• Өнертапқыш
  • 27 Ақпан, 2024

Қатерлі ісікті 7 минутта анықтайтын нейрожелі жасады

Әлмұхамед Әмитов – адам ағзасында онкологиялық ауруды 7 минутта анықтайтын OncoZero.Al нейрожелісін ойлап тапқандардың бірі. Бұл стартап заманымыздағы ең қорқынышты аурулардың бірі – қатерлі ісікпен күресуге бағытталған. Кейіпкеріміз Қазақстан-Британ техникалық университетінде ақпараттық жүйелер мамандығында оқиды. Өткен жылғы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, ісік жағдайларының 75% тек аурудың соңғы сатысында анықталған. Бағдарлама қазір бауыр қатерлі ісігін анықтауға көмектеседі. Стартаптың негізін қалаушылардың бірінен бағдарлама туралы сұраған едім.

– Адамның көзі қатерлі ісік ауруларының бастапқы кезеңінде ұлпа құрылымындағы өзгерістерді анықтай алмайды. Қазір елімізде онкологиялық ауруларды анықтау бойынша көптеген проблема бар. Мәселен, Қазақстанда білікті онкологтар мен рентгенологтардың тапшылығы – 40%. Қатерлі ісіктің көпшілігінде бастапқы сатыда ешқандай белгілер болмайды. Бұлардың бәрі зерттеу жұмысына түрткі болып, үлкен мәселеге алып келді, – дейді Әлмұхамед.

Кейіпкеріміздің айтуынша, оның бұл бағдарламасы онкологтардың көмегенсіз қатерлі ісікті 80% дәлдікпен анықтайды. Адам компьютерлік томография арқылы сканерден өтіп, OncoZero.Al нейрожелінің талдауымен ерте емдеу шараларын бастаса болады. Қазір OncoZero.Liver бағдарламалық құрал веб-платформа ретінде қолжетімді. Нейрожелі бауыр қатерлі ісігіндегі минималды өзгерістер мен 0,1 мм-ден бастап ісіктерді анықтайды. Байқауымша, идея мен бұл бағдарлама туралы ойды жүзеге асыру көптен бері пайда болған. Жобаның жетекшісі Әлімжан Қасабаев өзіне жақын, идеялас IT факультетінің студенттерін жинаған. Олар алдымен бауыр ісігінен бастағысы келді. Себебі бұл асимптоматикалық қатерлі ісіктердің бірі еді. Әлімжан қазір Ұлыбританияның Ковентри қаласындағы Уорик университетінің студенті.

– Бұл модельмен 6 айдан бері жұмыс істеп келеміз. Бағдарламаны жүзеге асыру өткен жылдың қыркүйек айында басталды. Қазан айына дейін техникалық жұмыстар жүргізілді. Модельді әзірлеумен айна-лыстық. Желтоқсан айында DEMO DAY 23 WINNER стартаптарды қолдауға арналған байқауда 1-орын иеленіп, 300 мың теңге қаржылай қолдау алған едік. Біз өзіміз жазған арнайы нейрондық желіні қолданамыз. Жүйеге барынша күш-жігерімізді салып, көптеген күрделі теңдеуді шештік, – деді Әлмұхамед бағдарлама барысына тоқталып.

Жобаның жетекшісі Әлімжан Қасабаевтың айтуынша, өнімнің негізгі кепілі – америкалық және еуропалық институттар талдаған 300 пациенттен тұратын мәліметтер базасы. Нейрондық желі алған мәндерді тәжірибелі дәрігерлердің дайын диагноздарымен салыстырады. Жас өнертапқыштарға Digital Almaty форумы көп көмек берген. Себебі, бұл жобаны көргендер қызығып, тіпті Қатар мен Сауд Арабиясынан қаржыландыру бойынша ұсыныс түскен. Айтпақшы, OncoZero.Al нейрожелісін өзге де адам ағзасына диагностика жасайтын Forus Data, Рaige жасанды интеллектерімен салыстырған. Мәселен, асқазан-ішек қатерлі ісігін тек OncoZero.Al бағдарламасы анықтай алады екен.

– Жоғарыдағы үш нейро-желіде компьютерлік томография сканерлеуін көру және өңдеу бар. Ал 3D көрсетілуі біздің және Рaige нейрожелісінде ғана қолжетімді. OncoZero.Al қолжетімділік жағынан бәріне ұтып тұр, – деп атап өтті кейіпкеріміз.

Стартап иелері жобаны елімізбен қатар, халықаралық нарыққа шығаратынына сенімді. Осы жылға олар бірнеше маңызды жоспар құрып қойды. Наурызда пилоттық жүйеде іске қосып, дәрігерлерден алдын ала тексеруден өткізіп, лицензия алғаннан кейін Қазақстанның ірі қалаларына ұсыну ойда бар екенін жеткізді. Кейін бүкіл Қазақстан, ТМД елдерін, одан әрі Еуропаға шығару туралы идеяны жол карта бойынша көрсетті. Олардың басты мақсаты – Қазақстанда пайдалы өнім жасай алатын жастардың бар екенін және қоғамға игілік пен жақсылық әкелетінін дәлелдеу.

ҚАТЕРЛІ ІСІК ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қатерлі ісік – медицинада өз бетінше дербес өсіп, көбейетін  жасушалардың дегенерациясына негізделген ауру түрі. Қатерлі ісік түрле-рін ісіктің орналасқан жеріне, оның мөлшеріне, пайда болу себептеріне және т.б. байланысты жіктеуге болады. Ағзадағы ісік процесінің дамуына дұрыс тамақтанбаудан, генетикалық тұқым қуалаушылыққа дейін әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Қатерлі ісіктің барлық түрі белгілі бір емдеу режимін қажет етеді. Бұл қалыпты өмір ағымын сақтауға мүмкіндік береді. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін қайтыс болу дерегі бойынша қатерлі ісік екінші орында тұр. Бұл аурудың 100-ден астам түрі бар екен.

Онкологиялық аурулар дененің барлық жүйелері мен мүшелерінде пайда болуы мүмкін. Қатерлі ісік түрлерінің жіктелуі ісіктің орналасу орнына және басқа да көптеген факторға байланысты жүреді. Оның даму процесі асқазан-ішек жолында, несеп-жыныс жүйесінде, жоғарғы тыныс жолдары мен кеуде қуысында, теріде, қаңқада және жұмсақ тіндерде, қан айналымы мен лимфа жүйесінде, ми мен жұлында болуы мүмкін.

Қатерлі ісіктің бастапқы сатысында оңай диагноз қойылады. Бұл онкологиялық ауруды тиімді әрі дереу жеңуге мүмкіндік береді. Жасырын кезеңде науқаста қатерлі ісік белгілері аса білінбейді.
Ауруды дер кезінде анықтау үшін:
– флюорографиялық тексеруден өту;
– тіс дәрігеріне көріну;
–  40 жастан 70 жасқа дейін маммографиялық тексеруден өту;
– 30 жастан 70 жасқа дейінгі және одан үлкен әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін гинекологиялық кабинетке бару;
– әйелдер мен ерлер 50-70 жас аралығы және одан үлкендерге колоректальды қатерлі ісікке тексерілу ұсынылады.

Жыл сайын 19 жасқа дейінгі 400 мыңға жуық бала мен жасөспірім қатерлі ісікке шалды-ғады. Балалық шақтағы қатерлі ісіктердің қатарына лейкоздар, 
мидың қатерлі ісіктері, лимфо-малар және нейробластома және нефробластома сияқты қатты ісіктер жатады. Жалпы, кешенді қызметтер қолжетімді, табысы жоғары елдерде балалардың 80 пайыз-дан астамы қатерлі ісіктен емделеді. Табысы төмен және орташа елдерде 30%-ға жуығы ғана емделеді екен. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  2021 жылғы «ДДҰ-ның қатерлі ісікке қарсы жаһандық бастамасы» атты бағдарламасында жазылған. Балалық шақтағы қатерлі ісікті, әдетте, скриниң арқылы алдын алу немесе анықтау мүмкін емес. Балалардағы қатерлі ісіктердің көпшілігін жалпы дәрі-дәрмектермен және басқа емдеу әдістерімен, соның ішінде хирургиялық және сәулелік терапиямен емдеуге болады.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2024 жыл

1195 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор