• Толағай
  • 04 Қазан, 2020

Алдымызда Албания мен Беларусь тұр

Елдегі футболдың деңгейінің шама-шарқы қандай екенін ұлттық құраманың нәтижесіне қарап бағамдауға болады. Ендеше тағы бір мәрте көз жеткізуімізге себеп бар. Алдағы аптада Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясында екі ойын өткізеді.

Алдымен Михаил Билек шәкірттері 11 қазанда Алматыда Албания құрамасын қабылдайды. Ойын Орталық стадионында өтеді. Одан кейін 14 қазаннан 15 қазанға қараған түні сырт алаңда Беларусь құрамасымен жолығады. 

Былай қарап тұрсаң екі қарсыластың асып-тасып тұрған ештеңесі жоқ. Албания құрамасының біраз футболшысы Италия чемпионатында доп тебеді. Бірақ оларды да жеңуге болатынын қыркүйекте Литва құрамасы дәлелдеп берген болатын. Ал Балтық жағалауындағы елдің футболшыларынан біздің жігіттер басым түскені тағы бар. 

Ұлттар лигасы – Қазақстан секілді құрамаларға берілген мүмкіндік. Осы турнир арқылы 2022 жылғы Әлем чемпионатына қатысуға болады. Ол үшін алдымен осы Албания, Беларусь, Литвалардан көп ұпай жинап, топта бірінші орын алу керек. 

Чех маманы жаттықтыратын Қазақстан құрамасы қыркүйекте сырт алаңда Литваны жеңіп, іріктеуді сәтті бастаған болатын. Алайда Алматыда Беларусь футболшыларына есе жіберіп алды. Ең болмаса тең ойнауға болар еді. Оған Алматыда күнде доп теуіп жүрген Ғафуржан Сүйімбаев білгенінен жаңылып, допты қарсыластың аяғына салып беріп, жаза басқаны бар. Ойыннан кейінгі жанкүйерлердің өкініші түсінікті. Кейбірі Ғафуржанның жеке басына да тиісіп, шектен шығып жатты. Дегенмен сондай сәтте біздегі спортшылардың жауапкершілігіне таңғаласың. Мысалы, «Реал» қорғаушысы тамыз айында Чемпиондар лигасында «Манчестер Ситимен» ойында екі бірдей өрескел қателік жіберді. Матчтан кейін тілшілердің алдына шығып, жанкүйерлерден кешірім сұрады. Ал біздің Ғафуржан Сүйімбаев бірден әлеуметтік желідегі парақшасын өшіріп, тығылып қалды.  Әйтеуір арада екі күн өткенде «Қайрат» клубының қолқалауымен баспасөз қызметі арқылы кешірім сұрағандай болған. Осыдан-ақ жігіттердің жауапкершілігінің төмендігін, ел алдына шығып кінәларын мойындауға батылы жетпейтінін байқайсың. 

Қош, алдағы екі ойынға Билек мына футболшыларға сенім артпақ:

Қақпашылар: Стас Покатилов («Қайрат»), Дмитрий Непогодов («Астана»), Владимир Плотников («Ордабасы»);

Қорғаушылар: Абзал Бейсебеков («Астана»), Ғафуржан Сүйімбаев, Нұралы Әліп (екеуі де – «Қайрат»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Ян Вороговский («Беерсхот», Бельгия), Сергей Малый, Темірлан Ерланов (екеуі де – «Тобыл»), Александр Марочкин («Қайсар»), Олжас Керімжанов («Жетісу»), Тимур Досмағамбетов («Ордабасы»);

Жартылай қорғаушылар: Бауыржан Исламхан («Әл-Айн», БАӘ), Бактиёр Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Исламбек Қуат («Химки», Ресей), Юрий Перцух («Астана»), Айбол Әбікен («Қайрат»), Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев (екеуі де – «Қайсар»), Владислав Васильев («Рух», Беларусь);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Қайрат»), Алексей Щёткин («Астана»), Максим Федин («Қайсар»), Айбар Жақсылықов («Жетісу»).

Егер оқу-жаттығу жиындары кезінде біреуі жарақат алып қалса, орнына мына қосалқы құрамнан біреуі шақырылады:

Қақпашылар: Игорь Шацкий («Тобыл»), Данил Устименко («Қайрат»);

Қорғаушылар: Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко (екеуі де – «Астана»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»), Александр Соколенко («Қызыл-Жар»);

Жартылай қорғаушылар: Аслан Дарабаев («Жетісу»), Азат Нұрғалиев, Серікжан Мұжықов (екеуі де – «Тобыл»), Еркебұлан Тұңғышбаев («Қайрат»);

Шабуылшылар: Тоқтар Жаңғылышбай, Сергей Хижниченко (екеуі де – «Ордабасы»), Бауыржан Тұрысбек («Тараз»), Роман Муртазаев, Оралхан Өміртаев (екеуі де – «Тобыл»), Артур Шушеначев («Қайрат»).

Бас бапкер құрама тізімін жариялаған кезде бірден жаңа ойыншы бар ма екен деп, көз жүгіртесің. Бұл жолы 23 жастағы шабуылшы Айбар Жақсылықовты байқадық. Ол Талдықорғанның «Жетісу» командасында ойнайды. Ел чемпионатының 9-турында Қарағандының «Шахтерімен» кездесуде 2 гол соққан.

Ұлттық құрамаға дебютант ретінде шақырылған шабуылшы жайлы Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы, осы күні бапкер болып жүрген Әли Әлиев пікірін білдірді.

– Жақсылықов ұлттық құрамаға шақырту алуға лайық екенін дәлелдеді. Бұл жігіттің потенциалы мол. Қайрат Боранбаевпен әңгімелескенде Айбар туралы айтқанмын. Ол «Қайратта» жүрген шабуылшы Адеринсола Эсеолаға ұқсас. Жылдамдығы жоғары, допқа талас кезінде аянып қалмайды. Аяғының қадамы да адымдап басқанда керемет. Ең бастысы, амбициясы бар ойыншы. Оның үстіне, жас әрі Қазақстан азаматы. Әрине, оған тактикалық тұрғыдан үйренетін нәрсе көп. Бұлшықеттерін шынықтыру қажет. Бірақ соған қарамастан Қазақстанның кез келген топ-клубы өз қатарына қосса өкінбейді, –  дейді Әли Әлиев.

Бір кездері Қазақстан құрамасына осында туып, кейін басқа елге көшіп кеткендердің арасында футболшы болғандарының біразын шақырды. Әрине, бірінші кезекте тарихи отандары Германияға кеткен немістер болатын. Бұл жерде мәселе – олар Қазақстан үшін ойнауға келіскенімен, еуропалық төлқұжаттарынан бас тартқан жоқ. Ал біздің елде қос азаматтыққа жол берілмейді. Сондықтан әртүрлі қулықпен төлқұжат жасалғаны жасырын емес. Құжаттары дұрыс болмағандықтан Александр Меркель сияқтылар құрамаға шақырылмай жүр.

Меркель жақында Сауд Арабиясының «Әл-Фейсали» клубына ауысқан болатын. 28 жастағы футболшы жаңа клубымен 2+1 жүйесі бойынша келісімге келді.

Меркельдің соңғы командасы Нидерландының «Хераклесі» болатын. Бұл клуб сапында ол 2018 жылдан бастап өнер көрсетті. Былтырғы маусымда 25 матчқа қатысып, 2 гол соқты. Сонымен қатар, 4 нәтижелі пасы бар.

Меркель сондай-ақ «Милан» клубында ойнаған. Италияның атақты командасы сапында 2009-2011 жылдары өнер көрсетті. Ол кезде командада Рональдинью, Дэвид Беккэм, Златан Ибрагимович, Андреа Пирло секілді жұлдыздар болған. Сосын «Дженоа» клубына 6,5 миллион еуроға сатты. 

Нидерландыға ауыспас бұрын Австрияның «Адмир», Германияның «Бохум», Италияның «Удинезе» және «Пиза», Швейцарияның «Грассхопперс», Англияның «Уотфорд» клубында өнер көрсеткен.

2007- 2011 жылдар аралығында Германияның әртүрлі жас көрсеткіші бойынша жасөспірімдер және жастар құрамасында ойнады.  Ал 2015 жылы Қазақстан құрамасының намысын қорғайтыны белгілі болды. Әзірге үш матч өткізген.

Александр Меркель Алматы қаласының қасындағы Есік қаласында дүниеге келген. Әкесі Кеңес өкіметі кезінде «Қайрат» футбол клубының сапында ойнаған. Кейіннен 1998 жылы тарихи отаны Германияға көшіп кеткен. Ол жақта Александр «Штугарттың» футбол академиясында тәлім алды.

– Меркель үшін күш салуға болады. Ол құрамаға керек ойыншы. Көп ойынға қатыспаса да  өзін дәлелдеді. Сауд Арабиясына ауысқанына мән берудің қажеті жоқ. Исламхан да Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр ғой.  Бәлкім, Қазақстан құрамасында көзге түсіп, Еуропаға оралар, –  дейді Әли Әлиев.

Беларусь чемпионатында Қазақстан футболының түлегі Владислав Васильев ойнайды. Ол туралы былтыр жазғанбыз. Қарағанды қаласында дүниеге келген. Жергілікті «Шахтерде» өнер көрсеткен. Мемлекеттің қаржысымен «Оле Бразил» академиясынан тәлім алғандардың бірі. Елімізде ойыны жүрмеген соң, бәлкім бапкерлер толық мүмкіндік бермегендіктен болар Беларусь чемпионатына ауысқан. Ол жақта үш командада ойнады. Соңғысы Бресттің «Рухы». Осы команданың көшбасшыларының бірі. Оның өткен жылы «әлі қай құрамада ойнайтынымды шешкен жоқпын» деген сөзі елдегі футбол жанкүйерлерінің ашуына тиген. «Патриоттығы жоқ азаматтың құрама жейдесін киюге қақысы жоқ» деген пікірлер көбейді. Мүмкін ойланған болар, осы жолы шақыртуды қабыл алып, құрама жиынына келетін болыпты.

Васильев те құрамаға шақыртуға лайықты футболшы. Қазақстан футболының деңгейі көбінен жоғары екені дәлел бола алатын мысал. Владислав Қарағандыдан Беларусь чемпионатына барып, ойыны жүріп кетті. Беларусь чемпионатының деңгейі бізден төмен екені анық. Қазақстан премьер-лигасында биыл бірде-бір беларусь футболшысы өзін көрсете алмады. Оның ішінде «Астана» алған Макс Эбонг та бар, –  дейді Әли Әлиев.

Ендеше, ұлттық құраманың алдағы ойындарына сәттілік тілейміз!

Бек Төлеуов

«Ұлан» газеті, №40
6 қазан 2020 жыл

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор