• ҰЛАН
  • 04 Қазан, 2017

«Айдың арғы бетінде» не бар?

  Адам армандаудан, қиялын іске асырудан қорықпауы керек. Өйткені, адамның ойы бəрінен жүйрік əрі əлемде адамзат баласы ашпаған жаңалық қалған жоқ шығар. Жаратылысынан ерекше ойлайтын, өзінің жеке əлемі бар адамдар болады. Ғылымбілімге, өрелі өнерге қызығатындар аз, олардың ғылыми жаңалықтары мен қоғамдағы рөлі жайлы да бейхабармыз. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында шет елдегідей біздің елімізде де TEDxAlmaty конференциясы ұйымдастырылды. Ал ең алдымен TED дегеніміз не? Осы жайлы ақпарат біліп алайық. TED – ағылшын тіліндегі технология, көңіл көтеру жəне дизайн сөздерінің қысқартылған формасы. Ғылыми ортаны қалыптастырушы жаңа платформа, яғни бұл əдеттегі конференциялардан өзгеше. Ең алғаш рет 1984 жылы Калифорнияда өткен. Конференцияның басты мақсаты – бірегей идеяларды тарату арқылы өзгелерге де ой салу. TED конференциясының таңдаулы дəрістері ғаламторда кеңінен таралған. Ал талқыланатын тақырыптары – ғылым-білім, мəдениет, əдебиет, кəсіпкерлік, технология жəне ойын-сауық. Мұнда əлемнің ең мықты деген спикерлері өз баяндамаларын ұсынады. Ғылыми-конференциядан ерекшелігі – спикерлерге 18 минут қана уақыт береді. Бұл 18 минут бойы баяндама оқу деген сөз емес. Əр спикер өз ойын  еркін, қатысушылардың жүзіне күлкі сыйлау арқылы немесе белгілі бір эмоцияға жетелеу арқылы баяндауды мақсат етеді. Не үшін десеңіздер, адамдарға ақпаратты тез меңгеру керек. Əр жыл сайын ұйымдастырылатын конференция биыл жетінші жыл өтті. Тақырыбы – «Айдың арғы беті». Ал не себепті «Айдың арғы беті» деп аталуын конференция спикерлері өздері-ақ айтып берсін.

 МОҢҒОЛИЯДАН КЕЛГЕН МАТЕМАТИК СҰРАҒАН

«Мен Моңғолияда туып, киіз үйде өскенмін. 2013 жылы кəмелет жасқа толған соң,   Қазақстанға келіп, Алматыдағы əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механикаматематика факультетіне түстім. Жаңа орта, басқа мəдениет... Мен үшін бастапқы кезде көп нəрсені түсіну қиынға соқты. Бірақ, математиканы түсінетін жолым болды. Мектепте де бір досым болған, екеуміз мүлде басқа тілде сөйлейтінбіз. Бірақ, тақтаның алдында бір-бірімізге математиканы толық түсіндіре алатынбыз. Солай математикадан алған білімім ғылым саласында келгенде өз септігін тигізді. PhD оқып жүргенде, спектрлі геометрия атты математика саласына ұшырастым. Бұл жаңа сала жəне мұнда есептердің қойылуы қарапайым болғанмен, шешілуі өте қиын болып келеді. Осы кезде қатты қиналдым. Ең қиыны – жақын адамдарыңа не үшін математикамен айналысып жүргеніңді түсіндіру екен. Себебі, менің айналысып жүрген зерттеулерім – іргелі зерттеулер. Оның тікелей көрінісін сіз қоғамда байқай алмайсыз. Осы зерттеулерді сол кезде мен жəне осы салада жүрген мамандар ғана түсіне алатын. Кейде, тіпті, өзімнің де ғылымның кей тұстарын түсінбей қалатын кездерім болған. Газет-журнал, сайттардан ғылыми салада оқып жүрген студенттер депрессияда болады деп оқыдым. Мүмкін мен де сол кезде депрессияда болған шығармын. Бірақ, менің ойымда бір сұрақ болды: «Біздің қоғамда іргелі ғылым не үшін керек?». Содан кейін өзіме «мен не үшін іргелі ғылыммен айналысып жүрмін?» деп сұрақ қойдым. Осы екі сұрақтың жауабын өзім айналысып жүрген спектрлі геометриядан таптым. Иə, қоғамда көптеген адамдар бұл саланы түсіне бермейді. Оларға бұл сала қызықты болмауы мүмкін. Бірақ, мен бұл салаға қызығамын. Осы саланың маманымын деген сенім мені PhD зерттеулерімді аяқтап, постдокторантураны жалғастыруыма себеп болды. Коллайдер туралы естіген боларсыз. Дүниені дүрліктірген бұл жұмыс ең бірінші математикалық есептен басталды. Айдың арғы беті тəрізді формуланың артында көрер көзге көрінбес сұлулық бар. Іргелі ғылым сонысымен қызық жəне маңызды», – дейді PhD, математик, теоретик-физик, механик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ең жас мүшесі Сұраған Дурвудхан.  

ҚИСАЙҒАН ОМЫРТҚАСЫН ТҮЗЕП ҚАНА ҚОЙМАЙ,

ОЛИМПИАДАДА ЖҮЛДЕ АЛҒАН

Күнделікті өмірде артық əрекет жасауға, қимылдауға енжар боламыз. «Бүгіннен бастап жүгіремін» деп айтқанмен, іс жүзінде орындай қоймаймыз. Күні бойы бір орында тапжылмай отыруға бейім болып бара жатырмыз. Жаттығу жасау түгілі, қимылдауға жалқауланамыз. Шектен тыс тамақтану, қозғалыссыз өмір адамды түрлі ауруларға шалдықтырады. Сондықтан да, қазір екінің бірі сколиоз, остеохондроз, протрузия сынды аурулармен «дос». Ал TEDxAlmaty конференциясының спикері Елена Хрусталева сколиоздан емделіп қана қоймай, олимпиадада жүлде алған. Ауруды қалай жеңіп, осындай дəрежеге қалай жетті екен? Өзінен білейік.  – Адамдар неге тік жүреді, ойланып көрдіңіз бе? Қарт адамдар неге бүкірейіп, таяққа сүйеніп жүреді? Біздің дене мүсініміз қалай қалыптасады? Бұл сұрақтарға жауапты өз басымнан өткен жағдай арқылы түсіндірейін. Спортшылар əулетінде дүниеге келдім. Бала кезден спортқа деген қызығушылығыма себепкер болған да ата-анам. Жүзу, каратэ, биатлон сынды спорт үйірмелердің бəріне қатыстым. Он жыл бойы мен омыртқамның оң жаққа қисайып кетуіне байланысты қатты қиналдым. Омыртқаның қисаюына себеп өте көп. Мысалы, қимылқозғалыссыз өмір, артық салмақ, əлсіз буындар, ішкі құрылыс мүшелерінің бұзылуы дер едім. Міне, осылардың бəрі менің басымнан өтті. Біз не істесек те, ол əрекеттер біздің омыртқамызға тікелей əсер етеді. Омыртқа əрқашан өзіне ыңғайлы «орын» іздеп, соған қарай бейімделеді. Мысалға, бəріміз де компьютер алдында отырамыз. Алдымен, бүкірейіп, мойынды алға жібереміз. Осылай отыра берсек, біздің омыртқамыз əп-сəтте-ақ қисайып кетеді. Ал менің хикаям мүлде басқаша. 11 жасымда ата-анам мені биатлон секциясына берді. 13 жасымда биатлонның салмағы 5 келі болатын винтовкасын үнемі бір жаққа асып жүру жəне оған қоса шаңғы тебу менің ауруымды одан əрі асқындырды. 16 жасымда омыртқамның қисайып кеткені соншалық, бірде шалбар тіктіруге тапсырыс берсек, бір балағым екіншісінен 5 сантиметр қысқа екен! 23 жасымда  денемдегі ауыртпалық, протрузиямен қоса, жарық (грыжа) ауруына шалдықтым. Бірақ, мен олимпиада жүлдесін қатты армандадым. Ештеңеге қарамай, жаттығып жүрдім. Мұрттай ұшып, сосын массаж жасатып алып, қайтадан жаттығуды тоқтатпадым. Өз-өзіме көмектесу үшін дене бітіміміз қалай құрылғанын зерттей бастадым. Біздің денемізде тұрақтандырғыш немесе қимыл-қозғалысты реттейтін бұлшық еттер бар. Ол бұлшық еттерді біз көріп, ұстай аламыз. Өйткені, ол біздің дене бітімімізді қалыптастырады. Фитнес залда қыз-жігіттердің бітіміне сүйсініп жүреміз. Тіп-тік, артық-кемі жоқ дене бітімі – сұлулық эталоны. Алайда, бұл қате түсінік. Бұлшық еттерге көп күш түсуіне байланысты денеміз ауырып, ол қан тамырларымызға кері əсерін тигізеді. Тұрақтандырғыштар, айтып өткенімдей, дене бітіміміздің негізін қалаушы. Біздің сымбатымыздың пішінін қалыптастырушы негізгі фактор. Бұлшық еттерімізді қимыл-қозғалысқа келтіру үшін бір қарапайым жаттығу жасап көрейін. Орындықтың шетіне отырайық. Аяғымызды параллель қойып, денемізді тік ұстайық. Қолымызды тіземіздің үстіне салайық, еш күш түсірмейік. Осы отырған қалыпта оңға, солға, алды-артымызға қарай ақырын еңкейіп, жаттығу жасайық. Енді өзімізді орындықтан алға қарай итеріп немесе ұшатын құстың əрекетіндей жаттығу жасайық. Байқап қараңыз, омыртқаңыз түзелді ме? Ішіңіз ішке жиырылып, пішініңіз қалыптасса, дене бітіміңіздегі тұрақтандырғыштар қозғалып, ішкі мүшелеріңізге оң əсерін берді деген сөз. Егер мен айтқан əрекеттердің бəрі орындалса, құттықтаймын! Өйткені оларды əрекетке келтіру оңай шаруа емес. Бұл жаңалықты ашуым менің тікелей өміріме ғана емес, спорттық мансабыма да үлкен септігін тигізді. Осы жаттығуды үзбей орындап отырдым. Еңбегім нəтижесін берді. Біршама уақыт өткен соң омыртқамның түзеліп, дене пішінімнің қалыптасып келе жатқанын байқадым. 2010 жылы Ванкуверде асыға күткен олимпиада жүлдегері атандым. Сөз соңында, дене бітімінің сыртқы пішініне мəн берумен шектелмей, ішкі мүшелерді де қимыл-қозғалысқа келтіруді ұсынар едім. Ол үшін үнемі қозғалыста болыңыз. Жүгіріңіз, жаяу жүріңіз, билеңіз, бастысы – бір орында қатып қалмаңыз. Айдың арғы бетіне шолу жасағандай, дене мүшеңіздің ішкі əлеміне көз салыңыз. Тіпті, ең қарапайым нəрселер дəл айдың арғы бетіндегідей бəрін де өзгертуі мүмкін, – дейді олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР Биатлоншылар одағының вицепрезиденті Елена ханым.  

 Назым САПАРОВА, «Ұланның» жас тілшісі. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология жəне əлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.

 

«Ұлан» газеті, №40 03.10.2017

2232 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор