• Толағай
  • 21 Қараша, 2022

Бес алтыннан кем түспейміз деген боксшылар үшеуден аспады

Жақында Иордания астанасы Амман қаласында бокстан Азия чемпионаты өтті. Жасыратыны жоқ, жігіттерден көп үміт күтілген еді. Бірақ бәсекелестігі аздау құрлық біріншілігінде ерлер құрамасы 13 салмақтың тек үшеуінде топ жарды.

Негізі бұл дода келесі жылы өтуге тиіс еді. Бірақ Азия ойындары кейінге шегерілгендіктен аяқ астынан Азия чемпионаты қолға алынды. Жарыста ерлер 13, әйелдер 12 салмақта сынға түсті. Чемпионаттың алғашқы күнінде күтпеген жерден 63,5 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын Санатәлі Төлтаев ұтылып қалды. Ол былтырғы Өзбекстан чемпионы Руслан Абдуллаевпен кездескен болатын. Жекпе-жек қорытындысы бойынша өзбек боксшысы 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Құрлық біріншілігінің алдында осы салмақта кім баратыны әзер шешілді. Өйткені қазір құрамада Олимпиадаға барған Зәкір Сафиуллин жоқ. Оның орнында бірнеше жас боксшы жүр. Солардың арасында Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен кезіндегі даңқты боксшымыз Руслан Мусиннің ұлы Сұлтан да бар еді. Бірақ бапкерлер штабының таңдауы Санатәлі Төлтаевқа түскен. Бейресми мәліметтерде Төлтаев жеке спарринг кездесуде Базарбайұлынан басым түсіпті. Алматы облысының тумасы, бүгінгі күні Маңғыстаудың намысын қорғап жүрген боксшының баратынына әлеуметтік желіде қарсылық білдірген де бар еді. Жекпе-жектен кейін ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Bassport.kz тілшісіне пікірін білдіріпті.

–  Азия чемпионатына аттанарда біз екі салмақта спарринг кездесулер өткіздік. 63,5 және 75 келіге дейінгі салмақта құрлықтық сынға кімнің қатысатынын көпке дейін анықтай алмадық. Егер бір боксшы айқын басымдық танытып тұрса, ойланбастан апарушы едік. Сол себепті, біріншілік қарсаңында спарринг кездесулер өткіздік. Аталған жекпе-жектерді федерацияның атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшалов арнайы келіп тамашалады. Бапкерлер де сол жерден табылды. Аталған сында Санатәлі қарсыластарының бәрін жеңді. Алдымен Сұлтан Мусиновты, кейін Мұхамедсабыр Базарбайұлын ұтты, – дейді Қайрат Сәтжанов.

Бүгінгі кездесуде Төлтаев қолынан келгеннің бәрін істеді. Бірінші секундтан бастап, ең соңына дейін тынған жоқ деп айтты.

–  Шамасы жеткенше айқасты. Бар күш-жігерін салды. Біздің есебімізше, бірінші және үшінші раундтарды Санатәлі жеңгендей еді. Бірақ жеңісті қарсыласқа берді. Егер Азия чемпионатына Санатәлі емес, басқа боксшы-мыз келіп, тап осы өзбек боксшысымен шығатын болса, ауыр соққы алып қалар еді. Өзбекстан намысын қорғайтын Руслан Абдуллаев негізі қазақ бала, – дейді бас бапкер.

Санатәлі 2019 жылғы Азия чемпионатында қола жүлде алған. Бангкоктағы біріншіліктің жартылай финалында өзбекстандық Баходир Усмоновқа есе жібергені бар. Енді жүлде алғандарға тоқталсақ, Амманда атой салғандардың арасында Санжар Тәшкенбайды ерекше айтуға болады. 19 жастағы боксшы әсіресе өзбек және жапон қарсыластарынан бір бас жоғары екенін байқатып, сенімді жеңді.

– Санжардың тума талант екені байқалып тұр. Негізінен, көп боксшы психологиялық түрде ішкі әлемімен айқасып жүреді. Куба сияқты елдің спортшысын қарасаң, рингте «жанып» кетпей, өзін еркін ұстайды. Бұл – үлкен басымдық. Осындай өзгешелікті Санжардың бойынан байқадым. Боксшыда өжеттік пен жігер үйлесім тапса игі, – дейді спорт журналисі Қайрат Әбілдә.

Одан кейінгі салмақ, яғни 51 келінің финалында осы Азия чемпионатының ең басты кездесуі өтті. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Өзбекстанның атақты боксшысы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Хасанбой Дусматовпен кездесті. Былтыр Белградта отандасымыз басым түскен. Бұл жолы өзбек жігіті тактикалық тұрғыда сауаттылық танытып, есесін қайтарды.

–  Хасанбай Досматов жай боксшы емес. Жай боксшы Олимпиада чемпионы болмайды ғой. Бірақ былтыр оны айқын басымдықпен, әдемі жеңген едім. Осы жолы да солай боларына сендім. Бірінші раундта бапкерлерім жақсы тактика қойып берген. Сол кезеңде 3:2 есебімен ұтыппын. Алайда ұтылып жатырмын деген оймен тактиканы өзгертіп жібердім. Бұл менің қателігім еді. Осының салдарынан жеңілдім, –  дейді Сәкен Бибосынов.

Сосын финалға келгенде жолы бола бермейтін Махмұд Сабырхан есімді жас талант бар. Әйтпесе, оған дейін қарсыластарының бірде-біреуіне мүмкіндік берген жоқ. Ал шешуші кезеңде Олимпиададаның күміс жүлдегері, филиппиндік Карло Пааламнан ұтылып қалды. Екінші орын алғандардың қатарында Серік Теміржанов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) бар. Қызылордалық боксшысы кәсіпқойға бір кетіп, қайтадан құрамаға оралған. Кезінде Қоңқабаевтың жолын өзбекстандық Баходир Жалоловтың кесетін. Осы жолы оның ізбасары табылыпты. Финалда жерлесіміз Лазизбек Муллажоновтан жеңілді.

Бұрын төрешілерді жиі кінәлап жататын едік, бірақ Амманда өзбек боксшыларынан төмен болғанымызды жасыру мүмкін емес. Бірнеше салмақта есе жібердік. Жоғарыда айтқан Санжар Тәшкенбайдан бөлек, тағы екі алтын жігітіміз бар. Олар Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Айбек Оралбай (92 келі). Алғашқысы финалда иорданиялық Зеяд Ишайшнның осал тұсын тапты. Айбек Оралбай Өзбекстандағы қандасымыз Мадияр Сайдрахимов-тен үстем болып, жеңімпаздар қатарынан табылды. Саматәлі Төлтаев (60 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі) қоланы қанағат тұтты.

Бас бапкер Қайрат Сәтжанов Азия чемпионаты-ның алдында бес алтын алудан үмітті екенін айтқан. Бірақ ол жоспар орындалмады. Мамандар қай жерден қателік кеткенін түсінген болар деп үміттенеміз. Сосын айтқымыз келмесе де, әлеуметтік желіде де сынға ұшыраған бір мәселе бар. Ол боксшылардың сақалдарын өсіріп, дінге тым беріліп кететіндігі. Бұрын күрес түрлерінде жиі байқа-латын үрдіс бокста да белең ала бастапты. Дін, әрине, әркімнің жеке сенімі, қалауы. Бірақ ұлттық құрама спортшылары ең болмаса карьерасын аяқтағанша дінге тым жақын болмаса екен деп ойлайсың. Өйткені екеуін бірдей алып жүру де оңай емес.

Қыздарға қысқаша тоқталып өтсек, аруларымыздан да үшеуі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар: Алуа Балқыбекова (48 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі). Аса ауыр салмақтағы Гүлсая Ержан финалда сүрініп, күміс жүлдегер атанды. Оның үндістандық қарсыласына күші жеткен жоқ. Ерекше үміт күткен боксшыларымыздың бірі, екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бұл жолы құралақан қайтты.

Ерлер мен әйелдердің жүлдесін қатар қосқанда барлығы 21 медаль (6 алтын, 7 күміс және 8 қола). 
ТОП-10 құрама былай:
1. Қазақстан – 6-7-8
2. Өзбекстан – 6-3-4
3. Үндістан – 4-2-6
4. Иордания – 2-3-2
5. Таиланд – 2-2-1
6. Жапония – 1-5-1
7. Оңтүстік Корея – 1-1-4
8. Тайвань – 1-0-3
9. Филиппин – 1-0-2
10. Вьетнам – 1-0-1.

Осы Азия чемпионатында ерекше қуантқан жайттың бірі – ұлттық құрама боксшыларын рингке қазақ тілінде шақырған ринг анонсер Риши Паникер болды. Біздің кейбір шалақазақ шенеуніктерге қарағанда, тілін бұрамай, ап-анық хабарлап тұрды. Дубайда туып-өс­кен ол боксшыларды ана тілінде таныстыру арқылы олардың туған жеріне, мәдениетіне деген ерекше құрметін көр­сетіп қана қой-май, сондай-ақ былғары қолғап шебер­лерін осылайша рухтандырғысы келген екен. Чемпионаттан кейін Қазақстан бокс федерациясы ерекше құрмет ретінде оған шапан жапты. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №47
22 қараша 2022 жыл

424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор