• Жырақтан білім іздесең
  • 03 Қазан, 2020

Исламғали Таңатаров: Сабақты чех тілінде өткенде, меңгере алмаймын деп ойладым

Исламғали Таңатаров – Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласының тумасы. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып, жобалық жұмыстармен қызыға айналысқан. Математика пәнін сүйіп оқыған Исламғали Чехия елінде білім алуды аңсады. Бір жыл бойы оқуға түспей, бар уақытын чех тілін меңгеруге арнаған кейіпкерімізді әңгімеге тартқан едік. Ол машина жасау факультетінде оқиды. Болашақта автомобиль инженериясы маманы болып шығады.

 Чех мемлекеттік техникалық университетінде білім алу үшін қандай құжаттар тапсырып, емтиханнан өту қажет?

– Чех мемлекеттік техникалық университетіне ағылшын және чех тілінде оқуға түсуге болады. Дегенмен мемлекеттік грант иегері атану үшін тек чех тілінде түсу міндетті. Сол мақсатпен, 12 жылдық мектепті бітірген соң, Чехияда бір жылдық тіл курсына баруды жөн көрдім.

Ал құжаттарға келсек, егер визалық шаруаларды ескермейтін болсақ, ең бірінші зат – нострификация. Нострификация – шетелдік оқу құжаттарын тану процесі, яғни сол мемлекеттің сәйкес органдары бұл құжаттар осы мемлекет ішінде заңды күшке ие екенін тексереді. Бұның бір себебі –Чехияның білім беру жүйесінде мектептер 13 жылдық болып келеді. Алған білімімізді салыстыру үшін, мектептен соңғы 2 жыл ішінде оқытылған пәндер мен олардың сағат саны жөнінде анықтама қажет болды. Оқу сағаттары жетіспеген пәндер бойынша емтихандар белгілейді. Әдетте, бұл 3-5 пән, алайда НЗМ оқу бағдарламасы өзге болғандықтан, маған тек 2 пәннен емтихан белгіледі:  ағылшын және қоғамтану. Ағылшын тілі ауызша өткендіктен еш қиындық болған жоқ. Ал Чехияның қоғамтануы мен үшін жаңа пән болғандықтан, жақсы дайындықты талап етті. Билеттер бойынша терең оқу мен дайындық арқасында ол да сәтті тапсырылды.
Екінші талап – математикадан қабылдау емтиханын тапсыру болды. Соңғы және ең басты міндет – чех тілін В2 деңгейде біліп, емтихан тапсыру. Барлық қадамнан сәтті өткендіктен, мемлекеттік грант иегері атандым.

Чехияда білім алу үшін бір жыл бойы тіл меңгерген екенсіз. Осы туралы баяндап берсеңіз...

– 12 жылдық мектеп өмірінен кейін бір жыл бойы тек тіл үйрену қиын болған жоқ, керісінше, жеңілірек болды. Жалпы кім болғың келетініңді осы мезгілде ойластырған өте ыңғайлы. Бірінші күннен бастап бірден чех тілінде оқыта бастауы қатты таңғалдырды. Негізінен, мұғалім тақырыптарды орыс тілінде түсіндіреді деп күтіп едім. Дегенмен барлығы керісінше екен, сабақтарды түгелдей чех тілінде өткізді. Шыны керек, басында бұндай түрмен дым түсінбей қаламын деп ойлап едім. Алайда шамалы уақыттан соң чех тіліне еніп кеттім деуге болады. Мұндай оқыту форматы аса тиімді екеніне көзім жетті. Тілді оқу барысында бариста ретінде жұмысқа орналасқаным да көппайдасын тигізді. Чехтармен тікелей қарым-қатынаста болып, көп сөйлескенімнен тіл меңгеру процесі жақсырақ өтті.

Бұл оқу орнында білім алудың артықшылығы мен кемшілігін атай аласыз ба?

– Чех мемлекеттік техникалық университетіне грантқа түсу үшін чех тілін білу міндетті. Осыған орай, тілді оқуға бөлек бір жыл кеткені кемшілік болар. Әрине, тілді толықтай өз еліңде оқып келуге де болады, бірақ оған уақыт бөлуге мүмкіндігім болған жоқ. Дегенмен бұл кейбір адамдар үшін өзін-өзі тануға арналған уақыт ретінде артықшылық та болар. Екінші жайт – өзгелердің айтуынша, бұл университетте салыстырмалы түрде оқу тығыз және қиын болып келеді, бірақ бұны кемшілік деп атай аламыз ба? «Оқу инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған ғой.
Артықшылықтары – сапалы білім, оқу барысында студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша тағы да өзге мемлекетте білім алу, әлемге танымал үлкен корпорацияларда тәжірибе алу мүмкіндігі мен оқудан кейін жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалған. Факультеттің ғимараты кішкентай әрі қарапайым көрінгенімен, жабдықталуы жағынан таңғалдырады. Металдарды пісіруге арналған түрлі роботтар, смартфон құрастыруға арналған конвейер моделі және тағы басқа оқуға аса қажетті құралдарды кездестіруге болады.

Не себептен Чехияны таңдадыңыз?

– Негізінен, Еуропаның жоғары оқу орнына түсу – көптен келе жатқан арманым болатын. Өзім көліктерге қатты қызығамын. Сол себепті осы саланың көшбасшыларының бірі Германияға оқуға түскім келген. Алайда аз уақыт ішінде жаңа тіл үйреніп үлгермеймін деген қорқыныш кесірінен ойланып қалдым. Содан соң Чехия мен оның техникалық университеті жөнінде, чех тілі орыс тілін білетіндерге оңай болатынын естіп, университеттің серіктестерінің бірі «Шкода» компаниясы болғандықтан осы мемлекеттен бастаған жөн деп шештім.

Оқуды аяқтағаннан кейін елге ораласыз ба?

– Университет аяқтағаннан кейін магистратураға түсуді жоспарлап отырмын, мүмкін оқуым өзге елде болатын шығар. Оқудан соң Еуропада жұмыс істегім келеді. Оқу бітірген соң техника мамандарына деген сұраныс жоғары болады, мүмкіндік барда әлемге танымал корпорацияда тәжірибе алмасқан дұрыс деп санаймын. Сондықтан елге оралуымның уақыты мен үшін белгісіз деп айтуға болады. Әрине, барлығы жоспар бойынша болады деп айту қиын, айналадағы көптеген өзгеріс әсерінен ойым өзгеше жүзеге асуы әбден мүмкін. Елге, үйге, жақындарыма деген сағынышым шексіз. Қазақстандағы машина жасау, өндіріс саласын дамыту – мақсатымның бірі деуге де болады. Ең үлкен арманым – неміс автомобиль алыбының біріне жұмысқа кіру. Үлкен, тарихи өндірістің бір бөлігі болғанды сезінген керемет деп ойлаймын.

– Сұқбат үшін рақмет!

Мерей АУҒАЛИ,

«Ұланның» жас тілшісі.

Мұса Шорман ауылы

Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №40
6 қазан 2020 жыл

625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор