• Толағай
  • 30 Қараша, 2020

Дүниеден Диего Марадона да өтті

Футбол арқылы әлемге өзің мойындатқан атақты аргентиналық футболшы Диего Марадона 60 жастан асқан шағында дүниеден озды.

Әлемдік ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, 25 қараша күні жүрегі тоқтаған. Ол кезде Мараодна Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресқа жақын орналасқан Тигре қалашағындағы үйінде қайтыс болған. Негізі оған бұған дейін ота сәтті жасалып, қараша айының басында үйіне жіберілген.

Елінің атын айдай әлемге танытып, XX ғасырдың ұлы футболшысы атанған Диего Марадонаның қазасы талайдың қабырғасын қайыстырды. Аргентина президенті Альберто Фернандес мемлекетінде үш күнге қаралы күн жариялады. Еуропа Чемпиондар және Еуропа лигасының ойындары бір минуттық үнсіздікпен басталды. Кезінде Марадона Италияның аса көп ешкім танымайтын «Наполи» клубында 7 жыл ойнап, жоғары деңгейге көтерген болатын. Енді, клуб басшылығы стадионға Диего Марадонаның есімімін береміз деп айтты.

Осы ретте футбол аңызына қатысты аз-кем естеліктерді бөліскенді жөн көріп отырмыз.

Кезінде Марадонаның аяғы ғана емес, «қолы» да алтын болды. 1986 жылғы Мексикадағы футбол тойында Диего атой салды. Тіпті, сол чемпионатты жанкүйерлер әлі күнге дейін «Марадоның мундиалы» болды деп жүр. Ширек финалда Аргентина-Англия кездескен еді. Осы ойында капитан екі гол соқты.

Бірінші таймда осы ойында есте қалатындай ештеңе болған жоқ. Кездесу іс пыстыратындай деңгейде өтеді. Көбісі, мұнның күннің ыстығымен байланыстырады. Ойынның 51-минутында Марадона өзі белсеніп, алдымен Глен Ходдлды алдап өтіп, әріптесі Хорке Вальданоға пас береді. Одан кейін өзі әріқарай жүгіреді. Англиялық жартылай қорғаушы Стив Ходж допты шығарып жіберуге тырысқанымен, байқаусызда өз айып алаңына қарай тебеді. Осы сәтте «Ацтек» стадионына жиналған 114 мың көрермен футбол әлеміндегі шулы голды көреді. Бірақ тунистік төреші Бен Насер мен болгариялық лайнсмен Богдан Дочев ештеңе байқаймайды. Яғни әуелеп келген допқа басы жетпеген Марадона қолымен енгізіп жіберген. Кейіннен журналистерге берген сұхбатында футболшы: «Гол шынымен де қолмен соғылған шығар. Бірақ ол менің қолым емес, Құдайдың қолы болатын» деп жауап береді.

Осы қателіктері үшін Бен Насер мен Дочев жазаларын тартты. Болгариялық футбол алаңында төрелік етуді тоқтатады. Ал тунистік қазыны ФИФА барлық халықаралық жарыстардан шеттетеді.

«Марадона өмірімді құртты. Ол керемет футболшы, бірақ нашар адам. Бойы қандай аласа болса, адамгершілігі де сондай», – деп кетті қайтыс боларының алдында 2017 жылы Дочев.

Бен-Нассер мен Дочер кінәні бір-біріне артудан асқан емес. Болгариялық арбитр күмәнді бірдеңе болғанын бірден сезгенімен, ештеңеге араласа алмағанын айтты.

«Ол кезде ФИФА ассисенттерге бас төрешінің шешімін талқылауға мүмкіндік бермейтін. Егер ФИФА осындай маңызды ойынға еуропалық төрешінің қойғанда, Марадонаның голын санамайтын еді», – дейді ол.

Марадона гол қақпаға кіріп, саналған кезде тіпті әріптестерінің өзі сенбегенін айтады. Командаластарын гол саналған кезде бірге тойлауға да шақырған.

«Оларға мені құшақтаңдар деп айттым. Әйтпесе арбитр санамай қояды дедім. Командадағы жігіттердің біреуі «ағылшындарды тонап жатырмыз» деп қалды. Мен мақалдатып жауап бердім: «ұрыны тонағандар толық кешірімге ие болады» дедім», – дейді Марадона.

Өйткені ол кезде Аргентина мен Англияның арасы жақсы емес болатын.

Жақында Марадона 60 жылдығының қарсаңында тілшілерге сұхбат берген еді. Сонда журналистер туған күніңізге қандай сыйлық алғыңыз келеді деген болатын.

«Англия қақпасына тағы да гол соққым келеді. Бірақ бұл жолы оң қолыммен салсам деп армандаймын», – деген еді аңыз ойыншы.

Арада бірнеше жыл өткенде, 2015 жылы Марадона Туниске жарнамаға түсуге барды. Сонда мүмкіндікті пайдаланып, Әл Бен-Нассердің үйіне соғып, Аргентинаның сол кезде құрамасының жейдесін табыс еткен. Жейдеде «менің мәңгілік досым арналады» деген жазу бар.

Ал екінші голын суреттеуге көбісінің тіл баяғы да жетісе бермейді.Бұл жолғысы айлакерлікпен емес, адам сенгісіз таланттың арқасында салынған. Жылдамдыққа құрылған дрибилинг, қозғалыс бағытын өзгерту және қабілеттерін тиімді пайдаланған. Соның арқасында 5 бірдей ойыншыны алдап өтіп, қақпа торын тулатады. Тіпті, сол біріншіліктің үздік сұрмергенді атанған ағылшын шабуылшысы Гари Линекердің өзі қошемет көрсетіп, қол соққысы келген.

Диего Армандо Марадона 1960 жылы 30 қазанда Аргентина астанасы Буэнос-Айрестің маңайындағы Ланус қаласында дүниеге келген. Әкесі –диірменші, анасы үй қызметінде болды. Диегоның алдында төрт қыз бар. Футболшының арғы аталары Аргентинаға Италиядан көшіп барған. Олар жиһанкез Марко Полоның ұрпағы екен. Әжесінің хорваттарға да қатысы бар. Диего  он айлығында жүре бастапты. Кішкентайынан аула балаларымен бірге доп теуіп өседі. Немере ағасы Бето 7 жасында Марадонаға доп сыйлайды. Бұл сыйлықтың  ұнағаны сонша, кей күндері добын құшақтап ұйықтап қалатын болған. Ауладағы үлкен балалармен қатар ойнап, допты ырығына оңай бағындыратын шебер ойыншылардың біріне айналады. Мектепке барған күні-ақ оны «Эскалада» командасына қосып қояды. Ата-анасы футболға деген әуестігін білгенімен, көбіне үйден шығармайтын болған. Алғашқы кәсіби келісімшартын 16 жасқа толмай-ақ жасады. Бірінші командасы – «Архентинос Хунирос». 1982 жылы «Бока Хуниорстан» Испанияның  «Барселона» командасына ауысады. Жиырма екі жастағы футболшы алты жылдық келісімшартқа қол қояды. Футболшының құны сол кездегі рекордтық сома – 8 млн долларға бағаланып, оның 3 миллионын Марадонаның өзі алған. Сондай-ақ жылдық табысы 200 000 доллар болған. Католониядан Диего 1984 жылы кеткен. Жалпы саны 58 ойында 38 гол соққан. Кейіннен өзі «Барселонаға» ауысуын өміріндегі қателіктердің бірі болғанын айтты. Сол жылы «Наполидің» жейдесін киді. Трансфер құны 7 миллион долларға бағаланды. Арада үш жыл өткенде команда өз тарихында алғаш рет чемпион атанған. Осыдан соң көшеден Марадонаның жейдесі «хит» болды. Италиядағы ең танымал ас мәзірінің бірі пицца 1987 жылы «Марадона» деген атаумен сатылып жатты. Марадонаның кезінде «Наполи» екі мәрте Италия чемпионы болды (1987, 1990). Ел кубогы мен суеркубогына иелік етті (1987, 1990). Сондай-ақ УЕФА кубогында топ жарды (1989). Команда бұған дейiн 60 жыл бойы Еуропада немесе Италияда бiрде-бiр рет жеңiмпаз атанып көрмеген екен. 1990 жылғы әлем чемпионатынан кейін Марадонаның өмірі күрт өзгереді. Алдымен жеке агенті Гильермо Копполды жұмысынан босатып, орнына Маркос Франки қояды. Футболшы команданың ішінде ішкі тәртіпті бұзады. Жаттығуға баруы азаяды. Ойындарға да қатыспайды. Тіпті, бір мачтан кейін допинг тест тапсырғанда, қан құрамынан шамадан тыс кокаин табылады. Бұдан кейінгі Марадона талай рет есірткімен ұсталды. Түрмеге де түсті. Ойындардан шеттетілді. Ең соңында 37 жасында спорттық карьерасын аяқтады. Футболдан кеткен соң әйгілі футболшы көп ауырады. Қозғалыс қимылы аз болғандықтан семіздікке ұшырады. Бойының ұзындығы бар-жоғы 1,68 метр болуына қарамастан, салмағы 121 келіге жеттi. Түрлi клиникаларда ем-дом қабылдады. Артық салмақтан арылды. Сол кездерi Диего 50 келі салмақты артқа тастады. 2008 жылы өзі армандаған Аргентина құрамасын жаттықтырады. Бірақ көрсеткен нәтижесі жанкүйерлердің көңілінен шықпайды. Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатында Месси бастаған жігіттер ширек финалдан аса алмады.

Футбол королі Пеле мен Марадонаның арасы ешқашан жақсы болған емес. Журналистер Марадонадан «Пеле екеуіңіздің қайсыңыз футбол королісіз?» деген сауалына: «Мені анам футбол королі деп айтып отырады. Ал Пеле жайлы оның анасынан сұраңыздар» деген жауап беруден танбай жүрді.

Бірақ Диегоның қайтыс болғанын Пеле күрсіне қабылдады.

«Досты осындай жағдайда жоғалтқан өте ауыр. Әйтеуір біз бірде көк аспанда футбол ойнайтын боламыз», – депті футбол королі.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №48
1 желтоқсан 2020 жыл

309 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор