• Толағай
  • 05 Сәуір, 2021

Екі ойында бір ұпай

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу аясында наурыз айының соңғы күндері екі ойын өткізді.

Қазақстан іріктеуде «D» тобына түскен. Бұл топта осалы жоқ. Әлем чемпионы Франциядан бастап, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина құрамаларына дейін бар. Әу бастан осылардың арасында Қазақстан аутсайдер саналады. Тіпті, бір ұпайға қол жеткізе ала ма деген сұрақ туындаған. Бәрі керемет деуден аулақпыз, дегенмен әзірге Байсуфинов шәкірттерінің аяқ алысы жаман емес.

Зайнутдинов тағы да ойнай алмады

Қандай бапкер болсын шеберлік деңгейі жоғары ойыншыларсыз алысқа бара алмайды. Қазақстанда бұл жағына келгенде таңдау аз. Сол себепті құрамды жасақтауда бас бапкер әбден қиналады. Оның үстіне, өзі санаулы футболшылардың кейбірі құрамаға көмектесе алмай жүр. Мысалы, Бауыржан Исламхан допинг дауына бай-ланысты екі жылға спорттан шеттетілген. Ал Ресейдің ЦСКА клубында  негізгі құрамда өнер көрсететін Зайнутдинов тағы да жарақатына байланысты алаңға шыққан жоқ. Бактиерге қатысты жанкүйерлер арасында екі жақты пікір бар. Өйткені соңғы кездері ұлттық құраманың ойындарына келгенде «Тараз» футболының түлегін көрмейтін болдық. Содан кейін оның осы жолы жарақат алғанына да күмән келтіргендер бар еді. Алайда футболшының өзі медициналық анықтамасын да көрсетіп, елді сендіруге тырысты. Жақында 23 жасқа толған футболшы соңғы екі жылда ұлттық құрамада бар-жоғы 8 матч өткізген. Франциямен кездесудің алдында бас бапкер Талғат Байсуфинов Зайнутдиновтің Ресейден жарақатпен келгенін хабарлады. 

«Ресей чемпионатының соңғы турында Зайнутдинов жарақат алды. ЦСКА-ның медициналық штабы бізге бұған ешқандай анықтама көрсеткен жоқ. Құрама жиынында толықтай медициналық тексерістен өтті. Сол кезде ескі жарақаты сыр бергенін байқадық. Ол алдағы екі ойынға қатыса алмайды»,– деді Байсуфинов.

Бірақ ЦСКА клубы футболшы жарақатты ұлттық құрама жиындарында алды деп санайды.

Мокин Мбаппенің соққысын қайтарды

Сөйтіп, көптен күткен Қазақстан мен Франция кездесуі де өтті. Бұл матчты тәпіштеп жазудың қажеті де жоқ шығар. Жанкүйерлер ойынды теледидардан тамашалады. Өкініштісі, пандемияға байланысты стадион бос тұрды. Сол кездесуде Қазақстан қақпасын күзеткен 39 жастағы Александр Мокин үздік ойыншы атанды. Ол екінші таймда әлемнің ең қымбат ойыншысы Килиан Мбаппенің 11 метрлік пенальтиден соққысын қайтарған болатын. Украинамен ойынның алдында Александр Мокиннің құрамадағы карьерасын аяқтайтыны жайлы ақпарат тарады.

Сарапшы не дейді?

Осы матчтқа қатысты футбол сарапшысының пікірін беруді жөн көрдік. Кезінде «Қайраттың» қорғаушысы болған Юсуп Щадиевтің матчқа қатысты көзқарасы мынандай:

«Жеңілістің ешқашан жақсысы болмайды. Бірақ жігіттерге ризамын. Олар қанша дегенмен, әлем чемпионы Франциямен кездесті. Мықтыға қарсы не істей аламыз? Қазақстан құрамасы матчтың соңғы жағында жастарды шығарды. Бас бапкер дұрыс істеді деп санаймын. Француздар украиндарды ұтпаса да, шыр айналдырды ғой. Украина құрамасы голды ойламаған жерден соқты. Ал біздің жігіттерге ондай мүмкіндік те бермеді. Сондықтан ризамын. Барлығы да тырысты. Қарсылас күшті болып тұр. Амал жоқ. Оның үстіне, қазір Францияда чемпионаттың нағыз қызған кезі.

Біздің жігіттер алпыс минутқа толығымен шыдас берді. Одан кейін физикалық жағынан шаршап қалды. Қазақстанда чемпионаттың тек екі туры ойналғанын ескерсек, оны да түсінуге болады. Команда толық ашылуы үшін кемі алты-жеті ойын өткізуі керек. Бір жағынан қиын топқа түстік: Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина командалары өте мықты ұжым».

Киевтегі қуаныш

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан құрамасынан үміт күтетіндер аз. Дегенмен осы топтағы азулы құраманың бірі Украинамен жерлестеріміз Киевте тең ойнауға шамасы жетті.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов бұл кездесуде негізгі құрамда төрт өзгеріс жасады. Франциямен болған матчта алаңға шықпағандардан осы жолы шабуылшы Абат Айымбетовке, жартылай қорғаушы Айбол Әбікенге және қорғаушылар Тимур Досмағамбетов пен Александр Марочкинге мүмкіндік берілді.

Есепті 20-минутта алаң иелері ашты. Гол авторы – Бельгия чемпионатында доп тебетін шабуылшы Роман Яремчук. Оған ұтымды пасты шығарып берген  «Манчестер Ситиде» өнер көрсететін Украина құрамасының капитаны Александр Зинченко болатын.

Үзілістен кейін Байсуфинов бірден үш ойыншыны ауыстырды. Тимур Досмағамбетов, Асхат Тағыберген, Айбол Әбікендердің орнына Марат Быстров, Рамазан Оразов және Ян Вороговский шықты. Бұл өзгеріс нәтиже берді. Матчтың 59-шы  минутында  Қазақстан құрамасы таразы басын  теңестірді. Ұлттық құраманың осы іріктеудегі алғашқы голын соққан Серікжан Мұжықов. Оған пас берген «Тобылдағы» командаласы – Азат Нұрғалиев.

Матчтың соңғы минуттарына дейін осы есеп сақталып қалды. Сөйтіп, Қазақстан әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді. Енді келесі ойын 1 қыркүйекте өтеді. Онда жерлес-теріміз өз алаңында Украинамен екінші ойын өткізеді.

Айымбетов дайын емес

Былтырғы маусымда «Қайраттың» үздік сұрмергені атанған шабуылшы Абат Айымбетов осы қыста Ресейге ауысқан. Дәлірек айтқанда, Самараның «Крылья Советов»  клубына. Бірақ бір айдан бері алаңға шыққан жоқ. Қосалқы құрамда кезегін күтіп отыр. Соған қарамастан Қазақстан бапкері Айымбетовті құрамаға шақырды. Өйткені бізде шабуылшы тіпті жоқтың қасы. 

Франциямен алғашқы ойында бұл міндетті Максим Федин атқарған. Алайда алаңда жарытып ештеңе көрсетпеді. Сондықтан Украинамен кездесуде бірінші минуттан ойынға Абат араласты. Ол Киевтегі стадионда 60 минуттай ойнады.

«Айымбетов әлі толық дайын емес. Бір рет жылдамдығына сүйеніп, қарымта шабуылға шығуға тырысқан. Бірақ былтырғыдай жылдамдығы жоқ екені байқалады. Әрине, Абат командаластары қорғанысқа қайтып оралуы үшін прессинг жасауға тырысты. Дегенмен бұрынғыдай бабында емес», – дейді қазақстандық бапкер Ваит Талғаев.

2000 жылдардың басында аз уақыт болса да, Қазақстан құрамасын жаттықтырған Ваит Талғаевтың айтуынша, осы ойында Тимур Досмағамбетов пен Айбол Әбікеннің ойыны көңілінен шықпаған.

«Олар Зинченкоға қарсы қалай ойнау керектігін білген жоқ. Досмағамбетовке шабуылды бастауға қиын соқты. Себебі, ол солақай футболшы. Бас бапкер Тимурды қорғаныстың оң қапталында ойнатты. Ал пасты оң аяқпен беру керек. Сондықтан ырқына көндіру үшін көп уақыты кетіп қалды. Зинченконың еркін ойқастауына мүмкіндік беріп қойды. Екінші таймда Вороговский пен Быстров шығып, Зинченконы уақытылы жаба алып отырды. Соның арқасында «Манчестер Сити» ойыншысының өткір шабуылдар ұйымдастыратын көп мүмкіндігі бола қоймады»,– дейді ол.

Сонымен екі ойында бір ұпай еншіледік. Талғат Байсуфинов Қазақстанның әлем чемпионатына жолдама алуы арманымыз деп отыр. Ендеше, сол күнге жетейік.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №14
05 сәуір 2021 жыл

319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор