• Сенің замандасың
  • 06 Қыркүйек, 2022

Қазақ тілін ұлттық өнер арқылы танытқысы келеді

Бүгін өздеріңді 12 жасар  Саардана Айтақынмен таныстырғым келеді. Ол – ақын, Мұқағалитанушы Айтақын Әбдіқалдың немересі. Саардана Алматы қаласындағы К.Байсейітова атындағы музыкалық мектептің оқушысы. Әңгімемізге себепші болған да Саардананың таланты. Сұқбат кезінде кішкентай болса да өзін батыл ұстайтынына, сенімді әрі нақты сөйлейтініне тәнті болдым. Кейіпкерімізден болашақта тіл жанашыры шығатын сияқты.

– Саардана, музыка туралы не айтар едің?

– Алты жасымнан бастап К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатында оқимын. Осындай атағы дардай өнер мектебінің шәкірті болғандықтан, музыка жайлы айтарым көп. Музыка – сиқырлы әлем. Ол әлемге кірген, яғни музыка ойнаған немесе тыңдаған адамның әрдайым эмоцияға берілуі, өзін ерекше күйде сезінуі музыканың сиқырынан. Әуеннің сиқыры ішкі дүниеден хабар береді. Әуенсіз бүгінгі заманды елестету қиын. 

– Неге дәл гобой аспабын таңдадың?

– Иә, мен гобой мен фортепианода ойнаймын. Гобой 1989 жылы рекордтар кітабына кірген. Ең қиын үрмелі аспап. Әуен гобойдың саңылауларындағы ауаның тербелісіне байланысты шығатындықтан, аса мұқият үрлеу керек. Осындай ерекшеліктеріне байланысты болар, гобойды жақсы көремін. Қатарынан екі аспапты екі-үш жыл уақытта толық меңгердім.

– Музыкалық қабілет саған кімнен дарыған?

– Білуімше, өнерге талантым әкеме тартқан. Әкем де музыкант. Домбыра тартады. 

– Қандай өнер конкурстарына қатыстың?

– Алғаш рет 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен EURASIA PIANO  FORUM VI халықаралық байқауында фортепианодан II орын иелендім. Алғашқы жарыс болғандықтан, қатты қобалжыдым. Бұл байқауда «Дударай» әнін орындаған едім. Алғашқы конкурста екінші орын алғанымды білгенде қуандым. Одан кейін де бірнеше конкурсқа қатыстым. Барлығында дерлік қазақтың халық әндерін орындаймын. Мысалы, А.Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар арасындағы байқауда гобоймен «Ақсиса», «Куә бол» әндерін орындап, дипломант атандым. Айтпақшы, сол екі әнді әжеме арнап орындадым.

– Әжеңді жақсы көреді екенсің, жарайсың! Ақын атаңнан да үйренгенің бар шығар. 

– Атамның еңбегін құрметтеймін. Құрметімнің белгісі ретінде Мұқағали Мақатаев жайлы зерттеу еңбектерін, естелік кітаптарын оқимын. Мен де атам сияқты Мұқағалидың өлеңдерін сүйіп оқимын. Атама тартқан ақындығым бар. Мектебімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты өткен конкурста «Жас ақын» номинациясы бойынша 1-орын иелендім. Мұқағалиға арналған поэзия кешіне қатысқанымда қонақтар қатарында атам да болды. Әдебиетке қызығушылығымды арттырған атамның еңбектері болар...

– Саардана, қазақ тіліне деген құрметің ерекше екенін байқап отырмын...

– Менің мектебімде орыстілділер көп. Олардың орысша сөйлеуіне бірнеше фактор әсер еткен. Бірі қазақ тілінен ұялады, бірінің қазақшасы нашар. Десек те, қазақтың ана тілі – қазақ тілі. Мен ұлттық тілімізді ұлттық әуеніміз, ұлттық өнеріміз арқылы әлемге танытқым келеді. Бұл жолда Димаш Құдайбергенді үлгі тұтамын. 

– Сенің ұлтқа деген сүйіспеншілігің анаң Меруерт Сүлейменованың әсері деп ойлаймын...

– Сізбен келісемін. Анам – менің мақтанышым. Денсаулығындағы қиындыққа қарамастан, мені дүниеге әкелді. Мейіріммен өсірді. Бойымдағы өнерді байқап, дарынды балаларға арналған мектепке берді. Анама шексіз ризамын. Кейбір он екі мүшесі сау азаматтардың өзі балаларын дәл менің анамдай сапалы біліммен қамтамасыз ете алмайтыны рас қой. Анам екеуміз құрбы секілдіміз, сырласпыз. Мен одан сыр жасырмаймын. Ал ол әңгімемді тыңдап, ақыл береді. Дәл осындай қолдаушы анамның болғанына сансыз шүкір. Анам –қайсар жан. Мен анама ұқсағым келеді. 

– Ал мамандық жайлы ойландың ба?

– Әрине. Болашақта дәрігер болғым келеді. Қатерлі ауруға шалдыққан науқастарға көмектессем деймін. Дәрігер болудағы басты мақсатым – анамды аяғына тұрғызу. Мені ешкімнен кем қылмай, қанша бала көрмеген махаббатты сыйлаған анама осылай алғыс айтқым келеді.     

– Әңгімеңе рақмет! Арман-мақсаттарыңның орындалуына тілекшіміз!         

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
ХАТУ-дың студенті.

«Ұлан» газеті, №36
6 қыркүйек  2022 жыл

3154 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор