• ҰЛАН
  • 06 Қаңтар, 2026

Атақтылардың ұрпақтары қандай мектепте оқиды?

2025 жыл дәуір көшкен жыл болды. Қазақ десе жанын беретін есімі елге белгілі тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Абай: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы?  Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!», – деп бекер айтпаса керек. Енді сондай жандардың есімін ұмыт-тырмай, еңбегін жастарға танытатын – ұрпағы. Өткен жылдың соңында сол ұрпақтың бірқатарымен таны-сып, есімі тарихта қалған ата-әжелері туралы әңгімелестік. Өнермен өмірінің соңына дейін тыныстаған тұлғалардың немере-жиендері Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған РМММИ-де оқиды. Көздері мөлдіреген балақайлардың ең кішісі 2-сыныпта, үлкендері биыл мектеп бітіреді екен.

ӘКЕГЕ ҰҚСАП ТУДЫҢ БА?

«Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың Әбілқасым мен Мұхтар деген екі ұлы бар. Біз Мұхтар ағаның Абай, Нұрсұлтан есімді балаларымен таныстық. Үлкен қызы былтыр осы мектепті бітірген, қазір Мәскеуде оқиды. Мұхтар Қалдаяқов Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дирижер қызметін атқарып келеді, скрипкада ойнайды. Балалары да әке жолын қуып, скрипка сыныбын таңдаған. Бір сұқбатында ағасы туралы былай деген: «Ағам Әбілқасым консерваторияны бітірген, пианист, ұстаз. Музыка мектебінде орынбасар болды. Қызы пианист, немересі де музыкалық аспапта ойнайды». Қызы да осы мектепті тәмамдаған екен. Бірі білсе, бірі білмес, Шәмші Қалдаяқов мандолина аспабында жақсы ойнаған, әндерінің көпшілігін осы аспапта шығарған. Абай атасы сияқты скрипкадан бөлек, мандолинаны да меңгерген. Биыл мектеп бітіріп, шетелге түссем деген арманы бар. Музыкаға деген махаббатын әкесі оятқан. Кішкентай кезінен скрипканы қолынан тастамапты. Нұрсұлтан 7-сынып оқушысы. Бір қарағанда жүзінен атасын көргендей болдық. Волейболға қызығады, бірақ болашағымды скрипкамен байланыстырғым келеді дейді. 
 

Бұдан бөлек, атасы мен Әбілқасым ағасы сияқты пианинода ойнайды. Сазгердің жұбайы Жәмилә Қалдаяқова немерелеріне аталары туралы жиі айтады екен. Бір сұқба-тында апамыз «Шәмші көзі тірісінде балаларының өнер жолына түсуін қатты армандады. Балаларын өз қолымен жетелеп апарып Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебіне берді. Қазір екеуі де кәсіби музыканттар» деген екен. «Әкеге ұқсап тудың ба, 
Әке жолын қудың ба?» деген ән жолдары осы әулетке арналғандай... Әндері ешқашан ұмытылмайтын Шәмшінің арманы орындалғанына бек қуаныштымыз. Абай мен Нұрсұлтан да аталары сияқты мықты музыкант атанады деп сенеміз! 

АТАСЫНЫҢ «ЗЕПЕНТАЙЫ»

Шәмшінің әндерінен шабыт алып, шығармашылық жолына түскен адам көп. Соның бірі – Ескендір Хасанғалиев. 21 жасында радиодан «Ана туралы жыр-ды» естіп, ана туралы жазсам деп армандаған екен. Сөйтіп «Анаға сәлем» атты алғашқы әнін шығарады. Аталарын көріп, оған еркелеп үлгерген немерелердің есімі – Нұрсұлтан мен Зере. Әкелері – Біржан Хасанғалиев. Бүгінде П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры. Зере 7-сынып оқушысы, ал Нұрсұлтан 4-сыныпта оқиды. Зере фортепианода ойнаса, Нұрсұлтан қазір домбыра сыныбында оқиды. Бұған дейін ол да пианиноны меңгерген. 
«Атам мені «Зепентайым» деп еркелететін. Оның мейірімі, айтқан сөздері маған қатты ұнайтын. Басқа ешкім мені олай атамайды. Бәріне көмектесіп жүретін, жүрегі кең еді. Атам, туыстарым туралы әкем мен анамнан жиі сұраймын. 1-сыныптан бері фортепиано сыныбында оқимын. Мен өскенде жан-жақты қыз болғым келеді. Мәнерлеп сырғанаумен, балетпен айналыссам деймін. Бірақ қазір бұл қызығушылықтарыма уақыт таба алмай жүрмін. Демалыс күндері тіпті екі есе музыкаға мән береміз. Нұрескен деген бауырымыз бар. Бірақ музыка мектебінде оқымайды. Оған ән айтқан ұнайтын сияқты, Нұрсұлтан екеуіміз көбіне фортепианода ойнаймыз», – дейді Зере. Зере мен Нұрсұлтан аталарымен бір үйде тұрған. Қазір немерелерінің қызығын Дарико апамыз көріп жүр. Ескендір ағамыздың Отанға, туған жерге деген махаббаты артында қалған ұрпағына да дариды деген үміттеміз. 

ӘЖЕСІНДЕЙ СҰЛУ

Жоғарыда жазғанымдай, бұл балалар К.Байсейітова атындағы мектепте оқиды. 24 жасында КСРО-ның Халық әртісі атанып, ел ішінде «Қазақтың бұлбұлына» айналған апамыздың ұрпағы бар ма екен деп қызығып көрдік. Сөйтіп, Томирис Жасыновамен таныстық. Жасын ата – Күләш апаның әкесі. Негізінен Бейіс атадан тарайды. Байсейіт деп жұбайының тегін алған. Бұл туралы бізге Жасын атаның немересі, Томиристің әкесі Мадияр аға айтты. Яғни, Томирис – Күләш Байсейітованың шөбересі. «Қазақтың бұлбұлының» үш қызы болған. Өкінішке қарай, үшеуі де өмірден өткен. Өз қызындай қарап, бауырына басқан Раушан апай ғана арамызда жүр. Томирис 7-сынып оқушысы. Саксофонда ойнайды. Вокалмен де айналысады, домбыра да тарта алады. Үлкен ағасы мен бауыры бар. Бет-әлпеті, бұйра шашы апасына тартқан Томирис бойындағы талантты жақсы дамытып жүр екен. Бірқатар байқаудың жеңімпазы атанған. Әкесінің айтуынша, қызының талантын кішкентай кезінде байқап, неге дамытып көрмеске деген ой осы мектепке алып келген. Алайда бұл әулетте басқа ешкім музыкаға қызықпайды екен. Томиристен сыныптастарың мектеп сенің апаң-ның атында екенін біле ме деп сұрап көрдік:
«Достарым, сыныптастарым бұл туралы біле бермейді. Мен де көп айтпаймын. Бірақ алғаш естігенде таңғалғандары бар. Апамның аты берілген мектепте оқу мен үшін үлкен мақтаныш. Болашақта оның жолын жалғап, музыкант болғым келеді», – дейді ол. Күләш Байсейітова 1957 жылы өмірден өтті. Оның есімін мәңгі сақтап, қазақ өнерін танытудағы еңбегін келешекте ұмытпас үшін бұл мектепке сол жылы бұлбұлдың есімін берді. Айтпақшы, Томирис пен Зере құрдас екен. Күләш Байсейітованың шөбересі мен Ескендір Хасанғалиевтің немересі жақын араласады екен деген сөздің өзі құлаққа жағымды естіледі. Томиристің апасы көрмей кеткен жақсылықты көріп, есімі елге белгілі музыкант атануына тілектеспіз!

ДИРИЖЕРДІҢ ҰРПАҒЫ

Күй өнерін, қазақ музыка-сын киелі деп санаған тұлғалардың бірі – Шамғон Қажығалиев. Ахмет Жұбановтан тәлім алып, 42 жыл бойы Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің ұжымын басқарған. Қазақ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, әрі бас дирижері болды. Шамғон Қажығалиевтің таланты балаларына да дарыған. Ұлы Тілес Қажығалиев қазақ музыкасы үшін өлшеусіз үлес қосқан. Біз К.Байсейітова мектебінде Әлихан және Сафи есімді балалармен таныстық. Олардың анасы – Ақмарал Қажығалиева. Балалар Шамғон ағаның жиен немерелері болып келеді. Ақмарал ханым да музыкадан алыс емес. Педагогика мен пианиноны ұштастыра білген маман. Композитордың әпкесі мен бауыры бар. Бауыры – Нарын Қажығалиев. Нар тұлғаның атұстары болып жүрген ол дирижерлік жолдан таймай келеді. Сафи екінші, Әлихан үшінші сынып оқушысы. Екеуі де фортепиано сыныбында оқиды. Бұл аспаппен кішкентай кездерінен таныс, байқауларға да қатысып жүр. Мысалы, Әлихан 4 жасында халықаралық «Жас толқын» байқауында гран-при жеңіп алған. Ал Сафи 7 жасында «Alatone» байқауының лауреаты атанған. Ақмарал ханымнан дәл осы аспапты таңдауыңызға не себеп болды деп сұрап көрдік. Әкелері домбыраны әлемге танытуға бар күшін салғанымен, балаларын өз қолымен жетектеп фортепиано сыныбына берген.  Бұл аспаптың оркестрді жалғыз сүйемелдеп, бірнеше дауысты қатар ұстап тұра алатын күші бар екенін алға тартқан екен. Айтпақшы, Тілес пен Нарын Қажығалиевтер де осы мектептің түлегі. Сафи мен Әлиханның үлкен әпкесі бар. Ол да музыкант. Аналары қыздарым мен ұлым домбыра тартып үйренсе тек қуанамын дейді. Біз де балапандарға сәттілік тілейміз!

АТАСЫНЫҢ ЖОЛЫМЕН ЖҮРМЕК

 

Бұл мектепте музыканттардың ғана емес, басқа сала мамандары-ның да немерелері оқиды екен. «Махаббат бекеті», «Қызғыш құс», «Торо» фильмдерінің режиссері Талғат Теменов екенін білетін шығарсыңдар. Біз Талғат ағаның немересі Клара Теменовамен таныстық. Әкесі – Айбар Теменов. Айбар ағаның ағасы мен інісі бар. Клара үйінің үлкені, екі сіңлісі мен інісі бар. Бір сіңлісі музыкаға бет бұрған, гобой аспабында ойнайды. 
«Атаммен жиі уақыт өткізуге тырысамыз. Бірақ ол Астанада тұрады әрі жұмысбасты адам. Сондықтан кейде уақыт табылмай қалады. Биыл мектеп бітіремін. Фортепианоны меңгердім. Менің ойымша, кино мен музыка бір-бірі-
мен тығыз байланысты. Киноны музыкасыз елестету өте қиын. Атамыздың туындыларын көрдік. «Махаббат бекеті» мен «Көшпенділер» фильмі қатты ұнайды. Алайда болашағымды музыкамен елестете алмаймын. Атамның жолымен жүргім келеді. Сондықтан режиссураны таңдап отырмын. Музыка да өмірімнің бір бөлшегі болып қала береді. Әлі талай жерде маған көмегін тигізеді деп сенемін», – дейді Клара қыз. Талғат ағаның мықты режиссер ғана емес, жақсы ата екенін мына жазбасынан байқауға болады:
«...Клара.. Ларик, Лари, Ларек, Ларко, Ларикони. Мен сені осылай атаушы едім... Лари қызым! Сен менің ең үлкен немеремсің... Және менің мақтанышымсың! Мені ата деген құрметті атқа бөлеген де өзің. Лари! Сенің бойжеткеніңді, қалай 18-ге толғаныңды байқамай қаппын... Өмірдің заңы – жаңару екені осындайда еске түседі. Алтыным!» (ред.).
Талғат ағадай білікті адамның немересі болу үлкен бақыт шығар. Клара өзіне берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, қазақ кинемато-графиясы мен атасының үмітін ақтау үшін көп еңбектенеді деп сенеміз.

Бұл мектептен бұдан басқа да династиялар түлеп ұшқан, кейбірі әлі білім алып жатыр. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевтің жиен немересімен бұл жолы кездесе алмадық. Десек те мақаланың келесі бөлімінде оқушы кезден бізге өнерін паш етіп жүрген талантты қызбен байланыспақпыз. Бәлкім, сендердің араларыңда ұлы тұлғалардың ұрпағы жүрген шығар... Кім білсін?!

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
Коллаждарды жасаған Нұрлыхан Жұмахан

701 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор