• Толағай
  • 09 Ақпан, 2021

Зарина ЦОЛОЕВА, боксшы: Қабілетін спортта ғана қолдана алады деген жаңсақ түсінік қалыптасқан

Ақылына көркі сай боксшы қыздарымыздың бірі – Зарина Цолоева. Ол кезінде 64 келіде еліміздің көшбасшысы болды. Үш рет әлем чемпионатына қатысты, Қазақстан чемпионатында топ жарды. Сосын кәсіпқой боксқа ауысатынын хабарлап, алайда бірде-бір рет шаршы алаңға шыққан жоқ. Ал кейінгі жылдары көрермен назарынан мүлдем жоғалып кеткені жасырын емес. Жақында Заринамен хабарласып, сұқбаттасқан едік. 

– Зарина соңғы кездері көрінбей кеттіңіз. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Бұл сауалға нақты бір жауап айту қиын. Өйткені менде жаһандық деңгейдегі өзгеріс болып жатыр. Бұл қоршаған ортаға да, көзқарасыма да байланысты. Сонымен қатар менің үнсіздігімнің артында өзіме байланысты көптеген жұмыс бар. Ал жұмысқа қатысты айтар болсам, әрине, жеткілікті. 

– Кәсіпқой боксқа ауысқаныңызды хабарлағаныңыз есімде. Бірақ бірде-бір жекпе-жек өткізген жоқсыз. Бұған өкінбейсіз бе?

–  Ешқандай өкініш жоқ. Егер нақты АҚШ-тағы жекпе-жек туралы айтатын болсақ, онда мен одан ең басында бірден бас тартпағаныма өкінемін. Өйткені қатты ауырдым. Денсаулығымды соншама әлсіретіп, жекпе-жекке шығу кәсібилік емес еді. Сондықтан бұл жекпе-жекті көп күткен халқым, көрерменім және жанкүйерлерім алдында дұрыс болмады, олардың үмітін ақтай алмадым.

– Кәсіпқой боксқа ауысқан тұста Сағатбек Мұсахановтың қарамағында жаттығып жүрдіңіз. Бұл бапкер туралы не айта аласыз?

–  Қысқаша жауап берейін. Бұл бапкер туралы жақсы да, жаман да ештеңе айта алмаймын. Тек жүріп өткен жолымыз үшін және алған тәлімім үшін алғысымды білдіремін. 

– Сағатбек Мұсаханов сізден бөлек, Балауса Мұздыманды дайындаған еді. Алайда ол әуесқой боксқа қайтып оралды. Неге бұл бапкердің кәсіпқой бокста жолы болмай жүр?

–  Бұл жағдайға егжей-тегжейлі түсінік бергім келмейді. Меніңше,  жаттықтырушы спортшының жеке қасиеттері бойынша жұмыс істеуі керек. 

– Мен хабарласқанда туған жеріңізге оралғаныңызды айтып қалдыңыз. Бұған дейін қай қалада тұрдыңыз? Әзірге осында боласыз ба?

– Сіз хабарласқан кезде өзім туып-өскен Ақмола облысындағы Жақсы ауданында болғанмын. Отбасым, жақындарым бәрі сол жақта. Ал негізінен елорда тұрғынымын.

– Үш рет әлем чемпионатына қатыстыңыз. Бірақ жүлдеге іліге алмадыңыз. Негізі қай чемпионатта үштікке ілігуге көбірек мүмкіндігіңіз болған еді?

–  Жалпы, үш чемпионатта да медаль алуға мүмкіндік болған еді. Ең алғаш 2011 жылы қатыстым. Соңғы екеуімен салыстырғанда бұл біріншілікте мүмкіндігім аздау болғаны рас. Өйткені жеке бапкерім Александр Высоцкий қасымнан табыла алмады. Түркияда ол кісінің жоқтығы қатты білінді. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласынан жүлде әкелуге болар еді. Ең керемет мүмкіндік сол кезде туған. Бірақ аздаған сәттілік жетіспеді. 2016 жылы әлем чемпионаты Олимпиада қарсаңында астанада өтті. Елордада ширек финалға дейін жеттім. Егер тағы бір қадам жасағанда, қола медаль қолда тұрған еді. 

– Болашақта спорт саласында жұмыс істеу жоспарда бар ма? Мысалы, бапкер болу, менеджер болу секілді. Әлде болашағыңызды спортпен байланыстырмайсыз ба?

–  Адамдарда көбінесе спортшы, әсіресе боксшы өзінің таланты мен күшін тек спортта қолдана алады деген жаңсақ түсінік қалыптасып қалған. Менің спортта түпкілікті қалу жоспарымда жоқ. Басқа салаларда өзімді сынап көргім келеді. Сол жолда мақсат-мүдделерім бар. Ойымды жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатырмын.

– Соңғы кездері әлеуметтік желіде Аида Сатыбалдина деген боксшы қыздың көп аты шығып жүр. Бұл боксшыны танисыз ба? 

–  Аиданы, әрине, жақсы танимын. Ол туралы тек жақсы пікір айта аламын. Өте еңбекқор, адамгершілігі жоғары қыз. Біз Қазақстан чемпионатында шаршы алаңда кездескенбіз. Ол кезде жеңген болатынмын. Дегенмен Аида да жақсы қарсылық көрсеткені есімде. 

– Жерлесіңіз Дина Жоламан 2016 жылы әлем чемпионы атанды. Бірақ соңғы кездері аса жолы болмай жүр. Неліктен деп ойлайсыз? 

–  Бір нәрсені айтқым келеді, Дина Жоламан ешқашан берілмейтін, өжет қыз (күлді). Егер осы күні оған сәл-пәл сәттілік жетіспесе, барлығы тек Динаға байланысты емес деп ойлаймын. Ал оның күші мен жеңіске жету жолындағы табандылығын айтар болсам, жаттығуда болсын, шаршы алаңда болсын, 120 пайыз күшін салатын боксшы. 

– Динаға Олимпиада жолдама алу үшін салмақ ауыстыруға тура келеді. Бірақ осындай қадамға баруы мүмкін бе?

–  Әрине, бәрі мүмкін. Қажет болса, салмақ ауыстыру туралы шешімді де қабылдайды деп ойлаймын. 

– Түркияда жол апатына ұшырап, аман қалғаныңыз бар. Сол кезде  ең бірінші  ойыңызға не келді? Қазіргі кезде сол сәттер есіңізге түсе ме?

– Иә, көп уақыт өтті. Мен сол кездегі жағдайды әлі күнге дейін ой елегімнен өткізіп, саралап отырамын. Түркияда шейіт болған құрбандардың ата-аналары мен туыстарына қаншалықты қиын екенін елестету әлі күнге дейін ауыр. Алла тағала маған мүмкіндік берді. Сол кезден бастап өмір, дін туралы көп ойлана бастадым. Әлбетте, мінезім де өзгерді. 

– Ингуш ұлтынан екеніңізді білемін. Жалпы, шешен-ингуш халықтарында балаға қатал қарайды. Сізді қалай өсірді?

 –  Бізде де дәл солай болды. Әкем өте қатал. Менің спортта бағым тез жанып, жетістіктерге жете бастадым. Әкем амалсыз келісімін беріп, қолдау көрсетті. Кез келген ата-ана баласының ойын жүзеге асырып, жетістікке жеткенін қалайды ғой.

– Жекпе-жек кезінде сыртқы бейнеңізді бұзбау үшін соққы алмау маңызды ма, әлде шаршы алаңда барлығын ұмытып кетесіз бе? Жалпы, бетіңізден соққы алу-дан қорыққан сәтіңіз болды ма? 
–  Ұқыптылық әрдайым болуы керек. Тіпті рингке шыққан кезде сауатты қорғану қажет. Ал жекпе-жек кезінде сыртқы бет-бейнеңді ұмытып кетесің. Бірақ бетімнен соққы алғанды қаламайтындардың қатарынанмын. Сондықтан менің талантым, тактикалық жоспарым рингте аз соққы алуға құрылған. Шама келгенше сытылып шығуға тырысамын. 
– Осымен кездессем дейтін ерекше қарсыласыңыз бар ма, әлде кіммен шықсаңыз да бәрібір ме? 
– Дәл қазір кез келген боксшы-мен шаршы алаңда жолығу – тәжірибе болатыны анық. Сол себепті қарсыластың кім болғаны аса маңызды емес. 

– Өз күшіңізді тексеру үшін жігіттермен нағыз жекпе-жек өткізіп көруге қалай қарайсыз?

– Ерлермен бокстасуды қаламаймын. Мен керемет талант болсам да, жігіттерге бұл жекпе-жектен пайда болмасы анық. 

– Өзіңіз жеңгеніңізге сенімді болып, бірақ төреші қарсыластың қолын көтерген сәттер болды ма? 

– Әрине, ондай жағдайлармен кездестім. Бірақ оларды еске алғым келмейді. Оның бәрін сол төрешілер-дің ар-ұжданына қалдырдым. Бапкерім айтқандай, жекпе-жектен кейін босқа жұдырық сілтеудің қажеті жоқ. Тек спорт әлемінде әділ жекпе-жектер көп болса екен деп тілеймін. Кездесудің тағдыры екі спортшының қатысуымен тек шаршы алаңда шешілгені қажет. Басқа ешкім араласпасын. 

– Боксшыларға медициналық тексеруден қаншалықты жиі өтіп тұру керек?

– Меніңше, спортшы және федерация бірінші кезекте бокс-шының денсаулығына мән беруі керек. Сонымен қатар жарақат алған спортшы болса, жылдам көмек көрсетіп, медициналық жағынан барлық жағдай жасауға тиіс деп санаймын. 

– Көптеген боксшы аралас жекпе-жекті ұната бермейді. Ал сіздің көзқарасыңыз қалай? 

–  Мен де аралас жекпе-жекті қолдайтындар қатарынан емеспін. Бокс – ең әдемі әрі өте қатал спорт түрі деп санаймын. 

– Ал боксшылардың аралас жекпе-жекке ауысуына қатысты не айтасыз? 

–  Егер өзіне ұнап жатса, ұстаудың қажеті жоқ. Олардың таңдауына түсіністік танытып, тек сәттілік тілеу керек. 

– Салмақ қуалау кәсіпқой боксшыларға тән. Ал әуесқой бокста бұл жағы қалай? 

– Әлбетте, екі жақта да салмақ қуалау бар. 

– Спорттан басқа қандай қызығушылығыңыз бар?

–  Менде хобби өте көп. Оның көптігін тіпті айта алмайды екенмін. Қазіргі кезде өзімді дамытумен айналысып жатырмын. Бірақ бұл физикалық жұмыс емес. 

– Дүкен аралағанды жақсы көресіз бе?

–  Маған дүкен аралаған ұнайды. Әсіресе, азық-түлік дүкеніне бар-ғанды жақсы көремін. Әлбетте, дәмді тағамдарға қызығушылығым жоғары. Сосын бірнеше сағат солар-
дың құрамын оқып тұрамын. Жалпы, өзімнің денем мен сыртқы келбетімнің пайдасына қатысты пайдалы ақпарат оқығанды қызық көремін. 

– Тұрмысқа шығу жоспарыңызда бар ма?

–  Бәрі де Алланың қалауымен болады. Әрине, тұрмысқа шығып, отбасын құру – әрбір қыздың арманы. 

– Сұқбаттыңызға рақмет!

Әңгімелескен Бек Төлеуов

«Ұлан» газеті, №6
9 ақпан 2021 жыл

609 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор