• Толағай
  • 10 Сәуір, 2021

Холанд пен Эдегор Норвегия футболындағы жаңа кезең

Норвегия Еуропаның солтүстігінде орналасқан мемлекет. Бұл елде футболды дамыту оңай емес. Өйткені климаты футболға қарағанда шаңғы тебетіндерге қолайлы. Сондықтан болар, Бьёрндален секілді қысқы спорттың жұлдыздары көп шықты.

Енді футболға оралсақ. Норвегия құрамасындағы соңғы дүмпу 90-жылдары болды. Одан кейін ұзақ жыл алға жылжу байқалмады. Есесіне, болашақта Норвегия футболы жаңа белеске көтерілетін секілді. Оған алғышарт та жоқ емес. Қаншама жас таланттар өсіп келеді. Осы күні жұрт аузында жүрген Эдегор мен Холандты біз жазбасақ та, оқырмандар жақсы біледі. Олар осы айсбергтің тек шыңы ғана. Бұл екеуінен бөлек, тағы қаншама талант бар. Мысалы, Кристоффер Айер («Селтик»), Сандер Берге («Шеффилд Юнайтед»), Йенс Хеуге («Милан») және тағы басқалар.

Әр елдің футболда өрлейтін дәуірі болады. Норвегияда мұндай кезең 90-жылдарға тура келді. Ұлттық құрамасы үлкен турнирлерден, «Русенборг» клубы Чемпиондар лигасынан тыс қалған емес. Ал норвегиялық жұлдызды ойыншылар АПЛ-да және өзге де еуропалық топ-лигаларда көріне бастады.

Ұлттық құрамасын сол тұста атақты Эгиль Ольсон жаттықтырды. Оның бапкерлігімен Норвегия 1998 жылғы Франциядағы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Роналдо бастаған Бразилия құрамасын ұтып, 1/8 финалға дейін жетті. Команда құрамында – Сульшер, Туре-Андре Флу, Ронни Йонсен ойнады. Сол жылы Норвегия ФИФА рейтингінде екінші орынға дейін көтерілгені бар.

«Русенборг» Чемпиондар лигасында «Милан», «Реалдармен» терезесі тең өнер көрсетіп жүрді. Мысалы, 1997 жылы ширек финалға дейін жетті. 1999 жылғы «Бавария» мен МЮ ойнаған Чемпиондар лигасының финалында үш норвегиялық футболшы болды. Шешуші голды Сульшер соққан көзіқарақты жанкүйер жақсы біледі.

Норвегия 2000 жылы алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама алды. Топтық кезеңде үшінші орынмен шектеліп, содан кейін ірі турнирлердің іріктеу кезеңінен өте алған емес. Тіпті, Албаниядан жеңілген кездері бар. Уақыт өте «Русенборг» та барлығынан бірдей жеңіле беретін болды. Мысалы, 2009 жылы Әзербайжанның «Қарабах» клубынан ұтылып, Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде өте алмаған болатын. Бір кездері Шымкенттің «Ордабасы» клубын да әзер әупірімдеп жүріп жеңгенін де білеміз.

Осыдан кейін елдегі футбол басшылары ойлана бастады. Жағдайға басқаша қарады. Норвегияда мемлекет спортты қаржыландырмайды. Олар тек қаржыны демеушілер мен инвесторлардан алады. Кейбір клубтарда ойыншылар атрибуткаларды өздері үй-үйді жағалап сатады. 

Норвегия футболындағы жаңа кезеңнің басталуына Хокон Греттлан деген елдегі жастар футболының үйлестірушісінің еңбегі зор. Ол 2007 жылдан бері норвегиялық клубтарды академияларын кеңейтуге көндіреді. Әрбір клуб өз қаласында қосымша секция ашып, құлшыныс білдіргендердің бәрін қабылдайтын болады. Көптеген секция жалпы білім беретін мектептерде де ашылды. Сондықтан оқушылар сабақтан кейін бірден жаттығуға қатысуға мүмкіндік алды.

2007 жылдан бері Норвегияда жыл сайын 100 жасанды алаң төселеді. Атқарылған жұмыстардың арқасында футболға деген көзқарас өзгерген. 2020 жылы елде 325 мың футболшы тіркелген. Пайызға шаққанда Норвегия бұл жағынан көшбасшы саналады. 20 мың адамның бапкерлік лицензиясы бар.

Греттлан елдегі ең шалғай елді мекендерге дейін барып, жасыл алаң мен бапкерлердің жеткілікті болуын қадағалаған. Оның бұл ойы жүзеге асты. Осы күні алпауыт клубтардың назарында жүрген Холанд 12 мың халқы бар шағын ғана Брюне деген қаладан шыққан. Ертеректе мұндай аймақтарда сапалы алаң мен тәжірибелі мамандар болмаған.

«Біздің жеріміз үлкен, халқымыздың саны аз. Сол себепті футболшыларды дамыту үшін бірнеше аймақтық орталықтар керек», – дейді Греттлан.

Кеткен қателіктерге сараптама жасалып, жүйелік дамуға мән беріледі. Мұндай жағдайлар 2000 жылдардың басында Германия мен Бельгия да болған. Норвегтер елдегі футбол неліктен кризис те деп ұзақ бас қатырады. Инфрақұрылым – түсінікті, бірақ барлық проблема онда ғана емес шығар? Сөйтіп, футбол қауымдастығы жас футболшыларды дұрыс методика бойынша оқытпай жатқанын түсінген.

90-жылдары Норвегия Англияға қарап бой түзеген. Біз футбол тұрғысынан айтып отырмыз. Физиканы қажет ететін жылдам футбол. Бапкерлер мектептерден талантты атлеттерді жинап, физикалық күш-қуатын арттыруға жұмыс істеген. Норвегия құрамасы мығым қорғаныс, қос қаптал арқылы қарымта шабуыл немесе алдыға әуелетіп беру секілді стильде ойнаған. Бұл, әрине, сол жылдары жемісін берді. Бірақ осыдан кейін интеллектуал ойлайтын футболшылардың қатары азайып кетті. Бұрынғы тактика ескірді. 2010 жылы Норвегия басқа жүйеге көшті. Сол жылы әлем чемпионы атанған Испанияның методикасын қолдануға көшті. Яғни допқа көбірек иелік ету және ойыншылардың техникалық арсеналына мән берілді.

«Біз 80-жылдары Англия футболына қарап өстік, қазір норвегиялық балалар «Барселона», «Реал» және басқа да техникалық шеберлікке мән беретін команда-лардың ойынын қарайды. Соңғы 10 жыл көлемінде Норвегия заманауи оқыған бапкерлерге, сондай-ақ допқа көбірек иелік етуге назар аудара бастады», – депті The Athletic-ке берген сұқбатында норвегиялық скаут Тор-Кристиан Карлсен.

13 жасқа дейін балалар 11x11 форматында ойнамайды. Негізінен шағындау алаңда 6-8 баладан ойнайды. Мысалы, Англияда 10 жастан бастап балалар толық құрамда өнер көрсетеді. Норвегиялық жүйе жекелеген ойыншылармен жұмыс істеуге құрылған. Балалар сағаттап допқа иелік ету, пас, соққы жасау, дриблинг, позиция таңдау, ойынды бағамдау секілді детальдарға мән береді.

«Бапкер балаларды оқытып қана қоймай, оларға сұрақ қойып, дұрыс жаққа бағыттай білуі керек», – деп түсіндірді Греттлан Мольде университетінде берген дәрісінде. 14 жастан үздік ойыншыларды академияларға бөле бастайды: онда 11х11 жүйесіне ойнатып, жаттығуда футболшылардың шеберлігін шыңдауға мән береді. Мектептердегі методиканың бұзылмауын бапкер-супервайзер бақылайды. Олар қауымдастықтың штабында жұмыс істейді, бірақ үнемі іссапарда жүреді. Супервайзердің міндеті – барлық футбол мектебіне барып, жергілікті бапкерлердің методикадан алшақтап кетпеуін қадағалау. 16 жасында ең талантты балалар National Team School-ға қабылданады. Бұл лагерь 2014 жылы Норвегия құрамасының базасында ашылған. Мұнда ойыншыларды ірі турнирлерге арнайы дайындайды және олардың қабілеттерін шыңдауға тырысады. 

Норвегияда футбол ерекшелігі тіптен басқа. Онда адамдар футболды өз ләззаты үшін ойнайды. Әсіресе, балалар. Норвегия спортының ресми девизі – «Joy of Sport for All» («Спорт барлығына қуаныш сыйлайды»).

•Балаларды ойын нәтижесіне байланысты күйзеліс (стресс) пен қысымнан босату мақсатында 13 жасқа дейін ұлттық чемпионат өткізуге тыйым салынған, 11 жасқа дейін аймақтық чемпионаттар өткізілмейді. Матчтардың нәтижесі жарияланбайды. 13 жасқа дейін командалардың ойыны арнайы ереже бойынша өткізіледі. Егер команда 4 немесе одан көп гол айырмашылығымен ұтылып жатса, қосымша бір ойыншы қосып алуға рұқсат;

• Қыздар ұлдармен 16 жасқа дейін бірге ойнайды. Мысалы, Холандпен бірге «Брюне» академиясында Андреа Нордхейм жаттыққан. Ол 2018 жылы Pitea IF командасы сапында Швеция чемпионы атанды.

Қабылданған іс-шаралардың арқасында Норвегия футболы жасарды. Мысалы, 2008-2014 жылдары – Элитсериядағы орта жас көрсеткіші бір жасқа азайған (26,8 жастан 25,6 жасқа дейін). Чемпионаттағы ең жас дебютанттың рекорды жыл сайын өзгеріп тұрады. Эдегордағы футболдағы карьерасы 15 жасында басталған болатын.

Осы күні жасөспірімдер құрамасының көрсеткіші жақсарып келеді. 2019 жылы U20 құрамасы соңғы 25 жылда алғаш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды. Ол турнирде Холанд «Алтын бутсыға» ие болды. Шабуылшы Гондурас қақпасына 9 гол соқты. U19 құрамасы 2018 және 2019 жылдары екі рет Еуропа чемпионатына қатысты. Бұған дейін 20 турнирден қалыс қалған. Ал 17 жасқа дейін құрамасы Еуропада тіптен жақсы нәтиже көрсете бастады. 2017 жылы топтық кезеңде ойнаса, келесі жылы ширек финалға шықты.

Алдағы он жылдықта Холанд пен Эдегор «Алтын допқа» үміткерлер қатарында болады деп болжам бар. Бұл екеуінен басқа да норвегиялық талантты ойыншылар жетіп-артылады. Жақын арада бұл ойыншылар да топ-клубтардан табылуы ғажап емес.

•Орталық қорғаушы – Кристоффер Айер (22 жаста, «Селтик»). Бір ауыз сөзбен айтқанда, жаңа Ван Дейк. Айерді Шотландияда солай атайды. Брендан Роджерстің кезінде негізгі құрамға іліккен. Енді лигадағы үздік орталық қорғаушылардың бірі. Жазда Айер басқа клубтарға кетуі мүмкін. Қызығушылық танытушылар қатарында «Милан» бар.

• Шабуылшы – Александр Серлот (25 жаста, «РБ Лейпциг»). Холандтан кейінгі Норвегиядағы екінші форвард. 25 жасында алты еуропалық клубты ауыстырып үлгерген. Шабуылшы ретінде Түркияда танылды. Ол «Трабзонспорда» бір маусымда 24 гол соқты. Қазір «Лейпцигтегі» маңызды ойыншылардың бірі.

• Вингер – Йенс Хеуге (21 жаста, «Милан»). Хеуге портты қала Будёде дүниеге келген. Мұнда жаздың өзінде күннің көзі 14 градустан аспайды. Йенс футболмен жабық кешендегі жасанды алаңда айналыса баста-ған. Қазір Хеуге «Миланның» негізгі құрамында ойнауға үміткер. Биылғы маусымда 8 гол соғып үлгерді.

• Орталық қорғаушы – Сандер Берге (23 жаста, «Шеффилд»). 2019 жылдың күзінде Берге Чемпиондар лигасында «Генк» сапында жарқыраған болатын (УЕФА оны жыл жаңалығына қосқан). Ал қаңтарда «Шеффилд Юнайтед» сапына ауысты. Трансфер құны 20 миллион еуроға бағаланды (Норвегия футболындағы рекорд). Маусым-ды керемет бастаған. Бірақ былтыр күзде жарақат алып қалды. Eurosport футболшыға «Ливерпуль» мен «МЮ» қызығу-шылық танытып жүргенін жазды. 

Одан бөлек, Мортен Торсбю (24 жаста, «Сампдория»), Матиас Норманн (24, «Ростов»), Йорген Ларсен (21, «Гронинген»), Хокон Эвьен (21, «Алкмар»), Джошуа Китолано (19, «Одд»), Брайан Фиабема (18, «Челси»), Николай Скоглунд (18, «Спортинг»), Оскар Бобб (17, «Ман Сити») бар.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №15
13 сәуір 2021 жыл
 

405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор