• Толағай
  • 13 Маусым, 2022

Жаңарған дәстүрлі Тұрлыханов турнирі

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде күрес түрлерінен Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановты еске алу турнирі өтті.

Саналы ғұмырында талай сақа балуанды баптап, оларды күрескерлік рухқа,жеңіске деген ерік-жігерге тәрбиелеген Болат Тұрлыхановтың есімі ел есінде. Баласы Дәулет Тұрлыхановтан бастап, талай балуанның томағасын сыпырған бапкерді еске алуға арналған жарыс ең алғаш туып өскен өңірі Семей қаласында 1994 жылы өткен. Кейінгі жылдары тұрақты түрде Алматы қаласы қабылдап жүр. 

Бұл дода 2019 жылға тұрақты түрде ұйымдастыры-лып тұрды. Сосын карантин басталып, екі жыл тоқтап қалды. Есесіне, биыл өзгеріс көп. Бұған дейін грек-рим балуандары ғана қатысса, қазір еркін және әйелдер күресінің өкілдері де бозкілемге шықты. Бұл турнир 2015 жылы Халықаралық күрес федерация-сының «United World Wrestling» күнтізбесіне енген. Тұрлыханов кубогында рейтингтік ұпай үлестірілді. Мұнда жинаған ұпайлар әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының жеребе тарту рәсімінде есепке алады. 

2022 жылы осындай төрт турнир бар. Алғашқысы, ақпан айында Стамбұл қаласында өткен. Енді Рим мен Тунисте осындай жарыстар жоспарланған. Сосын қыркүйекте Белградта әлем чемпионаты өтеді. Алматыға осы жолы көптеген жұлдыз келді. Олимпиада, әлем чемпионаттарында топ жарған, жүлде алып жүрген балуандардың біразы белдесті. Әсіресе, Иран, Түркия, Моңғолия, Үндістан біраз үздіктерін қосқан. Сөзімізге атағы алысқа кеткен Хасан Йоздани мен Амир Хоссейн Аббаз-Заре секілді мықтылардың белдесуі дәлел бола алады. Моңғолия әйелдер құрамасы алғашында 20 спортшының тізімін ұсынған. Тіпті, бұл жағынан Қазақстаннан асып түскен. Өйткені жерлестеріміз 6 балуаннан үш құраманы қосқан. Жалпы саны 18 қыз болды. Алайда жеребе кезінде моңғол қыздарының аз екені білінді.

Әйелдер күресінде қызық жағдай көп болды. Мысалы, 72 келіде күрескен өзбекстан-дық Светлана Окназарова өз тобындағы үш кездесудің барлығында ұтылды. Соған қарамастан қола медаль алды. Өйткені бұл салмақта бар-жоғы үш балуан келген. Былтыр Алматыда Токио Олимпиадасының іріктеу ойындары өткен. Сол кезде грек-рим күресінен ауыр салмақта белдесетін балуан болмады ма, әйтеуір 40 жас-тағы Георгий Цурцумия бозкілемге шыққан. 13 жылдан бері күреспеген Цурцумияның тісқаққан спортшыларға шамасы жетпеген. Осы жолы әйелдер күресіндегі ардагеріміз Елена Шалыгина күресіп көруге тырысты. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола жүлде алып, арада үш жыл өткенде 25 жасында карьерасын аяқтаған Шалыгина әлі де өзің дәлелдегісі келсе керек. Он жылдан кейін қайта оралып, күресіп көрген. Бірақ болмады. Үлкен спорт – кіріп шығатын есік емес екенінің дәлелі осы болса қажет. Өйткені үздіксіз жаттығу, тұрақты жарысқа шығып тұрмаған соң, күнде белдесіп жүрген балуандар мүмкіндік бере қоймайды. 

Әрине, алғашқы белдесуінде 53 секундта өзбекстандық Динара Рустамованың мәселесін шешіп тастаған. Одан кейін Машиши (Үндістан), Элис Манолова (Әзербайжан) секілді балуандарға күші де, шамасы да жетпеді. Әйелдер күресінен ұлттық құраманың тағы бір ардагер спортшысы Жұлдыз Ешімова осымен бесінші олимпиадалық циклде күресіп жатыр. Бұған дейін Лондон мен Рио бозкілемінде белдескен. Токиоға жолы түспеді. Тұрмысқа шығып, бала күтімімен отырып қалған. Қазір қайта күресіп жүр. Тұрлыханов турнирінде финалға дейін жетті. Тек шешуші кезеңде жарақатына байланысты моңғол қызы Болортуя Бат-Очирмен белдесе алмады. Сөйтіп, күміс медальға ие болды. Бір қызығы, осы Бат-Очир-дің жолы болғыш. Былтыр Алматыдағы Олимпиаданың іріктеу кезеңінде тағы бір отандасымыз Татьяна Ахметовамен финалда кездесуі керек болған. Бірақ қазақстандық спортшы жарақат алып, күреспеген. Грек-рим күресінен ауыр салмақта шу шықты.

130 келіге дейін салмақтың қола жүлдесі үшін екі отандасымыз белдескен. Атап айтсақ, Әлімхан Сыздықов пен Антон Савенко. Бұл жұптың фавориті биыл Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатында топ жарған Сыздықов саналған. Белдесудің аяқталуына бір минут қалғанша Савенко есепте алда тұрды. Сосын Сыздықов белсенді қимылдап, есепті қысқартқан – 3:5. Бірақ Антон қулыққа басты. Партерде Әлімханның саусағын тістеп алады. Төреші оған ескерту беріп, Сыздықовқа екі ұпай қосады. Бұған Савенконың бапкері қарсылық білдіріп, шағым түсіреді. Арбитр шешімін өзгертіп, Сыздықов өзі ереже бұзды деп санайды. Нәтижесінде 6:1 есебімен Антон жеңіске жетті. 

«Классикалық» күрес балуандарының арасында қазақ жанкүйерлерінің жалғыз Мейіржан Шермаханбетке реніші жоқ шығар. Ол 72 келі-ге дейін салмақта финалға дейін біраз мықтыны жолынан ығыстырды. Мысалы, Ираннан келген Мохаммадрезу Гераеидің осал тұсын тапты. Қарсыласы былтыр Токио Олимпиадасында чемпион атанған. Бірақ Гераеидің осы қазақ балуанына шамасы жетпей жүр. Өйткені ол Шермаханбеттен осымен төртінші рет жеңілді. Қызығы сол, Мейіржан бірде-бір белдесуде қарсыластарына есе жібермесе, де алтыннан тыс қалды. Финалда тағы бір Иранның мықты балуанымен кездесуге тиіс еді. Алайда жарақатына байланысты финалдан тыс қалды. Сөйтіп, күміс медальды қанағат тұтты. 

Грек-рим күресінен жалғыз алтынды 77 келіге дейін салмақтағы Қаһарман Қисметов еншіледі. Ол финалда тағы бір отандасымыз Демеу Жадыраевтан басым түсті. Еркін күрестен 79 келідегі Болат Сақаев топ жарды. Қыздардан Марина Седнева (55 келі) мен Жәмилә Бақбергенова (72 келі) мықтылығын дәлелдеді. Нәтижеге қарап, балуандарымыздың әлі де әлемдік деңгейдегі додаларда оза шабуға дайын еместігін байқауға болады. Көптеген салмақта проблема жетерлік. Алда қыркүйек айында Сербия астанасы Белград қаласында әлем чемпионаты бар. 20 жылдан бері күтіп жүрген алтын осында бұйырады деп үміттенеміз...

Бек Төлеуов
Суреттер интернеттен алынды.

«Ұлан» газеті, №24
14 маусым  2022 жыл

547 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор