• Толағай
  • 08 Қараша, 2021

11 жылдан кейін бұйырған чемпиондық

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы мәреге жетті. Биыл араға 11 жыл салып, Қостанайдың «Тобыл» командасы топ жарды.

Қазақстан премьер-лигасының 25-турына дейін көш бастап тұрған «Астана» командасы Алматының «Қайратынан» ұтылғаннан кейін (0:1), тізгінді «Тобылға» беріп қойды. Қостанайлық клуб елордалықтардың бұл жеңілісін сәтті пайдаланды. 25-турда олар өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 4:1 есебімен жеңіп, ұпай санын 58-ге жеткізді. Осылайша, биылғы маусымның чемпиондық атағы соңғы турда шешілетін болды. «Астана» 26-турда «Тұранмен» ойнаса, «Тобыл» «Ақжайыққа» қонаққа барды. 

Қостанайлық клубқа «Ақжайықпен» болған ойында міндетті түрде жеңіске жету қажет еді. Солай болды да. Александр Москаленко шәкірттері жылдың басты ойынын еш қиналмастан өз пайдасына шешіп, екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Ал, «Астана» өз алаңында «Тұранды» ұта алмады. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Сонымен, «Тобыл» 61 ұпаймен чемпион атанса, «Астана» 57 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. Алматының «Қайраты» қола жүлдені қанағат тұтты. Қазақстанның былтырғы чемпионы 51 ұпай жинады.

Қазақстанда футболдың дамуы көбінесе әкімдерге байланысты. Бұл жағынан Қостанайдың жолы болып тұр. Соңғы 20 жылдан астам облысты басқарғандардың барлығы ала допқа қызығушылығы жоғары жандар еді. Қостанайға футбол 1998 жылы облыс әкімі ретінде Өмірзақ Шөкеевтің тағайындалуымен келді десек, артық айтқанымыз емес. Ол «Тобылға» көп көңіл бөлді, қаншама қаржы салды. 2002 жылы команда алғаш рет Қазақстан чемпионатында үштікке енді. Келесі жылы Интертото кубогында ойнап, үшінші кезеңге дейін жетті. 

Осыдан бастап команда үштіктен түспей жүрді. УЕФА кубогында «Базель», «Галатасарай» секілді Еуропа клубтарымен тең дәрежеде өнер көрсетті. 2004 жылы Сергей Кулагин әкімдік креслосына жайғасты. Ол да футболды жақсы көретіндердің қатарынан екен. Қаржы аяған жоқ. Әйтеуір, 2010 жылы арманына жетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Осыдан соң клуб директоры мен бапкерінің арасында кикілжің болып, команда құрамы ыдырап кетті. 

Сосын бес жылдай команда біраз қиындықтан өтті. Ал 2015 жылы облысқа Архимед Мұхамбетов әкім болып келді. Ақтөбені басқарғанда жергілікті командаға қолдауын аямаған жаңа әкім «Тобылға» да қамқорлығын жалғастырды. Осы әкімнің тұсында жабық манеж салынды. Қазір стадион жөнделіп жатыр. Архимед Мұхамбетовтің арманы орындалып, Қостанай-дың «Тобылы» араға 11 жыл салып, екінші рет ел чемпионы атанды.

«Қызыл-Жар» қуантты

Биыл Петропавл қаласының намысын қорғаған «Қызыл-Жардың» қадамы қуантты. Маусым басында Андрей Карпович бас бапкер болып тағайындалғанда, көпшілік күмәнмен қараған. Былтыр Көкшетаудағы қадамы сәтсіз аяқталған Карпович «Қызыл-Жарды» төртінші орынға дейін көтере алды.  

Турнир кестесінде төртінші орынға тұрақтаған «Қызыл-Жардың» қуанышында шек жоқ. Өйткені олар келесі жылы Конференция лигасына қатысуы әбден мүмкін. Қазір Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алған төрт команданың үшеуі ел біріншілігінің жүлделі орындарын иеленіп қойды. Олар Қазақстан кубогын жеңіп алмаса да, еурокубоктық бәсекеде бақ сынайды. Қазақстан кубогының жартылай финалындағы төртінші команда – «Шахтер». Қарағандылықтардың да мақсаты – Еуропа алаңына шығу. Ол үшін, әрине, алдымен үздік төрттіктің арасынан топ жаруға тиіс. «Шахтерға» ел кубогы бұйырмаған жағдайда, еурокубокқа «Қызыл-Жар» қатысады. Былтырғы маусым-ды тоғызыншы орынмен аяқтаған «Қызыл-Жар» араға он жеті жыл салып, ең үздік нәтижеге қол жеткізіп отыр. 2004 жылы петропавлдық команда 6-орын алған. Бір кездері Петропавл футболы өте қарқынды дамыған. Әсіресе, команданы белгілі маман Дмитрий Огай жаттықтырған тұста күміс (2000) және қола (2001) медальға ие болды. 1999 жылы украиналық Владимир Стрижевскийдің басшылығымен Қазақстан чемпионатын күміс жүлдемен аяқтаған.

Томосовқа жетер сұрмерген жоқ

Қазақстан премьер-лигасының қорытындысы бойынша бас мерген атағын «Астананың» ойыншысы Марин Томасов жеңіп алды. Хорватиялық легионер 23 ойында 17 гол соқты. Одан кейінгі орында – «Қайрат» шабуылшысы Антон Шушеначев. 19 ойында 12 гол.

Сұрмергендер көшінің үздік үштігін «Тобылда» доп теуіп жүрген Игорь Сергеев қорытындылады. Өзбекстандық легионер 25 ойында 10 голдың авторы атанды. Осы жерде айта кететіні, 2009 жылдан бері чемпионаттың бас мергені атағын үнемі легионерлер ұтып келе жатыр. Соңғы рет Мұрат Тілешов 2009 жылғы футбол маусымында 20 доп соғып, түркіменстандық Владимир Байрамовпен біріншіліктің бас мергені атағын бөліскен болатын. Содан бері қазақстандық бірде-бір футболшы сұрмерген атағына лайық болмады.

Қызылорда мен Талдықорған командалары бірінші лигаға кетті Талдықорғанның «Жетісуы» мен Қызылорданың «Қайсар» клубтары Қазақстан премьер-лигасымен қош айтысты. Маусымды сүреңсіз өткізген бұл екі команда келесі жылы бірінші лигада ойнайды. Бірінші лигада үздік атанған «Мақтаарал» мен «Ақсу» командалары келесі жылғы Премьер-лигада ойнайды.

Нұр-Сұлтан мен Алматы

2014 жылдан бастап, Қазақстан чемпионатында бас жүлдеге талас елорданың «Астана» командасы мен Алматының «Қайраты» арасында өрбіп жүрді. Әрине, тек былтырғы пандемия кезінде болмаса, алғашқы алты жылда «Астана» дес берген жоқ. Ал биыл екі команданың да жағдайы мәз болмады. «Қайрат» маусымда  үш бапкер ауыстырды. Былтырғы чемпиондық құрамды жаттықтырған Алексей Шпилевский мамыр айының соңына дейін жүрді. Сосын Германияның екінші бундеслигасынан шақырту алып, қызметінен кетті. Одан кейін «Қайраттың» жастарын жаттықтырып жүрген Кирилл Кеккер уақытша тізгінді ұстады. Бірақ оның тұсында команданың нәтижесі көңіл көншітпеді. Чемпионатта ғана емес, еурокубокта да сәтсіздіктер жалғаса берді. Команда Чемпиондар лигасы мен  Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен шығып қалды. Сосын тізгінді ТМД-ға танымал маман Құрбан Бердыев ұстады. 80-жылдары «Қайратта» доп тепкен Бердыев араға бірнеше жыл салып, Алматыға оралды. Бірақ әлі күнге Құрбан мырза «Қайраттың» ойынын ретке келтіре алар емес.

«Астанаға» кезінде қыруар қаржы бөлінді. «Самұрық-Қа-зына» мен қалалық әкімдіктің бюджетінен ақша төгіліп тұрды. Бірақ мемлекеттің қаражатына жанашырлық танытпағандар оңды-соңды шашып, ақыры клубты қарызға батырды. «Астана» клубы директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Қожағапановтың айтуынша, қазір қарыздың сомасы 4,2 миллиард теңгеге жеткен. Соңғы екі жылда қайта-қайта басшылық ауысып, ішкі талас-тартыс әлі күнге жалғасып келеді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №45
9 қараша 2021 жыл

392 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор