• Толағай
  • 19 Қыркүйек, 2023

Айтжановтың жігіттері осы жолы сенімді ақтай ма?

Биылғы жылдың ең басты спорттық жарысы деп жазғы Азия ойындарын айтуға болады. Төрт жылда бір өтетін доданы осы жолы Қытайдың Ханчжоу қаласы қабылдайды. Көпшілік ерекше сенім артып отырған спорттың бірі – бокс.  Ел намысын жеті спортшы қорғайды.

Олар: Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Сағындық Тоғамбай (92 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі). 
Айта кетейік, бокстан ұлттық құрама Ташкентте өткен әлем чемпионаты мен Астанада өткен Elorda Cup турнирінің нәтижесінде жасақталды. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары 23 қыркүйек күні басталып, 8 қазанға дейін жалғасады. Бұған дейінгі Азия ойындарындағы боксшылардың нәтижесіне тоқталып өтсек.

Хиросимадан 5 медаль бұйырды

Ең алғаш Қазақстан тәуелсіз ел ретінде 1994 жылы қатысты. Сол жылы Азия ойындарын Жапонияның Хиросима қаласы қабылдаған. Күншығыс елінде Әбдісалан Нұрмаханов шәкірттері 5 медаль еншіледі. Оның ішінде екеуі алтын. Қазақстан боксшы-лары арасында Азия ойындарының чемпионы деген мәртебелі атаққа ең алғаш болып шымкенттік Нұржан Сманов ие болды. Ол 67 келіде қарсылас шыдатпады. Екінші алтын Қанатбек Шағатаевқа (71 келі) бұйырды.  
Жүлдегерлер қатарында Аркадий Топаев (75 келі, күміс), Болат Ниязымбетов (63,5 келі, қола), Василий Жиров (81 келі, қола) бар. Жалпыкомандалық есепте Филиппиннен кейін екінші орынға тұрақтадық. Олардың бізге қара-ғанда бір алтыны артық болды.

Бангкокта өзбектер алдымызды орап кетті

Келесі Азия ойындары 1998 жылы Таиландтың Бангкок қаласында өтті. Тай елінде коман-далық есепте үшінші орынмен шектелгенімізбен, алтын саны жөнінен 2014 жылға дейін ең үздігі болды. Құраманы танымал бапкер Тұрсынғали Еділов бастап барды. Нәтиже төмендегідей:
Алтын: Ермахан Ибрайымов (71 келі), Вячеслав Бурьба (75 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі);
Күміс: Нұржан Сманов (67 келі);
Қола: Марат Мәзімбаев (54 келі);
Осылардың арасында Ермахан Ибрайымов пен Мұхтархан Ділдәбеков арада 2 жыл өткенде Сиднейдегі Олимпиада ойындарының финалына шықты. Жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындарына жететін ешкім болмады. 12 салмақтың бесеуінде жеңіске жетіп, бірінші орынға ие болды. 3 алтын, 4 күміс, 2 қола медальмен Өзбекстан құра-масы да алдымызды орап кетті.

Пусанда Головкин жарқылдады

2002 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 11 салмақтың екеуінде ғана медаль бұйырды. Оның екеуі де алтын. Біреуін қазақ боксының болашақ жұлдызы Геннадий Головкин жеңіп алды. Қарағанды қаласының тумасы 71 келіде үздік атанды. Осыдан кейін Гена 2003 жылы әлем чемпионы болса, 2004 жылы Афины Олим-пиадасына дейін финалға дейін жетті. Екінші алтын 63,5 келідегі Нұржан Кәрімжановтың еншісінде.

Ең сүреңсіз ойын

Афины Олимпиадасынан соң құрамада біраз өзгеріс болды. Бас бапкерлікке Дамир Буданбеков тағайындалды. Құрамаға жаңа боксшылар келді. 2006 жылы Қатар астанасы Доха қаласындағы жазғы Азия ойындарында боксшыларымыз, өкінішке қарай, бір алтынмен шектелді. Бұл біздің осы жылдар ішінде ең төменгі нәтижеміз. Чемпион болу бақыты сол тұста Өзбекстаннан Қазақстан-ға қоныс аударған 69 келідегі Бақыт Сәрсекбаевқа бұйырды. Дохадағы нәтижеміз мынандай:
Алтын: Бақыт Сәрсекбаев (69 келі);
Күміс: Бақтияр Артаев (75 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі);
Қола: Галиб Жафаров (57 келі), Серік Сәпиев (64 келі), Дмитрий Готфрид (91 келі);

Айтжановтың Азия ойындарындағы дебюті

Биылғы Жакартаны қоссақ, Мырзағали Айтжанов бокс құрамасын үшінші рет Азия ойында-рына бастап бармақ. Айтжанов бас бапкерлер арасындағы рекордты жаңартуға жақын. Ең алғаш ол  2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласына барған. Ол кезде Серік Сәпиев (69 келі) пен Данияр Елеусінов (64 келі) чемпион атанды. Жүлдегерлер қатарында  Біржан Жақып (49 келі, күміс); Иван Дычко (+91 келі, күміс), Данабек Сужанов (75 келі, қола) бар. Жалпыкомандалық есепте үшінші орын бұйырды.

Инчондағы толағай табыс

2014 жылы Инчондағы XVII жазғы Азия ойындары боксшылар мен бапкерлер штабына ерекше сынақ еді. Өйткені, бір жыл бұрын құрлық және әлем біріншілігінде Қазақстанның атағы аспандады. Сол тұғырымыздан түсіп қалмау басты міндет болды. Оның үстіне, құрамада 64 келі салмақтан басқасында боксшы ауысқан жоқ еді. Кореяға бірінші нөмірлі боксшыларымыздың барлығы түгел барды.

Жеребе жерлестерімізге жаман түскен жоқ. Ең жеңіл салмақтағы Жақыповтың басты қарсыласы саналған Хасанбай Дусматов екінші себетте болды. Сондықтан ол екеуінің финалға дейін кездеспейтіні әу бастан белгілі еді. Бірақ жұрт мақтаған Хасанбай финал тұрмақ, бірінші кездесуін ұта алмады. Өзбектің үкілі үміті қытайлық Сун Чул Ханнан әрі аспады. Корея боксшысы Джонгун Шин де сол екінші себетте қалды. Біздің Біржан өз тобындағы Мохибулла, Мұхамад Фуада, Турат Осмонов секілді ортаңқол боксшыларды еркін ұтып, финалға шықты. Ал чемпион атану үшін оған жоғарыда айтқан корейді жеңу керек болды. Шин ширақ екен. Гуанджоудағы қарымтаны жақсылап қайтарды. Оның алдында Гуанжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында кездескенде, жерлесіміздің жолы болған. Арада төрт жыл өтті. Оның үстіне, бұл жолы Шин өз жерінде өнер көрсетті. Аянып қалсын ба? Жақыповты жеңетін бұдан өзге қолайлы уақытты көріп тұрған жоқ. Сондықтан «не бел, не белбеу кетеді» деп алға атойлады. Екеуі де 9 минут бойы жанкүйердің айызын қандыратындай жекпе-жек көрсетті. Төрешінің шешімімен Джонгун Шин чемпион атанды. 

Бокстан Қазақстан қоржына алғашқы алтынды Сүлейменов әперді. Талай рет бокс мамандары мен жанкүйерлердің сынына ұшыраған Ілиястың бір көсілетін кезі келіп еді. Сондықтан Азия ойындары астаналық боксшы үшін соңғы мүмкіндік іспеттес болды. Егер, бұл жолы да ұтылғанда құра-мада қалуы неғайбыл болатын. Ілияс жауапкершілікті жақсы сезінді. Сары құрлықта 52 келіде боксшы көп екен. Сондықтан жерлесімізге чемпион болу үшін бес жекпе-жек өткізуге тура келді. Таиланд, Индонезия, Оңтүстік Корея, Жапония боксшыларын сауатты тактика, мығым қорғаныс арқылы жеңіп шықты. Ал финалда өзбекпен кездесті. Жасурбек Латипов келмесе де, Шахобиддин Зоировта қарымды боксшы екен. Жастығына қарамастан жиі шабуылға шығып отырды. Кей кездері оның соққылары Ілиясқа дөп тиіп жатты. Бірақ Сүлейменов саспады. Қарымта шабуылмен-ақ қажетті ұпайын жинап алды. Нәтижесінде екі төреші қазақ боксшы жеңіске жетті деп шешті. Бұл күн Ілиястың спорттық карьерасындағы ең қуанышты сәттердің бірі деп білеміз.

Данияр Елеусінов қазақ боксшыларының арасынан алғашқы болып екі дүркін чемпион атанды. Өзбек ағайын-дарымыз Елшод Расуловты айтып мақтанып жүруші еді. Сөйтіп, Қазақтанда да осындай чемпион шықты. Данияр финалда өзбектің жас боксшысы Исраил Мадримовты жеңген болатын. Қазір кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Жәнібек Әлімханұлының әуесқойдағы соңғы жарқылдаған кезі осы Инчон еді. 75 келіде қарсылас шыдатпаған Әлімханұлы Азия ойындарындағы әдемі бокс көрсеткен спортшылардың бірі болды.

Үнемі ірі додаларда екінші орыннан әрі аса алмай жүретін Әділбек Ниязымбетовтің бас жүлде алғанын да алғаш рет осы Оңтүстік Кореяда көріп едік. Маңғыстаулық боксшы жартылай финалға дейін еш қиналған жоқ. Тек соңғы екі қарсыласы қарымды еді. Әсіресе, жартылай финалда Эхсан Розбуханиді жеңу үшін біраз терледі. Екеуі бір-бірін өте жақсы біледі. Лондон Олимпиадасы мен әлем чемпионатының ширек финалында кездескен. «Астана арландарының» сапында бірге дайындалып, әбден қыр-сырын жақсы біліп алған. Оның үстіне, ирандықтың соққысы мығым. Бұл жерде Әділбектің финалға шығуына алғашқы екі раундта жинаған ұпайлары себеп болды. Әйтпесе, үшінші раундта Эхсан үздік шықты. Нәтижесінде төре-шілер 2:1 есебін тіркеді. Ал финал кішкене жеңілдеу болды. Ниязымбетовтің жеңіске деген жігері басым болып, қарсыласына үш раунд бойы жойқын соққыла-рын өткізіп отырды. Шаршы алаң қожайыны Хонгкью Ким жерлесі-міздің мықтылығын мойындап, екінші орынды қанағат тұтты.

Әлімханұлы, Сүлейменов секілді 91 келідегі Антон Пинчук те соңғы рет осы халықаралық аренада осы Азия ойындарында жарқырап көрінді. Антон екі рет есе жіберген өзбек Тулағановты, Оңтүстік Кореяның мықтысы Пак Нам-Енді де жарыс жолынан шығарды. Соңғы қарсыласы Али Мазахериді жақсы дайындықтың арқасында жеңді. Гуанжоуда күміспен шектел-ген Иван Дычкоға да Азия ойындарының чемпионы деген атақ осы Инчонда бұйырды. 
Алтын: Ілияс Сүлейменов (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі), Иван Дычко (+91 келі);
Күміс: Біржан Жақыпов (49 келі);
Қола: Қайрат Ералиев (56 келі).

Алтынсыз аяқталған Азия ойындары

Бес жыл бұрын Азия ойын-дары Индонезия астанасы Жакарта қаласында өтті. XVIII рет ұйымдастырылған Азия ойындарында нәтиже төмен болды. Алтын бұйырмады. Ел намысын Теміртас Жүсіпов (49 келі), Азат Махметов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі) қорғады. Тек соңғы екеуі финалға дейін жетіп, өзбек боксшыларына есе жіберді. Бұйырғаны қос күміс.

–  Азия ойындарына бес жүлде аламыз деп келгенбіз. Оған шамамыз да жететін еді. Алайда, тым төмен нәтиже көрсетіп отырмыз. Әр ел өз спортшысын қорғайды. Сол себепті, бір елдің соңына түсіп алғанымыз дұрыс болмас. Жігіттер бар күшін салды, оларға айтарым жоқ. Көптеген кедергілер мен келеңсіз жайттар орын алып отыр. Финалға дейін үш боксшымыздың жолын кескен. Енді, міне, екі жігітіміздің алтынын тартып алды. Сабыр қылғаннан басқа амал жоқ. Жалпы, бізге шаршы алаңдағы қарсыластармен ғана емес, басқалармен де күресуге тура келді. Қайрат Ерәлиевті алып тастағаннан кейін-ақ қиын соғарын сездім. Азия ойындарына аттанар кезде-ақ бұл белгілі болған. Себебі, біздің бір өкіліміз жоқ. Қазақстандық төрешілер де алынбаған. Сондықтан Азия ойындарында  саясат жеңді. Асланбек Шымбергеновке жоқ жерден ескерту беріп, ұпайын алып тастады. Боксшыға үш-төрт рет ауызша ескерту берілген соң ғана ұпайын алып тастаушы еді. Бұл жолы бірден... Жігіттерге айтар өкпем жоқ. Бар күшін салды, – деген болатын бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов жарыстан кейін ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметіне берген сұқбатында.

Айтпақшы, осы жолы Мырзағали Айтжанов төртінші Азия ойындарына бара жатыр. Құрамаға артылатын сенім мол. Келесі жылы Париж Олимпиадасы күтіп тұр. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №38
19 қыркүйек 2023 жыл

 

325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор