• Толағай
  • 06 Ақпан, 2024

Әлемге ат үстінде танылған қазақ

Оның Еуропадағы танымалдылығы атақты футболшылардан кем емес. Жапонияда онымен суретке түсуге асығатындар көп. Әңгіме Еуропаның үздік жокейі Бауыржан Мырзабаев туралы. Бауыржан-Чехияның 3 дүркін, Германияның 4 дүркін, Еуропаның 2 дүркін чемпионы. Шетелдік БАҚ-та есімі жиі аталатын ол 2023 жылы үздіктердің үздігі ғана қатысатын Жапониядағы жарыста 25 рет топ жарды. 
Шабандоз жылдағы дәстүрмен жылдың басында атамекенде бір айлық демалысын өткізді. Еуропаға кетсе жокеймен әңгімелесу былай тұрсын, хабарласу оңай болмайды. Себебі сол, қашан демалатынын өзі де білмейді. Сәйгүлік болса, жарыс болып жатса сенбі, жексенбіге қарамастан, демалыссыз неше күн өтсе де ат үстінінен түспейді. «Бүгін Германияда болсам, ертең Франциядамын. Еуропа елдерінің арасын көлікпен-ақ жалғап жүре береміз. Шабандоз бола тұрып, жарыстардан көрінбей кету-өз жолыңды өзің байлағанмен бірдей. Ат иелері мен көрерменнің есінен шыға бастайсың. Демек, мінетін ат азаяды»,-дейді Бауыржан тығыз жұмыс кестесі туралы.

 

Әңгімеміз шабандоздың даңқты жеңісінен басталып кетті. Бірақ бәрі қалай басталды? Кейіпкеріміз кенеттен Еуропаның үздік жокейі болып кеткен жоқ. Ол да ауылдың баласы еді. Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының Шұбар ауылында туып-өскен. Жылқымен тығыз байланысы сол бала күнінде басталыпты. Жеті жасында атқа мінген бозбала алғаш 2007 жылы Алматыдағы ипподромда бәйгелерге қатыса бастайды.

«Мектеп бітірген соң, отбасым белгілі бір мамандыққа тапсыруды ойластырды. Тырысып көрдік. Бірақ жаным қаламады. Оқығым келмеді. Әкем бұрыннан мені Англиядағы жокей мектебіне жібергісі келетін. 17 жасымда Чехияға көштім. 2012 жылы Чехиядағы жокейлер мектебін бітіріп, лицензия алдым», – деп баяндады кейіпкеріміз мансабының алғашқы жылдарын.

Еуропада ат спортымен қызығушылығы бар әлдекім айналысып кете алмайды. Жокей мектебін бітіріп, лицензия алу керек. Жокей мектебі болашақ жокейге аттың генетикасынан бастап, 300-ден астам параграфтан тұратын шабондоз ережесін оқытады. Мысалы, суретте кейіпкеріміз ат үстінде болғанмен, ұшқалы отырғандай. Шабандоз дәл осылай тепетеңдікті қалай сақтайтынын, қатаң диета режимінде бола тұрып денсаулыққа зиян тигізбеуді жокей мектебінде оқиды. Жеті жасында атқа мініп, шабандоз болуды біршама меңгеріп барған Бауыржанның да жокей мектебінде үйренгені көп. Осы тұста Бауыржаннан жокей мектебіне қалай қабылдайтынын сұрадық.

«Сол мемлекеттің тілін үйреніп, сол елге бару керек. Өзім мектепке тапсырмастан бұрын, екі жылдан астам Чехияда жұмыс істедім, тілін меңгердім. Еуропада жасқа шектеу жоқ. Жапонияда колледждегідей 15–18 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Мансабымды осы ат спортымен байланыстырамын деген адам неғұрлым ерте барса, соғұрлым жақсы. Футболшылар бір матчтан кейін бір ай демалады. Шабандозда ондай демалыс жоқ, жұмыс оңай емес. Сондықтан білім керек».

Лицензия алған шабандоз бірден ауқымды бәйгеге қатыса алмайды. Шабандоз көп. Шабатын ат аз. Ат иесі атын сеніп тапсырардай өзіңді көрсетуің керек. Сондықтан танылғанша жүлдесі аз, шағын бәйгелерге қатысуға тура келеді. Күніне онға жуық жарыста жүлделі болып жүрген кейіпкеріміз де лицензия алған алғашқы жылы жыл бойы алты бәйгені ұтқан.

Қазір жылына 700–800 бәйгеге қатысады. Он жылда 900-ге жуық бәйгеде жеңіске жеткен. «Жарыстың қызатын шағында, яғни жазда демалыс жоқ. Былтыр Францияда болдым. Күнде жарыс. Мәселе ақшада емес. Қатыспай қалсаң, мінетін аттарыңнан айырыласың. Орныңды басқа шабандоз басады. 1-2 күн демалғанның пайдасы да жоқ. Салмақ қосып алсақ, түсіру қиын», –деп жауап берді ол жұмыс кестесі жайлы сұрағымызға.

Бауыржанның бойы – 170 см, салмағы – 55 кг. Ереже бойынша 52–58 кг аралығында болуы керек. Салмақ жеңіл болған сайын, мінетін ат көп. 55 кг салмақ иесі 10 атқа шапса, 56 кг салмақтағы шабандоз 8 атқа шабады. Өзі айтып кеткендей, 1-2 күн жаттығусыз қалса салмақ қосып алу қаупі төніп тұр. Оны қалыпқа түсіру уақыт алады, бәлкім миға салмақ салады. «Жокейдің бойы 160 см болса, идеал бой», – дейді шабандоз. Аз колориялы тағам жейді. Бірақ әлсіздік баспас үшін тым аз жеуге де болмайды.

Шабандоздың ат баптауға уақыты жоқ екенін, өз атын баптамайтыны түсінікті болған шығар. Кейде ат иесі мен шабандоз арасында келісімшарт жасалады. Шамамен бір жылға. Егер жарысқа сол кісінің тұлпары қатысса, жокей сол жарыста басқа ат міне алмайды. Әлгі ат иесінің тұлпарлары қатыспайтын жарыстарда басқа атпен шабуға болады. Әдетте Еуропада жарыстан 10–14 күн бұрын қатысатын аттардың тізімі шығады. Бауыржанның жылқы жөніндегі менеджері ат иелеріне, кейде керісінше ат иелері менеджерге хабарласады. Осылайша жокейдің әр күні кез келген елде кез келген атпен өтеді. Әрине, қазір Бауыржанға жарысқа мінетін аттан тапшылық жоқ. Бірінен соң бірі дайын тұрады. Шабуға ат табу мансабын енді бастағандарға қиын. Шетелдік болсаң екі есе қиын көрінеді. Ат демекші, Еуропада ат жарысында шабатын жылқылар мен біздің қазақы жылқылардың айырмашылығын сұрадым. Мүмкін ағылшын жылқыларының артықшылығы баптауында шығар деген ой болған. Бауыржанның айтуынша, еуропалықтар шабатын атты дайындыққа 1,5 жасында береді. Бірақ бар айырмашылық баптауда емес.

«Қазақтың жылқысында шаба алатындар бар, бірақ аз. Біздегі 25–30 шақырымдық аламан бәйгеде шауып жүрген Секрет сынды аттар шетелдік тұқымнан. Соңғы кезде шетелде шаба алмай сатылған тұлпарлардың осындағы бәйгелерде жүлделі болып жүргенін байқадым. Өзіміздің қазақтың жылқысы ұшқырда шаба алмайды. Ағылшын жылқылары жүгіруге жаралған. Қазақ жылқыларының артықшылығы – табиғаттың тосын мінезіне төзімді. Ағылшын жылқысын қыстыгүні далада қалдыра алмайсың».

Еуропаның ат спортындағы жылқыға талас бәсекелестіктің деңгейін көрсетеді. Бізде ат спортының дамымауына шабандоздар арасында бәсекелестіктің болмауы әсер ете ме? Бұл жайында Бауыржан: «Еуропада шабандоздар арасында қызған бәсеке. Жыл сайын жокей мектептерін бітіргендер арасында үздік оншақты шабандоз болады. Оларға жылдар бойы ат үстінде жүрген шабандоздарды қосыңыз. Ал жарысқа қатысатын аттар саны он бестен аспайды. Жокей клубтарында үздік ондықтағы шабандоздар бір күнде он жарыс болса онына қатысады. Бәріне ат керек, ол үшін атты кәсіпке айналдырғандар арасында танымалдығың болу керек. Бізде бәсекелестіктен бұрын ат жарысы жоқ. Бәйге бар. Мұндағы бәсекелестік ат иелері мен жаттықтырушылардың арасында. Жокейлер айналадағы кішкентай балалар. Қысқа қашықтықтағы бәйгені қолға алсақ, шабандоздар бәсекесі пайда болатын шығар», – дейді.

Айта кетейін, бәйгенің жүлдесі түгел шабандозға тиесілі болмайды. Жүлденің көп бөлігі тұлпар еншісінде. Жаттықтырушы өз үлесін алады. Жалпы жүлде сомасының 4-5, кейде 7%-ын ғана жокей алады. Осы тұста менде бәйгеге ат қосатындар бұл іске кәсіп, табыс көзі ретінде ғана қарай ма деген сұрақ туындады.

«Кейбірі атты туғаннан өсіреді. Тұқымын алып, туғызады. Кейбірі жылына бірнеше тұлпар сатып алады. Бизнес немесе хобби деп бөліп қарастыру дұрыс емес шығар. Мысалы, кеше Дубайда бірінші келген Кабирханды иесі бір жыл бұрын 12 мың долларға сатып алған. Елге әкелу, дайындық шығындарымен 25–100 мың доллар кетті делік. Шатаспасам, Дубайдағы жарыстан Кабирхан бір миллион доллардай жүлдеге ие болды. Иесі атты енді сататын болса, кемінде 1-2 миллион долларға сатады. Бір жылда бір жылқыдан 1,5 миллион доллар пайда. Қарап тұрсаңыз, бизнес. Бірақ, салқынқандылық танытпай, бірнеше ат сатып алып, бәрін баптап бәйгеге қосып, жүлде алған соң қымбатқа сатып, қызығына түсіп кетсе құмар ойынмен пара-пар. Бұл жағдайда хобби болуы мүмкін».

Ат спорты Еуропада футболмен тең болса, Жапонияда футболдан да, бокстан да жоғары дәрежеде бағаланады. Жапонияның халқы үшін «бәйге – құмар ойын сияқты». Өйткені аталған елде казинолар жоқ. Спортқа бәс тігуге заңмен рұқсат берілген. Олар ат спортына ақша аямай бәс тігеді. Жүлде қомақты қаражат болғандықтан, мұндағы бәйгеге Германия, Англия, Францияның үздік жокейлері ғана қатыса алады. 2023 жылы Германияда 6, Францияда 60 рет жеңіске жеткен Бауыржан Мырзабаев Жапонияға арнайы шақырту алады.

«Тек чемпиондарды шақыртуының себебі, біріншіден, жүлде қорының көп болуында. Екіншіден, жас жокейлеріне Еуропаның үздік шабандоздарын көрсетумен шектелмей, бір жарыста бәсекелес болуына жағдай жасайды. Жокей Еуропада бір жылда табатын ақшаны Жапонияда үш айда табады. Жапонияда жаз ыстық. Негізгі, үлкен бәйгенің бәрі қыркүйектен мамырға дейін болады. Еуропада қыста жарыс аз. Еуропаның үздігі болып, Жапонияға барсаң да үш айдан артыққа қала алмайсың. Қалғың келсе, Жапонияның ережесіне сай елдің лицензиясын алу керек. Лицензия жапон тілін меңгерген, тіл емтихандарын тапсырған шабандозға беріледі. Жапонияда жыл бойы өнер көрсететін үздік ондықтағы жокей жылына 500–600 миллион теңгеге дейін табыс табады».

Кейіпкерімізден жұмысының кемшіліктерін сұрағанда, салмақты сақтап тұру мен кейде миға түсетін қысым деп жауап берді. Салмақ түсінікті. Екіншісі бәйгеде қайта-қайта соңында келгенде болады екен. Оған қоса, Еуропада БАҚ шабандоздардың жарыстағы әр іс-қимылына дейін жарыса жазатын көрінеді. Рекорд жаңартып жүрген шетелдік шабандоздан оның елі, еліндегі ат спорты туралы сұрайтыны анық.

«Кейбірі Қазақстанда ат спорты жоқ десе, тарихтан хабары барлар атпен бірге туған қазақтарда неге қазір ат өнері дамымаған деп жатады. Әрбіріне тәптіштеп не түсіндіресің? Жауап бәрібір бір ауыз сөзбен «бізде ат спорты жоқ» дегенге келеді. Өйткені олар аламанды ат спортына жатқызбайды. Біздегі қысқа бәйгелерді көрсету абырой әпере қоймайды. Дубайда жүлде алған Кабирханның Алматы ипподромында шапқаны мен Дубайдағы бәйгесі жалғанған видео желіде жарияланған екен. Жаңбырдан кейін болса керек, ипподром жолы көлшік болып жатыр. Артынан Дубайдағы ипподром жарқырап шыға келді. Оны көрсеткеннен гөрі көрсетпеген жөн еді», – дейді Бауыржан.

Әңгіме соңында жас шабандоздарға кеңесін сұрадық. Бұрынғы сұқбаттарында айтқан елімізде жокейлік мектеп ашу арманы әлі өзектілігін жоймағанын білдік.

«Бала мектеп оқып жүргенде бәйгеде шабуға қатысады. Шапқанына ақша береді. 7-8 жасында ақшалы болып жүрген балалардың мектепке қызығушылығы жоғалады. 13-14-ке келіп салмағы ауырлаған соң, бәйгеге қатысу да тоқтайды. Қысқа қашықтықтағы бәйгенің болмауы сондай жігіттердің бәйгедегі мансабына балта шауып жатыр. Жокей дайындайтын мектеп ашу ниетім қалмайды. Ол қиын мәселе емес. Алдымен жарыс болса, ат спорты қолға алынса. Елде бәйге болмаса жокейлік мектеп бітірген жігітке не пайда? Мендегі ой – жастайынан бәйге шапқан балалардың осы істе мансабын өсіруге мүмкіндік болса екен. Еуропада қалу мақсатым емес. Қалам десем, жаттықтырушы болып жұмыс істеуге мүмкіндік көп».

Газетімізге сұқбат берген Бауыржанның ат спортында жүріп өткен жолын өзінен бұрын ешкім жүрмеген. Ол бұл спортта топ жарды, елдің мақтанышына айналды. Шабандозға әрқашан сәттілік тілейміз!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №6
6 ақпан 2024 жыл

915 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор