• ҰЛАН
  • 15 Қаңтар, 2018

Данэлия ТӨЛЕШОВА: Қазақстанның даңқын асыратын патриоттық ән таппай жүрмін

Данэлия Төлешовамен кездесуді алматылықтар асыға күтті. Қалың көрерменнің санын көбейтіп, біз де сол жақтан табылдық. Шамамен екі жүзге жуық адам жиналыпты. Жартысынан көбі мектеп оқушылары. Данэлия уəде берген уақытынан бір минут та кешікпей, сахнаға келіп жайғасты. Естеріңізде болса, əнші қыз Украина еліндегі «Бала дауысы» мега жобасының жеңімпазы болған еді. Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбектің қабылдауында болды. Димаш Құдайбергеннің ықыласына бөленді. Данэлияның көрермендері мен тыңдармандары сұрақ жаудырды. Бірі «Қандай əн жаздырып жатырсыз?» десе, енді бірі «Евровидениеге» қатысатыны туралы ақпарат рас па?» деді. Данэлия: «Қазақстанның даңқын асырып, болмысын көрсететін патриоттық жанрда жазылған əнді таппай жатырмын. Нақты ештеңе айта алмаймын. Қатыспай қалуым да мүмкін», – деп жымиды. Ол «Кіші Евровидение» байқауының кастингіне шақырылған болатын. Ол 2018 жылы Минскіде өтеді. «Сіздер мен ойлағаннан да көп жиналыпсыздар. Көп рақмет айтамын. Базарлық ретінде өзімнің фотомды қолтаңбаммен бірге сыйлаймын. Одан кейін фотоға түсіп, селфи жасаймыз», – деді. Балаларға керегі де сол еді. Жарты сағат қана сұқбат жасап, қалған уақытында қолтаңба беріп, естелік фотоға түсті. Сонымен бірге əнші қыздың бос уақытында немен айналысатынын да біліп алдық. Сурет салып, əн айтқанды ұнатады екен. Мандарин мен киви сүйікті жемістері болғаны сонша, ыстық тамақ орнына жей берсе де риза екен. Алда əлі талай өнер додаларын бағындыруды жоспарлап отыр. «Алтын балықты ұстап алып, ол үш арманыңды айт десе, былай деген болар едім: біріншіден, өз ісімнің шебері болғым келеді. Өмір адамға бір рет беріледі. Сол өмірді сүйікті ісіммен айналысып, мағыналы өткерсем деймін. Екіншіден, əлемнің барлық баласы қайғы көрмей, денсаулығы мықты əрі жақсы отбасында өмір сүрсе, үшіншіден өзіме сұлулық тілеймін. Сұлулықты жанымдай жақсы көремін», – деп шынайы жауап берді. Сахнадан бойы əрең көрініп тұрған шынашақтай қыздың дархан көңіліне риза болып тарастық.

«Ұлан» газеті, №3 16 қаңтар 2018 жыл

 

234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор