• Толағай
  • 03 Сәуір, 2023

Сөзбен жеткізуге келмейтін тарихи жеңіс

Қазақстанда Наурыз мейрамы демалысын футболшыларымыз жалғастырып жатыр. Өйткені Магомед Адиев жаттықтыратын ұлттық құрама EURO-2024  іріктеу кезеңі аясында атақты Дания құрамасын жеңіп кетті. Жеңгенде де жай емес. Матчтың 73-минутына дейін 0:2 есебімен ұтылып жаттық. Сосын ояндық. Жай оянбадық. Қатарынан үш гол соқтық. Қай голды алып қарасаң да, бірінен бірі өтеді. Әсіресе, құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің қақырата тепкен тобы айтарға сөз жоқ болды.

Мұндай ойынды тек көру керек. Онда да теледидардан емес, стадионнан. «Астана-Аренадағы» эмоцияны сөзбен жеткізу де қиын. Словениядан жеңілгенімізге қарамастан, 28 мыңнан астам көрермен жиналыпты. Рамазан айында, дәл ауыз ашатын уақытта осындай көрерменнің жиналуы да жігіттерге ерекше қанат бітірді-ау. Бірінші таймда Данияның 20 жасқа енді толатын жас таланты Расмус Хойлунд қақпамызға дубль жасады. Бұл шабуылшы осының алдында Финляндия қақпасына хет-трик жасаған. Қазір «Реал Мадрид» секілді клубтардың өзі қызығушылық танытып жатқан көрінеді. 

Осымен бәрі біткен шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, қызықтың бәрі алда екен. Кездесудің 70-минутында бұрыштама добынан кейін қарсыластың ойыншыларының бірінің қолына тиіп, төреші Дания қақпасына пенальти белгіледі. Нүктеге команда капитаны Асхат Тағыберген келе ме деп күткенбіз. Жоқ, Бактиер Зайнутдинов тепті. Дегенмен, мүлт кеткен жоқ. Ұлттық құрамадағы 11-голын соқты. Рекорд Руслан Балтиевке тиесілі (13 гол). Тағыбергеннің пенальтиден жол бергені өзіңе екі еселеніп келді десек, артық айтқанымыз емес. Бұған дейін гол соға алмай жүрген жартылай қорғаушы 35 метр-ден Каспер Шмейхель қақпасының тоғыздығын дәл көздеді. Арада бірер минут өткенде Ян Вороговскийдің әуелетіп берген добын Абат Айымбетов басымен қақпаға тоғытты. Қорытынды есеп – 3:2. Қазақстан өз тарихында мұндай атақты құраманы жеңбеген еді. Өйткені, Дания – 1992 жылғы Еуропа чемпионы. Әлемдік рейтингте топ-20 қатарына кіреді.

Иә, 2007 жылы біз наурызда Сербияда 2:1 есебімен ұтқанбыз. Сербияның ол кездегі рейтингі – 28-орын болыпты.
Данияның атақ-дәрежесі де, деңгейі де Сербия, Шотландиялардан әлдеқайда жоғары. Айтпақшы, осы тарихи жеңістеріміздің көбі наурыз айында болған екен.
Қазақстан – Сербия – 2:1 (24 наурыз, 2007 жыл);
Венгрия – Қазақстан –  2:3 (24 наурыз, 2018 жыл);
Қазақстан – Шотландия – 3:0 (21 наурыз, 2019 жыл).
Осы нәтижеден кейін Словенияға есе жібергенімізді ұмытуға тура келді.

«ҚАТЕЛІКТЕН САБАҚ АЛДЫҚ»

Матчтан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев тілшілердің сауалына жауап берді.

– Әрине, жеңіске өте қуаныштымыз. Өткендегі өкінішті жеңілістен кейін өз алаңымызда жанкүйерлер алдында үш ұпай алуға тырыстық. Қарсыластың атақ-дәрежесі, деңгейі қандай екені түсінікті. Соған қарамастан қалпымызға келуге көңіл бөлдік. Десе де өз алаңымыздағы жеңіліс құрамаға біршама әсер етті. Шегінерге жол жоқ. Бұл жайында ойыншылармен әңгімелестік. Даниямен кездесуде бірінші кезең біз ойлағандай болған жоқ. Екі голдың соғылуы қателік салдарынан болды. Екінші кезеңде ойыншылардың бір-бірін түсінуі қалыпқа келе бастады. Оны оңтайлы пайдалана алдық.

– Бірінші кезеңде Габышевтің орнына Скворцовты, үзілістен кейін Малыйды Ерлановқа ауыстырдыңыз. Бұл қателігіңізді мойындағаныңыз ба?

– Мен жігіттер туралы негатив пікір айта алмаймын. Олар бүгін жарады. Жеңіске жетті. Негізгі құрамды мен таңдадым. Жарақаттары болды. Сосын ауыстыруға тура келді. 

– Пенальтиден кейін ойыншыларды ауыстыра бастадыңыз. Ян Вороговский де бастапқыдай емес, соңғы жағында сенімді ойнауға көшті...

– Янның қапталындағы ойыншы өте мықты болды. Сондықтан барлығы дұрыс деп санаймын. 

– Қазақстан бірнеше күн Наурыз мерекесін тойлады. Енді сол демалысты әрі қарай сіз жалғастырдыңыз. Жанкүйерлерге айтар бір-екі ауыз сөзіңіз болса...

– Мен үнемі жанкүйерлердің қолдауы өте керемет екенін айтып отырамын. Қазақстанға қандай қарсылас келсе де, оларға оңайға соқпайды. Словениямен матчтан кейін түзу айтылған сынды өзіме қабылдадым. Бүгін қателіктен сабақ алып, жеңісті жұлып алдық. 

«ЖАНКҮЙЕРЛЕР БОЛМАСА, ЕШКІМ ЕМЕСПІЗ»

Ал осы ойында ұлттық құраманың алғашқы голын пенальтиден Мәскеудің ЦСКА клубында ойнайтын Бактиер Зайнутдинов соқты. Матчтан кейін 24 жастағы жартылай қорғаушы тілшілердің сауалына жауап берді.

– Сөзбен айту жеткізу қиын. Барлық эмоцияны алаңда қалдырдық. Жанкүйерлердің қолдауы керемет. Стадионға 28 мың адам келіпті. Жанкүйерлер болмаса, біз ешкім емеспіз. Алғысым шексіз.

– Ұлттық құраманың үздік шабуылшысы атану деген мақсатыңыз бар ма?

– Құдай бұйыртып тұрса, әрине. Қазір маған өз бабыма келу маңызды. Бір жарым айдай жаттығу жасамадым. Енді жаттығу жасап, қайта қалпыма келу қажет.

– Бірінші матчта қосалқы құрамда қалды-ңыз. Бүгін негізгі құрамда ойнадыңыз...

– Әрине, бір жарым ай ойнамаған соң, бас бапкер физикалық дайындығымды сұрады. Оңай емес. Бүгін қолымнан келгенше барымды салдым. Бұйырса, алдағы уақытта барлығы орнына келуге тиіс.

– Бірінші таймнан кейін 0:2 есебімен жеңіліп жаттық. Үзілістен кейін қарсылас тағы гол соғады деген қорқыныш болмады ма?

– Үзілісте жігіттермен сөйлестік. Бас бапкер өз тапсырмасын берді. Мүмкіндіктерің болады, соны пайдаланыңдар деп айтты.

– Пенальтиді тебуге сенімді шықтыңыз ба?

– Басында сол жаққа тебем бе деп ойлап ем. Бірақ сосын ортаға тептім.

– Сіз болмасаңыз, пенальтиді кім орындайды?

– Бізде бірінші-екінші деген жоқ. Доп Асхатта болды. Мен оған өтініш жасап, сұрап алдым. Құдай да көріп тұрған болар, менен кейін өзі де салды.  

– Жеңістен кейінгі эмоция қандай болды?

– Шыны керек, соңғы рет мұндай жеңісті қашан көргеніміз есімде жоқ. Өте қатты қобалжыдым. Жүрегіміз дүрсілдеді. Аллаға шүкір, жеңіске жеттік!

Айта кетейік, Бактиер Зайнутдинов осы ойында ұлттық құрамадағы 11-голын соқты. Ең үздік сұрмерген Руслан Балтиевтің рекордына екі гол қалды.

Қазақстан құрамасының үздік сұрмергендері:
1. Руслан Балтиев – 13 гол (73 матч);
2. Виктор Зубарев – 12 (18);
3. Бактиер Зайнутдинов – 11 (28);
4. Дмитрий Бяков – 8 (33);
5. Сергей Хижниченко – 8 (52).

КАПИТАН СОҚҚАН ГОЛЫН ӘКЕСІНЕ АРНАДЫ

Құрама капитаны Асхат Тағыберген алған әсерін сөзбен жеткізу қиын деп айтты. Өзі де: «Даниядан басым түсетінімізге ешкім сенбеді.Euro-2024 іріктеу кезеңінің алғашқы екі ойынына дайындалғанымызда, барлығы Қазақстан Словенияны жеңуі мүмкін, бірақ Данияға есе жібереді деп айтты. Армандар орындалады екен. Топтан шығу қиын болар. Дегенмен, үмітімізді үзбейміз. Бастысы, жарқын ойынымызбен жанкүйерлерді қуанта беруге жазсын», – деп ойын жеткізді.

– Біздің жеңетінімізге сенбегендерге дұғай-дұғай сәлем айтамын. Төрешінің ысқырығы естілген кезде көзіме жас үйірілді. Осындай керемет тарихи жеңіспен барлық қазақ халқын құттықтаймын. Ал мен соққан голымды марқұм әкеме арнаймын. Ең бастысы, жеңсек те, жеңілсек те, бәріміз бірге болайық. Қолдауларыңызға көп рақмет! – деді Асхат Тағыберген.

Айта кетейік, 32 жастағы жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапында алғаш рет гол соғып отыр. Оның алыстан тепкен жойқын соққысы әлемнің үздік қақпашыларының бірі Каспер Шмей-хельдің қақпасының дәл тоғыздығына кірді. Қазіргі кезде осы голды БАҚ өкіл-дері мен әлеуметтік желіде жарыса талқылап жатыр.

Бек ТӨЛЕУОВ
Суреттер интернеттен алынды

«Ұлан» газеті, №14
4 сәуір 2023 жыл

316 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор