• Жырақтан білім іздесең
  • 16 Сәуір, 2024

Қытайда оқу қандай?

Достар, осыдан 2 жыл бұрын Еркежан Жүнісова деген қызбен сұқбаттасқан едік. Еркежан ол кезде 15 жаста болатын, Америкада білім алып жүрді. Кейін елге оралған кезде де әңгімелестік. Биыл ол Шанхайға оқуға түсті. Арнайы «Ұланның» оқырмандарына Қытайда білім алу туралы айтып берді.

Естеріңе сала кетейік, Еркежан Семейде туып-өскен. Қазір 17-де. Нью-Йорк университетінің Шанхайдағы білім беру бөлімінде оқып жатыр. Бұл университет Нью-Йорктың өзінде, Әбу-Дабиде де бар. Оқуға түсу үшін IELTS тапсырып, 8.0 ұпай жинаған. Еркежан бұл университетке Common app қосымшасы арқылы өтініш берген. Платформаға өзі туралы мәліметті, жетістіктерін көрсетіп, мотивациялық хатты да сол жерде жазған. Құжаттарды жинап, грантқа өтініш беруге бір ай уақыт кеткен екен. Еркежан FLEX бағдарламасымен оқып жүрген сәтте-ақ шетелге түскісі келетінін, халықаралық қатынастар мамандығын таңдап отырғанын айтқан еді. Мақсатына жетіп, қазір әлемді шарлап жүр. Қытайға бармас бұрын Америкада болып көргендіктен, түсу үрдісі өте тез жүрді дейді. Әрине, Шанхайда оқып жатқандықтан, Қытайдағы өмірі туралы сұрамасқа болмады.

«Негізі Қытайда оқимын деп мүлдем жоспарламаған едім. Менің университетімде америкалық жүйе. Білім беру жағынан аса бір айырмашылықты байқамадым. Ал Шанхай өте заманауи қала. Өткен ғасырларда Францияның иелігінде болғандықтан қалада батыс мәдениеті сақталған. Оны архитектурадан, демалыс орындарынан байқауға болады. Бағаға келетін болсам, тауарлардың бағасы Қазақстанмен ұқсас. Өздеріңіз білетіндей, Қытайда тіпті арзандау. Алайда Шанхай мегаполистің бірі болғандықтан, басқа қалалардан қарағанда қымбаттау. Қала шынымен керемет. Күннің кез келген уақытында өзіңді қауіпсіз сезінесің. Бірақ Шанхай үлкен, орталықтан алыстап кетсең, басқа әсерде қалуың мүмкін», – дейді талапты қыз.

Әңгіме барысында Еркежанның студенттік өміріне қызығып кеткенім де бар...

«Біз мамандықты тек 2-курста таңдаймыз. Бірақ сізге бұрын айтқанымдай, халықаралық қатынастар мамандығын оқығым келеді. Түсер кезде қытай тілін білу міндетті емес, бірақ алғашқы екі жыл меңгеру керек. Профессорлар өте білікті, жақсы түсіндіреді, сенің жағдайыңды да түсінеді. Қазір халықаралық саясатты оқып жатырмыз. Өте қызықты. Оқытушылар да АҚШ-тан. Университетте бірнеше ұйым бар. Олар мамандық бойынша бөлінеді. Мысалы, математика, экономика, медицина ұйымдары бар. Аниме көретіндердің де өз ортасы бар екен. Осы айдың соңында ұлттық мәдениетімізді өзге ұлттарға таныстырамын. Кішкентай киіз үйлер жасап көрсетемін. Қазақстаным туралы айтпақпын».

Еркежанның сөзіне қарап, қайталанбас студенттік шағы өте қызықты өтіп жатқанына қуандым. Кейін Қазақстан мен Қытайдағы білім беру жүйесі туралы да сұрастырып көрдім. Алайда ол біздің университеттерде оқып көрмегендіктен, салыстыра алмайтынын айтты. Әйтсе де мен өзгешелікті табуға тырыстым. Еркежанның айтуынша, олар барлығын тек компьютерде орындайды екен. Дәрістерді де сонда жазады. Ал бізде дәптер мен қалам әлі қолданыста. Кейбір мұғалімдер үй жұмысының қолмен жазылғанын талап етеді. Бірақ оның да пайдасы бар. Өз қолыңмен жазған дүние көбірек есте қалады деседі. Әңгіме барысында кейіпкеріміз қазір жатақханада тұрып жатқанын айтты. Қазір қытайлықтармен тұрып жатыр екен. Себебі, ереже бойынша шетел студенті бірінші жылы Қытай туралы білетін адаммен тұруға міндетті. Сол арқылы мәдени алмасу жүреді. Қаланы танып, үйренуге де көмектеседі. Ал 2-курста көршілерін өздері таңдауға құқығы бар. Тек 3-курстан бастап жатақханада тұрудан бас тарта алады. Нью-Йорк университетінің кампусы Еуропада, Австралияда, Африкада, Латын Америкада бар. Оқу жүйесі бойынша әрбір студент басқа елде оқып көруге міндетті. Еркежан болса Вашингтонда немесе Нью-Йорктың өзінде оқып көруді қалайды.

Осы тұста Еркежаннан біздің елге қажет өзгерістер туралы сұрадым.

«Біздің Kaspi қосымшасы ең керемет деп жүрсем, қытайлықтар бізден озып кетіпті. Әр адамның QR code-ы бар. Біз дүкендегі құрылғыны емес, дүкендегілер бізді сканерлейді. Ақшаны да телефон нөмірі арқылы емес, осы код арқылы жібереміз. Ғимараттар өте жаңа. Тек Шанхай емес, кішкентай қалалар да жақсы дамыған. Біздің мемлекетке де осы керек. Яғни барлық қалаға бірдей қараса екен деймін. Сондай-ақ Қазақстандағы университеттер де тек электронды нұсқада сабақ өтсе, бәріне оңай болушы еді».

Кейіпкеріміз міндетті түрде елге оралып, мемлекет үшін жұмыс істегісі келетінін айтты. Дипломатияға қызыққан соң, Сыртқы істер министрлігінде тәжірибе жинағысы келеді. Еркежан 15 жасында АҚШ-та болып көргендіктен, ата-анасына да қызын басқа мемлекетке жіберу оңай болған. Қытай көкжиегіңді кеңейтуге үлкен септігін тигізеді деген пікірде екен. Мұндай мүмкіндік әрбір қазақ баласына берілген. Сондықтан кеңес сұрауды жөн көрдім.

«Шын мәнінде бұл университетке түсу оңай емес. YouTube-ты дұрыс қолдана біліңіздер. Оқуға түсу бойынша біраз видео бар. Түскіңіз келетін университеттер тізімін жасаңыз. Біреуіне түсу оңай болса, екіншісіне қиын. Баланс сақтау керек. Ақпаратты көп оқып, оларды талдаңыз. Ең бастысы, өзіңізге деген сенімділікті жоғалтпау керек», – деп Еркежан әрбір талапкерге сәттілік тіледі.

Бұл сұқбат сендерге пайдалы болды деген үміттемін. Бізге берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, өздерің қалаған оқу орнына түсіп кетуге тілектеспіз!

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2024 жыл

1466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор