• Сенің замандасың
  • 15 Ақпан, 2021

Ең жас редактор 11-сыныпта оқиды

Әмина Кемелбай –  жас редактор. Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылының тұрғыны. Сұраншы Сауранбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы. Өзі көпшілікке үлгі боларлық талапты жастардың бірі. Ауылының тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Журналист болсам деген арманы 15 жасында «Сарыбастау тынысы» журналын шығаруға ұйытқы болды. Бүгінде Әминаның журналы ай сайын тұрақты түрде шығып тұрады. Әминадан журналды қалай шығарғанын, ҰБТ-ға дайындық пен күнделікті сабаққа қалай уақыт табатынын сұрадық.

Ұлан: Журналды шығаруға не түрткі болды? Бұл әлдекімнің ұсынысы ма, әлде өзіңнің шешімің бе?

Әмина: Журналды шығаруға журналист боламын деген арма-ным түрткі болды. 9-сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шыққа-нымда Сарыбастау ауылының әкімі Әлдибеков Шалқар Әшірбекұлы мені әкімдікке шақырып: «Әмина, менде бір ой бар. Газет-журнал шығарып көрсеңші. Өзің журналист болуды армандайсың. Бір жағынан өзіңе тәжірибе жинайсың, екіншіден ауыл тұрғындарына пайдаң тиеді», – деп ұсыныс айтты. Ата-анаммен ақылдасып, журнал шығаруға бел будым. Алғашқы санын 2019 жылы бірінші қазанда қарттар мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шарада таныстырдық.

Ұлан: Әкімдік осындай жауап-кершілік жүктегеннен кейін қандай сезімде болдың? Ата-анаң не деді?

Әмина: Әрине, бұл өте үлкен жауапкершілікті талап етті. Мектептегі оқуыммен қатар, Текес ауылындағы балалар өнер мектебінде домбыра және шешендік өнер үйірмелеріне қатысып жүрдім. «Сарыбастау тынысы» журналын шығару арқылы уақытты тиімді пайдаланып, жоспармен жүруді үйрендім. Қазір уақытымның көп бөлігін журналға жұмсаймын. Ата-анам  қарсы болған жоқ. Керісінше, маған шабыт сыйлап, қолдайтынын білдірді.

Ұлан: «Таңжарық» бағдарла-масына берген сұқбатыңда журналдың алғашқы сандарын өзің шығарғаныңды айттың. Сол кезде қиындықтар болды ма?

Әмина: Шынымды айтсам, мен басында газет-журналды қалай шығаратынын білмедім. Мойнымда үлкен жүк тұрғандай қиналдым. Бірақ ата-анамның қолдауының арқасында бұл іске құлшына кірістім. Алғашында «Сарыбастау тынысын» газет ретінде шығарамын деп ойладым. Мақалаларды Word-қа теріп, «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры арқылы Алматы қаласына баспаханаға жібердім. Сол жақта газетті өңдеп, дизайнын өздері жасайды деп ойладым. Бірақ оны қалай жаздым, солай еш өзгеріссіз шығарып берді. Ал, екінші санында ғаламтордан газеттің үлгісін көшіріп алып, соған сәйкестендіріп жасадым. Бұл менің екі аптадай уақытымды алды. Өйткені әріптердің бірдей болуына, суреттердің дұрыс орналасуына мән беру керек болды. Бұлай жалғаса берсе, газеттің шығуы екіталай екенін түсіндім. Алғашқы сандарында редакциялаудан қателер болды. Бұл жөнінде кеңес сұрайтын адам таппадым. Сөйтіп, журнал жасайтын дизайнерлермен таныса бастадым. Қазір журнал ретінде тұрақты түрде Bibiasuart баспаханасынан 100 данамен шығып жатыр. Пошта арқылы ауыл тұрғындарына таратамыз.

Ұлан: Журналдың редакциясы қайда орналасқан?

Әмина: «Сарыбастау тынысының» редакциясы ауыл әкімдігінің ғимаратында орналасқан.

Ұлан: Журналды шығару барысында журналистика бойынша білім жетілдірдің бе?

Әмина: Шыны керек, алғашқы сандарында редакциялаудан қателер болды. Бұл жөнінде кеңес сұрайтын адам таппадым. Шүкір, қазір жазу өнерінен хабары бар кісілер қолдау көрсетіп жатыр. Жазира Байдалының «Журналист бол» курсына қатыстым. Аудандық «Хантәңірі» газетіне тәжірибеден өтуге барып тұрамын. «Хантәңірі» газеті арқылы сюжет жазуды үйрендім. Ақын, журналист Мақпал Мыса да кеңес берген болатын. Талдықорған қаласында облыстық «Жетісу» газетінің журналисі, ақын Жұматай Оспанұлына, Abai.kz сайтының редакторы Қанат Әбілқайыр мырзаға алғысымды айтамын. Осы кісілердің ақыл-кеңесінің арқасында «Сарыбастау тынысы» журналының қазіргі сандары алдыңғы сандарына қарағанда дұрысталып қалды. 

Ұлан: Өзіңмен бірге жұмыс істейтін тобың бар ма?

Әмина: Иә, менімен бірге үш тілші жұмыс істейді. Айдана Беделхан – Сүлейман Демирел атындағы университеттің 3-курс студенті. Өзі ақын, маған жазу жағынан үнемі көмектесіп отырады. Гүлдана Сатыбалды – Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы университеттің филология факультетінің студенті. Әйгерім Әшірбек болса, Т.Жүргенов атындағы колледжде актер мамандығы бойынша оқиды.

Ұлан: Басылымға қандай тақырыптағы мақалаларды жариялайсыңдар? Қандай айдарлары бар?

Әмина: «Сарыбастау тынысының» мақсаты – Сарыбастау ауылының тарихын жаңғырту, бүгінін талқылау, болашағын айқындау. «Ауыл жаңалықтары», «Спорт жаңалықтары» деген айдарлар бар. «Аспан таудың етегі – ақындардың мекені» айдарында ауыл ақындары мен мектеп оқушыларының шығарған өлеңдері жарияланады. «Сырға толы суреттерде» тарихи суреттер шығарылса, «Тарихи тұлғалар» айдарында ауылымыздан шыққан тарих тарландарының өмірбаянын жариялаймыз.

Ұлан: Журналды әкімдік қолдағаннан кейін арнайы қаржы бөлінетін шығар?

Әмина: Ерікті түрде өзіміз шығарғаннан кейін әкімдіктен қаржы бөлінбейді. Ауылымда кәсіпкерлер құрған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қазір  бұл қор республика көлемінде ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Осы қор арқылы журналдың алғашқы саны шықты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары да демеуші болып, журналдың шығуына үлесін қосып жатыр.

Ұлан: Ауыл тұрғындары журналға қандай пікір білдірді?

Әмина: Басында барлығы «Бұл қандай газет?» деп түсінбеді. Кейіннен тұрғындарға ұнап, оқырман көбейе бастады. Ай сайын журналды сатып алатын болды. Ауыл тұрғындарының шығармашылық жұмыстарын да жариялап тұрамыз. Сонымен қатар, әр санға жас отбасыларға үлгі болатындай, ауылға еңбегі сіңген әулеттер туралы мақала жазып отырамын. Оқырманның осыған қызығатынын байқадым. 

Ұлан: Мектепте оқып жүріп, ауыл көлемінде газет-журнал шығару кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл сенің оқуыңа кедергі келтіріп жатқан жоқ па? Қанша дегенмен болашақ түлексің. ҰБТ-ға дайындығың қалай? 

Әмина: Адам күнін жоспарласа, барлығына да үлгере алады. ҰБТ-ға дайындығым жақсы. Өзім журналистиканы таңдап отырғаннан кейін журнал шығару – оқуымның бір бөлшегі. Бұл мені өзімнің арманыма жетелейді. Газет шығаруға ынтам мен талпынысым сарқылмайды. Әр саны шыққан сайын шабыт алып, өзімді бақытты сезінемін. Адамның мүмкіндігі шексіз екенін түсіндім.

Ұлан: Жарайсың, Әмина! «Сарыбастау тынысы» жасай берсін! Саған сәттілік пен шығармашылық табыс тілейміз!

Аружан АБСАТАР, 
«Ұлан» газетінің жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

1262 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор