• ҰЛАН
  • 14 Шілде, 2021

Онлайн оқу: жаңа мүмкіндіктер алаңы

Елдегі эпидемиологиялық ахуал білім беру жүйесіне күрделі өзгерістер әкелді. Қоғамда онлайн оқу туралы сан алуан пікір туындады. Алайда, онлайн оқудың да айтарлықтай артықшылығы мен кемшін тұстары бар. Білім алушы немесе оқытушы онлайн оқу/оқыту барысында біраз қиындыққа тап болды. Атап айтсақ:

Әлсіз байланыс/интернет;

Қажетті құрал-жабдықтар мен технологиялардың болмауы;

Қарапайым компьютерлік сауаттың төмендігі;

Әлеуметтік ортаға бейімделу әдетінің қалыптаспауы, басқа білім алушылармен тікелей байланыс орнату мүмкіндігінің жоқтығы;

Денсаулыққа теріс әсері: көз аурулары мен омыртқаның қисаю қаупі;

Студенттердің материалды игеру деңгейін бағалаудағы қиындықтар және тағы басқа.

Аймақ студенттері үшін интернет желісі үлкен проблема туғызды. Ауыл балаларының сабаққа қатысуы кейде ауа райына да байланысты. Жаңбырлы күні жарық сөніп, байланыс жоғалып кететін оқиғалар саны жетерлік. Қоғамның онлайн оқуға қарсы болуының тағы бір себебі – үйде қажетті құралдардың жетіспеуі. Ата-ана барлық баласын ноутбукпен қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Одан бөлек, кейбір жасы үлкен оқытушылардың техниканы меңгеру деңгейі төмен болғандықтан, студенттермен байланыс жасауға және олардың жұмысын бағалауға қатысты қиындыққа жиі ұшырап жатты. Ал психологтардың пайымдауынша, қоғамнан оқшауланып, үнемі үйде оқу адамның психикасына кері әсерін тигізеді.

Алғашында жаңа форматқа бейімделу қиын соққанымен, артық тұстары да жеткілікті. Оны зерттеуші Н.Мадвеевтің дәлелдері арқылы түсіндіруге болады.

  • Қоғамның білім сапасы мен деңгейін арттыру;
  • Халықтың ой-өрісін дамыту;
  • Білімді жетілдіру;
  • Оқу материалдарын жеткізудің креативті, ерекше шешімін ойлап табуына жағдай жасау;
  • Студент пен оқытушы арасындағы кері байланысты ұйымдастыру;
  • Әлемнің кез келген нүктесінен білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Онлайн оқу – цифрлы әлемнің бір бөлігі. Әртүрлі компьютерлік бағдарламаны меңгеру, платформаларды қолдану адамның ойөрісінің дамуына тікелей септігін тигізеді. Адамның жан-жақты болуына ықпал етіп, кез келген жерде білім алуына жағдай жасайды. Сонымен қатар:

Студенттерге, оқушыларға, жұмыссыздарға, білім алуға құштар кез келген адамға кез келген жерде тең білім алу мүмкіндігі;

Оқу шығынының азаюы (үйді жалға алу, студенттердің, оқытушылардың жол ақысы және т.б.);

Оқу уақытының қысқаруы (сыртқа дайындалуы, жол жүру уақыты);

Жұмыспен қатар білім алу мүмкіндігі;

Заманауи құралдарды, электронды кітаптарды және басқа заттарды пайдаланудың арқасында оқу сапасының артуы;

Студенттердің өзімен-өзі жұмыс жасап, ізденімпаздық қабілетін дамытуы сияқты артықшылықтары бар. Онлайн оқытудың негізгі мақсаты – үздіксіз білім алуға жағдай жасау. Оқудың бұл дербес түрінде ақпараттық технологиялар жетекші рөл атқарады. Осы тұста өзім білім алып отырған Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті Цифрлық журналистика мамандығының карантин уақытында онлайн білім берудегі әдістеріне тоқталғым келеді.

Ең алдымен ІТ университетінің «dl.iitu.edu.kz» порталына өзгерістер енгізілді. Онлайн оқуға дейін «DL-ге» кіру үшін әр студент өзінің «id» атауы мен сәйкесінше паролін жазатын. Сондай-ақ, ай сайын студенттер мерзімі аяқталған құпиясөзді жаңасына өзгертіп отыратын. Ал онлайн оқуға көшкелі бері ХАТУ танымал «Microsoft Office» компаниясымен серіктестік орнатып, солардың бағдарламаларымен жұмыс істеуді қолға алды. Әрбір студентке аккаунт ашып, бағдарламаларға тіркелу үшін қолжетімді тәсілдерді ұсынды. Ал сабақтар «Microsoft Teams» платформасы арқылы өткізіліп келді. Оның басты ерекшелігі – әр қолданушы жеке кабинетін ашып, қажетті «командаларға» енгізіледі.

Келесі айтылатын маңызды мәселе – студенттердің білімді қаншалықты жақсы меңгеріп, оны тәжірибеде пайдалануы. «Журналистика» мамандығында оқитын студенттер тек теориямен шектелмей, міндетті түрде алған білімін тәжірибеде шыңдауы қажет. Мысалы, кәсіби журналист болу үшін сюжеттердің құрылымын, техникасын білу, оны түсіру барысындағы қателіктерді ескеру, операторлық жұмыс пен монтаждауды үйрену, текст жазып, дикцияны шыңдау маңызды. Алайда қашықтан оқу форматына ауысқалы бері, көптеген түсірілімнен шектеліп қалдық. Осы салада өзіңді дамыту үшін коммуникация құру, түсірілім барысында көп тәжірибе жинау және топтық жұмыс үлкен рөл атқарады.

«Телерадиожурналистика», «ТВ жаңалық: тәжірибе», «Радио шығарылым», «Цифрлық фото», «Веб журналистика: сторителлинг, лонгрид» пәндері тура пандемия кезіндегі семестрмен тұспатұс келді. Соған қарамастан оқытушының ықпалымен студенттер біраз тәжірибені өз беттерімен жинақтады. Мысалы, «Радиошығарылым» пәнін (пән оқытушысы профессор А.Бейсенқұлов) онлайн оқу кезінде студенттерге авторлық «құттықтау сазды бағдарламасын» жасау тапсырылды. Біз лекция және практикалық сабақтан алған білімімізді тәжірибеде қолдана алдық. Әртүрлі компьютерлік бағдарламаны пайдалана отырып, 1 сағаттық радио бағдарламамызды аудио форматта жазып, монтажды өз бетімізше меңгердік. Одан бөлек, қорытынды емтиханға жобалық жұмысымызды қорғау тапсырылды.

Қашықтан оқу кезінде жаңа технологияларды меңгерудегі кәсібилігіміз одан сайын жоғарылады. Оны «ТВ жаңалық: тәжірибе» пәнінде (пән оқытушысы профессор Ш. Қалиаждарова) дәлелдей түстік. «ТВ жаңалық: тәжірибе» пәні офлайн оқуға негізделіп жасалған еді. Себебі бұл пән бойынша студенттер ТВ сюжет жасау саласын тереңдетіп зерттейді. Сондай-ақ, алғашында жаңалықтар құрылымына талдау жасап, түрлі жобаның түсіріліміне қатысу жоспарланған еді. Бірақ, біз онлайн форматқа негізделіп жасалған жүйені жетілдіру арқылы ебін таба алдық. Әдетте офлайн оқу кезінде біз студенттік ісшаралармен, ЖОО айналасындағы жаңалықтармен бөлісіп, соның шеңберінде ғана ақпарат тарататынбыз. Түсірілімнің көп бөлігі университет қабырғасында өтетін.

Ал онлайн оқудың арқасында елімізде болып жатқан әртүрлі өзекті тақырыптарды көтеріп, сюжет жасау мүмкіндігіне ие болдық. «Тележаңалық: тәжірибе» пәні бойынша практикалық сабақ кезінде телеарналардан өткен бейнематериалдарға талдау жүргізіледі. Осындай кезде WhatsApp және Telegram арналары арқылы сілтемелер жіберіліп, сол жерден ресурсты көру талап етілді. Алайда кей кезде интернет желісінің дұрыс болмауы немесе Тимстың бірнеше файлды көтере алмай қалуы ықтимал. Сондай сәттерде мессенджерлер көмекке келеді.

Бізге «онлайн оқу» немесе «қашықтан оқу» жайлы сюжеттер жасау тапсырмасы берілді. Ауылдық жерде тұратын «журналистер» онлайн оқу кезіндегі студенттердің үлгерімін, теріс жағы мен артықшылығын, қоғамды алаңдататын интернетпен байланысты қиындықтарды көтерді. Меніңше, бұл нағыз тәжірибе болды. Локация таңдау мүмкіндігі көбейді. Тіпті университеттен тыс мүлдем басқа тақырыптарды қозғап үйрендік. Жасаған туындыларымыз талқыланып, қайта жөнделгеннен кейін «YouTube» желісінде «IITU TV» арнасы мен Цифрлық журналистика мамандығының әлеуметтік желілердегі парақшаларына жарияланып отырды.

Сонымен қатар, «ТВ жаңалық: тәжірибе» пәні бойынша онлайн дәрістер өткізілді, практикалық және лабораториялық тапсырмаларды да орындадық. «Теледидардағы жаңалықтар қызметінің орны. Заманауи трендтер мен даму үдерісі. Қатты және жұмсақ ақпарат ұғымы (Hard news және Soft news)», «Телевизиядағы жаңалықтарды дайындау технологиясы. Бейне мен дыбысты жазу құралдары», «Ақпараттық журналистиканың жанрлары. Жанрлардың эволюциясы. Инфотейнмент, финишинг және эвент экшн» және басқа тақырыптар аясында жаңа мағлұмат алып, білімімізді кеңейттік. Тележаңалықтағы әлеуметтік желі рөлі, Тележаңалықтар қызметінің YouTube арнасына сараптама жасадық.

Зерттеу барысында расталған ақпарат пен статистикаға сүйеніп, көбіне комментарийге, қаралымдарға назар аудардық. Қазақстандық және ресейлік арналардан жаңалықтар қызметін («Хабар 24», «Информбюро», «КТК», «Россия 24» және т.с.с.) көріп, ақпарат беру тәсілдеріне анализ жасадық. Сондай-ақ қосымша YouTube желісінен журналистика тақырыбындағы видео-лекциялар, кешкі жаңалықтар, бағдарламалар көру тапсырылды. «Треш-журналистика» саласын зерттедік, ресейлік және қазақстандық жаңалықтарға талдау жасалынды.

Практикалық сабақ бойынша төмендегі тақырыптар қозғалып, бейнематериалдар дайындалды:

– инфографика мен инфотейнментті тиімді пайдалану жолдары

– стрим сұқбат

– стрим репортаж дайындау дағдысы

– әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алу

– жеке аккаунт арқылы көрермен жинау

Ал лабораториялық сабақтарда «Онлайн жұмыс істеу, онлайн сабақ оқу сізге ұнады ма?», «Сіз теледидар көресіз бе, қандай хабарларды көресіз?», «Қажетті ақпараттарды қандай медиадан оқисыз?», «Қазақстандық журналистері қоғам үшін қандай істер атқарып жүр деп ойлайсыз?» тақырыптарына негілделген қысқа сауалнама түсірілді. Эпидемиялық жағдайға байланысты студенттер кәсіби техникалық құрал-жабдықтарды оқу ордасынан ала алмағандықтан, мобильді құрылғыларды пайдаланды. Семестр бойы бірнеше бейнематериал дайындай отырып, ұялы телефонның бұрын пайдаланып көрмеген функцияларын меңгеруге тура келді. Бұл да біз үшін үлкен тәжірибе. Осы онлайн оқу барысында «Whats App», «Instagram» әлеуметтік желілерін де өте тиімді пайдалануды үйрендік және «Adobe Premiere Pro», «Sony Vegas», «InShot», «iMovie», «Corel Draw», «InDesign» және басқа бағдарламаларды қолдандық.

«InDesign» демекші, бұл компьютерлік бағдарламаны «Цифрлы фото» сабағында электронды журнал жасау үшін қолдандық. Бізге берілген тапсырма кез келген мерекелік іс-шараны, ақпараттық себебі бар қызықты тақырыпты таңдап, фоторепортаж жасау. Пәннің мақсаты – оқиға орнында болып, стандартқа сай, сапалы, өзгеше әрі креатив фотолар жасап үйрену. Сондай-ақ түсірілген фотоларды пайдаланып әдемі дизайнмен сауатты түрде электронды мақала шығару. Дайын болған жұмыстарымызды университеттің «DL» порталына жүктейміз. Онлайн оқу – заман талабына сай білім алудың бір түрі. Бастысы, әлемдік ахуалдарға байланысты болатын өзгерістерді қабылдап, үнемі алға ұмтылу. Алдағы уақытта заман ағымына сай әрекет етуіміз болашақта білімді әрі тәжірибесі мол маман болуымызға көмектеседі.

Айдана ПЕРНЕҚҰЛ, ХАТУ студенті.

«Ұлан» газеті, №28
13 шілде 2021 жыл

951 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор