• Жырақтан білім іздесең
  • 05 Қаңтар, 2024

Google мен Apple компаниясында жұмыс істейтін жастар

Әлемнің алпауыт компанияларында қызмет етіп жүрген жерлестеріміз туралы жиі естиміз. Олардың жетістікке жету жолы, жұмысқа қалай тұрғаны оқырманға ой салары анық.

Ерсұлтан Сапар – АҚШ-тың University of California Berkeley оқу ордасының түлегі. Ол бала кездегі арманына Apple компания-сында қол жеткізді. Ғылымға мектепте оқып жүргенде қызықты. Балмұздақ сататын мейрамханаға арнайы бағдарлама жасады. Бағдарлама көмегімен даяшыны шақырмай, балмұздаққа тапсырыс беруге болады. Осы жобасымен республикалық оқушылар арасын-дағы ғылыми жобалар байқауында І орын алды. 
Алматыдағы республикалық физика-математика мектебін алтын белгімен бітірген. Отбасында алты бала. ІТ саласына қызыққан Ерсұлтан компьютерді сегіз жасында меңгеріп, екі жылдан соң  алғашқы бағдарламалық жабдықтаманы құрастырған. Бала болса да, бар ойы адам өмірін жақсартатын жаңа нәрсе құрастыру болыпты. Youtube желісінен түрлі бейнесабақ көріп жүріп, 5-сыныпта информатика пәнінен ғылыми жобалар байқауына қатысыпты. Алғашқы жобасы – физика пәніне арналған электронды оқулық. 6-сыныпта мейрамханаларға арналған бағдарламалық жабдықтама құрастырған. 

Кейін сайт жасауға қызығады. 7-сыныпта қонақүй жұмысын автоматтандыруды зерттеп, ғылыми жобалар байқауына қатысады. 8-сыныпта Мәскеу қаласында өткен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясына барады. Ғылыми-зерттеу байқау-ларынан жүлдесіз қайтқан күні жоқ. 

9-сыныпта республикалық физика-математика мектебіне оқуға түседі. Ғылымға жаңа әлем ашылады. Алгоритм, програм-малаудың жаңа бағытымен танысады. Бағдарлама интуитив интерфейс пен логикадан бұрын математикамен тығыз байланысты екенін біледі. Ерсұлтанның ойынша, бір нәрсені үйренем деген адам қашанда жол табады. Өз бетімен оқып, курсқа барса да, ниет болуы керек. «Компьютерлік ғылым мен математиканың басты қағидалары жылдан-жылға өзгермейді. Нық үйреніп алған адам кез келген программалау тілін меңгере береді», – дейді ол.  

Apple компаниясында Software Engineer, яғни программист болып жұмыс істеп жүргеніне бір жылдан асты. Адамдарға арналған құрылғылар (iPhone, Macbook, Watch, Vision Pro), сервистер (Apple Music, Fitness) және соларға қажет арнайы бағдарламалар жасайды. Компанияда екі рет тәжірибеден өткен. Бүкіл девайстағы ақпаратты сақтайтын Core Data тобында (iPhone-дағы сурет, контакті Core Data арқылы сақталады), Apple-дың сағатын дамытатын Watch Telephony тобында жұмыс істеген. Қоңырау шалу, оны қабылдау, пошта, SOS және басқаға жауап береді. 

Ерсұлтанның негізгі міндеті – бағдарлама құрастырып, архитектурасын ойластырып, алдын ала жоспарлау. Программист, дизайнер, маркетолог, электрик-инженерлер бірге жұмыс істеп, жобаны дамытады. Apple-дың ғылыми зерттеу-лерімен, қазір мүмкін емес, болашақта жүзеге асатын жобаларымен (moonshot projects) айналысады. Apple жобаларын құпия ұстап, әлемді таңғалдырғанды жақсы көреді. Ерсұлтанның жұмысы да сол себепті құпия. 

Шетелде жүрген қазақ жастары Digital Nomads Kazakhstan (DNK) атты қауымдастық құрған. Онда шетелдегі танымал компанияларда жұмыс істейтін жастар бар білгенін ортаға салады. Мақсат – еліміздегі IT cаласының дамуына үлес қосу. Ерсұлтан бос уақытында елдегі мектеп оқушыларына арнап DNK мүшелерімен кездесулер өткізеді. Шетелдің жоғары оқу орнына түсу, ғылыми зерттеу, болашақ мамандық таңдау туралы әңгімелеседі.

Арайдың бастамасы

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына іссапары барысында шетелде IT саласында жұмыс істеп жүрген жастармен кездесті. Оған Америкада ІТ саласында жүрген 400 қазақстандықтың ішінен 30 белсенді жиналды. Кездесуде Арай Сабыржан Women in Tech тақырыбын көтеріп, IT саласындағы әйелдерді ерекше қолдау керегін айтты. Президент жастардың пікірін қолдап, елге жұмысқа шақырды.

Арай келешекте еліме қолымнан келгенше көмек беру үшін, алдымен әлемдік дәрежеде тәжірибе жинауым керек деп санайды. Сол үшін де олар DNK мүшелерімен жиналып, Қазақстан мектептерінде онлайн дәріс өткізеді. «Тағы бір бастама – техникалық кітаптарды қазақ тіліне аудару. Келешекте бұл тұрғыда  жақсы жаңалықтар еститін боласыздар деген сенімдемін. Мақсатымыз – ел ішіндегі барлық мектепті қамтып шығу. Балалардың оқуға деген ынтасын арттырып, биік мақсатқа жетуіне ықпал еткіміз келеді», – дейді ол. 

Арай – Алматыдағы №39 физика-математика лицейінің түлегі. Отбасында математика ең маңызды сабақ болыпты. Мектепті бітірген соң IITU-ге оқуға түседі. Computer Science and Software Engineering факультетінде программалауды меңгереді. Қазір Google компаниясында жұмыс істейді. Арайдың айтуынша, Google компаниясына жұмысқа тұру үшін бірнеше талап бар. Таныстықтан соң үміткер мен жұмыс берушінің барлық талабы алдын ала айтылады. Білімі мен тәжірибесін сынау үшін бір-екі есеп беріледі. Техникалық сұқбат 45 минуттан бір сағатқа дейін созылады. Бес-алты сағаттық сұқбаттар да бар. Техникалық сұрақтардан басқа, system design және behavior interview атты сұқбат түрлері қосылады. Дайындық кезеңі тәжірибеге қарай үш айдан бір жылға дейін уақыт алуы мүмкін.  

Арай – Google Cloud жобасының қызметкері. Инженермен бірге виртуал машиналардың (Virtual Machine) жағдайын жасайды. Программист ретінде C++ тілінде тапсырмалар орындайды. Компания ішінде жасаған еңбегін кез келген жұмыскер ашып көре алады. Тапсырмалар жұмыстың қиындығы мен уақытына қарай бағаланады. 

Компанияда қатып қалған жұмыс уақыты жоқ. Әркім ыңғайына қарай жұмысқа келеді. Жеке шаруасын айтып, сұрану жоқ. Онлайн кездесулерге кешікпей келуі керек. Жұмыстан басқа мәселе болса, компания шешіп береді. Егер басың ауырып, демалғың келсе, орын бар. Жұмысқа керекті ноутбук немесе басқа затты ұмытып кетсе, оны да компания береді. Адам жақсы жұмыс істеуі үшін осындай жағдай жасалған. Кәсіби білімін көтеретін курс болса, ақысын жартылай болса да компания төлеуге дайын.

Екі жылда аға инженер

Жақында Ғалымжан Өтеулин туралы деректі фильм шықты. Google корпорациясына жұмысқа кіргеніне екі жыл болғанда бағдарламалық жасақтама жөніндегі аға инженер болып тағайындалды.

Ол Астанадағы № 9 гума-нитарлық-экономикалық лицейде оқыған. Батыс Лафейетт қаласындағы Пердью университетінде бакалавр дәрежесін алған. Оқу орнындағы алғашқы қазақ. Оқуда жүріп, Amazon компаниясында тәжірибеден өту туралы ұсыныс түседі. Бір қызығы, өндірістік тәжірибе біте сала, жұмысқа шақырады. Компанияда толық ставкада жұмыс істеген алғашқы қазақ деген аты бар. Бес жылдан кейін қызметте өсудің сәті келгенін түсінеді. Әртүрлі компанияға ұсыныс тастайды. 

«АҚШ-та, соның ішінде Google компаниясында жұмыс істеймін деп ойлаған емеспін. Компьютерлерге бала кезімнен қызығатынмын. Егер бағдарламалық жасақтаманы кәсіби түрде құруға бейіл болсаң, АҚШ-та компанияда жұмыс істеуге мүмкіндік бар», – дейді ол. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №1
9 қаңтар 2024 жыл

1290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор