• Толағай
  • 28 Шілде, 2023

Гір көтеру дайындықты қажет етеді

Наргиз Бекежан – гір көтеруші. Қазақстан әйелдері арасында рекорд орнатушы. Наргиз 2005 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ақтөбе құрылыс-техника колледжінің 4-курс студенті.  Қазақстанның төрт дүркін, Азияның екі дүркін чемпионы. Қыздарға бұл спорт түрі қиын емес пе? Оны толығырақ Наргиздің өзінен сұрайық.

– Спортпен айналысатын әр адам чемпион болуды армандайды. Өзім спортта жетістікке жетуден ерекше әсер аламын. Алғашқы жеңіс кезіндегі әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қуандым, толқыдым, бірақ эмоциямды сыртқа шығармадым. Жарысқа барған кезден-ақ жеңемін деген сенімім бәрінен басым тұрды. Себебі, осы дәрежеге жету үшін мен көп дайындаламын, физикалық тұрғыдан қиналамын және де бапкерімнің, ата-анамның үмітін ақтағанымды есіме түсіріп, қуанышты сезімде боламын. Еңбек ақталды деген әсерді сезінемін. 

– Арғы тегіңізде спортшылар бар ма? Осынша қара күшке ие болудың, қайратты болудың сыры неде?

– Бауырларымның арасында менен басқа спортпен айналысатын ешкім жоқ. Бәлкім арғы тегімде ата-бабамыздың қаны жақсы сақталған шығар. Анам мектеп кезінен спортқа жақын, күші көп болған. Мен де анама ұқсаған шығармын.

– Гір көтеру спортына қалай келдіңіз? Бапкеріңіз кім?

– Оқушы кезімде мектепте дене шынықтыру пәнінен беретін апайым кішігірім мектепаралық жарыстарға гір көтеруден қатыстыруға апаратын. Сол кезден бастап қызығушылығым оянды. Ол кезде менің жасым он үште болатын. Ата-анам да еш қарсылықсыз мені қолдады. Қазіргі бапкерім – Мұрат Қазиев. Осы кісімен бірге жаттығып, үлкен дайындықтың  арқасында көптеген жетістікке жеттім. Осы орайда бапкеріме алғысымды айтқым келеді. Күш пен жігерді, ептілік пен мықтылықты қажет ететін гір спорты қарқынды дамып келеді. Бұл спорт түрінен өңірде әлі де талай мықтылар шығады. 

– Ауыр гір тасын көтеру қыз балаға қауіпті емес пе?

– Өзің жақсы көріп істеген жұмыстың қиындығы жоқ. Қыздарға гір көтеру қауіпті емес. Егер техниканы дұрыс меңгеріп, ауыр гір тасын техниканы пайдалану арқылы көтерсе, ешқандай да кері әсері  болмайды. Денені, бұлшықеттерді дұрыс жаттықтырып, қыздыра білу керек. Гірді тек қыздырылған денеге көтеру керек. Дайын-дықсыз ешқандай әрекетке бармаған жөн. Дене жарақат алып қалуы мүмкін. 

– Гір көтеру – ерекше спорт түрі. Бір күндік жат-тығу қайда, қалай өтеді?

– Жаттығуларым «Жекпе-жек» спорт сарайында  өтеді. Әр жаттығу әртүрлі болады. Әртүрлі ауыр салмақтағы гір тасын көтеріп, шынығамын. Жаттығуға күніне бес-алты сағатымды арнаймын. Спортшы үнемі формада болуы керек. Сол үшін тырысамыз. Алдағы жоспарым күзде өтетін Әлем чемпионатында топ жару, өзгелерден үздік болу. Ол үшін осы бастан жаттығу жасап, көк туымызды сол жақта желбіреткім келеді. Дәл қазір жаттығу қызып жатыр. 

– Болашақта бапкерлікке бет бұру ойда бар ма?

– Бапкер болу спортшы болудан да қиын, екі есе жауапкершілік жүктейтін жұмыс. Соған қарамастан, бапкер болғым келеді. Балаларды жаттықтырып, мықты чемпиондарды дайындасам деймін.

Диана ӘДІЛХАН,
11-сынып оқушысы

Ақтөбе қаласы

«Ұлан» газеті, №31
1 тамыз 2023 жыл

853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор