• Толағай
  • 16 Тамыз, 2021

Токиодағы тоқырау

Токио Олимпиадасы аяқталды. Жапонияда үлестірілген 1080 медаль иесін тапты. Қазақстанға бұйырғаны – сегіз қола. Бұл Олимпиада қазақ спортының қазіргі шама-шар-қын көрсетіп бергендей болды. Енді осыдан сабақ алуға елдегі спорт саласының тізгінін ұстағандардың қауқары жете ме? Бұл сұрақ әзірге жауапсыз. 

Бұл сәтсіздікке кім жауап береді? Әзірге жағдайды түсіндіріп, алдағы жоспары мынандай болады деп жатқан ешкімді байқамадық. Мәдениетпен қосарласқан министрлік бар. Оның ішінде спортқа жауапты вице-министрі де тұрақсыз. Соңғы жылдары бір емес, үшеуін ауыстырып тастаған. Ал министрлікке қарасты спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев былтыр бірнеше ай декреттік демалысқа кетті. Бұл салалық министрліктегі жағдайдың берекесіз екенін аңғартады.

Ал енді Үкімет бөліп, министрлік арқылы келетін қаржыны әрі қарай жарататын Ұлттық Олимпиада комитеті бар. Токиодағы сәтсіздікке жауап беретін бірден-бір ұйым да осы. 2017 жылы спорт туралы жаңа заң қабылдаған. Сол кезде бюджет қаржысының теңгерімді бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында спорт түрлерін саралау жүйесін енгізген еді. «Бұл өз кезегінде спортты қаржыландырудың тиімді моделін даярлауға мүмкіндік береді, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейлерде қаржыландыруды объективті бөлуге кепілдік етеді» деп түсіндірген. Бірақ одан да нәтиже аз болғанын осы Олимпиада көрсетіп отыр.

Париждегі төрт жылдықтың басты додасы да қыр астында. Сондықтан министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитеті шұғыл іске кіріседі деп үміттенеміз. Әзірге Токио Олимпиадасын қысқаша қорытындылап шығуды жөн көрдік. Көпшіліктің айтып жатқан сынына қосылмасқа амал жоқ, осы жолы спортшылардың ешқайсынан жеңісті жұлып алатындай қауқар көрмедік. Яғни шешуші кезеңде жанкештілік танытқан бірде-біреуі табылмады. Қазақстаннан 90-нан астам спортшы барды. Ең болмаса, біреуі финалда бақ сынамады.

Мысалы, дзюдошы Елдос Сметов бастапқы кезеңдерде сәтті күресіп, жартылай финалға емін-еркін жеткен. Бірақ осымен алтыншы рет жапониялық Наохиса Такатоға есе жіберді. Сөйтіп, алғашқы финалдан құр қалдық. Одан кейін теннисші қыз Елена Рыбакина тарихи жүлдеге қол жеткізуге тым жақын болған. Алайда жартылай финалда жанып кеткендей әсер қалдырды. Бокс құрамасындағы команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаевқа финалға дейін қарсылас жоқ секілді көрінген. Өзбекстандық Баходир Жалоловтан басқасын қалпақпен ұрып алады деп сенімділік басым болды. Дегенмен АҚШ боксшысы Ричард Торрес Токиоға жақсы дайындықпен келіпті. Жартылай финалда қазақтың туын көтеріп барған Қоңқабаевты тоқтатты. 

Каратэдегі Дархан Асәділов пен Софья Берульцеваның да шешуші кезеңге шығатын керемет мүмкіндіктері болғанымен, пайдалана алмады. Амал жоқ, қоланы қанағат тұтты. Осылайша, бес спортшымыз финалға шығатын мүмкіндігінен айырылды.

Бокс пен күрестен де алтынды ұмыттық

Халық арасында «қазақ доп тебе алмайды, бокс пен күреске жақын» деп айтылады. Бірақ соңғы жылдары бұл спорт түрлерінен де жеңісті ұмытып барамыз. Бұған дейін жазғы Азия ойындарынан алтынсыз келген боксшыларымыз енді Олимпиаданың да шыңын бағындыра алмады. Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ұрпағымыз деп жүргенімізбен, күрестегі жалғыз қоланы Тувадан келген Нұрислам Санаев қана сыйлады. 

Мәскеудегі 80-жылғы Олимпиада тұғырының ең биік сатысына көтерілген Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтің ізбасарынан ешкім қалмағандай. Бұл жолы «классиктеріміз» алғашқы айналымнан да аса алмады. Мұндай жағдай тарихта болмаған. Бұрындары жүлдеден тыс қалса да, кемі біреуі келесі айналымға өтетін. Осы жолы балуандарымыз Токио аралап қайтумен шектелді.

Баландин мен Рыпакова

Бір жүлде әкелген спортшы үнемі сенімді ақтай беретіндей, тек солардың жолына қарап отыра беруді әдетке айналдырып алатынымыз бар. Мысалы, жеңіл атлетикадағы Ольга Рыпакова үш Олимпиаданың жүлдесіне ие болды. Осы жолы Токиодан да бірдеңеге қол жеткізіп қалатындай көрдік. Бірақ шын мәнінде Рыпакованың 40 жасқа жақындап қалғанын, жастармен жарысып секіруге қауқары азайғанын ойладық па? Оған лайықты ізбасар дайындауға көңіл бөле алдық па? Бұл сұрақтардың жауабы жоқ екені түсінікті шығар. Үш қарғып секіруде жастардан теміртаулық Мария Овчинникова бар. Токиода бар бітіргені ұялы телефон алған. Оны әлеуметтік желі арқылы сатуға шығарды. Тіпті, Овчинникова секілді жастар өздерінің мүмкіндіктеріне, қабілеттеріне сенбейді. Жай Олимпиада көріп қайтудың өзін жетістік санай ма деп қаласың. 

Медальдың екінші жағы бар дегендей, елде жеңіл атлеттердің алаңсыз жаттығу жасауына толық жағдай жасалған ба? Жоқ. Қазақстанда бірде-бір стадион халықаралық стандартқа сай емес. Осы күні бапкерлер де жоқтың қасы. Кеңес мектебінің өкілдері зейнет жасынан асып кеткен. Ал жастардың бапкер болуға құлқы жоқ. Өйткені жалақы мардымсыз. 

Дмитрий Баландинге қатысты жағдай да солай. Жөні түзу бассейні жоқ елден шығып, Рио Олимпиадасын бағындырды. Алайда одан бері бес жыл өтті. Басқа елдердің спортшыларының да көрсеткіші артқан. Отандасымыз өзінің сүйікті қашықтықтығы 200 метрге брасс әдісімен жүзуден финалға шыға алмады. Бұған таңғалудың қажеті жоқ болар. Тағы да сол бұл спорт түрінде Баландиннен басқа ешкім жоқ. Оған бас қатырып жатқан ешкім байқалмайды. Бұл спорттық гимнастикаға да қатысты. Осы жолы Милад Карими бір сайыс түрінен бестікке кірді. Енді осыған қарап, елде гимнастика дамып кетті деп айта алмаймыз. 1991 жылға дейін Алматыда спорттық гимнастика-дан 14 мектеп болған екен. Кеңес заманы тұсында ұл-қыздарымыз тегін жаттығып, сайыстарға қатысқан, жүлделі орындар алып, оқу-жаттығу жиындарына барып тұрған. Бірте-бірте мектептер саны азайып, қазіргі кезде тек біреуі ғана қалыпты. Егер осындай инфрақұрылымдар, спорттық мектептерімізді қалыпқа келтіріп, кадр мәселесін шешпесек, бұл «ямадан» әзірге шықпасымыз анық. Бізге жүлдені көп беретін жүзу, жеңіл атлетика, гимнастика секілді спорт түрлерін дамытуды ойластыру керек.

АҚШ бәрібір бірінші орынды бермеді

Қытай құрамасы бұл жолы соңғы күнге дейін бірінші орынды ешкімге бермей тұрған еді.  Сенсация бола ма деп едік, жоқ, АҚШ бәрібір де бейресми жалпы командалық есепте көшбасшылықты жұлып алды. Бірақ Риомен салыстырғанда алтындарының саны азайды. Бразилияда 46 алтын алған АҚШ, осы жолы 39 алтынмен шектелді. Риода екінші орын алған Ұлыбритания төртінші орынға шегінді. Үздік үштікке жарыс қожайындары Жапония құрамасы енді. Қазақстан сегіз қола медальмен 83-орынға жайғасты. Бұған дейінгі Олимпиадаларда ең төменгі көрсеткішіміз 40-орын болған. Одан төмен түсіп көрмеген едік.
Атланта (1996 жыл) – 24-орын
Сидней (2000 жыл) – 22-орын
Бейжің (2008 жыл) – 37-орын
Лондон (2012 жыл) – 24-орын
Рио (2016 жыл) – 22-орын
Токио (2020 жыл) – 83-орын.

Жалпы, биыл Токиода 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынды. Алғаш рет каратэ, құзға өрмелеу, бейсбол, скейтбординг және серфинг секілді спорт түрлерінен Олимпиада жүлдесі үлестірілді. Енді 2024 жылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындары Франция астанасы Париж қаласында өтеді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №33
17 тамыз 2021 жыл

610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор