• Сенің замандасың
  • 14 Ақпан, 2023

Он жасар Магда жеті тіл біледі

Кейінгі кезде бірнеше тілде еркін сөйлейтін балалар мен жасөспірімдер таңғалдырып жүр. Шет тілін білу көптеген мүмкіндікке жол ашады. Мәселен, бүгінгі кейіпкеріміз Магда Бекахмет шет тілдерін білу қабілетінің арқасында Youtube желісінде кішкентай балаларға ағылшын тілін үйретіп жүр. Магда бар болғаны 10 жаста, осы жасында тілді біледі, өзінің тіл үйрететін жобасы бар. Екі жастан бастап тіл үйренуі оған көптеген мүмкіндікке жол ашты.

– Магда, өзің секілді ақылды, алғыр, сұлу қызбен танысқаныма өте қуаныштымын. Қазір сен жас полиглот ретінде танылып келесің. Ең алдымен, өзіңнің қай тілдерді меңгергенің жайлы айтып берші...

– Жеті тілді білемін. Бірақ нақты төрт тілде еркін сөйлеп, еркін жаза аламын. Ең алдымен ана тілім – қазақ тілі, одан кейін орыс, ағылшын, қытай тілдерін жетік білемін. Қазір испан, түрік, араб тілдерін үйренуге бар уақы-\тымды арнап, тырысып жүрмін. 

– Өзің небәрі он жастасың. Бірақ бірнеше тілді білесің. Қай жастан бастап үйрене бастадың?

– Сенесіздер ме, екі жасымнан бастап шет тілін үйрене бастадым. Екі жасымда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің әліпбиін толық біліп, айтатынмын. Одан бөлек үш тілде 100-ге дейін санайтынмын. Үйде бәріміз таза қазақ тілінде сөйлесеміз. Апам маған қазақ тіліндегі көптеген нақыл сөзді үйретті. Орыс тілін аулада балалармен ойнап жүріп меңгердім. Аулада жүргенде күнде орысша сөздер жаттап алатынмын. Әпкем менің зеректігімді, алғырлығымды байқап, төрт жасымнан бастап түрлі қызықты кітаптарды сыйлай бастады. Ол кітаптарды оқытатын. Төрт жасымда өзге тілдерді үйренуге қызығушылығым пайда болды. Әпкемнің сыйлаған кітабы ағылшын тілінде болатын. Алғашында сөздерді түсінбесем де оқи бердім, оқу қабілетім шыңдала түсті. Одан кейін оқыған сөздерімнің аудармасын жазып, жаттадым. Қазір америкалық оқытушымен сөйлеу дағдымды дамытып жатырмын. Жеті жасымда ұялы телефондағы қосымша арқылы қытай тілін үйрене бастадым. Әпкем түрік тілін біледі, қазір маған түрік тілін үйретіп жүр. Екеуміз өзара түрікше сөйлесіп, менің қабілетімді жаттықтырамыз. Қазір ағылшын және қытай тілін тереңірек оқу үшін арнайы курстарға да қатысып жүрмін. 

– Алдағы уақытта қандай тілді үйренгің келеді?

– Испан, түрік, араб тілдері бойынша менің деңгейім – А1. Негізін білемін, алдағы уақытта кәсіби деңгейде меңгергім келеді. Одан бөлек үнді, француз, итальян, жапон, неміс тілдерін үйренгім келеді. 

– Қай тілді меңгеру қиынға соқты?

– Орыс, ағылшын тілдерін үйрену аса қиын болмады. Қытай тілін үйрену сәл қиынға соқты. Себебі, қытай тілін алғашында телефондағы қосымша арқылы үйрендім. Ойын шарты бойынша, қытай тіліндегі сөздерді латын әріптерімен теріп, аудармасын жазу керек. Бұл қосымшада әріптерді үйрену қиын. Ал қазір қытай тілін үйренуге  құштарлығым өте жоғары. Курсқа қатысып жүрмін. Оқытушым Әйгерім апайдың үйретуімен қытай иероглифтерін меңгеріп алдым.

–  Көп тіл білу – өте керемет қабілет. Дегенмен, оның да кемшіліктері болуы мүмкін. Сөйлеп отырып, шатасып кететін кездерің бола ма? 

– Көп шатастыра бермеймін. Себебі, мен үйренген тілдер бір-бірінен өзгеше. Араб пен қытай тіліндегі сөздерді шатастыру мүмкін емес. 

– Өзге тілді үйрену үшін есте сақтау қабілетің мықты болуы керек. Тілді тез меңгеру үшін қандай тәсілдерді қолдандың?

– Иә, өзге тілді үйрену оңай емес. Бұл нәтижеге біздің миымыз дайын болмауы мүмкін. Сол себепті ең алдымен миыңызбен жұмыс жасаған дұрыс. «Тілді үйрену маған қиын емес, мен үйреніп аламын» деген секілді сөздерді күнде айтып, жаттықсаңыз, миыңыз да осы ақпаратты қабылдайды. Миыңыз осыны қабылдаған сәтте жұмысты бастау керек. Сонда жаңа сөздерді тез қабылдайтын боласыз әрі есіңізде ұзақ сақталады. Екінші – практика. Күніне қанша сөз үйрендіңіз, соны күн сайын практикада қолданған жақсы. Сол сөздермен сөйлем құрап, сөйлессеңіз, есіңізде тез сақталады. 

– «JETIL KZ» орталығында «English with Magda» жобасын қолға алған екенсің. Өзіңе бұл жоба ұнап жатыр ма? Өзің секілді балаларға ағылшын тілін үйрету қиын болып жатқан жоқ па?

– «English with Magda» жобасы өзіме қатты ұнайды. Себебі, мен өзімнің білгенімді, үйренгенімді өзгелерге де бергенді қатты жақсы көремін. Өзім кішкентай болсам да, барлық  қазақ баласы-ның сауатты, білімді болғанын қалаймын, тілеймін. Достарыммен, таныстарыммен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, ой бөліссем ғой деп ойлаймын. Тілге байланысты арманым өте көп. Сондықтан мен бұл жұмыстан шаршамаймын, керісінше, ол маған шабыт пен энергия сыйлайды. 

– Біздің арамызда көптеген талантты қазақ балалары өсіп келе жатыр. Өзің секілді бірнеше тілді меңгеріп алған балалар да бар. Қазақтар өзге тілді тез үйреніп алады. Бірақ біздің елге көшіп келген өзге ұлттарға қазақ тілін үйреніп кету қиынға соғып жатады. Неліктен деп ойлайсың? Біздің тілімізді шетелдіктердің үйренуі неге сонша қиын?

– Меніңше, біздің тіліміз өте бай тіл. Сонымен қоса, қазақ тілінде нақыл сөздер, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер өте көп. Сондықтан қазақша үйреніп кету оңай емес. Төл әріптерімізді дыбыстау да қиынға соғады. Мысалы «ә, ғ, қ, ң, ө, і» әріптерін шет ел азаматтары айта алмай жатады. Көп елдің тілінде мұндай әріптер жоқ болған соң, дыбыстау да өте қиын.

– Магда, саған бір қызық сұрақ қойғым келіп отыр. Көп тіл білетіндіктен, әр тілде ойлана аласың. Ұйықтағанда басқа тілде түс көрген кезің болды ма?

– Иә, менде осындай жағдайлар болған. Бір тілді үйрене бастасам, оған көп уақытымды арнайтынмын. Сол себепті түсімде әр елде саяхаттап, сол елдің адамдарымен басқа тілде сөйлесіп жатқанымды көретінмін. Анам бұл туралы біледі және таңертең: «Қызым, бүгін түсіңде қай елге барып қайттың?» – деп әзілдейді.

– Полиглот болғаннан бөлек пиaнинода ойнап, домбыра шертеді екенсің. Музыкамен қай жастан бері айналысып келесің?

– Музыка әлемімен жеті жасымнан бастап доспын. Қазір Құрманғазы атындағы №7 музыка мектебінің 4-сынып оқушысымын. Ең алдымен ұлттық аспабымыз домбыраны үйрендім. Ал, сегіз жасымда пианинода ойнауды қолға алдым.

– Болашақта кім болғың келеді? Өміріңді тіл үйрену-мен байланыстырасың ба, әлде музыкамен бе?

– Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын. Бес жасымда ғарышкер болуды армандадым. Одан кейін стюардесса немесе президент болсам екен деп ойладым. Ал қазір тіл маманы немесе әнші, актриса болғым келеді. Болашақта қандай маман болып шығатынымды уақыт көрсетер. 

– Бос уақытыңда аспаптарда ойнап, тіл үйренуден басқа немен айналысасың?

– Гимнастикаға қатысамын. Спорт өте маңызды, сондықтан маған гимнастика қатты ұнай-ды. Одан бөлек бос уақытымда шахмат ойнап, кітап оқимын.  

– Егер мүмкіндік болса, қандай тұлғамен кездесіп, сөйлескің келеді? Жалпы, үлгі тұтатын адамың бар ма?

– Менің үлгі тұтатын адамдарым аз емес. Ең бірінші орында – әйгілі математик, 80 тілді білетін, музыка зерттеушісі, ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби. Өзімнің атамды, әкемді үлгі тұтамын. Егер мүмкіндік болса, Димаш Құдайбергеновпен кездесіп, сөйлесуді армандаймын. Одан бөлек атақты актер Джеки Чаннан сұқбат алғым келеді. 

– Арманың ақиқатқа айналсын, Магда! Болашақта Қазақстанның атын әлемге танытатын тұлға болуыңа тілектеспіз.

Тіл үйрену ешқашан да кеш емес. Болашағыңа есік аш. Дегенмен, ең алдымен ана тіліңді жетік білген абзал. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»!

Айдана ШАЛҚАРОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
4-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №7
14 ақпан 2023 жыл

1499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор