• Толағай
  • 18 Қазан, 2021

Күресте жеңіле беруге етіміз үйреніп кетті

Норвегия астанасы Осло қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасының балуандары әдеттегідей әлем біріншілігінен алтынсыз қайтты.

Күрестен әлем чемпионаты жыл сайын өтеді. Бірақ Қазақстан 2000 жылдан бері алтын дегенді ұмытты. Соңғы рет 1999 жылы Афиныда  Мхитар Манукян чемпион атанған. Одан бері күрестің үш түрінен әнұранды орындататын спорт-шы табу қиын болып тұр.

Бұл жолы Ослодан екі медаль бұйырды. Әйелдер күресінен 72 келіде белдескен Жәмилә Бақбергенова финалда қарсыласына есе жіберіп, күміс медаль еншіледі. Алғашқы кездесуінде француз балуанын ұтса, жартылай финалда түрік спортшысынан басым түсті.Жәмилә қарындасымыз ширек және жартылай финалдық белдесулерде жеңіліп жатып, кездесуді өз пайдасына шешті.

Өкінішке қарай, финалдық белдесуде Жапония балуаны біздің қызды әбден зерттепті. Алты минут бойы жапон қызы тек қорғанумен жүрді. Әдетте жапониялықтар қарсыластарын атойлап жүріп ұтатын. Жәмиләмен ашық айқасқа барса жаза басатынын бапкерлері де, балуанның өзі де сезді. Жәмилә ә дегенде әдіс жасауға талпынған еді. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. Керісінше, үш ұпайды қарсыласына беріп қойды. Жапон қызы Жәмиләнің әрбір қимылын аңдып, қарымта қайтаруға дайын тұрды. Жәмилә да жасқанды ма, әйтеуір тәуекелге бара алмады. Қазақстанның күрес тари-хында бұған дейін төрт әйел спортшы әлем чемпионатының финалында күрескен. Олар: Елена Шалыгина (2008 жылы, 63 келі), Жұлдыз Ешімова (2010 жылы, 48 келі), Елена Шалыгина (2012 жылы, 67 келі), Гюзель Манюрова (2012 жылы, 72 келі). Барлығы да шешуші кезеңде жеңіліп, күміс жүлде алған. Жәмилә Қазақстан қоржынына әлем чемпионатынан бесінші күміс медальды салды. Алайда жоғарыда аттары аталған төрт балуанның барлығы – сырттан келген легионерлер. Бақбергенова әлем чемпиона-тының финалында күрескен алғашқы жергілікті спортшы.

«Финалда жапониялық Масако Фуричимен кездестім. Өте жақсы балуан. Бұл қыздан осымен төртінші рет әлем чемпионатында жеңілдім. Бір рет Иван Ярыгин турнирінде менің бағым жанған. Осылайша, бұйырғаны күміс медаль болды», ­– дейді Жәмила Бақбергенова.

Грек-рим күресінде қоржынымызға жалғыз қола медаль салған Алмат Кебісбаевқа айтар сөз жоқ. Ол осымен әлем чемпионатындағы бесінші жүлдесін алды. 2010 жылы қола медальмен қайтса, 2011 жылы финалда ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Одан бері үш бірдей әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеді. Әлем немесе Олимпиада чемпионы деген атағы жоқ демесеңіз, дәл қазір әлемде Алматтай күресетін балуан кемде-кем болып тұр. Алматтың ширек финалдағы Норвегия балуанымен болған белдесуі өте қиынға соқты. Төрешілер де кілем қожайынына «бүйрек бұрғаны» анық аңғарылды. Бірақ, оған көнетін Кебісбаев па? Жартылай финалда кездескен ресейлік балуан да Алматқа қарсы тас-түйін дайын шық-қаны белдесу барысында бірден байқалды. Әсіресе Алматтың құрығына түсіп, енді болмағанда таза жеңілейін деп тұрған жерден өте әдемі сытылып шықты. Қола медаль үшін болған белдесуде Алмат Кебісбаев түрік балуанын жеңді. Жалпы, соңғы жылдары Алматтың ардагер балуан екені, жастарға орын босату керектігі көп айтылып жүр. Бірақ Алматтың жастарға қарағанда тәжірибесі мол, әлемдік деңгейде әлі де болса күресе алатынын осы әлем чемпионатында тағы бір мәрте көрсетті. Елімізде Алматты жеңетін балуандар жоқ емес, бар. Бірақ дәл Алматтай күресетін балуан жоқтың қасы.

Қазақстан 22 жылдан бері әлем чемпионатынан алтын алмады деп жатқанда, көрші қырғыз ағайындарымыз Айды аспанға шығарып, 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Олар мұндай жетістікке әлем чемпионатының тарихында тұңғыш рет қол жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында 62 келіге дейін салмақта топ жарған Айсұлу Тыныбекова сол жетістігін Ослода тағы қайталады. Ол енді екі дүркін әлем чемпио-ны. Тыныбековадан бөлек, Мейірім Жұманазарова 68 келіде қарсылас шыдатқан жоқ. Үшінші алтын алуға да қырғыз қыздарының мүмкіндігі болған. Жартылай финалда Айпері Медетқызы (76 келі) тәжірибесінің аздығынан қарсыласына есе жіберіп алды. Дегенмен қола медаль үшін тартыста мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.

Сонымен қатар еркін күрестен Ерназар Ақматаев (70 келі) күміс, Әлібек Осмонов (65 келі) қола, грек-рим күресінен Жоламан Шаршенбеков (60 келі) күміс жүлдегер атанды. Екі ай бұрын Токио Олимпиадасында екі балуаны финалда күрескен қырғыз күресінің тасы қазір өрге домалап тұрғанын ерекше айта кетуіміз керек. Ал бізде сол баяғы әділетсіздік, ішкі чемпионатта балуандардың сағын сындыру жалғасып келеді. Жапония астанасына Мейрамбек Айнағұлов пен Айдос Сұлтанғалидың арасында спарринг өткізбей, біреуін таңдай салғанын бұған дейін бірнеше рет жаздық.

Алмат Кебісбаев бір сұқбатында қырғыздар жас мамандарына көбірек сенім артып жатқанын айтқан болатын. Өйткені қазір күрес өзгерді, оның методикасы жаңарды. Қазақстанда жас мамандарға көп мүмкіндік берілмейді. Жақында федерация басшысы ауысқан. Бәлкім, сол бірдеңе істемесе, «баяғы жартас – сол жартас» болып қала берері анық. Федерация тізгінін бизнесмен Ерлан Қожасбай ұстады. Ол бұған дейін еркін күрес федера-циясының вице-президенті қызметін атқарған. Бұрынғы басшы Сауат Мыңбаев денсаулығына байланысты жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Жаңадан тағайындалған президент жаңашылық әкеле ме? Енді оны уақытында көре жатармыз.

Қазіргі кездегі ең өкінішті жағдай, күрестен алтын алмауға етіміз үйреніп кетті. Бұрын бұл сәтсіздік ретінде бағаланса, қазір қалыпты жағдай секілді. Оған ешкім бас қатырып та, қиналып та жүрген жоқ. Оның үстіне, өзгеріс жасауға әрекет еткенді тағы көрмедік. Биыл күш атасы Қажымұқан атамыздың 150 жылдығы. Осындай балуандар шыққан елден 22 жыл бойы әлемді бағын-дыратын бір балуан табылмауы ұят жағдай.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №42
19 қазан 2021 жыл

384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор