• Өнертапқыш
  • 01 Наурыз, 2021

Зағиптарға арналған құрылғы жасады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Start-up»  жобаларды дамыту жұмыстары нәтижелі жүзеге асып келеді. Осы кезге дейін бірқатар жоба сәтті іске асып, кең көлемде қолдау тауып та үлгерді. Қоғам  игілігіне бағытталған жобаларды қолға алған студент те жетерлік. Солардың бірі – Әбибулла Сейтбек. Өнертапқыш Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі физика-математика факультетінің 4-курс студенті. Ол жақында зағип жандарға арнап, таяқтың орнын ауыстыратын құрылғы ойлап тапты.

– Кез келген өнертабыс қажеттіліктен туындайтыны белгілі. Ал мүгедектігі бар жандарға көмек көрсету қашан да өзекті мәселе. Сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елбасы да халыққа арнаған жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қолдап, олардың мәселесін шешуге барынша атсалысу қажеттігін үнемі айтып келеді. Сондықтан жобамды зағиптарға қолұшын созуға бағыттадым.

Қазіргідей дамыған заманда технологиялар бір орында тұрмайды. Кеше ғана қолданыста болған батырмалы ұялы телефондардың орнын сенсорлы смартфондар айырбастағаны секілді, әлемде сәт сайын көптеген жаңа дүние пайда болып жатыр. Сондықтан қолда бар дүниені пайдаға жарата білу қажеттігін түсіндім. Сол сәтте электронды көліктерде орналасқан, кедергіні көргенде автоматты түрде тоқтайтын датчикке көзім түсті. Неге осыны пайдаланып, зағип жандарға арналған құрылғы жасамасқа деген ой пайда болды. Осылайша іске кірістім. 

Құрылғыны жасап шығаруға үш айдан аса уақыт кетті. Ол кедергі датчигі, виброқозғалтқыш  және  қозғалыс датчигінен тұрады. Қуаты  бір аптаға дейін жетеді. Құрылғы бір метр жер-дегі кедергіні анықтап, дыбыс арқылы белгі береді. Сол кезде адам дұрыс бағытта қозғалуға әрекет жасайды. Құрылғының негізгі ерекшелігі  – дизайнында. Қолға ұстауға және сөмкеге салып жүруге ыңғайлы етіп жасалған. Әрине,  әзірге тиімділігі туралы нақты сөз қозғау қиын. Себебі оны қолда бар заттармен ғана құрастырып шығардық. Егер инвесторлар табылса, дәл қазіргі күйінен де шағын дизайнда құрастырып, басқа да микродатчиктерді пайдалану ойда бар. Осы орайда жобаның сәтті шығуына қосқан үлесі үшін жетекшім Асхат Асылбекұлы мен Start-up  академиясына алғыс айтамын!

P.S. Кейіпкеріміз бұған дейін де адам өмірін жеңілдету үшін бірқатар идеясын жүзеге асырған. Мысалы, бір бөлігіне зақым келген заттарды қайта құрастыру ісіне және қолының мүкістігі бар, өз еркімен тамақ іше алмайтын жандарға арнап 3D принтерді пайдалана отырып ыңғайлы құрал шығарды. Адам оның көмегімен қасық ұстап, қаламсапты да пайдалана алады. Әбибулланың болашақта бұдан да ірі жобалармен айналысарына сенеміз!

Назерке ӨТЕГЕН,
Қ.Жұбанов атындағы 
АӨУ студенті.

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор