• ҰЛАН
  • 01 Қыркүйек, 2020

Білім күні, қашықтан оқу және каникул

Жас дос, жаңа оқу жылына дайынсың ба? 1 қыркүйек – Білім күні құтты болсын!
Жыл сайын осы күнді асыға күтіп, ақ бантик тағып, мектепке асығатын едік. Ал биыл бәрі басқаша. ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша Білім күнін онлайн өткіземіз. Білім алуда кез келген әдіс оңтайлы. Сондықтан қапа болмай, жақсы оқуға тырысуымыз керек.

2020-2021 оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқитынымыз туралы газетіміздің өткен сандарында жазған едік. Қашықтан оқу кезінде каникул бола ма, қашықтан оқуда қандай өзгерістер бар? Бүгін осы тақырыпқа тоқталамыз.

Карантиндегі каникул

Пандемия кезінде каникулға шығамыз ба деген сұрақ бәріңді мазалайтын шығар. Жақында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқуға қарамастан, оқушылардың тоқсандық демалысы өзгеріссіз қалатынын айтты. Бұйрыққа сәйкес, жаңа оқу жылы 1-сынып оқушылары үшін 33 аптаға, ал басқа оқушылар үшін 34 аптаға созылады. Күзгі каникул он күн, қысқы каникул он бір күн, көктемгі демалыс он екі күн, ал жазғы демалыс әдеттегідей үш ай болады. 1-сынып оқушыларына ақпан айында бір апта қосымша демалыс беріледі.

Демалыс кестесі:
І тоқсаннан кейінгі күзгі демалыс – 5-14 қараша;
ІІ тоқсаннан кейінгі қысқы демалыс – 31 желтоқсан – 10 қаңтар;
ІІІ тоқсаннан кейінгі көктемгі демалыс – 20-31 наурыз;
Оқу жылы аяқталғаннан кейін жазғы демалыс – үш ай.

Асхат Аймағанбетов

Қашықтан оқуда қандай өзгеріс бар?

Білім және ғылым министрлігі білім беру интернет платформасын таңдауға қатысты шешім қабылдамайды. Әр мектеп қашықтан оқытуды ұйымдастыратын интернет платформаны өзі таңдайды.

2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай дүйсенбі-жұма аралығында «Balapan» және «Еларна» республикалық телеарналарын қосымша білім беру ресурсы ретінде пайдалану үшін телесабақтар болады.

Ата-ана жаңа оқу жылында баласын мектепке формамен немесе басқа ыңғайлы киіммен жіберуге қатысты шешімді өзі қабылдайды. Биыл мектеп формасын сатып алмауға рұқсат берілгені мектепке не болса соны киіп келуге болады деген сөз емес. Мектеп формасы болмаған жағдайда классикалық үлгіге ұқсас киім кию керек.

Карантин және шектеу шаралары жағдайында оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне қатысты уақытша өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу жылында тоқсан сайын бөлім үшін
1 жиынтық жұмыс және тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі. Тоқсандық бағалау күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде шығарылатын болады.

оқу құралдары

Кезекші сыныптар қауіпті ме?

Жаңа оқу жылында қашықтан оқимыз. Алайда ата-ана-лардың өтініші бойынша бастауыш сынып оқушылары мектепке барып оқи алады. Ал санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қолайлы ауылдық елді мекендерде оқу процесі санитарлық қауіпсіздік шара-ларын сақтай отырып, дәстүрлі форматта жүргізіледі.
Кезекші сыныптарда санитарлық талаптар сақталып, күн сайын оқушының дене қызуы өлшенеді. Кезекші сыныпта оқу үшін баланың созылмалы аурулары болмауы керек.

Әр сыныптағы бала саны 15-тен аспауы шарт. Ата-ана баласын мектепке өзі алып келіп, сабақ аяқталған соң алып кетуі керек. Кезекші сыныптағы сабақтың ұзақты-ғы – 40 минут.

Сабақ арасындағы үзіліс әр сыныпқа әртүрлі уақытта беріледі және кабинет ауыстыруға болмайды. Екі сабақ сайын кабинетте, әр үзілістен кейін және ауысым арасында дәлізде ылғалды тазарту жұмысы болады.

«Мектепте залалсыздандыру құралдарын пайдалануды қадағалап, тазалық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу керек. Әр сыныпта дайындық актісі болуы тиіс. Ғимаратқа кіреберісте сүзгі ұйымдастырып, тепловизор, дезинфекциялық өткел орна-тып, аяқкиімге арналған кілемше төсеу керек. Мектептерде дезинфекциялық режимді күшейтіп, әр адам өзімен бірге маска алып жүруі керек. Әрбір сыныпқа жеке оқу кабинеті бекітілуі тиіс. Балалар бір сыныптан екіншісіне көшіп жүрмеуі керек. Мектептердегі медициналық кабинеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет», – дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Мектеп асханасы мен буфеттің қызметі уақытша тоқтатылады. Мектептер залалсыздандыруға арналған құралмен, аяқкиімді зарарсыздандыруға арналған кілемшемен, санитайзермен қамтама-сыз етіледі. Барлық қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтаса, кезекші сыныптарда қауіп болмайды дейді мамандар.

«Білім» тарифтік жоспарын қолдануға болады

Қашықтан оқу кезінде ата-аналар мен ұстаздар, оқушылар ұялы байланыс пен интернет үшін көп қаражат кететінін айтқан еді. Жақында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қашықтан білім беруді қолдау мақсатында ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, мектеп оқушылары мен студенттерге және мұғалімдерге арналған арнайы тарифтік жоспар шығарды.

ҚР Цифрлық даму, иннова-циялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусиннің айтуынша, тарифтік жоспарда отандық бейнеконференция байланыс жүйесін қоса алған-да, ҚР Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған отандық (жергілікті және ҚР аумағындағы) 380 білім беру ресурсын шектеусіз пайдалану қарастырылған.

Жаңа «Білім» тарифтік жоспарының абоненттік төлемі – айына 990 теңге. Бұл тарифтік жоспарды 20 тамыздан кейін қолдануға болады. Байланыс оператор-лары 1 ГБ интернет трафигін қосымша ұсынады.

P.S. Әзірге ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 2020-2021 оқу жылының алғашқы тоқсанында қашықтан оқимыз деп жоспарланып отыр. Тезірек корона-вирустан құтылып, қайта мектепке оралып, ұстаздарымыз бен достарымызбен қауышу үшін біз де үлес қоса аламыз. Ол үшін үйде болып, сабағымызды жақсы оқып, қауіпсіздік шараларын сақтап қана қоймай, қоғамдағы басқа адамдарды да тәртіпті болуға шақыруымыз керек.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №35
1 қыркүйек 2020 жыл

628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор