• Сенің замандасың
  • 05 Қаңтар, 2024

16 жастағы Саяның ағылшын мектебі бар

Жақында Сая Қыдырәлімен таныстым. Алматыда ағылшын тілін үйрететін орталығы бар екен. Күлімдеп өзі күтіп алды. Сөз саптауы мен жүріс-тұрысына қарап-ақ, мақсаты биік екенін байқайсың.

– Жасым 16-да, 10-сынып оқушысымын. Алты жасымнан бастап ағылшын тілін үйрене бастадым. Тілді қатты үйренгім келді деп айта алмаймын. Барлық бала сияқты ойым ойында болатын. Тілдің маған қандай мүмкіндік ашатынын түсінбейтінмін, ойнағым келетін. Анам ағылшын тілінің таңғажайып әлеміне тарта алды. Сегіз жасымда ағылшын тілін үйренгім келетінін нақты түсіндім. Бұл арманыңды шындыққа айналдыратын құрал екенін түсіндім. 

– Анаң қалай үйретті?

– Анам ағылшын тілінің маманы. Ойын түрінде еркеле-тіп отырып түсіндіретін. «Мына сөзді жаттасаң, киноға апарамын» дейтін. Тіл үйренуді кітаптан бастап, клубтарға бардым. Тіл үйрену клубына балалар келмейтін. Формат тек ересектерге арналған. Сегіз жастағы бала үшін әрдайым қызықты бола бермейтін. Балаларға арналған клубтар болмағасын, менде сондай клуб ашу туралы идея пайда болды. Америкалық кеңестегі кураторыма ойымды айттым. Қазақстанда алғаш рет kids’ club-ты тоғыз жасымда аштым. Бір жылдан кейін клубқа балалардан бөлек үлкен адамдар да келе бастады. Ерікті ретінде бірден үш жерде: American Space, Speak Easy, Spasibeaucoup сабақ бердім. Бірінші IELTS-ті 11 жасымда тапсырдым. Осы уақытта өзім сабақ бергендіктен, менің дең-гейімді растайтын сертификат қажет болды. 9.0 аламын деп үміттендім. Нәтижемді көргенде қатты ренжідім. Әр ұпайдың артында көп жұмыс пен күш бар екенін түсіндім. 15 жасымда екінші рет IELTS тапсырып, барлық секция бойынша бірдей (8.0 overall) ұпай жинадым. Бірақ сертификаттағы фотосурет ұнамай, қайта тапсырдым. 16 жаста IELTS деңгейім  8.5 (C2) болды. Бұл – ағылшын тілін жетік меңгеру ғана емес, тест тапсыру-шының тек бір пайызы қол жеткізетін жетістік. Соның ішінде ана тілінде сөйлейтін британдық, америкалық алатын ғылыми-академиялық деңгей. 

– Ағылшын мектебін қай уақытта аштың?

–14 жасымда аштым. Қазір 2 филиал және 2000-нан астам студент ағылшын тілінде еркін сөйлей алады. Орталықта сұқбаттарға, шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайын-далады. Елге танымал адамдар сабақ алады. Командаға мықты мамандарды таңдаймын. Сабақты түсіндіруімен бірге оқуға, өсуге деген ұмтылысы болу керек. Сондай-ақ, біздің команда –  @IDP ресми серіктесі. 

– FLEX бағдарламасына қатысып, жеңіске жетіпсің... 

– Бұл бағдарлама Қазақстан оқушыларына бір жыл АҚШ-тың жоғарғы мектебінде оқып, амери-калық отбасында тұруға мүмкіндік береді. FLEX бағдарламасының негізгі мақсаты – Құрама Штаттарының халқы мен басқа елдер арасында өзара түсінуді жақсартып, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты дамыту мен нығайту. FLEX және басқа акдемиялық бағдарлама-лары арқылы 50-ден аса мемлекеттің жоғарғы сынып оқушыла-рын алмасу бағдарламасымен қамтамасыз етеді екен. Жеңіске жетіп, жолдаманы ұтып алдым. Бірақ ағылшын мектебімді тастап кете алмадым. Мектепті ашуда қанша күшім, ойым кетті. Студенттердің, топта бірге жүрген жастардың алдында жауапкершілігім бар. АҚШ-қа сапардан бас тарту себебім осы. 

– Алға қойған мақсатың қандай?

– Қоғамға пайдалы болғым келеді. Бұл арманым тоғыз жасымда оянды. Ең алғаш балаларға көмектесіп жүрдім. Ару деген қыз ағылшын оқыды. Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсті. Жетістігін көріп, өзім де қуандым. Тағы бір оқушым ағылшын тілін білмей, біздің мектепте үш ай оқып, Италияға магистратураға түсті. Студенттердің қалаған оқу орнына түсіп, жұмысқа қабылданғанын көріп, күш аламын. 

– Саған қарап қызығып отырмын. Жас болсаң да игі іспен айналысып жүрсің. Балалық шағың қалай өтті?

– Кейбір адамдар ойын ойнайтын кезінде жұмыс істеді деп ойлауы мүмкін. «Екі өмір бар. Не алаңсыз ойын-күлкімен жүресің, не көп кітап оқып, аз ойнап, бірақ адамдардың арманына жетуіне көмектесесің» десе, мен тағы да екінші жолды таңдайтын едім. Балаларға «ойнамай, мен секілді болыңдар» демеймін. Әркімнің өз жолы, таңдау еркі бар. Десе де, елге пайдам тисін деген үміт әрбір баланың ойында болуға тиіс. «Сен сияқты болғым келеді» деген сөзді ұнатпаймын. Мектеп ашу бір күннің жетістігі емес. Зердеш мектебінде факультатив сабақ жүргіздім. Көп тәжірибе жинадым. Мектепте негізгі шешімді өзім қабылдаймын. Сабаққа таңертең барамын. Оқу орталығына бос уақытымда келемін. Сабаққа да, жұмысқа да үлгеремін. Бір тәулік адамның бәріне бірдей беріледі. Оны қалай қолдануды өзің білесің.  Әлеуметтік желіде отырсаң, уақыттың қалай өткенін білмей қаласың. Фридрих Ницшенің: «Кімде-кім не үшін өмір сүру керегін білсе, кез келген жағдайға төтеп бере алады», – деген сөзін айтқым келеді. Тіл білу арқылы өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ағылшын тілін білсең, шетелге еркін шығасың. Қызықты ақпаратты оқисың. Ең бастысы, шетелде қандай оқу орнына тегін түсуге болатынын білесің. Еңбегімнің арқасында анамды шетелге саяхатқа жіберіп, тосын сый жасадым. Бұл арманы бар кез келген адамның қолынан келеді. 

– Сая, сәттілік тілеймін! 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №1
9 қаңтар 2024 жыл

3234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор