• ҰЛАН
  • 05 Сәуір, 2021

Сериалға сценарий жазу үшін...

«Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Таңшолпан» телесериалын бәріміз көрген болармыз?.. Оны, әсіресе, «Ұланның» жас тілшілері асыға күткені анық. Бір жағынан сериал журналистердің өмірі жайлы болса, екінші жағынан сценаристі – «Ұланның» бір кездері тұрақты авторы болған Жамал Жақсытай әпкеміз. Ол сценарийін жазып, продюсерлік еткен «Тағы да сүй», «Мұздағы жалын», «Ұрлаудан басқа амал жоқ» телесериалдары көрерменнің есінде болар. Жас болса да көп істе бас болып жүрген Жамал әпкемен кино саласы және сценарист мамандығы туралы біраз әңгімелескен едік. Болашақта қазіргі жас тілшілер де Жамал әпкедей жұмыс істер...

– Сіз «TASPA FILMS» компаниясымен жұмыс істейсіз.  Онда жұмысқа қалай орналасқаныңыз туралы айтып беріңізші...

– «TASPA FILMS» компаниясы 2017 жылы құрылды. Директоры – Асхат Мұсабай. Әрі біздегі бірнеше өнімнің режиссері де Асхат мырза. Таспаның алғашқы өнімі – «Хабар» арнасынан көрсетілген «Қария» телехикаясы. Мен «TASPA FILMS»-ке 2018 жылы Асхат мырзаның шақыртуымен сценарист болып жұмысқа кірдім. Ең бірінші жазғаным «Тағы да сүй» деп аталады. Көрермен көңілінен шыққан, жастар сүйіп көретін романтикалық, сентиментал сериал болды. Бірінші туынды болған соң, қазір қарасам, кемшіліктер бар екені байқалады. Дегенмен, өз деңгейінде жақсы туынды болды. Одан кейін «Мұздағы жалын» телехикаясында сценарист және атқарушы продюсер ретінде жұмысымды жалғастырдым. Солай әлі күнге дейін «TASPA FILMS»-те атқарушы продюсер болып қызмет атқарамын. Жап-жас адамға сондай үлкен туындыларды сеніп тапсырған Асхат ағаға алғысымды білдіргім келеді. Командада барлығы жаңашыл, өзгерістерге талпынатын, карьерасын мен сияқты енді бастап жатқан жалын-ды жастар. Біз жыл он екі ай «таспаға» жоба жасаймыз деп айта алмаймын. Арасында үзіліс те бар. Ондай кезде басқа да аутсорсинг компаниялардың тапсырысын орындап үлгереміз. 

– Өзімнің толық «творчестволық» адам екенімді түсіндім депсіз. Шығармашыл адам қандай болады? Сіздің ойыңызша, ол туабітті қабілет пе, әлде жүре келе пайда бола ма? 

– Негізі шығармашылық адамы құбылмалы келеді, үнемі көңіл-күймен жүреді. Сондықтан Инстаграмда жазған жазбалар менің бүкіл кездегі көңіл-күйіме жауап бермейді. Мен екі қызмет атқарамын: продюсер және сценарист. Осы жылдар ішінде 3 сценарий жаздым. Олар: «Мұздағы жалын», «Тағы да сүй» және «Таңшолпан». Оның арасында  басқа сценаристер жазған туындыға продюсер болып, ұйымдастырушы ретінде сол жобаға жетекшілік етемін. Продюсер – көп жағдайда реалист болуды, жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Ондай кезде шығармашылық шетте қалып қояды. Егер менде осындай жұмыстар бірінен соң бірі көбейіп кетсе, шығармашылықтан тыс қалып қойсам, менің өмірімде құлдырау болады. Шығармашылық жұмыстармен  өзімді үнемі «азықтандырып» отыруым қажет. Шығармашыл адамдар көбіне қатаң тәртіпке сәл салғырт қарайды, еркін болғысы келеді. Ал продюсерлік жұмыс оған қарама-қайшы. Егер мен тәртіпті қатты ұстансам, өзімде құлдыраулар болатынын байқадым. Ал шығармашылықпен айналысып, ішіме үңіле бастаған кезде сәл жайлылықты сезіндім. Сол себепті, бұл айтқаным «мен шығармашыл адаммын» деген өмірлік ұстанымым емес. Мықты болатын кезде мықты болуды, нәзік болатын кезде шығармашыл адамдарша қиялдауға өзіме рұқсат етемін. 

– Қазір қоғамда жапонның кайдзен әдісі туралы көп айтылады, оқып та жүрміз. Бірақ оны өмірімізге қалай енгізе аламыз? Сіз сценарий жазуда оны қалай қолдандыңыз?

– Кайдзен жүйесі біздің елге тұлғалық даму трендте бола бастаған кезде бірге келді. Осы әдісті қазақ аудиториясына ең  жақсы үлгіде көрсетіп шығарған адам – Марғұлан Сейсембай ағамыз. Сценарий жазған кезде кайдзен технологиясы маған өте жақсы көмектеседі. Ол туралы Инстаграм парақшамда айтып, көрсеткенмін. Кайдзен жүйесі ол сенің ойыңда шашырап жатқан идеяларды бір арнаға тоғыстырып, көз алдыңнан өткізу үшін керек. Әсіресе, уақытты үнемдеуге, энергияны аз жұмсауға септігін тигізеді. Сценарий жазарда біз алдымен барлық серияны тақтаға бөліп қоямыз. Әрбір серияның тұсына түрлі-түсті стикер жабыстырып ерекшелейміз. Кейде сюжеттердегі эпизодтардың орнын ауыстыру керек болып жатады. Бірақ ол көп жағдайда ұмытылып кете беретін болғандықтан, біз мынадай әдісті қолданып көрдік. Серияда орнын ауыстырған оқиғаларды стикерлердің орнын ауыстыру арқылы істесек, оның түсінен-ақ оқиғаның өзгеріске ұшырағаны бірден байқалып тұрды. Шығармашылықпен, сценарий жазумен айналысатындар болса кайдзен технологиясын қолдану өте тиімді.

– Сценарий жазғанда әр кейіпкердің орнына өзіңізді қойып көріп, сол адамның өмірін ойша кешуіңізге тура келеді ғой. Сол кезде өзіңізді ұмытып кетіп, өзіңізді жоғалтып алатын сәттер бола ма?

– Көп адам шығармашыл адамды бөлек әлемі бар, қияли ретінде қабылдап жатады. Оған маман ретінде қарамай, жеке қасиет беріп жібереді. Иә, ондай сәттер болады. Дегенмен, шығармашылық жұмысқа да «жұмыс» деп қарау керек. Сондықтан да кәдімгі жұмыстарды қалай атқарсаң, шығармашылық жұмыстарды да солай істеу керек. Мұғалім баланы қалай оқытса, дәрігер ауру адамды қалай емдесе, сценарист те кейіпкерін  өзінің өнімі ретінде қарап, оны аша білуі керек. «Шын өмірде кейіпкерімнің өмірін қайталап кетем» деп ойлау қате. Әрине, соған сеніп, кейіпкеріңе қатты берілсең солай болуы да ғажап емес. 

– Демек, шығармашыл адаммен кәдімгі қарапайым адамның аса қатты айырмашылығы жоқ дейсіз ғой?!

– Иә, тек фантазиясында айырмашылық бар. Тұлға ретінде айырмашылығы жоқ.

– Кино өміріне аяқ басқан үш жылыңызда кино саласы сізге қалай әсер етті? Мамандығыңыз сізге не береді немесе әлі беріп жатыр?

– Мен басында журналистика саласын таңдаған болатынмын. Дегенмен, карьерам кино саласына бұрылды. Шынымен, топ ете қалдым десе де болады. Бұл жақ өте ерекше. Кинода істеп кеткен адам, егер басқа салаға ауысса, міндетті түрде киноны сағынып жүреді. Егер сен өнерді шын жақсы көрсең, туынды жасау – керемет нәрсе. Не берді дегенге келсек, продюсер болғалы  адамдармен араласуым қиын екенін білдім. Кино саласы, өзімнің мамандығым адамдармен араласуда маған көп практика болды. Продюсер болғалы  ең бірінші үнемдеуді үйрендім. Қолда бардан әдемі нәрсе жасауды, яғни жоқтан бар етуді осы салада жүріп әбден меңгердім. Кейде мен оны өмірімде де қолданамын, жан-жағым да оны байқап жатады. Кез келген ситуацияда дұрыс әрі салмақты, тез шешім қабылдауды осы жұмыс үйретті. Адамдардың жауапкершілігіне қатысты жақсы сабақ алдым. Бір адамның уақытынан кешігуі, бір адамның уәдені орындамауы миллиондаған цифрға әсер етуі мүмкін. Ондай кезде әрдайым екінші нұсқа басымда жүреді.

– Сізді не ынталандырады немесе шабытты қайдан аласыз?

– Жұмысты аяғына дейін және махаббатпен істеу үшін, оның соңғы нәтижесін көре алуым керек. Егер соңғы нәтижені жағымсыз, болмайтын нәрсе түрінде көрсем, жұмысым әрі қарай өнбейді. Егер соңы ынталандыратын нәрсе болса, оның нәтижесін жақсы елестете алсам, барлығын соңына дейін істеймін. Бір нәрсе ұнамаса, шабытым келе қоймайды.

– «Тамаша жыл» подкастына берген сұқбатыңызда көрерменнің кинодағы өмірді шын деп ойлап қалатынын айтқансыз... 

– Киноның барлығы өмірден алынады деген қағида жоқ. Өзім жазған сценарийлерімде ешқандай биографиялық кейіпкер жоқ, барлығы ойдан шығарылған. Әрине, прототиптері болады, оның өзі 100% емес. Әр адамның бір ерекше тұсын алып, өмірде жоқ кейіпкер құрастыруға болады. «Таңшолпандағы» Жұлдыз неге бәріне ұнайды? Себебі ондай жігітті барлық қыз армандайды және ондай жігіт өмірде жоқ. Яғни, ол – қыздардың эгосымен жазылған кейіпкер. Адам кейде кітаптан, кинодан өзін көргісі келеді немесе өзінде жоқ нәрсені көргісі келеді. Сол психологиямен жазатын сәттерім бар. Бірақ менің немесе басқа да сценаристердің  жазған кейіпкерлерінің барлығы өмірде бар деп қабылдау дұрыс емес.  

– Жұмыс барысында эмоцияға беріліп, ашуға булығатын кездеріңіз болатын шығар. Сол кезде өзіңізді қалай сабырға шақырасыз немесе қандай іс-әрекет жасайсыз? Әріптестеріңіз сізді «ұрысқақ, бірде көл, бірде шөл» деп сипаттапты. Осыған келісесіз бе? 

– Ол барлық адамда болады деп ойлаймын. Тек қана оны көрсете алатындар бар, көрсете алмайтындар бар. Менің жауапкершілігімдегі жұмыс сондай қаталдықты талап ететін болғандықтан, кейде адамдармен сөзге келіп қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Негізінде сіз айтып отырған сипаттама сайтта қалжыңмен жазылған болатын. Өзімді ұрысқақпын деп айта алмаймын, жәй ғана талапшылмын. Егер бір нәрсе ұнамаса, қарамағымдағылар жұмысты дұрыс жасамаса, оны  бетке айтамын. Адамның көңіліне қарап отыруға уақыт болмайды, тез орындалуы үшін тезірек әрекетке көшуіме тура келеді. Бірақ қанша жерден ашуға булықсам да, сөзімді көтеретін, жұмыстың көңілімнен шықпай жатқанын түсінетін адамдар бар. Егер біреудің көңіліне тисем, міндетті түрде барып кешірім сұраймын. 

– «Сапалы демалыс – сапалы жұмыстың кепілі». Сіз үшін сапалы демалыс деген қандай?

– Мен үшін сапалы демалыс – табиғатқа шығу. Біз көп энергияны табиғаттан, даладан аламыз. Табиғатқа шығу, жер-жерді аралау, тым құрығанда үш шақырым жаяу жүру де мен үшін ол сапалы демалыс бола алады. Жақсы бір дәмханада құрбыңмен, ескі достармен сырласып, ешқандай жұмысты араластырмай, жәй ғана әңгіме айту да жақсы демалыс.

– Өзіңіз үлгі тұтатын, сол сияқты болғым келеді немесе соның дәрежесіне жеткім келеді дейтін адам бар ма? 

– Менің кумирім жоқ. Кумир жасау дұрыс түсінік емес. Кумир жасасаң, біреудің өмірін қайталайсың, соның көшірмесі боласың. Әр адамның жақсы қасиеттерін бойыңа сіңіруге болады, бірақ оны үлгі етіп, оны кемшілігімен қоса қабылдап алу – қажет емес. Біздің бұл өмірге келгендегі басты миссиямыз – жеке тұлға болып қалыптасу.  Егер бір адамды кемшілігімен қоса қабылдап, үлгі тұтсаң, өзіңнің жеке тұлғалығыңды жоғалтасың. Бұрынырақта бір адамды қатты кумир тұтып, сол адамға беріліп кеткен кездерім болған. Ол да – адам, ол да пендешілік жасайды. Сол кезде оның жаман әдетін көрсең, ол адамды жеккөріп кетуің мүмкін. Бұл жерде оның кінәсі жоқ. Оны идеал тұтқан өзің. 

– Өміріңізді киносыз елестете аласыз ба?

– Иә, елестете аламын. Бізде жобалар көктемде басталатындықтан, мен қазір киносыз жүрмін. Ешқашан «ешқашан» деп айтуға болмайды. Бір нәрсені қатты қалап және одан айырылғың келмеcе, Алла Тағала сені сол нәрсемен сынауы мүмкін. «Өмірімді журналистикасыз елестете алмаймын» деп айтсаңыз, сондай журналистикасыз өмірге лайық боп қалуыңыз әбден мүмкін. Егер өмір бойы осы салада істеу бұйырса, істей беремін. Бір күні жалығу болса немесе бұл саладан болашағымды көре алмасам, кез келген уақытта кетіп қалуым да әбден мүмкін. Сондықтан кесіп ештеңе айтпаған дұрыс.   

– Болашақта  жолыңызды қуам деген жасөспірімдерге ақыл-кеңесіңіз, тілегіңіз қандай?

–  «Ұланның» «жас тілшілеріне» және барша оқырманына осы газетке жазылып, оқып жүргені үшін рақмет айтамын! Себебі қазір газет оқып, даму жолында жүргендер аз деп айтуға болады. Өзім «Ұлан» газетінде тілші болған жоқпын, бірақ арасында мақалалар жазып тұрғаным бар. Менің даму жолыма түрткі болған газеттің бірі «Ұлан» деп айта аламын. Себебі ауылда телефон, әлеуметтік желі, ешқандай ақпарат жоқ кезде неше түрлі адамдардың сұқбаты шығып, соларды оқып, солардан көп нәрсе түйіп өстім. Ең алғаш 6-сыныпта оқып жүрген кезімде бір баланың Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттан мақала жібергенін көріп қалдым. Мектептің атын оқыған соң қызығып, сол мектепте оқысам деген ой туып, осындай мектептің бар екенін біліп, мектеп туралы ақпарат іздеп, сөйтіп осы мектепке түскен болатынмын. Бұл менің өмірімдегі ең дұрыс қадамның бірі деп санаймын. Сол мектепте алған білімім мен сол жақтағы орта менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Осыған себепші бол-ған – «Ұлан» газеті. Қанша жыл өтсе де, смартфон, жаhандану заманы келсе де, газеттің орнын ештеңе баса алмайды. Ауылдағы, шалғайдағы балаларға мотивация беріп, олардың жарыққа шығуына көмектесіп жүрген осы бір газеттің ғұмыры ұзақ болғай деп тілеймін! «Ұланның» оқырманы үшін «оқыңдар, ізденіңдер!» деп айту меніңше артық. Себебі осы газетті оқып отырған адамның өзі ортасынан бір саты жоғары деңгейде деп айта аламын. 

Арманның жолында бәрін жасау керек. Сол кезде ғана қалауыңа жетесің. Грантқа бір жылы түспесеңіз, екінші жылы түсуіңіз мүмкін. Тек үмітті үзбеу керек. Біреудің жеткен жетістігіне қуана біліңіз. «Ол оған өз күшімен жеткен жоқ» деген сөздерден аулақ болыңыз. Бастысы, адами қасиеттерді жоғалтып алмаңыз. Егер біреудің қуанышына қуана білсең, одан екі есе жақсысы сенің басыңа да қонады. Жетістікке жетудің үш формуласы бар: біріншісі – үздіксіз даму, екінші – арманыңнан бас тартпау, соңына дейін бару. Үшінші – жетістікке жеткен адамның қуанышына қуана білу. 

– Сұқбат үшін көп-көп рақмет! Жұмысыңыздың жемісін көре беріңіз!

Гүлнұр САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №14
05 сәуір 2021 жыл
 

1844 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор