініс тапса, көп әкелерге ой салар еді... Бізге тарихтан сыр шертетін фильмдер керек. «Қызыл жебенің» көрермен көңілінен шығарына сенеміз.

«ӨЗІҢДІ КЕЙІПКЕРДІҢ ОРНЫНА ҚОЙ!»

Бала Тұрар мен қарындасы Түйметай рөліндегі жас актерлерді тани кеттік. Тұрар – Алмаз Ақылбай, Түйметай – Айша Рустамқызы. Балалар әңгімені өздерін таныстырудан бастады.

Алмаз: №49 орта мектептің 9-сынып оқушысымын. Отбасында бес адамбыз. Үлкен ағам режиссер, әпкем психолог, мен үйдің кенжесімін. 

Айша: №43 мектептің 5-сынып оқушысымын. Отбасымда алты адам бар. Тату-тәтті, қиын кезде бір-біріне қолдау көрсететін бақытты отбасымыз.

Ұлан: Киноға қалай кел-діңдер?

Алмаз: Ағама көп рақмет айтамын. Кастингке алып барды. Өкініштісі, өтпей қалдым. Кейін Іңкәр Әбдіраш апайым хабарласты. Кастинг кезінде суреттерім қалған екен. Басты рөлдегі қызбен бірге тапсырманы орындадым. Алғаш рет тоғыз жасымда қысқа метражды фильмге түстім. Іңкәр апай: «Созылған мәтінді ұнатпаймын, саған жағдайды түсіндіремін, қалай шығасың, соны көрсет», –  деді. 

Айша: Киноға келуіме ағам көмектесті. Ол «Art house production» өнер мектебінің қағазын алып келіпті. Анам екеуіміз хабарласып, мектепке келдік. Актерлік шеберлікке қатысты көп сабақ алдым. 

Ұлан: Рөлге кіру дегенді қалай түсінесіңдер? 

Алмаз: Актерлік өнерден сабақ алған емеспін. Үйде ағам үйретеді. Рөлге кіру үшін алдымен сценарийді толық оқып аламын. «Өзіңді кейіпкеріңнің орнына қой, сол оқиғадан қалай шығар едің?» дейді. Мысалы, «Қызыл жебеде» әкемді түрмеге алып кететін жері бар. «Әке!» деп егіліп жылаймын. Осы сәт шынайы еді. «Әкемді түрмеге қамаса, мені бауырларымнан айырса, қалай болады?» деп ойланамын. 

Өзім іштей сезінемін. Рөлге кіру аса қиын емес. Ағам мәтінді тез жаттаудың жолдарын айтып беретін. Бала Тұрардың рөлі оңай болды деп айта алмаймын. Бұрын кейіпкерлерім жеңіл болатын. Тұрардың ең қиын кезеңдерін көрсеткен. Әкемнің орнына түрмеге мені алып кетеді. Атқа етбетімнен жатқызып алады. Сол кезде ішім қатты ауырды.

«ЖЫЛАУДАН БІРІНШІ ОРЫН АЛАМЫН»

Айша: Фильмде анам екеуміз жылаймыз. Осы сәт есімде қалды. Әрине, кинода жылау оңай емес. Десе де, өзіме жылаған қатты ұнайды (күліп). Мен үшін қиын эпизод жоқ. Құрт жасап, әткеншекте тербеліп отырамын. Қаншама фильмге түстім. Шынайы жылаудан бірінші орын аламын. Түйметайға бойым, түрім, мінезім ұқсаған болуы керек. Өзім ойнаған рөлдердің ішінде қатты ұнайтыны – Түйметай. Ол отбасы, ағасы үшін жанын беруге дайын. «Табиғат сақшыларындағы» Жанарға қарама-қарсы образ.

Алмаз: «Қызыл жебенің» кастингіне ағам алып келді. Тапсырмасын орындап шықтым. «Бала Тұрардың рөліне бекітеміз, ауылға барасың» деді. Ол кезде шашым ұзын болатын. Ағайлар түрімді көріп: «Мына шаш жарамай-ды. Ол уақытта ұзын шаш сәнде болған жоқ», – деді. Тұрар өте мықты кісі болған. Бала кезінде әкесімен бірге түрмеге алып кетеді. Кітабын оқығам жоқ. Алдағы уақытта оқимын. Фильм Таутүрген маңында түсірілді. Таңда кетіп, жол бойы ұйықтап баратынмын. Алған әсерімді сөзбен жеткізіп айта алмаймын.

Айша: «Қызыл жебеге» дейін бірнеше фильмде ойнадым. «Керей мен Жәнібек», «Балапан» арнасындағы «Табиғат сақшылары», «Динозавр», «Дарын онлайн» хабарла-рына және әртүрлі әлеуметтік роликке түстім. Шерхан атамыз туралы көп нәрсе білемін. Шығармаларын оқыдым. Содан болар, кастингтен өту қиын болған жоқ. Анкета толтырып, тапсырмасын орындап, эмоциямды көрсеттім. Түсірім алаңында көп жүрген жоқпын. Түйметайдың бала кезін екі күнде түсірді. 

Ұлан: Актерлер бала кезінде киноға түскеніне өкініш білдіреді. «Бала сияқты ойнамадым» дейді. Осындай ой бола ма?

Алмаз: Ең бастысы, актер болуыма ата-анам қарсы болған жоқ. «Тентек» фильмі ауыр болды. Ұйқы жоқ, күні бойы түсіру алаңында жүретінбіз. Үйге түнгі сағат бірде келетінмін, ал таңғы бесте қайтадан алып кететін. Мәтінді көп беретін. Бір күні мұрным қанады... Анам: «Осы жолың өзіңе ұнай ма?» – деді. Ұнайтынын айттым. «Ақ жол! Ісің өзіңе ұнаса болды», – деп батасын берді. 

Бес жылдың ішінде 20-ға жуық фильмге түстім. Оның ішінде «Мальчик у окна», «Ұмай» фильмі шетелдік кинофестивальде сыйлық алды. «Тентек» және «Сынық сынып», «Ауылдастар» фильмі көрермен көзайымына айналды. Көшеде кішкентай балалар танып, суретке түседі. «Балапандағы» Тентекті қара деп мәз болады. Өзім де баламын ғой, ботақандардың бетін қайтармаймын. Мектеп директоры, ұстаздар мен сыныптастарым мені мақтан тұтады. Келген қонақтарға «Біздің актер баламыз» деп көрсетеді (күліп). 

Ұлан: Киноға кіммен түсер едіңдер? 

Алмаз: Еркебұлан Дайыров аға қатты ұнады. Осы кісіні таңдар едім. Өте қарапайым әрі кішіпейіл. 

Айша: Таңдауым – Дариға Бадықова. Актриса Нұргүл Мыңғатова туысқан әпкем. Осы әпкелерім сияқты мықты актриса болуды армандаймын. Дариға әпкені қатты көргім келеді. Бірге киноға түссем деген арманым бар. 

Ұлан: Талаптарыңа нұр жаусын! 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №42
19 қазан 2021 жыл

843 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор