• Жырақтан білім іздесең
  • 01 Мамыр, 2023

Польшаның білім жүйесі несімен таңғалдырды?

Былтыр күзде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелде оқуға өтінім берген едім. Тапсырған құжаттарым қабылданып, Польшада көктемгі семестрге ресми шақырту келді. Қазір Познаньдағы жүз жылдан аса тарихы бар Адам Мицкевич университетінде оқып жатырмын. Мұндағы білім жүйесі еуропалық стандартқа сай болғандықтан, кейбір тұстары мені таңғалдырды. Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен салыстырғанда, кәдімгідей айырмашылық бар. Польшадағы білім жүйесі несімен ерекше? Студенттік өмірім қалай өтіп жатыр? Бүгін осы туралы айтып бергім келіп тұр.

Польшаға барған соң, оқу бірден басталмады. Шетелдік студенттер қажет құжаттарын жинап, қалаға үйренуі үшін университетіміз бір апта демалыс жариялады. Осы уақытта жатақханаға орналасып, қоғамдық көліктерге арнайы билет алып, банктен шот аштырдық. Сейсенбі күні университетте академиялық ұтқырлық, Erasmus+ бағдарламасымен келген студенттерге ашық есік күні өтті. Таныстарымның айтуы бойынша, Еуропадағы жоғары оқу орындарында әр семестрдің алғашқы күндері бағдарлау апталығы болады екен. Мұнда студенттер оқу басталарда пәнді, сабақ уақытын өзі таңдайды. Мамандық бойынша міндетті және жеке дамуға арналған қосымша пәндер бар. Студент қай пәнге қызықса, қайсы пәнді мамандығына керек деп есептесе, соған тіркеліп, өзі құрған кесте бойынша сабаққа қатысады. Бұл білім алушыға мамандығын жетік меңгеріп қана қоймай, кәсіби әрі тұлғалық дамуға көмектеседі. 

Қазақстандағы ЖОО сияқты Еуропада студенттер арнайы USOS деген электрон жүйеге тіркеледі. Бұл платформада университет жаңалықтарын оқып, сабақ кестесі, студент туралы ақпарат пен бағаны көруге болады. Сонымен бірге жатақхана, студенттік карта және басқа шығындарға төлем жасалғанын да осы сайттан көре аласыз. Мен платформада ХАТУ-дағы пәндерге ұқсайтын сабақтарға жазылдым. Өйткені  біз Қазақстанға келгенде, шетелде оқыған пәндердің кредиті бойынша баға қойылады.  

Польшаның оқу жүйесінде мені таңғалдырғаны – пәндердің бәрі тек лекция мен семинардан тұрады. Басында «академиялық ағылшын тілінен қиналатын шығармын, мұнда сабақ қиын болады-ау» деп уайымдап едім. Шын мәнінде олай емес екен. Оқу басталарда алты пән таңдағанмын: оның үшеуі – лекция, қалғаны – дискуссиялық сабақ. Лекцияда мұғалімдер сабаққа кімнің қатысқанын не қатыспағанын тексермейді. Бастысы, материалды толық меңгеріп, апта сайын немесе семестр соңында болатын емтиханнан сүрінбей өтсең болғаны. Дискуссиялық сабақтарда тақырып бойынша тапсырма орындап, өз ойымызды айтамыз. Мұнда да емтихан ауызша және жазбаша түрде өтеді. Сабаққа қатысып жүргенімізде бізге баға қойылмады. Емтиханда семестр бойы алған біліміңе байланысты қорытынды бағаны бір-ақ шығарады. Үй жұмысын сирек береді. Сондықтан көп уақытымызды қала аралап, қыдырып, қосымша сабақтарды оқуға арнап жүрміз. 

Профессорлар студенттерге құрдасындай қарым-қатынас жасайды. Ағылшын тілінен қиналсаң, түсінбеген жерде көмектеседі. Қазақстанда пәндерді ағылшынша оқып, көп практика жасағандықтан, Польшадағы оқуға тез үйреніп кеттім. Жайлап емтиханға дайындықты бастап жүрмін. Мұнда шетелдік студенттердің жақын танысуына арналған түрлі іс-шара, жиын өтеді. Университет мұғалімдерімен тауға шығып, қаланы, тарихи орындарды аралауға болады.
Мұнда оқу жүйесі Болон процесіне сүйенетіндіктен, бакалаврды Польшада бітірсеңіз, магистратураны Еуропаның кез келген мемлекетінде жалғастыруға болады. Оқу бітірген соң, халықаралық дипломға ие боласыз. Бұл сізге шетелдегі компанияларда тәжірибеден өтіп, мансабыңыз-ды дамытуға жол ашады.

Аружан АБСАТАР,
«Ұланның» жас тілшісі.

141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор