• ҰЛАН
  • 13 Қыркүйек, 2021

«Қар қызы» қандай қойылым?

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры 76-маусымның шымылдығын жаңа премьерамен ашты – жас режиссер Шағуан Үмбетқали  Оралхан Бөкейдің  шығармасы негізінде сахналанған  «Қар қызы» қойылымы. 

Ауылда жүргенде аудандық мәдениет үйінен әртістер келіп, қойылым қоятын. Олар жылына бір-екі рет келсе келді, келмесе ол да жоқ. Театрға деген сүйіспеншілігім Алматыға оқуға түскенде ашылып, қойылымдардан қалмауға тырыстым. Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың 75-маусымындағы қойылымдарды түгелімен көрдім. Жаңа маусымның ашылуын асыға күткеннің бірі де менмін. Сонымен, «Қар қызы» қандай әсер қалдырды? 

Шығарманы бала күнімде бір рет оқығанмын. Желісі еске түссін деп қойылымға бір күн қалғанда толық оқып шықтым. Көрермен ретінде көзіме елестеткен картинаны көргім келді. Бір жағы аса талғампаздықпен оқыған шығармам болған соң әр әрекетке сақтықпен қарап, режиссура мен актерлық құрамға үлкен сенім артып, камералық залға кірдім. Камералық зал деген – қойылым кішігірім бөлмеде болады. Актерлар көрерменге өте жақын өнер көрсетеді. Бұл форматтың өзгешелігі осында.

Заманауи технологияларды шебер пайдаланған қойылым көрерменді  шынымен аязда, қыста, кабинасында үскірік жел үрлеп тұрған трактор ішіндегідей сезінуге мәжбүр етті. Техниканың оталып тұрған  дауысы, отырған орындығың омбы қарды жарып, теңселіп бара жатқанда шынымен тракторда отырғандай боласың. Актерлар көз алдыңда ойнай-тын болған соң, бұл қойылымда орын таңдау өте маңызды. Сол үшін А және Б секторынан орын алған ыңғайлы. Бірақ Мүсірепов театрында қай бұрышқа отырсаң да, көруге мүмкіндік бар. 

Қойылым соғыс жылдарындағы балалардың тағдырын, олардың ел үшін қыста тау асып шөпке көрші ауылға бару хикаясын арқау еткен. Көрерменді ойға жетелейтін тұстары ерекше. Қойылым шындық іздейді. Талай жыл іште қатқан құса қақаған аязда ерігенде кейіпкерлердің көзінен және сөзінен бір тітіркеніп аласың да, арасында алаңсыз, өлім мен ұйқыға қарсы тұрған жігіттердің әрекетіне күліп отырып жылайсың.  

Қойылымнан буллингті де көруге болады. Бір-бірін мазақтап ойнаған жігіттердің ойынынан өрт шығып, намысқа тиетін сөздер айтылады. «Доспыз» деп жүрген адамдар бір-бірінің көңіліне, намысына қалай тигенін аңғармай да қалады. Сахна соңы ересек адамдардың алаңсыз бала кезін аңсауы мен көрші ауылға жетіп, жігіттердің әкесімен табысуымен аяқталады. Жігіттер діттегеніне жетті. Енді оларға «Тек қана алға жүру керек, толассыз мәңгілік қимыл керек!»

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №37
14 қыркүйек 2021 жыл

572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор