• Толағай
  • 16 Мамыр, 2023

Дзюдодан жүлдесіз қайттық

Бұл күндері Қатар астанасы Доха қаласында дзюдо күресінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасына жүлде бұйырған жоқ. Ел сенім артқан қыз-жігіттер құралақан қалды. Шыны керек, Қазақстан кейінгі жылдары дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы екі күнінде жүлде түспесе, әрі қарай үміттенбейтін болып үйреніп алған. Өйткені негізінен медальға ілігетіндер жеңіл салмақтағы балуандар. Дохада жарыстың алғашқы күнінде төрт балуанымыз бақ сынады. Оның екеуі ерлер, екеуі қыздар арасында. Бұл төртеуіне артылған жүк ауыр болатын. Атап айтсақ, ерлерден Жамбыл облысының қос спортшысы Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев болса, қыздардан Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тыныбаева белдесті.

Елдостың әлем чемпионатында күресіп жүргеніне 10 жылға жуықтады. Осы аралықта дүниежүзінің мықтылары жиналатын додадан үш рет медаль алған. Ең алғаш 2015 жылы Астанада алтын, одан кейін 2019 жылы Токио және 2022 жылы Ташкентте қола медальға қол созды. Бұл жолы сол үштікте бола ма деп топшылап едік. Бірақ жерлесіміз ұзаққа бара алмады. Жарысты екінші айналымнан бастап, алдымен Түркіменстан спортшысын таза ұтқан. Алайда 1/8 финалда өзбек дзюдошысы Дильшодбек Баратовқа Golden Score-да есе жіберді. Бұл қарсыласты Елдос өткен жылы Ташкенттегі әлем чемпионатында қола жүлде үшін өткен кездесуде жеңгені бар. Осы жолы қарсыласы есесін қайтарды.

– Чемпионатқа барлық жағынан дайын болдым. Тәжірибем бар, қателіктермен жұмыс істедік, жарақаттарды емдедік. Жеребе де маған жолдас болды. Өзіме 100 пайыз сенімді болдым. Бірақ бұл жолы бұйырмады. Мен дзюдоны қоймаймын. Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар, – дейді Елдос Сметов.

Такато тосқауыл болып тұр

Елдос Сметовтің жерлесі, 20 жастағы Нұрқанат Серікбаев қарқыны қуантады. 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған балуан биыл ересектер арасындағы гран-прилерде жүлде алып жүр. Сондықтан бапкерлер штабы сенім артып, Доха алып барды. Нұрқанат Қатар астанасында алдымен молдовалық Тирсина Александруды тізе бүктірді. Одан кейін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлемдік рейтингтің көшбасшысы тайпейлік Юн Вэй Янгтан қосымша уақытта басым түсті. Өкінішке қарай, ширек финалда Олимпиада чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы Такато Ноахисадан ұтылды. Шыны керек, соңғы кездері жапон балуаны біздің жігіттерге алынбас қамал болып тұр. Токио Олимпиадасының жартылай финалында Сметовтен басым түскен болатын.

Иығым түсіп қалса да, медаль алғым келді

Қыздардан Бұрымды дзюдошыларымызға келер болсақ, жыл басында Португалиядағы гранприде екі қазақ қызы финалда белдескен еді. Атап айтқанда, 48 келіде Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тыныбаева өзара белдескен. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Сондықтан осы екі қыздан көп үміт күткен. Дохада Абиба да, Ғалия да белдесулерін сәтті бастаған. Бірақ жүлдеден тыс қалды... Ғалия Тыныбаева алғашқы белдесуде әзербайжандық Кенуль Алиевадан айласын асырып, одан кейін Оңтүстік Корея өкілі Ли Хек Йонгты иппонмен ұтты. 1/8 финалда биылғы 3 бірдей Grand Slam (Анталья, Тель-Авив, Париж) жарыстарының жеңімпазы, франциялық Понт Бландиеден Golden Score-да жеңілді. Сөйтіп, жарысты аяқтады.

Абиба Әбужақынова екінші айналымда израильдік Малька Тамарды жеңді. Одан кейін моңғол қызы Баасанху Бавудордждың осал тұсын тауып, ширек финалда сербиялық Мелисса Николичтен мықты екенін байқатты. Бірақ жартылай финалда осы салмақтағы әлемдік рейтингтің үздігі француз спортшысы Ширин Боуклиге есе жіберді. Ал қола медаль үшін өткен кездесуде Абиба италиялық Ассунта Скуттоға вазари ұпайымен жеңіліп, 5-орынға табан тіреді.

– Негізі қола медаль емес, чемпион атану үшін келген едім. Жартылай финалдағы қарсыласыммен үш рет кездестім. Тактика дұрыс болмады. Жақын күресу керек еді. Барлық күшімді жартылай финалда жұмсадым. Ал қола жүлде үшін белдесуде өзімнің қателігімнің кесірінен жеңілдім. Моңғолия спортшысымен өткен екінші кездесуде иығымды ауыртып алдым. Бірақ, иығым шығып кетсе де медаль алғым келді. Басқа жарыста, бұйыртса Олимпиадада медаль алам, – деді Абиба Әбужақынова өз сұқбатында.

Ғұсман ескертумен жеңілді

Шыны керек, одан кейінгі жарыс күндерінде медаль күтуіміз қиын еді. Бірақ балуандардың арасында Ғұсман Қырғызбаевқа обал жасалды. Қалғаны қарсыластарынан таза жеңілді. Ғұсман осыдан екі жыл бұрын әлем чемпионатында 60 келіге дейін салмақта финалға жеткен. Бұл жолы 66 келіде күресті. Отандасымыз бірінші кездесуде Панамерика чемпионатының 7 дүркін жүлдегері – Перу өкілі Хуан Постигосты иппонға түсірсе, екінші айналымда әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған Израиль спортшысы Барух Шмаиловты қосымша уақытта жеңді. 1/8 финалда Қырғызбаев Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионы, Баку–2018, Ташкент–2022 әлем біріншіліктерінің қола жүлдегері, Оңтүстік Кореяның азулы спортшысы Ан Ба Улмен күресті. Негізі қарсыласына әдіс жасатқан жоқ. Алайда төрешілер шидо көрсетіп, Ғұсманды жарыс жолынан ығыстырып тастады.

– Әлем біріншілігіне жақсы дайындықпен, бабымда келдім. Екінші айналымда Израильдің мықты балуанын жеңдім. Үшінші кездесуге келер болсақ, қарсыласыма «шидо» бойынша ұтылдым. Бірақ, ескертулерді не үшін бергенін түсінбедім, – деді Ғұсман Қырғызбаев.

Жансай Смағұлов карьерасын аяқтайды

Елдос пен Ғұсманнан кейін құрамада ұзақ жыл жүрген спортшының бірі Жансай Смағұлов еді. Алайда қарағандылық балуан алысқа шаба алмады. Ол бейтарап тудың астында өнер көрсетіп жатқан ресейлік Махмадбек Махмадбековтен айласын асыра алмады. – Бұл менің бесінші әлем чемпионатым. Осы спортшыдан екінші рет жеңіліп отырмын. Бүгін менің қателігімнен қарсыласым «вазари» ұпайын алып, басымдықты белдесу соңына дейін ұстап қалды, – дейді Жансай Смағұлов.

Жансаймен бірге 73 келіге дейін салмақта күрескен Данияр Шамшаев бірінші белдесуде Түркия елінің өкілі Умалт Демирельден басым түсті. Ал екінші айналымда 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы (66 келі) италиялық Мануэль Ломбардоға есе жіберді. Өзге спортшылардың жеңілісін тізбелей берудің де қажеті жоқ болар. Көбі сол біріншіекінші айналымнан әрі аспады.

Қазақстан соңғы рет 2014 жылы әлем чемпионатында жүлдесіз қалған. Одан кейін 2015 жылы 1 алтын, 1 күміс, 2017 жылы 1 қола, 2018 жылы 1 күміс, 2019 жылы 1 қола, 2021 жылы 1 күміс, 2022 жылы 2 қола медаль алған едік. Арада 9 жыл өткенде осындай жағдай болып отыр. Қазақстанмен салыстырғанда, көрші Өзбекстан 3 медаль алды. Отандық дзюдо басшылары ойланатын кез келген тәрізді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №20
16 мамыр 2023 жыл

317 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор