• Сенің замандасың
  • 02 Наурыз, 2021

Ричмонд университетіне грант ұтып алды

Мұстафа Амандықұлы – Алматы қаласындағы білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы. Оқуда озат, алғыр. Қоғамдық жұмыстар мен іс-шараларға белсене атсалысады. Жеткен жетістігі де аз емес. Биыл АҚШ-тың Ричмонд университетіне грант ұтып алды. Мұстафа емтиханға қалай дайындалғаны жөнінде айтып берді.

– 2004 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Білім-инновация лицейіне 7-сыныпта ауыстым. Жақында Америкадағы бірнеше университетке емтихан тапсырдым. Бағым жанып, алдыңғы қатарлы Ричмонд университетіне грант ұтып алдым. Келесі жылдан бастап сонда оқимын. Футбол ойнағанды, жүзумен айналысқанды жақсы көремін. Болашақ мамандығым бизнес саласымен байланысты.

9-сыныптан бастап ағылшын тілінен қалалық деңгейдегі олимпиадаларға қатыстым. Былтыр лицейде білім саласының министрі болып сайландым. Командамен әртүрлі интеллектуал ойындар мен жәрмеңкелер ұйымдастырдым. Ағылшын тілінен дебат клубында капитанмын. Сонымен қатар, лицейдегі ЮНЕСКО клубының, «Адал ұрпақ» ұйымының белсенді мүшесімін. Біз онда қайырым-дылық шараларын өткізіп, жиналған қаржыны балалар үйіне беріп отырамыз. Карантин уақытында дебаттан онлайн тур өткізіп, бұл жобамен екі айдай айналыстым.

Мақсаттарыма жетуде білім-инновация лицейі өте үлкен рөл ойнады. Білімді, болашаққа нақты жоспары бар көптеген дос таптым. Солардың қасында жүріп әлем елдері туралы жаңа ақпараттар білдім. Шынымды айтсам, ең басында шетелге оқуға тапсыру туралы мүлдем ойлаған жоқпын. Достарым емтиханға дайындалып, шетелдің жоғары оқу орындары туралы айтқаннан кейін мен де қызығушылық таныта бастадым. Лицейге келмей тұрғанда, ағылшын тілінен деңгейім төмен болатын. Мұғалімдерім де шетелде білім алған. Америкаға тапсырарда, ағылшын тілін үйреніп жүрген кезде олар маған көп көмектесті.

Оқу орнын таңдағанда нені ескеру керек?

Шет мемлекеттің оқу орнын таңдағанда өте мұқият болу қажет. Америкада оқудың бағасы өте қымбат. Бір университетке шамамен 40 000 доллар төлейсіз. Америкада 2000-ға жуық университет бар.  Олардың әрқайсын зерттеудің өзі көп уақытты талап етеді және бұған бей-жай қарамау керек. Университет таңдауда бірнеше факторды басшылыққа алу керек. Біріншіден, тегін оқи алатын, қаржылай көмек беретін университетке тапсыру керек. Мен жекеменшік университеттерге тапсыруды ұсынар едім. Өйткені олар мемлекеттік ЖОО-ға қарағанда аз адам оқытады. Сондай-ақ бюджет жақсы бөлінеді, сізге қаржылай қолдау көрсете алуы мүмкін. Ал АҚШ-тың мемлекеттік оқу орындары  жылына 15 000-ға жуық студент қабылдайды. Оған толық грант ұтып алу өте сирек кездесетін жағдай. Мемлекеттік университеттер қаржылай көмекті көбіне америкалықтарға ұсынады. Сонымен қатар, АҚШ-та университеттің Liberal Arts деп аталатын үшінші түрі бар. Бұл оқу орындарында бакалавр деңгейін оқытады, жекеменшік университеттерге қарағанда адам аз, грантқа түсу мүмкіндігі көп. 

Екіншіден, таңдаған ЖОО-ның сіздің мамандығыңыз бойынша рейтингі жоғары болуы керек. Мысалы, мен тапсырған Ричмонд университеті АҚШ бойынша жалпы рейтингте 58-орында. Ал бизнес бойынша 23-орында тұр. Болашақ салам үшін бұл өте жақсы деңгей. Сол себепті Ричмонд университетіне тапсыруға бел будым. Ричмонд университеті Liberal Arts University болғандықтан, онда төрт мыңдай адам оқиды. Профессорлар студенттермен жақсы жұмыс істейді, кері байланыс әрдайым болады. Америкаға оқуға тапсырар кезде кезде он университетті белгілеу керек. Сол арқылы грант ұтып алу мүмкіндігіңізді көбейтесіз. Тағы да айта кетсем, дінді насихаттайтын оқу орнын таңдамау керек. Мен он бес университетті белгіледім. Олардың бірнешеуі Ричмондқа қарағанда бизнес жағынан мықтырақ болды. Бірақ олар католиктік бағытты насихаттайтын-дықтан, бас тартуға тура келді.

Дайындық туралы

7-сыныпта Назарбаев универ-ситетіне түсуді армандайтынмын. Бірақ онда бизнес, менеджмент салаларынан мамандық жоқ. Сол себепті, 10-сыныптың басында Америкаға оқуға тапсырамын деп шештім.  IELTS және SAT емтихандарын тапсырдым. Халықаралық IELTS емтиханына ұзақ уақыт дайындалдым: курстарға бардым, түрлі кітаптарды қарап шықтым. Бірінші рет тапсырғалы тұрсам да, жоғары нәтиже көрсетуге талпындым. Солайша, 9.0 балдан 8.0 балл жинадым. Негізі, Америкада оқу үшін IELTS емтиханынан 7.0 балдан кем алмау керек. SAT емтиханы америкалықтарға арналған, бізге тапсыру аса міндетті емес.  Бірақ бұл емтиханды  тапсырып, жоғары балл алсаңыз, сізді расымен мықты оқиды деп қабылдайды. Өйткені оқу табеліңізде «5» деген баға тұрғанымен, оған сенбеуі мүмкін. IELTS тек ағылшын тілінен деңгейіңізді растаса, SAT арқылы математикадан біліміңізді көрсетесіз. Сондай-ақ, ағылшын тілінде өзіңіз туралы  500 сөз көлемінде эссе жазасыз. Оны оқиға ретінде жазсаңыз қызықты болады. Онымен қоса, не себепті сол университетті таңдағаныңыз туралы бөлек эссе жазасыз. Америкаға тапсырамын дейтіндер болса, емтиханға 9-сыныптың соңынан бастап дайындалу керек. Өйткені ҰБТ-ға дайындалып, уақыт жетпей қалуы мүмкін. Бағаларыңыз да жақсы болуы керек. Қоғамдық жұмыстар мен жобаларға көбірек қатысыңыз дегім келеді.

Алла қаласа, Ричмонд ун-верситетінде жақсы нәтиже көрсеткім келеді. Университетті бітіргеннен кейін тәжірибе үшін АҚШ-та бір-екі жыл жұмыс істеп, Қазақстанға ораламын. Америка – мүмкіндіктердің мекені, бірақ онда қалмаймын.

Аружан Абсатар,
«Ұлан» газетінің жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

769 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор