• Толағай
  • 06 Ақпан, 2024

Біз күткен, Илья күтпеген алтын...

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында жасөспірімдер арасында IV Қысқы Олимпиада ойындары өтті. Отандасымыз Илья Мизерных шаңғымен тұғырдан секіруден алтын медаль иегері атанды. Бұл – Қазақстан тарихындағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының тұңғыш алтын медалі, тарихи жеңіс! 38 қарсыластың арасынан қара үзіп шыққан Илья «Ұланға» арнайы сұқбат берді. Ендеше, замандасымыздың Олимпиадаға дайындалуы мен спорттық мансабы жайлы бірге білейік.

– Илья, жеңіс құтты болсын! Әуелі бұл спортқа қалай келгеніңді білсек дейміз...

– Рақмет! 6 жасымда мені трамплинге шақырды. Басында әжеммен баратынмын. 7 жарым жасымда жалғыз баруды үйрендім. Сол жерде болатын жарыстардың көрінісі қатты ұнайтын. Мені өзіне тартатын. Кейін маған арналған спорт түрі екенін түсіндім. Әрине, басында жақсы нәтиже көрсете алмадым. Бірақ жаттықтырушымның айтуынша, менің ерік-жігерім мықты болды. Басында жай ғана айналысып жүрдім. Тіпті хобби ретінде де қабылдамадым. Кейін кәсіби деңгейде айналыса бастадым. Қазір 16 жастамын.

– Олимпиадаға дайындығың жайлы айтып берсең? Тарихта есімің қалды. Жеңіске жеткенде қандай сезімде болдың?

– Жарты жыл дайындалдым. Бұл уақыт ішінде секіруім де өзгерді, деңгейім өсті. Алтын медальді қанжығама байлаған соң, төрт күн бойы қуанып, жақсы сезімде жүрдім. Тіпті ұйықтай алмадым. Сенбедім, жеңіс менікі екенін де саналы түрде түсінбедім. Себебі арманымның жарты бөлігі орындалды.

– Жарыс алдындағы мақсатың қандай еді?

– Шынын айтсам, бастапқыда тек үш үздіктің қатарында болуды мақсат еттім. Негізі жақсырақ нәтиже көрсететін едім. Алайда секіргенім ұнамаса да, жеңіске жеттім.

– Қарсыластарың жайлы қандай ойдасың?

– Олар да жарады. Бірақ бұл – спорт. Жолым болды деп ойламаймын. Бәрі еңбекпен келді. Олардың да мықты болғанын мойындаймын. Тіпті менен де көбірек дайындалғандар болған шығар...

– Сенің ойыңша, қазіргі қазақ спортында қандай мәселелер бар? Жақсы жетістіктер көрсету үшін неге мән беру керек?

– Қысқы спорт түрлеріне қаржыландыру аз. Мүлдем жоқ деуге келмейді. Десе де жағдайды жақсартуға болады. Алматыдағы трамплиндерге жөндеу жұмыстары керек. Бізде де олимпиадалар болып, шетелдіктер елге келгенін қалаймын. Тұғырдан секіру туралы басқалар да білсе екен деймін. Ата-аналар балаларын осы спорт түріне қорықпай қатыстырсын. Себебі еліміз чемпиондарға бай екеніне сенемін.

– Алдағы жоспарларыңды айта аласың ба?

– Мансабымды ары қарай жалғастырамын, спортпен айналысуды тоқтатпаймын. Ақпан айында Словенияға әлем чемпионатына, кейін АҚШ-қа баруды жоспарлап отырмыз.

Сұқбат соңында Илья мектеп пен спортты қатар алып жүру қиын еместігін айтты.Болашақта қандай ұсыныс түссе де, тек Қазақстанның атынан шыққысы келеді екен. Ал біз чемпионға сәттілік тілейміз! Достар, Ильяны жеңісімен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады. Ол туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды. Қазақстан бұған дейін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль алмаған. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 24KZ арнасына берген сұқбатында Үкімет қаулысына сәйкес Ильяға 10 мың доллар көлемінде сыйақы берілетінін айтты.

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №6
6 ақпан 2024 жыл

999 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор