• Жырақтан білім іздесең
  • 07 Маусым, 2021

Шетелдік 8 оқу орнына шақырту алды

Алтынай Жигитаева – Өскемен қаласындағы Nurorda мектеп-лицейінің түлегі. Ол АҚШ-тың 4 университетінен, Канада, Оңтүстік Корея, Италия сияқты елдердің ең үздік оқу орындарынан сәулет дизайны бағыты бойынша оқуға шақырту алды. 

Пандемия көптеген адамға кері әсерін тигізсе, Алтынай бұл уақытты босқа жібермеген екен.

«10-сыныптың наурызынан бастап IELTS және SAT сияқты халықаралық емтихандарға дайындала бастадым. Осындай маңызды сынақтарға бір апта, бір ай, тіпті бір жыл бұрын емес, мүмкіндіктеріңіз болса, 8-9-сыныптан бастап дайындалсаңыздар. Cебебі, ұзаққа созылған дайындық дағдыны дамытуға үлкен көмегін тигізеді. Пандемияның әсерінен екі емтиханым болмай қалды. Сол үшін де басқа америкалық оқу орындарына тапсыра алмадым. Әйтпесе, қазір сегіз емес, одан да көп шақыртулар алушы ма едім... Сонда да  еш өкінбеймін»,  – дейді Алтынай.

Алтынайдан неге дәл осы университеттерді таңдағанын, қайсының жауабын асыға күткенін сұрадық.

«Өздеріңіз білетіндей, шет елде тегін оқуға түрлі мүмкіндік бар. Мен тапсырған университеттерде грантпен қоса шәкіртақы да төленеді. Канададағы Торонто универси-теті менің арманым болды десем де болады. Онда оқу өте қымбат болғандықтан, олар ұсынған қаржылық көмек маған жеткіліксіз болды. Қандай жағдай болса да, көңілімді түсірмеймін. Бір жылдан соң да арманыма жететініме сенімдімін».

Шыны керек, ересек адамдар көп жағдайда балаларын шет елге жіберуге қарсылық білдіреді. Осы орайда Алтынайдың ата-анасы не деді екен? 

«Қуанышыма орай, ата-анам шет елде оқуымды жақсы қабылдады. Олар оқуға түсуіме қатты көмектесті. Ал туыстарымның басым бөлігі мені түсінбеді. «Қаршадай қыз өзге елде не істейді?» деп қорықты. Меніңше, бұл қалыпты жағдай. Шет елге түскісі келетін барлық талапкер бұл кезеңнен өтті деп ойлаймын. 

Болашақта еліміздің сәулет және дизайн өнерін жаңғыртсам деймін.  Мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында болғандықтан, қалалардың өндірістік урбанизмі мен ескі ғимараттардың архитектурасы бойынша жұмыс істегім келеді.

Оқу орнын таңдайтын кезде мына жағдайларды ескеруді ұмытпаңыз. Ең бірінші, университеттің рейтингі мен ішкі гранттарының болуын қадағалаңыз. Екіншісі, орналасқан жері. Бұл аса маңызы болып көрін-беуі мүмін. Университет таңдар кезде, академиялық құрылымына байланысты АҚШ-тағы Йель университетіне  түскім келді. Алайда, өтініштерді толтыру кезінде оқу орнының қауіпті жерде орналасқанын білдім. Қауіпсіз жерде болатыныңызға сенімді болғаныңыз абзал. 

Болашақта жақсы білім алғыңыз келсе, қазірден дайындалыңыз, кейінге қалдырмауға тырысыңыз. Әртүрлі жобалар, қайырымдылық істер, олимпиадалар мен жарыстарға қатысу – жуық арада жүзеге асыра алатын маңызды міндеттердің бірі. Университеттерді жақсы білетін бір жанды тауып, өтініштермен үздіксіз жұмыс жасаңыз. Өзіңізге сенімді болыңыз»,  – дейді талапты қыз.

Дильназ ШАЙМҰРАТОВА, 
№45 мектептің
 10 «Б» сынып оқушысы.

Өскемен қаласы

«Ұлан» газеті, №23
8 маусым 2021 жыл

645 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор